БІЗ БІЛЕТІН ЗИЯДИН

«Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» деген мәтелдің шынайылығына  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі  Тарих факультетінің 1982 жылғы түлегі, тарихшы-ғалым, әрі археолог, өте ауыр салмақ бойынша күрестің самбо мен дзю-до түрінен КСРО спорт шебері, қазақша күрестен Қазақ КСР-і спорт шебері және жастар арасында КСРО  чемпионы,  әрі Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы болған Зиядин Қашқынұлы Исабековтың тұлғалық  болмысымен терең танысқаннан кейін көз жеткізгендей боласыз.

2006 жылы қаңтардың алғашқы күндері 46 жасқа толуына екі ай қалғанда, кенеттен өмірден озған Зекең тарих ғылымына, қазақ спортына өлшеусіз үлес қосып, артына мол мұра қалдырған жан. Достары мен шәкірт­тері, бауырлары мен туыстары 2010 жылы Зекеңнің елу жылдығына арнап, «Біз білетін Зиядин» атты естелік кітап шығарып, мар­құмның рухын бір тірілткен еді. Енді міне, Зиядин Исабековтің 60 жылдығы қар­саңында ол білім алған Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Мақташы ауылындағы  орта мектепке оның есімі беріліп, білім ошағы алдында мүсіні ашылғалы отыр. Бұл – елім деп өткен ер-азамат  есімін  ел есінде мәңгі қалдыруға арналған бір шара.

Зекең 1960 жылы 6 наурызда Өзбекстан­ның Ташкент облысындағы Бөке ауда­нын­да, Исабековтер әулетінде екінші сәби боп дү­ниеге келген. Өткен ғасырдың 20-шы жыл­дардың соңы мен 30-шы жылдар басындағы қазақ халқының басына түскен қасірет бұл әулетті де айналып өтпейді. Ел-жұрт малынан  айырылып, жан сауғалап жүрген жылдары дүниеге келген әкесі Қашқын аталады. Екі жасында әкесінен, жеті жасында анасынан айырылған әкесі тағдырдың тәлкегін көп көреді. Ағайын-туыстың арасында ер жетіп, етінің тірілігіне қарай азамат болады. Қанткүл  қызбен отбасын құрып, тұңғышының есімін Зиягүл, екіншісін  Зиядин қойған екен. Зекең өмірге келгеннен кейін Исабековтер әулеті елге оралып, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Мақташы ауылындағы ағайын-туыстар ортасына табан тірейді. Зекеңнің қалған інілері мен қа­рындастары Мақташы ауылында дүниеге келеді. Мақташыда бастауыш білім алған Зекең, 1969—1976 жылдары аудандағы Жамбыл орта мектебінде білім алады. Осы мектеп қабырғасында жүріп Зекең өзінің болашағын анықтар қос бағытқа  созады. Біріншісі – гуманитарлық бағыт, оның ішінде тарих пен әдебиет бағдары. Ол қазақ тіліндегі тарихи романдар мен «Жұлдыз», «Жалын» секілді журналдардың әр санын мүлт жібермей оқиды. Бұл  бағыт ақырында Зекеңді тарихшы мамандығына алып келсе, оның шешендігі қазақ әдебиетін көп оқығандығынан деп білемін. Оның ұстаған  екінші бағыты  – спорт болды. Таңдағаны – «еркін күрес». Мектепте жүріп-ақ ол ауыр салмақ бойынша күрестен аудан, облыс чемпионы атақтарын жеңіп алады.

Құстың қос қанатындай  осы екі бағыт 1977—1982 жылдары Зекеңді  Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінде оқып жүрген кезінде де алға жетелейді. Бес жыл ішінде Зекең спорт саласында біршама шыңдарды бағындырады. Туған ағасындай болған жаттықтырушысы Темірхан Мінайдарұлы Досмұхамбетовтың арқасында республикалық, одақтық сан түрлі сайыстар мен біріншіліктерде өте ауыр салмақ дәрежесі бойынша самбо мен дзю-додан, қазақша күрестен жеңімпаз болып, КСРО спорт шеберінің нормативтерін орындайды. Студенттің осындай жетістіктері университет ішінде факультеттің, ал республикадағы жоғары оқу орындары арасында универси­теттің атағын аспандатады. Тарих факуль­те­тінің студенті Зиядин Исабеков универ­ситеттегі ең танымал адамдардың біріне ай­на­лады. Ал тарих факультеті болса студент­тердің білімі мен ғылымы, қоғамдық өмірдегі жұмыстары, көркем-мәдени іс-шаралары бойынша бірнеше жыл бойы  университетте ең алдыңғы қатарды ешкімге бермейді.

Спортта талай белестерді бағындырған жас студент тарих факультетіндегі студент­тердің ғылыми үйірмелері мен тәрбиелік мәні зор қоғамдық жұмыстарға да белсене ара­ласады. Тарихшы-археолог ұстаздары­ның жетекшілігімен факультет пен университет көлемінде болған талай студенттік ғылыми жиындарда, семинарлар мен конференция­ларда баяндамалар жасап, кәсіби біліктілігін ұштайды, археологиялық қазба жұмыста­рына қатысады. Студенттік кезеңде негізі қаланған кәсіби білімнің пайдасы көп ұзамай өзінің жемісін де берді. Жастайынан білімге деген қызығушылық оны көп ұзамай аспирантураға алып келеді. Аспирантурада жүрген Зекеңді университет басшылығы зор үміт артып, университеттің Ыстықкөлдегі санаторийіне директор етіп тағайындайды. Мұндай жауапты жұмысты Зекеңнің үлкен жауапкершілікпен атқарғанын барша жұрт біледі.

1986 жылғы Желтоқсанның ызғары Зекеңнің өмір жолына бірталай кедергісін тигізді. Ұлтжанды азаматтың Алаңда бол­ғанын білген тиісті ұйымдар жас ғалымның болашағына балта шабуға күш салады. Аспирантурадан шығарылып, санаторийдегі  директорлық қызметінен  де қуылады. Тіпті Алматы қаласында тұруына да тыйым салы­нады. Амалсыздан қазақы рухы өшпеген Шымкент қаласына кетуге мәжбүр болады. Бірақ, ол жақта да жұмысқа орналасуға мүмкіндік болмайды. Себебі түсінікті. Зекең – желтоқсаншыл.

Қараңғылықтан соң міндетті түрде жа­рық­тың келетіні белгілі жәйт. Бір жылдық қыс­пақтан соң кеңестік жүйе бұғауы бо­саңқырап, Зекең Шымкенттегі педагоги­калық институт­тың КСРО тарихы кафедра­сына оқытушы болып орналасады. 3-4 жыл ішінде пединсти­туттағы археология саласын қолға алып, оны жандандырады. Тіпті, археологияның туристік археология деген бағытына көңіл аударып, елімізге алғаш рет америкалық, франциялық мамандарды шақырады да, бірлескен жобаларды жүзеге асырады.

 

1991 жылдан бастап Түркістан қаласын­да жаңадан ашылған Халықаралық Қазақ-Түрік университетіне барып, жаңа оқу орнында археологияның дамуына бар үлесін қосады. Археология және этнология кафед­ра­сын ашып, оның тұңғыш меңгерушісі болды.  Археология және этнология ғылыми-зерттеу орталығын құрып, оның алғашқы директоры міндетін атқарды.  Кейіннен бұл үлкен орталық ғылыми-зерттеу институ­тына айналды. Ол Түркістан қаласына елімізге, шетелдерге кең танымал археолог-маман­дарды жұмыстарға шақырды, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолға алды. Осы жылдар ғылыми жағынан алғанда Зекең үшін оның өміріндегі ең жемісті кезең еді. 1992 жылы Санкт-Петербург қаласында кандидаттық диссертациясын қорғап, 3 монография, 12 оқулық пен оқу-әдістемелік құралдарын, 70-ке жуық ғылыми мақала­ларын жариялады.

2000 жылы Зекең қайтадан спортқа көңіл бөліп, Шымкент қаласында жаңадан ашылған облыстық олимпиадалық дайын­дау орталығына директор болып тағайын­далды. Аз ғана уақыт ішінде бірнеше та­лант­тарды тауып, оларды әлемдік деңгейге дейін көтерді. Бес жыл ішінде спорт орталығын мықты спортшылар мекеніне айналдырып, 2005 жылдың қорытындысы бойынша об­лыс­тың үздік жаттықтырушысы атанды. Оған ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағы берілді.

2005 жылы   Алматыда «Желтоқсан» рес­пуб­ликалық-патриоттық қоғамдық қоз­ғалысы бірінші құрылтайын өткізіп, өзінің басшылығын сайлағанда, З.Исабеков үш тең төрағаның бірі болды. Өкінішке орай, екі айдан кейін Зекеңнің  жүрегі кенеттен тоқтап қалды…

Зекеңнің құдай берген бойы мен ойы, табиғи ұйымдастырушылық қабілеті мен тауып айтар шешендік өнері, достыққа адалдығы, аузын ашса ар жағы көрінер ақкөңіл шынайы мінезі, тағы басқа бір басқа жетерліктей бойындағы жағымды жақтары оның  айналасына адамдарды магнитше тартатын. Онымен алғашқы кездескен кезден бастап оның бойында осындай ерекше қасиеттердің  бар екендігін байқап едім.  Ашықтығы, жарқындығы, ниетінің түзу, пейілінің тазалығы, денесі қандай зор болса,  көңілінің сондай кең болуы, өзім деген адамды өзіне тарта білуі оның даралығын ұлықтап тұратын.

Зекеңнің артында төрт ұлы, жұбайы Гүл­нар қалды. Жұбайы бүгінде тарих ғылы­мы­ның кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде  доцент болып жұмыс істейді. Зекеңнің ұлдарын әкесіндей тәрбиелеп, өнеге беруде.

Зекең өмірден ерте өтсе де, оның ғылым мен спорттағы жетістіктері ел есінде. Оның тұлғалық болмысы жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді сіңдіруге  сұра­нып тұр. Бұл бастаманы туған ауылында қолға алған екен, құтты болсын, ұзағынан  сүйіндірсін демекпіз.

 

Берекет Кәрібаев,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университеті Қазақстан тарихы

кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *