«Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы»

19 желтоқсанда М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасының бастапқы нәтижелерімен таныстырды. Атап айтқанда, «Дала фольклорының антологиясы» онтомдығының алғашқы 5 томының, «Ұлы даланың көне сарындары» үштомдығының 1 томының, сондай-ақ «Ұлы дала жауһарлары» бестомдығының 1 томының тұсауы кесілді.

 

«Дала фольклорының антологиясы»

Жиынды ашқан Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымының докторы Кенжехан Матыжанов «Дала фольклорының антологиясы» жобасын дайындау барысында институт ғалымдары сирек қорлардағы қолжазба мұраларды сараптай келіп, халық әдебиетінің барлық жанрлық түрлері бойынша ең таңдаулы үлгілерін 10 томға жүйелеп, бүгінгі аудиторияға қолжетімді ету үшін цифрлық форматпен (электронды және аудио нұсқаларымен қоса) кешенді түрде баспаға дайындау, сондай-ақ топтамаға енген шығармалардың сюжеттік желісін орыс (3 том), ағылшын тілдеріне (3 том) мазмұндап аудару жұмыстарын қолға алғанына тоқталды.

Осы онтомдықтың алғашқы 5 томын баспаға дайындауда эпостың таңдаулы үлгілері алғаш іріктеліп, түпнұсқаларымен, басылымдарымен салыстырылып, текстологиялық зерттеулерден кейінгі таңдаулы нұсқалары жіберілді. Бірінші томында көне эпос пен батырлар жыры, екінші томында «Қырымның қырық батыры», үшінші томында тарихи жырлар, төртінші томында ғашықтық жырлар, бесінші томында дастандар қамтылды.

Жұмыс барысында Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының оқытушылары мен өнерпаздар, қажеттігіне қарай өңірлердегі дәстүрлі өнер мектептерінен де жыршы-орындаушылар тартылды. Аудиожазба мен цифрландыру жұмыстары арнайы студияларда жүзеге асырылды. Оның баспаға дайындау жұмыстарын институт мамандарынан жасақталған арнайы шығармашылық топ жүзеге асырды, олардың жұмысына редакциялық алқа, жобаның ғылыми жетекшісі, ғылыми және жауапты редакторлар, ғалым-сарапшылар, сондай-ақ институттың Ғылыми кеңесі басшылық жасады. Басылымдарға белгілі отандық ғалымдармен қатар алыс-жақын шет ел оқымыстылары да сараптама жазды.

«Дала фольклорының антологиясы» онтомдығының алғашқы 5 томының тұсауын ҚР Халық әртісі, театр қайраткері Сәбит Оразбаев, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Түркітану кафедрасының профессоры, филология ғылымының докторы Шәкір Ыбыраев және Қырғыз Республикасы ҰҒА академигі, Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институты Манас, фольклор және поэзия бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының докторы Мерием Көлбаева кесті.

 

«Ұлы даланың көне сарындары»

«Ұлы даланың көне сарындарының» бірінші томындағы «Музыкалық фольклор» бөліміне ежелгі наным-сенімдерге қатысты «Бақсы сарындары», ғұрыптық әндерге жататын үйлену ғұрпының сарындары («Жар-жар», «Сыңсу», «Беташар», т.б.), азалау ғұрпына байланысты «Жоқтау», «Көңіл айту», «Көрісу», т.б. үлгілері институттың мұрағатынан іріктеліп алынды. Сондай-ақ, 2012–2014 жылдардағы іссапар кезінде Қытай мен Моңғолиядағы қазақ диаспорасынан жазылып алынған тұрмыстық әндерге жататын, балалар фольклоры «Бесік жыры», «Тұсау кесу жыры», «Жұмбақ өлең», кәсіптік өлең-жырлар «Төйгелеу», «Шөрелеу» үлгілерінің сарындары енгізілді.

Жоба жетекшісі, өнертану ғылымының кандидаты Айнұр Қазтуғанова: «Дәстүрлі ән өнері» бөліміне Арқа, Шығыс, Жетісу, Сыр өңірі және Батыс аймақтық дәстүрлі мектептер бойынша халық әндері мен кәсіби әнші-композиторлардың туындылары топтастырылған. Дәстүрлі ән өнерінің өкілдері, қазақ музыка мәдениетінің классиктері, ұлт тарихында алтын әріптермен жазылған кәсіби-композиторлар – Біржан сал, Ақан сері, Абай, Шәкәрім, Жаяу Мұса, Мұхит, Балуан Шолақ, Әсет, Мәди, Естай, Жамбыл, Кенен, Нартай, Тайжан, Бораш, Қайып және т.б. шығармашылығындағы таңдаулы әндер мазмұндалды», – деді.

Бұл әндердің сақталуы мен насихатталуына үлес қосқан әншілердің репертуары сараланып, аға буыннан бастап, сахнаға енді қадам басқан жас орындаушылардың 140-тан астам өмірбаяны үш тілде ұсынылды. Таңдамалы 335 әннің ноталық жазбасы тұңғыш рет аудио нұсқасымен қоса қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі ғылыми-танымдық түсініктемесімен бірге жарияланды. «Ұлы даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлық форматта «жаңа тыныс» алуға тиіс» екені ескеріле отырып антологияның кітап басылымы электронды құралдарға көшіріп алып пайдалануға қолайлы арнайы QR кодпен, CD дискпен жарыққа шығарылды.

Тұсаукесер рәсімін ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Еркін Шүкіман, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Рамазан Стамғазиев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Сәуле Жанпейісова, KІMEP университетінің бірінші проректоры Барнетт Тимоти Люис өткізді.

 

«Ұлы дала жауһарлары»

Елімізде алғаш рет жүйелі түрде іске асырылып отырған «Ұлы дала жауһарлары» сериясының басты мақсаты – ұлы даланың ежелгі заманнан бергі жазба мұралары мен әдеби жәдігерлерін жинақтап, жүйелеп, зерттеп, жас ұрпақ назарына ұсыну, түркі халықтарына ортақ ежелгі және орта ғасыр әдеби ескерткіштерін неғұрлым толық жарыққа шығару.

Жоба жетекшісі, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымының кандидаты Төрәлі Қыдыр мынадай қызықты деректерге тоқталды: «Оқырман қауымға ұсынылып отырған «Ұлы дала жауһарлары» сериясы «Ежелгі дәуір әдебиеті антологиясының» бірінші томына сақ-ғұн заманындағы және Түркі қағанаты тұсындағы көне жәдігерлер, сонымен бірге ІХ-Х ғасырлардағы шығармалар беріліп отыр. Атап айтқанда, «Авеста», «Алтын жарық», «Абыздардың құлшылығы», «Майтри симит ном бітіг», сондай-ақ аса құнды әдеби жәдігерлерді томға дайындау барысында Күлтегін, Білге қаған туралы жырлар мен осы дәуірде жазылған «Бұғыты», «Онгин», «Тұй-ұқұқ», «Үккүлі (Күлі) шор» жазба ескерткіштерінің мәтіндері, Тоныкөк жырлары мен VІІІ ғасырдағы «Мойын шор», «Теркін-тариат», «Суджі» әдеби жәдігерлері және «Ырық бітіг» түс көру мен түс жору көне жазба ескерткіштеріне тілдік, тарихи, этнографиялық талдау арқылы жаңаша мәтіннамалық тұжырымдар жасалды. Енисей өлкесінен табылған көне дәуір куәгерлері – VІІ-VІІІ ғасырлардағы түркі жазба ескерткіштері, Талас руна жазба ескерткіштері және Қазақстанда табылған «Есік жазуы», «Күлтөбе жазуы» жазба ескерткіштері, Ертіс жазба ескерткіштері, Жетісу жазба ескерткіштері, Әулиеата жазба ескерткіштері, Ақтөбе-Баласағұн жазулары, Сырдария жазба ескерткіші алғаш рет түпнұсқадан қазақ тіліне аударылып берілді. «Ежелгі дәуір әдебиеті» антологиясының алғашқы томына түркітілдес халықтарға ортақ көне жазба ескерткіштердің бірі – «Оғыз-нама» әдеби жәдігерінің түпнұсқаға жақын жасалған қазақша ғылыми аудармасы енгізілді. Көне түркі-соғды әрпімен жазылған манихейлік дұға – «Хуастуанифт» жазба ескерткіші түпнұсқадан қазақ тіліне аударылды».

Аталмыш кітаптың тұсаукесерін ҚР Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдаулет, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымының докторы Ерден Қажыбек, Әзербайжан Республикасының Алматыдағы бас консулы Рамиль Рзаев жасады.

 

* * *

Жиын соңында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері К.Матыжанов: «Қазіргі жаһандану үрдісі белең алған кезеңде халықтың рухани мұрасын жинап, жүйелейтін, жария етіп, зерттеп жүрген мамандардың басын қосып, бағыт-бағдар беретін қоғамдық ұйым құрудың кезегі келді. Сол себепті, осы форум аясында алыс-жақын шет елдерден, еліміздің өңірлерінен шақырылған ғалымдардың, оқытушылар қауымының қатысуымен Қазақстан фольклортанушыларының, әдебиеттанушылары мен өнертанушыларының «Мұрагер» қауымдастығын құруды ұсынамын» деп мәлімдеді. Кенжехан Ісләмжанұлының бұл ұсынысы бірауыздан қабылданып, форум мүшелерінің толық қолдауына ие болды. Қауымдастықтың құрметті төрағасы болып ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Сейіт Қасқабасов тағайындалды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *