БОРИС «БРЕКСИТТІ» БОЛДЫРА АЛА МА?

  • Британияға Еуроодақтан шығу қиын болып тұр
  • Брюссель мұның басқаларға әсерінен қорқады

Әшірбек АМАНГЕЛДІ, «Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Ақсүйек те тәккаппар Ұлыбрита­ния­ның алдындағы бүгінде шешілмей тұрған ең түйінді мәселе  – Король­діктің  ЕО (Еуроодақ) құрамынан шығуы.  Әдетте  «уәдені үш жыл күтеді» деседі. Өкінішке қарай, британ үкіме­тінің   («brexіt»)  брекситті  жүзеге асы­ра алмай келе жатқа­нына үш жылдан асып барады. ЕО-дан енші алып, бөлі­нуді қаламаған Дэвид Кэмероннан кейін премьерлік қызметті  Тереза Мэй  алып,  бұл шаруаны атқаруға  белсене  кіріс­кен еді.

Обалы не керек, Мэй ханым  шама-шарқынша барын салып жұмыс істеді. Кедергі мен аяқтан шалу қадам сайын кездесті. 2016 жылдың қарашасында Еуроодақтан шығуды қаламайтын бел­сенділері оның басқаруындағы үкіметті Лондон сотына беріп, парламенттің  ма­құлдауынсыз  «брекситті» жүзеге асыра алмайды» деген шешім шығартты. Бұлар оған келіспей аппеляциялық шағым жасады. Оны қараған Ұлыбританияның  Жоғарғы соты Лиссабон келісімінің 50-бабына сәйкес Лондон сотының шешімін  күшінде қалдырды.

Еуроодақтың жарғысына  сәйкес  Британия үкіметі  ұйымнан шыққаны үшін 50-60 млрд. еуро  өтемақы төлеуі тиіс делінген. Алайда,  Германия мен Франция­ның  талап етумен ол сома 91–113 млрд. еуроға өсірілді. Осы сияқты, британ жерін­де тұратын  еуропалық­тардың  құқықтық мәртебесі, Ирландия мен Солтүстік Ирландия арасындағы шекара жайы  қызу талқыға  түсіп, даулы  мәселеге айналды.

2018 жылдың 14 қарашасында  Еуро­одақ басшылығы мен  Корольдік үкіметі арасындағы  келіссөздер нәтижесінде  әупіріммен Британияның  Еуропалық  кедендік  одақта қалуы мен Солтүстік Ирлан­дияның  Еуропалық экономи­ка­лық аймақ құрамында болу жайы келісілгендей болды.

Осындай жанкешті жұмыстарына қарамастан өткен жылдың желтоқ­санында  парламентте  консервативтік  партияның  48 депутатының  бастама­сымен  Тереза Мэйге  «брекситті» жүзе­ге асыруда жұм­сақ­тық пен баяулық таны­туда» деген  кінә тағылып,  оған сенім білдіру не білдірмеу    дауысқа салынды. Абырой болғанда,  парламент­тегі  консерватор 317 депутаттың  200-і  жақтап дауыс беріп, Тереза Мэй тағы да екі жылға партия жетекшілігінде және үкімет басшысы қызметінде қалды.

Брексит жөніндегі Брюссель мен Лондонның келісімі бойынша Біріккен Корольдік  2019 жылдың 29 наурызында ЕО-құрамынан шығуы тиіс болатын. Соған байланысты премьер-министр Тереза Мэй  Еуроодақ  мен Брита­ния­ның шарты мен талаптарын ескере отырып, әрі үйлесімді деген үлгіде үш рет  жоба ұсынды. Бірақ британ  парла­ментінің қауымдастық пала­тасы оны кері қайтарып отырды. Амал­сыздан мәселенің шешілуі  осы жылдың 31 қазанына дейін ұзартылды.

Еуроодақтың Корольдікке қоятын бірден-бір талабы: Британия құрамын­дағы Солтүстік Ирландия мен Ирландия Республикасының  арасында  ешқандай шекара мен кедендік тосқауылдың болмауы. Ал бұған Лондон келіспейді. «Онда  ЕО-тан бөлінудің ешқандай  мағынасы болмайды» дегенді айтады.

Ақиқатын айтқанда,  Еуроодақ басшы­лығының  Британияны  оп-оңай жібере  салғысы жоқ. Себебі,  мұндай кері қадам басқаларға  да ықпал-әсерін тигізіп, құры­лым бөлшектеніп, тарап  кете ме деп қауіптенеді.

Жалғыз Британия емес, ЕО-тан  шы­ғуды  көксейтіндер  басқа  елдерден  де табылады. Естеріңізде болса, Король­дікте брексит өткізіліп, оның  нәтижесі жария болысымен  Франциядағы Ұлттық майдан партиясының жетекшісі  Марин Ле Пен: «Бұл бостандықтың жеңісі! Мен де жылдар бойы Францияда да осындай референдум өткізу керек дегенді талмай айтып келемін» деп, отандастарын  ЕО құрамынан шығу жөнінде референдум өткізуге үндеген.

Осының артынша Нидерландыдағы ультра оңшыл Азаттық партиясының көшбасшысы Гирт Вилдерс те: «Гол­ландияның  қанатын кеңге жайып, еркін дамуы үшін  ЕО-тың  құрамынан шығуы керек» деген мәлімдеме жасаған.

Осы сияқты, ЕО-тың басты қозғау­шы және біріктіруші күші болып отырған Германияның өзінде кейбір: «жатып ішер, жалқау және бойкүйез басқалар үшін біз неге тер төге жұмыс істеуіміз керек?!» деуші еуроскептиктер бас көтерген.

Әлімсақтан айтылатын аксиома: «Бол­майтын істің әйтеуір орайы кел­мейді». Сол айтқандай, 2016 жылдың  шіл­десінен бері  «брекситті  болды­рамын»  деп шаршап, ығыр болған Тере­за Мэй  өз қалауымен биылғы жылдың шілдесінде Консервативтік партияның  көшбасшысы және  Ұлыбрита­нияның  премьер-министрі қызметінен  кетті. Ол бұл орайда: «мен қолынан келген­нің бәрін жасадым. Өкініштісі сол, пар­ламенттен  қолдау таппадым. Енді  мұны­мен жаңа үкімет басшысы айналыссын», – деп шынын айтты.

Лауазымды орын ешуақытта бос қалмайды. 2019 жылғы 13–20 маусым аралығында  консервативтік партияда бес турға созылған  сайлау өткізіліп, нәтиже­сінде  елу бес жастағы саясаткер Борис Джонсонның бағы жанды.  Ба­йыр­­ғы журналист партияның төрағалы­ғымен қоса,  іле  үкімет басшысы болып тағайын­далды. Джонсон басшылық тәжірибеден кенде емес, 2008–2016 ж.ж. Лондон мэрі, ал 2016–2018 ж.ж.  Тереза Мэйдің кабине­тінде  сыртқы істер министрі қызметін атқарған. Өзіндік көзқарасы мен ұстанымы болғандықтан премьер Т.Мэймен  брексит  мәселесі бойынша келіспей қалып,   жұмыстан кеткен.

Британияның жаңа премьері:  «брексит  шаруасын  белгіленген мерзім –  қазанның аяғына дейін  ешқандай бэкстопсыз қалайда  тындырамын!» – деп құлшынып отыр. «Бэкспотсыз» дегені Брюссель талап еткендей екі  Ирландияның арасында  ашық шекара болмайтынын меңзегені.

Батыл басшы Борис Джонсон  қыз­метке кіріскен бойда  жедел жұмыс істейін төтенше немесе  брексит стра­тегиясы коми­тетін құрды.  Оның  жұмы­сын үйлес­тіріп  отыру (ерекше тапсыр­малар министрі дәрежесінде) Ланкестр  аймағының канцлері Майкл Гоувке жүктеліп, құра­мына: қаржы министрі  Саджид Джавид, Сыртқы істер министрі Доминик Рааб, брексит мәселелері бойынша арнаулы министр Стивен Баркли және Англии мен Уэльстің бас прокуроры  Джеффри Кокс енгізілді. Комитет Джонсонның тікелей басқа­руымен апасына екі рет басқосу өткізіп,  брекситке қатысты мәселелерді  шұғыл қарап,  шешіп отырады.  Премьер болмай қалған кезде  комитетке  Майкл Гоув жетекшілік етеді.

Айтуларына қарағанда, Джонсон кабинетінің  Еуроодақтан  шығу  жолын­дағы ұстанымдары бірбеткей де шешім­ді. Ештеңеден тайынбайтын сыңайлы. Сыртқы істер министрі  Д.Раабтың: «Біз барлық әріптестерімізбен, оның ішінде Брюссель­мен  тиімді келісім-шарт жаса­су ниетін­деміз, әйтсе де  Ольстер мен  Ирландия Республикасы арасында  бэкстоп – шекара ашықтығы  болмауы тиіс. Егер де Еуроодақ біздің  тала­бымызға көнбесе, онда біз ЕО-тан ДСҰ (Дүниежүзілік сауда ұйымының) шарт­тары бойынша  шығамыз. Оған дайын болуымыз керек», – деуі осыны аңғар­тады.

ЕО-тан шығу және  бөлінуден кейін­гі шекаралық, кедендік, т.б. жұмыстарға  қаржы министрлігі  1 млрд. фунт стерлинг  бөлмек. Шекаралық қызметке қосымша 500 қызметкер алынатын болады.

Жаңа үкімет брекситті  жүзеге асыру үшін  халық арасында,  әсіресе үйде отырған әйелдер мен зейнеткер­лерге  арнап түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек деп есептейді. Бұл үшін  500 млн. фунт стерлинг  қаржы жұмсау жоспарланған.

Кейбір сарапшылардың болжауын­ша, Еуроодақ басшылығының   брексит бойын­ша  Британияға  қандай да бір жеңілдік жасап, шегініске баруы қиын. «Ерегеске –ерегіс!»  дегендей, қандары қатып, демдерін ішке тартып алған. Брюссельмен мәмілесіз британ парла­мен­тінің  бөліну келісім-шартын мақұл­дауы екіталай. Ал Ұлы­британия кон­ституциясы бойынша үкімет парла­ментке бағынышты, оның қолдауын­сыз қадам баса алмайды.  Осыған қара­ғанда  айтуға оңай болғанымен  Борис Джонсон үкіметіне брекситті  іске асыру  оңай тимейтін тәрізді.

Ерте ме, кеш пе, Ұлыбритания  Еуро­одақтан бөлінер-ау! Әйтсе де, базбір  саясаттанушылар  қауіптеніп  отырғандай  бұл бөліну  Біріккен Корольдіктің өзінің ыдырап кетуіне  ықпал етуі ықтимал. Олай дейтініміз, 2016 жылы референдум өткі­зілгенде Шотландия мен Солтүстік Ирландия тұрғындарының басым бөлігі (алғашқысы 62 пайыз, екіншісі 56 пайыз ) ЕО құрамында қалуды жақтап дауыс берген. Сондай-ақ, бөлінуді Лондон, Манчестер, Бристоль, Лидс, Йорк, Нью­касл-апон-Тайн, Лейчестер секілді үлкен қалалардың тұрғындары, ірі бизнес өкілдері, жастар және зиялы қауым қостамаған.

Жалпы, адамзат қоғамы қарама-қайшылықтан тұрады.  Қараңыз, Түркия  Еуроодаққа  кіре алмай әуре, арғы тегі түрік  Борис Джонсон  Британияны  одан шығара алмай әуре.

«Ақшамның» анықтамасы

Ұлыбританияның 77-премьер-министрі Александр Борис де Пфеф­фель-Джонсон, қысқаша – Борис Джонсон 19 маусым 1964 жылы АҚШ, Нью-Йоркте дүниеге келген. Арғы бабасы түрік журна­лисі Әли Кемал Осман империя­сының соңғы   уәзірі Ахмет Окдай үкіме­тінде аз уақыт  ішкі істер министрі қызметін атқар­ған. Атасы Осман Әли жеке басына қауіп төнуіне байланысты Англияға қоныс аударып, Уилфред Джонсон атанған. Арғы әжесі черкеш қызы Ханифа Феред Кавказ соғысы кезінде Осман империясына бас сауғалап барған.

1983-1984 ж.ж. Оксфорд уни­верси­тетінің Баллиол-колледжінде оқыған. 1987 жылы университет бітіріп, жоғары білім алған соң еңбек жолын әйгілі «Daіly Telegraph»   апта­лығында  қатар­дағы қызметкер­ліктен бастаған. 1989–1994 ж.ж. осы басылымның Брюс­сельдегі тілшісі, 1994–1999 ж.ж. бас редактордың орын­басары, жетекші саяси шолу­шы. 1998 жылдан «Би-би-си» – «Have І Got News for You»  бағдарламасында арнайы хабар жүргізуші. 2000 жылы  күн сайын шығатын «The Spectator» журналының  редакторы. 2001 жылы танымал журналист ретінде  Консер­вативтік партиясынан қауымдастық палатасына депутат болып сайлан­ған. 2005 жылы екінші рет депутат­тық мандатқа ие болды. 2007 жылы  өз партиясының атынан Лондон қаласының мэрі сайлауына  түсіп, екінші кезеңде 53,2 пайызбен Лейбо­ристік партияның  үміткерінен басым түсті. 2012 жылы қайта сайланып, сол  жылы  жазғы  әлемдік Олимпиаданы табысты өткізді.

2016 жылы  шілдеде  Еуроодақтан шығу референдумын қызу қолдаушы  ретінде  Тереза Мэй  кабинетінде  сыртқы істер министрі қызметіне таға­йындалды. Арада екі жыл өткен­де  премьермен  брексит жөнінде  ке­ліс­пей қалып, қызметпен қош ай­тысты. 2019 жылдың  маусымында бірнеше кандидаттың ішінен Кон­сервативтік  партияның көшбасшы­лығына  сайланды. 24 шілдеден  пре­мьер-министр қызметіне кірісті. Борис Джонсонның британ үкіметін басқаруына АҚШ президенті До­нальд Трамп қолдау білдірген. Үш әйелмен көңіл қосқан, бес перзенті: үш қыз және екі ұлы өсіп келеді. Ре­сей президенті В.Путиннің  саясатын аса жақтырмайды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *