БІЗДІҢ ІЗБАСАРЛАР

Бұл – «Тұран» университетіндегі Журналистика және аударма ісі кафедрасы «Креативті ойлау» дәрісінің оқытушысы, филология ғылымының кандидаты, доцент Гүлжан Қажымұратқызы ТӨЛЕКОВА шәкірттерінің, оның ішінде 1-курс студенттерінің мақалалары. Жас қалам иелерінің өзіндік тілі, стилі бар. Қаламдарың ұшқыр, ойларың сергек болсын деген тілекпен, газет бетінен балғын шығармаларға орын ұсынып отырмыз.

Сара ХАЙДАРОВА

Жігіттер-ай, жігіттер!..

Қазіргі таңда табысы жақсы мамандықтардың бірі – визажист, яғни бет әрлеуші болып тұр. Бұрын бұл қыз-келіншектердің ермегі болса, бүгінде жігіттер де оны нәпақа табар жұмысқа айналдырыпты. Әрине, бет әрлейтін ерлер шет елдерде таңсық емес. Ал бетті әдемілейтін жігіттердің біздің Қазақстанда да пайда болғаны қызық екен. Алматылық А. деген қазақ  жігітінің осындай өзіне ұнайтын ісімен айналысамын деп, отбасының, достарының және қоғамның сыны мен қарсылығына ұшырағандығы туралы телеарналардың бірінен көріп қалдым.

«Көп жігіт бұдан қорқады. Әрине, басында мен де қо­рықтым. Отбасым да біраз қарсы болды. Олар мені тоқтату үшін «бұл еркектің ісі емес»  деді. Біздің халықта «ұят» деген түсінік бар. Осы «ұят» біздің қабілетімізді тұншық­тыруда. Ал менің ұстанымым: әркім өзінің көңілі қалаған ісімен айналысуы керек», – дейді визажист жас жігіт.

Уақыт өте келе А.-ның отбасы оның жан қалауымен келіспеске шарасы қалмапты. Бірақ көпшілік әлі де оның ісіне наразы. «Отбасым менің қандай екенімді біледі. Турасын айтқанда, егер мен былай киінсем, осылай көрін­сем, осы имиджді ұстансам, онда ол мені «көгілдір» екенімді білдірмейді», – деп түсіндіреді сырт келбеті нәзік көрінетін жігіт.

А. бетті әрлейтін косметикалық бұйымдарға айына бақандай 200 мың теңге жұмсайды екен. Осынша көп қаражатты тек бет бояйтын құралдарға жұмсау қанша­лықты дұрыс? Осылайша қыруар қаржыны тек опа-далапқа ғана  жұмсағанша, одан да пайдалырақ, мәселен, жігітке тән тірліктермен айналысса дұрыс қой деген ой келеді маған.  Тіпті, олай болмаған күнде де, өзгені боян­дырғаны былай тұрсын, өзі де боянып алатын еркектің ақыл-есінде ауытқуы бар ма екен деп ойлап қаласың. Себебі, біздің түсінік мұндай субмәдениеттің дәл біздің іште қалыптасып жатқанын қабылдай алар емес.

«Өз ойым» бағдарламасына сұхбат берген С. деген қазақ жігіті де өзіне визажист болып жұмыс істеген ұнай­тынын, екі күн сайын қасын жұлатынын,  шашын бояй­тынын да еш  қысылмай айтып отыр. Мен өзім қыз болсам да, екі күн сайын қас жұлмайды екенмін. Тіпті, шыны керек, бұл жігіттердің қасында өзімді күтімі жоқ қыздай сезініп кеттім. Бірақ мен табиғи сұлулықты, рухани құндылықтарды бағалайтындар санатынанмын.

Жақсы, визажист болып істей ғой, бірақ ол ер адам­дардың боянып жүруі деген сөз емес. Иә, қазіргі таңда сән индустриясы шаң ілестірмес даму үстінде. Күнде бір тренд, жаңа бренд немесе өтімді хайп. Бірақ жігіттердің боянуы, меніңше, ұлттық құндылықтарға бай өр мінезді, рухы биік қазақ халқының табиғи болмысына сай келмейтіні анық. Қанша жерден трендті қусаң да, біз үшін рухани байлық қана нағыз бренд екені шындық.

Өкінішке орай, арамызда осындай қыз сияқты майысқан, нәзік жігіттер көбейіп келеді. Олар уақыт өте келе «жан қалауымыз осы» деп, бізден іргелерін аулақ салып, бөлек мемлекет болып кетпей ме?

Тәуелсіздік бізге көп жетістік әкелді. Әлемге жол ашылды, бір-бірімізбен мәдени, рухани құндылық­тарымызбен алмаса бастадық. Бірақ неге біз шет елге еліктеп шыға келеміз, ал қазаққа ешкім еліктемейді? Беті аулақ, бірақ елімізге жау шапса, жерімізді әлгіндей опа-далап жағып алған нәзік жігіттер қорғай ала ма?!

Мамандықты игерген дұрыс-ақ, бірақ мамандық сені басқарғаны дұрыс болмас.

 

Сағыныш САБЫР

Шарын шатқалына саяхат

Жуырда «Креативті ойлаудан» дәріс беретін ұстазымыз, ф.ғ.к., доцент Гүлжан Төлекованың бастамасымен жур­налистика мамандығының бір  тобында оқитын  30 студент Алматы қаласынан 195 шақырым, Райымбек, Кеген, Талғар аудандарынан 180 шақырым қашықтықта орналасқан Шарын шатқалына бардық.

Гүлжан Қажымұратқызы бізді, алыс та болса, мұнда бекер әкелмепті. Біз таңдаған журналистика мамандығы барлық салада  жүретіндіктен, жан-жақты, білімді болуды талап етеді. Сондықтан Гүлжан апай «балалар өз елінің, жерінің тау-тасын өз аяқтарымен басып, өз көздерімен көріп, жүректерімен сезінсін» деген  екен.

Екі жарым сағаттық жолды босқа өткізбеу үшін, Гүлжан Қажымұратқызының арнайы дайындаған бағдар­ламасы бойынша Асхат, Мука, Гүлманап құрбыларым сол өлкеден шыққан ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың, балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың, айтыскер ақын Оразалы Досбосыновтың, саясаткер Заманбек Нұр­қаділовтің өмірбаяндарына, шығармаларына, өлеңдеріне дайындалды. Саяхат кезінде видеоға, суретке кім түсіреді деген мәселеге дейін шешіп қойдық. Сондықтан болар, бұл сапар біз үшін рухани-танымдық жағынан өте мағыналы сабақ болды. Бізбен бірге туризм мамандығының магистранты Жанар апай да барып, жол бастап жүрді. Ол Шарын шатқалының тарихымен таныстырып отырды. Өзімізбен бірге домбыра, гитара алып шыққан болатынбыз. Ән шырқап, күй тарттық. Көңіліміз көтеріле түсті. Сөйтіп, Шарын шатқалына да жеттік.

Ел аузында жүрген Шатқалды көре салып, оның әдемілігіне тамсанып, келгенім үшін қатты қуандым. Қатпар-қатпар тастары көкке тиіп тұрған шатқал маған ертегілер қаласын көз алдыма әкелгендей болды. Тіпті, кейбір тастар өзіңе қарай төменге сырғи жөнелетіндей әсерде болғаным да рас. Табиғатты тамашалай жүріп, естелік суретке түстік.

Жоғарыда аталған, өмірден озған қайраткер, ақын-жазушы ағаларымызға арнап Құран оқыдық. Осындай сырлы сапар сыйлаған Гүлжан апай, сізге рахмет!

 

Ұлжан ТҰРЛЫБЕК

«Ауадағы жазу»

 Әдебиетшілер үйінде Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің  лауреаты,  дәстүрлі «Шығыс шынары» мүшәйрасының арнаулы  Ш.Құдайбердиев атындағы сыйлығының иегері Бақыт Беделханұлының «Ауадағы жазу» кітабының тұсаукесеріне арналған «Тағдыр тақтасы» атты әдеби-сырласу кеші өтті. Кешке «Креативті ойлау» дәрісінің оқытушысы, ф.ғ.к., доцент Гүлжан Қажы­мұратқызының жетекшілігімен біз де қатыстық.

Кештің шымылдығын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, журналист, қазақ әдебиетінің қара шаңырағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет ағамыз ашып берді. Ол өнердегі інісі туралы лебізін: «Біз ауасыз ары кетсе бес минут қана шыдай аламыз. Ал Бақыттың жазу­ларының ауада жазылуы ерекше», – деген сөздермен жеткізді. Ұлықбек ағамыздың сөзін жалғап әкеткен жазушы-журналист, кинодраматург Смағұл Елубай мен «Алматы ақшамы» газетінің Бас редакторы Қали Сәр­сенбай сынды ағалар да құттықтау сөздерін жеткізіп, содан соң «Ауадағы жазулардың» тұсауы кесілді. Айтпақшы, «Ауадағы жазулардың» жарық көруіне дем беріп, демеу­шілік көрсеткен үзеңгілес достарының бірі Мейрамбек Беспаев екен.

Кеш өте әсерлі өтті. Бақыт ағамыз драматургия сала­сына да түрен салыпты. «Драматургияға кемелдену үшін келгем жоқ. Не жазсам да, он екі мүшесі сау, есі дұрыс туынды жазу үшін, жанымды ауыртып келдім», – деді ақын. «Ұлым, саған айтам…» моноспектаклі де әдеби кештің әрін кіргізді. Қойылымда әке образын сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Бекжан Тұрыстың сөздері әр көрерменнің жүрегін селк еткізіп, рухтандыр­ғаны анық.

Сондай-ақ, осы кеште қазақтың белгілі ақыны, сыншы, әдебиетші-ғалым Әмірхан Балқыбектің рухына бағыштал­ған «Қасқыр құдай болған кез» атты поэтикалық ком­позицияның тұсауы кесілді. М.Әуезов театрының әртістері Ұлан Болатбек, Мақсат Сәбитов осы композицияға әр берді, нәр берді.

Кешті Бақыт ақынның ең үлкен оқырманы, алдыңғы қатардан орын алған ақ жаулықты анасы қорытындылады. Ақ батасын берді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *