БОЛАШАҚТЫ БОЛЖАЙ БІЛЕТІН КӨШБАСШЫ

Күні бүгінге дейін есімде, 2011 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының отырысында «Қазақстан Республикасындағы мерекелер» туралы Заң қабылданды. Сол жолы  Тұңғыш Президент күні Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақ елі үшін жасаған еңбегін елеп, ескеру мақсатында күнтізбеге енді.  Қазақстан атты егемен  мемлекеттің Тұңғыш  Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – өзінің соңынан ерген халқының берік сеніміне ие болған, халықаралық деңгейдегі әлем саясаткерлерін   сындарлы саясатымен ақыл-парасатымен, білімдарлығымен мойындата білген  танымал  тұлға. Нұрсұлтан  Назарбаевтың беделінің зор екендігі де әлемдік ақпарат көздерінен айқын сезіледі. Елбасымыз арқылы күллі әлем Қазақстанды тани түсуде.

Ақан БИЖАНОВ, 

Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры,  саясаттану ғылымының  докторы, профессор

Тәуелсіздігімізді алғаннан соң халық­тың басын біріктіріп, дербес ел ретінде еңсесін көтеріп, өз алдына мемлекет құруда Елба­­сының еңбегі ұшан-теңіз. Тәуелсіз­діктің алғашқы жетістігі – халқымыз өз таңдауы­мен Ел Президентін сайлады. Мемлекет басшысына  үлкен сенім артты, зор мін­деттер  жүктеді.  Өйткені, Нұр­сұл­тан Әбіш­ұлы металлург ретінде өндірістің төрінде шыңдалған, өмір мен еңбектің шытырман жолдарынан өткен, болашақты көреген­ділікпен саралап, болжай білетін көшбасшы. Елбасының қажырлы еңбегімен Қазақстан  әлемге паш етілді.

Тәуелсіздік – ғажайып ұғым, алайда тәуелсіздіктің шаңырағын шайқалтып алмай, мемлекетіміздің нығайып, дамыған отыз елдің қатарына қосылу ізгі мақсат. Қазақстан ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Елді қорғауға қабілетті Қарулы Күштер құрылды, құқықтық тәртіпті сақтау және ұлттық қауіпсіздікті қамта­масыз ету органдары қалыптастырылды. Қазақстан өзінің мемлекеттік шекарасын заңдық тұрғыдан ресімдеу мен шегендеу жөніндегі мәселелерді түпкілікті шешті. Байтақ жеріміздің шекаралық шеңбері бойында тату көршілік белдеуін қалып­тастырды. Шека­рамыздың беріктігі мемлекетіміздің дұрыс бағыттағы халық­аралық саясатының және Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.На­зарбаевтың тікелей жеке беделі мен күш-жігерінің арқасында мүмкін болды.

Қазақстан Тәуелсіздік босағасын аттағалы бері әлемнің алпауыт елдерімен үзеңгі қағыстыруға талпынып келеді. Осы мақсатта Президентіміз бүгінге дейін қаншама нақты реформаларды жүргізгені баршаға аян. Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында әлеу­меттік-экономикалық тұрғыдан қарыштап даму жолына түстік. Мемлекет басшысы жыл сайын халыққа Жолдау жасап, елі­міздің әлеуметтік, тұрмыстық жағдайына жіті назар аударып, бағыт-бағдар беріп келеді.  Биылғы қазан айындағы Жол­дауында білім, ғылым саласына, ұстаз­дардың мәртебесіне орай нақты ұсыныстар көтерді. Жастардың біліміне, тәрбиесіне бәріміздің болашағымыз тікелей байла­нысты. Сондықтан ұстаз­дардың мәртебесі туралы арнайы заң қабылдау мен алдағы жылды Жастар жылы деп жариялауы ұлт Көшбасшысының көрегендігі. Президент­тің тапсырмасына сәйкес, алдағы бес жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажет екені де айтылды.

Өзім Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көмекшісі қызметін атқарған жылдары байқағаным, ол кісі өте білімді, зерделі, еңбекқор, көреген, адамды баурап алатын, ұйытып әкететін қасиеті мол тұлға. Осы жылдары Қазақстан мемлекетінің Көшбасшысы еліміздің өркендеп дамуына орасан зор үлес қосты. Халқымызды жұды­рықтай жұмыл­дырып, ұтымды ұйымдастыра білуде ат­қарған  еңбектері ересен. Бүгінде Мемлекет басшысының еліміздегі кең ау­қымды экономикалық, саяси және әлеу­меттік реформаларды жүзеге асырудағы қажырлы еңбегі, Қазақ елінің әлемге бей­бітшіл мемлекет болып танылуына сіңірген ұшан-теңіз үлесі шексіз. Елбасымыз Қазақ­станды келешекте дамыған, өркениетті ел қатары­на қосарына  сенім кәміл.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *