БРИТАНИЯ ЕУРООДАҚ ҚҰРАМЫНАН ШЫҚТЫ

Бұдан кім не ұтты?

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Ұлыбритания төрт жылға созылған талас-тартыстан кейін ресми түрде әйтеуір әупіріммен  2020 жылдың  31 қаңтары түнгі  23.00-де ресми түрде Еуропалық одақтан  (ЕО) мүшеліктен шықты. Бұл бөлінудің Біріккен Корольдікке оңайға түспегенінен жұртшылық хабардар. «Brexіt» жолында талайлардың жүйкесі жұқарып,  екі үкімет басшысы қызметімен қош айтысты. Әуелі консерватор Дэвид Кэмерон ЕО-тан бөлінуді қош көрмесе де, көпшіліктің қалауына мойынсұнып: «Енді онымен басқа премьер айналыссын», – деп өзін-өзі сыйлайтын саясаткер ретінде өз еркімен отставкаға кетті (ағылшынша  «Brexіt» термині Brіtaіn (Британия) және  exіt (шығу) деген ұғымнан шыққан).

Кэмеронның орнына келген партияласы Тереза Мэй «брекситті» жүзеге асыруға құлшына кіріскенімен, британ парламенті оның  ұсынған жобасын үш рет кері қайтарды. Тіпті, парламенттегі жетекші партиялар арасында, үкіметтің өз ішінде келіспеушілік туындап, оппозициядағы лейбористер ЕО-пен Кедендік одақты сақтап қалуды талап етті. Консерваторлар төленетін өтемақыға қарсылық білдірді. Өйткені, басында Еуроодақтың жарғысына  сәйкес  Британия үкіметі  ұйымнан шық­қаны үшін 50–60 млрд. еуро  өтемақы төлеуі тиіс делініп,  ол сома   Германия мен Францияның  талап етумен 91–113 млрд. еуроға өсірілді. Осы сияқты, британ жерін­де тұратын  еуропалықтардың  құқықтық мәртебесі, Ирландия мен Солтүстік Ирландия арасындағы шекара жайы  қызу талқыға  түсіп, даулы  мәселеге айналды. Осындай қиындық-кедергілердің кесірінен Тереза Мэй де амалсыз премьерлік қызметтен бас тартты.

Бұдан кейін үкімет тізгінін қолға алған Борис Джонсонға да «брексит» міндеттерін жүргізу оңайға түспеді. Іс барысында оған талай кедергілер кездесті. Әйтсе де, 2019 жылдың  12 желтоқсанында өткен парламенттік сайлауда  консерваторлардың көпшілік дауысқа ие болуы Б.Джонсонға қолайлы мүмкіндік тудырып, «брекситті» жүзеге асыруға жол ашты. Париялас­тарының қолдауымен Британияның ЕО-тан шығуы туралы заң қабылданып, ол  2020 жылдың 31 қаңтарында  күшіне енді. Ендігі кезекте осы жылдың аяғына дейін Корольдік одақтың экономикалық кеңістік аясында бола тұрады. Екі жақтың  сауда-саттығы мен қарым-қатынасы арнайы келісім-шарттар арқылы айқындалады.

Мұндайда тақырыпты жан-жақты және індете зерттейтіндер де табылады. Сондай­лардың  айтуларынша, ЕО әу баста бес мемлекеттің: Бельгия, Федеративтік  Германия, Нидерланды, Люксембург, Франция және Италияның бастамасымен 1957 жылы Еуропалық экономикалық  қауымдастық (ЕЭҚ) ретінде құрылған болса, бұл ұйымға Британияның қосылуы қиындау болған. Корольдіктің өтініші 1963 жылы және 1967 жылы Францияның қарсылығымен кері қайтарылған. Қауым­дастыққа қосылуға «Ұлыбритания эконо­микасы, әсіресе ауыл шаруашылығы сала­сының жүргізілу тәжірибесі  Еуропалық стандартқа сай келмейді» деген сылтау айтылғанымен, сол тұста кәрі құрлықта үлкен беделге ие  Франция президенті Шарль де Голль  ағылшындардың қауым­дастықты билеп-төстеп кетуінен қауіптенді. Сондықтан Британия  де Голль биліктен кеткеннен кейін ғана 1973 жылы 1 қаң­тарында мүшелікке қабылданды.

Көз көргендер әу бастан Біріккен корольдіктің қауымдастыққа қосылуы  сәтсіздеу болған еді деседі.  Әйгілі «Винер цайтунг» жазуынша, Британия премьері Эдвард Хит келісім-шартқа қол қою үшін Брюссельге барғанда бір жайсыздау жағдай орын алған. Ол Эгмонт сарайына кіріп келе жатқан сәтте алдынан бір әйел жүгіріп шығып, оған сия толы  пластик шөлмек лақтырған. Ыдыс премьердің бетіне тиіп, сырт киімі  бүлініп, қол қою рәсімі бірер сағатқа кешіктірілген.

1974 жылғы қазанда өткен сайлауда Гарольд Вильсон бастаған лейбористер партиясы жеңіске жетіп, олар «Брита­нияның  ЕЭҚ-қа мүше болуы пайдалы ма?» деген сұрақты күн тәртібіне қойды. Айтқандай-ақ, 1975 жылы  «Ұлыбритания ЕЭҚ құрамында қалуы керек пе?» деген сауалнама жүргізілгенде, негізгі саяси партиялар, БАҚ құралдары ЕЭҚ қатарында қалуды жақтады. Есесіне, лейбористердің өз арасында келіспеушілік туды. Бірақ та партияның конференциясында шығуды жақтаушылар басым түсті.

1975 жылдың 5 маусымында Король­дікте тағы да: «Сіз Ұлыбританияның Еуро­палық қауымдастық құрамында қалғанын қалайсыз ба?» деген сауалмен референдум өткізіліп, оған Шотланд аралдары мен Сыртқы Гебридтен өзге аймақ тұрғындарының бәрі  «иә» деп жауап берді.

1992 жылы 7 ақпанда Нидерландының Маастрихт қаласында жасалған келісім-шартқа сәйкес 1993 жылдың 1 қараша­сынан Еуропалық одақ құрылып, біртіндеп экономикалық альястан – саяси ұйымға айналды.

Кешегі 90-жылдардың басында Брита­нияда негізгі бәсекелес консерваторлар  мен лейбористер  партиясына қосымша еуро­скептиктердің саяси Біріккен Король­діктің тәуелсіз партиясы (UKІP) құрылды. Және бұл партия ешкім күтпегендей Еуропарламентке сайлауда 2004 жылы үшінші, 2009 жылы – екінші, 2014 жылы – бірінші орынды иеленді.

2011 жылы Англияда экономикалық дағдарыс белең алып, Еуроодақ құрамында болуға қарсылардың қарасы көбейе түсті. Осыған байланысты UKІP партиясының беделі өсті. Консерватор депутат Дэвид Наттэлл «Британияның ЕО қатарында болуы не болмауы туралы» референдум өткізу мәселесін көтерді. Оны жақтап, 100 мың адам қол қойған петиция үкіметке тапсырылды. Алайда, 2011 жылдың 25 қазанында парламенттің сессиясында қаралғанда 650 депутаттың – 483-і қарсы дауыс берді. Соған қарамастан өзгеге бағынышты болуды қаламайтын  британ қоғамында ЕО-қа мүшелік жайы ұмыт қалмай жиі көтеріле берді. Сондықтан да 2015 жылғы 28 мамырда консерватор­лардың Д.Кэмерон бастаған үкіметі Ұлыбританияның ЕО-ға мүшелігі жөнінде референдум өткізу жайындағы заң жобасын парламенттің қарауына ұсынудан басқа амалы қалмады. Заң жобасы бойынша референдумға «Біріккен Корольдік Еуро­палық одақ құрамында қалуы керек пе, жоқ па?» деген сауал шығарылатын болды.  Сол жылдың 15 қарашасында премьер Д.Кэмерон референдум өткізу жөнінде саяси науқанның басталғанын ресми түрде жариялады.

Сөйтіп,  өзіміз білетіндей,  Біріккен Корольдікте 2016 жылғы 23 маусымда бүкілхалықтық референдум өткізіліп, ел тұрғындарының 51,9 пайызы  ЕО (Еуроодақ) құрамынан шығуды қолдап, ал  қалған 48 пайызы қарсы  дауыс берді. Ақи­қатында, мұндай нәтижені Ұлыбрита­нияның өзінде және Еуропада, қала берді дүние жүзінде көпшілік күткен жоқ. Өйткені, жұрт  Британияны Еуроодақтың сенімді бір тірегі санап келді.

Бір таңданарлығы, британдықтар brexіt-ке ерекше белсенділік танытып,  халықтың 72 пайызы, яғни 46,5 млн.-ы қатынасты. Қызық болғанда, Шотландия мен Солтүс­тік Ирландия тұрғындарының басым бөлігі (алғашқысы 62 пайыз, кейінгісі 56 пайыз) ЕО құрамында қалуды қалады.

Сарапшы мамандар дауыс берушілер­дің әлеуметтік құрамын зерттеп көргенде,  еуропалық бағытты қолдаушылардың негізінен: Лондон, Манчестер, Бристоль, Лидс, Йорк, Ньюкасл-апон-Тайн, Лейчес­тер секілді үлкен қалалардың тұрғындары, ірі бизнес өкілдері, жастар және жоғары білімді адамдар екенін, керісінше қарсы болушылардың: шеткі аймақтағы қалалар мен елді-мекендердің  тұрғындары, жұмысшы табы, кіші және орта бизнес өкілдері, егде жастағы адамдар болғанына көз жеткізген. Бұдан байқайтынымыз, орташалар мен кедей тап, яғни қалың бұқара жаһандануға және көші-қонға қарсы және әлеуметтік мұқтаждықтарға қаржының аз бөлініп, өздерінің өркениеттен шет  қалып бара  жатқанына наразы.

Десек те, сарапшы, талдаушы маман­дардың бір тобы Біріккен Корольдікте арнайы референдум өткізіп, оның  ЕО-қа мүшеліктен бас тартуының себебін басқадан іздейді. Біреулері мұны кез-келген альянс пен ұйым не бірлестіктің әрбір мемлекеттің еркіндігіне, ұлттық мүддесіне қандай да бір шектеу жасап, нұқсан келті­ретінінен десе, екінші біреулері ЕО құра­мындағы елдердің экономикалық-әлеу­меттік даму деңгейінің әркелкі екендігінен көреді.

Сонымен не керек, Біріккен Корольдік­тің Еуроодақтан енші алып, оның қатары 28 мүшеден 27-ге азайды. Мұның ЕО бас­шылығына ауырлау тиіп отырғаны «Брита­ния үлгісі»  басқаларға ықпал етіп, түптеп келгенде одақтың ыдырауы мүмкін екеніне алаңдайды. Себебі,  тек Англия емес, Еуропаның өзге елдерінде де одақтан қол үзуді қолдайтын белсенділер жетіп-артылады.

Естеріңізде болар, «брексит» нәтижесі белгілі болысымен Франциядағы Ұлттық майдан партиясының жетекшісі  Марин Ле Пен: «Бұл бостандықтың жеңісі! Мен де жылдар бойы Францияда да осындай референдум өткізу керек дегенді талмай айтып келемін» деген мәлімдеме жасап, отандастарын  ЕО құрамынан шығу жөнін­де референдум өткізуге шақырған еді.

Осының артынша Нидерландыдағы ультар оңшыл Азаттық партиясының көшбасшысы Гирт Вилдерс те: «Голлан­дияның  қанатын кеңге жайып, еркін дамуы үшін  ЕО-тың  құрамынан шығуы керек», – деген-тін.

Сондай-ақ, ЕО-тың басты қозғаушы және біріктіруші күші болып отырған Германияның өзінде: «Жатыпішер, жалқау және бойкүйез басқалар үшін біз неге тер төге жұмыс істеуіміз керек?» деген ренішті  күңкіл жиі айтылады.

Британдық «брекситтің» бір қауіптісі – Корольдіктің өз ішінде де іріткі мен алауыздық тудырып, елдің бөлініп кетуіне апарып соқтыру ықтималдығы. Себебі, жоғарыда айтып өткеніміздей, Шотландия мен Солтүстік Ирландия тұрғындарының көпшілігі ЕО құрамында қалуды жақтап дауыс берген. Әрі  шотланд үкіметінің басшысы Никола Стерджен: «Шотландия өзінің болашақ  дамуының Еуроодақ шеңберінде жүзеге асатынын жақсы біледі. Ол өз шешімі мен ұстанымын табанды түрде қорғайды» деген пікірін бүкпесіз, ашық айтып отырады.

2014 жылғы референдумда шотландық­тардың тәуелсіздік алуына небәрі 5% дауыс жетпей қалған. Сол үшін Шотландия Ко­рольдік ЕО-тан түбегейлі бөлініп болысы­мен егемендігі жөнінде референдум өткізуге ниетті. Қазірдің өзінде Н.Стерджен ханым бастаған Шотландия ұлттық партиясы халықты соған үгіттеп, сондай іс-шараны өткізуге құлшынып, тас-түйін дайын  отыр.

Ендігі жерде «Британияның ЕО қата­рынан шығуынан екі жақ қандай зиян-залал шегеді?» дегенде мынаны айтуға болады.  ЕО-тың жылдық бюджеті 11 млрд. еуроға кемиді. Тараптардың  сауда-сат­тығы, ынтымақтастығы едәуір бәсеңдейді.

Базбір экономист сарапшылардың пікірінше, Корольдіктің ЖІӨ  жылына 0,17 пайызға төмендеп, 2030 жылға қарай  2,2 пайызға жетеді. Бірақ та бұл кемшілік Open Europe талдау орталығының болжауынша тікелей инвестиция тартудың есебінен өтелуі ықтимал. ОЭСР (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының) есебінше  Британия экономикасы ЖІӨ 2-8 пайызын жоғалтады. Ал 2016 жылы референдум  нәтижесі жарияланған бойда ағылшын фунт стерлингі бірден 1,5-тен 1,32-ге арзандаған-тын.

Ernst & Young мамандарының жорама­лынша, түрлі қаржылық ұйымдар Брита­ниядан 1 трлн. доллар қаражатын шығарып әкетеді. Бұл елдегі барлық банк активінің 10 пайызы. Бөлінудің зиянынан  қауіп­тенген  ағылшындық ЕasyJet әуекомпа­ния­сы Еуропадағы ішкі рейстерден айырылып қалмаудың қамымен Австриядан қосымша кеңсесін ашты. Еуропалық банк басқар­масы мен дәрі-дәрмектер сататын агенттік те Лондоннан басқа қалаға кетіп, Жапо­нияның әйгілі Panasonіc корпорациясы  штаб-пәтерін Нидерландыға ауыстырды.

«Болар іс болды» демекші, бәлкім, Британияның бөлінуіне қатысты «қара аспанды төндіре берудің» қажеті бола қоймас. Саясаттан да, экономикалық есеп-қисаптан да есе жібере қоймайтын  ағыл­шын үкіметі енші алмас бұрын бәрін жан-жақты саралап, өлшеп-пішіп, салмақтап көрген болар.

Дегенмен, дүниенің 4,2 млн. шаршы шақырым  жерін қамтып,  453 млн. халық­тың басын біріктіріп, әлемдік ЖІӨ 23 пайы­зын (21,6 трлн. доллар)  шығарып отырған ірі ЕО-тай саяси-экономикалық  бірлестіктің өн бойына сызат түсіп, шытынағаны  анық.

Бұл орайда Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанның: «Еуроодақ билігі әркез халықтың пікірімен санасып отыруы керек.  Британия референдумы одақ үшін сабақ болуы тиіс» дегені, Германия канцлері  Ангела Меркельдің: «Британияның ЕО-шығуы  еуропалық бірлікке қағылған сына» деп айтқаны және Ресей президенті Владимир Путиннің: «Біріккен Король­діктің ЕО құрамынан шығуы  – құры­лым­ның әлсіздігін көрсетті,  бұған әрі Еуропаны босқындардың жайлап алғаны әсер еткен сияқты» деп пікір білдіргені еске түседі.

Соңғы бір жаңалық, осы жақында Франция президенті Э.Макрон «біз АҚШ- тың айтағына ермей, саяси-экономикалық санкцияларды бәсеңдетіп, Ресеймен ымы­раға барып, қарым-қатынасты жолға қоюы­мыз қажет», – деген көрінеді. Мұны біреулер «Еуроодақты Мәскеуге жығып беріп, ыдыратудың амалы», –  деп қауіптенуде.

Алдын-ала «пәлен» деу күпірлік. Қай нәрсенің де ақиқатын уақыт көрсетеді…

Айтпақшы, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Біріккен Британ Корольдігінің ЕО-тан бөлінуіне байланысты Ұлыбрита­нияның еліміздің сауда-экономикалық  салалар бойынша алдыңғы алтылыққа кіретін айтулы әріптесі екенін, өткен 2019 жылдың тоғыз айында  екі жақтың тауар айна­лымының 749,9 млн. долларды құрап, кейінгі 14 жылда олардан тікелей түскен инвестицияның 13 млрд. доллардан асқанын айта отырып: «Қазіргі уақытта Ұлыбританиямен ағымдағы жылы қазақ-британ қатынасының көптеген салаларын қамтитын Стратегиялық әріптестік  пен ынтымақтастық туралы келісім-шарт жасасу үшін екіжақты келіссөздердің жүріп жатқанын» мәлімдеді.

Бұл Ұлыбритания ЕО-тан бөлінгенімен оның Қазақстанмен қарым-қатынасының  бұрынғысынша жалғаса беретін білдірсе керек.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *