Біздің мәдени мұраларымыз Стамбұл көрмесінде

Жақында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген міндеттерді іске асыру мақсатында ҚР Президенті Әкімшілігі бекіткен шаралар жоспарының «Қазіргі заманғы қазақстандық мәдениет жаһандық әлемде» бағыты бойынша Түркияның Стамбұл қаласындағы Түрік және Ислам ескерткіштері музейінде «Ұлы даланың тарихи-мәдени келбеті» атты халықаралық жылжымалы көрме ашты.

Ширек ғасырлық тарихы бар «ТҮРКСОЙ» түркі мәдениетінің халықаралық ұйымымен бірлескен аталмыш көрменің ашылу салтанатына Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы жанынан құрылған «Отандастар» қорының президенті Нұртай Әбіқаев,  Түркі тілдес елдері ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреев, ТҮРКСОЙ» түркі мәдениетінің халықаралық ұйымының Бас хатшысы, профессор Дүйсен Қасейінов, Түрік Республикасы Президентінің бас кеңесшісі Haydar Alі Yіldіz, Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы, ҚР Қоғамдық Даму министрі Дархан Кәлетаев, Стамбұл Мәдениет және туризм басқармасының директоры Coєkun Yэlmaz, Түрік және Ислам ескерткіштері музейінің директоры Seracettіn Sahіn, сондай-ақ, зиялы қауым өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейі директоры, профессор Нұрсан Әлімбайдың сөзімен ашылған көрме барысында сөз  алғандар жылы лебіздерін білдіріп, бауырлас екі ел арасындағы достастық қарым-қатынастар мен  мәдени байланыстардың мәнінің зор екендігін ерекше екшеп айтты.Жұртшылық назарына ұсынылған бұл көрмеге көшпелі өркениетті қалыптастырған сақ, үйсін және қаңлылардың жоғары даму деңгейіне жеткен бай мәдениетін көрсететін және дәстүрлі қазақ мәдениетін паш ететін мәдени құндылықтар қойылып, таныстырылды. Олардың қатарында «скиф триадасы» деп аталып кеткен аң стиліндегі қару-жарақ, ат әбзелдері және сақ, үйсін шеберлерінің өресі биік зергерлік өнер куәлары (Жалаулы, Шілікті, Берел, Қарғалы қазынасы), Оңтүстік Қазақстан территориясынан табылған ғұрыптық атрибуттар – қазан, шырағдандар, қыш ыдыстар қойылған. Көрме экспозициясының орталық алаңына орналастырылған «Алтын адам», «Ғұн жауынгері» және «Қаңлы мемлекетінің әйелі» реконструкциялары келушілердің назарына айрықша ілініп, ерекше қызығушылық тудырды. Сонымен қатар, дәстүрлі ортадағы киім-кешек үлгілері, зергерлік әшекей бұйымдар, кесте үлгілері мен тұрмыстық бұйымдар көрменің мазмұнын айшықтай түсті.     Стамбұл қаласының тарихи орталығында орналасқан бұрынғы Ибрагим паша сарайындағы Түрік және Ислам ескерткіштері музейіндегі аталмыш көрме жұмысы 2018 жылдың 9 желтоқсанына дейін жалғасады.

Үміт ӘШІМОВА,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік  орталық музейінің бас қор сақтаушысы.

Толығырақ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *