БІЗ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕЙМІЗ

Қызыл империя билік құрып тұрған кезде қазақ тілінің өз жерінде өгей баланың мүсәпір күйін кешкені баршаға мәлім, қаны тамған шындық. Орыс тілін білмесең, көп сыбағадан құр қалатынсың. Тіл білмесең, қызмет бабында өсу, әсіресе, ауылдан келген балаларға мұң болатын. Өйткені, жоғарғы жақтан бастап, ауылдағы ең кішкентай екі-үш қызметкері ғана бар мекемелердің өзі іс қағаздарын орыс тілінде жүргізетін. Талап солай. Туу туралы куәлік, төлқұжат, орта білім туралы куәлік, диплом, бәрі-бәрі сол тілде жазылды. Мысалы, төлқұжатта – Өміртаев Өмірәлі – Умиртаев Умирали, Жекентай Жандосов – Дже­кентай Джандосов, ұлты – казах, әлеуметтік жағдайы – крестьянин деп жазылды. Тіпті, ұлы бабамыз Жамбылдың есімін бұзып, Джамбул деуге мәжбүр болдық.

 Жеңіс ШЫНЫБЕКОВ

Алпысыншы жылдарда Алматыда жалғыз қазақ тілді «Ертөстік» деп аталған балабақша ашылды. Мұны естіген шенді шенеуніктердің төбе шашы тік тұрды. Балабақша «шыр етіп» дүниеге келген күннен бастап оның төбесінен қара бұлт төніп, қиқу кетпеді. Лауазымды шенеуніктер (ішінде қазақтар да бар): «Ойбай, аттан, «арамыздан жік шықты, екі құлағы тік шықты». Астананың дәл ортасында жас ұрпақты тәрбиелейтін балабақшаға қазақша ат беру, әсіресе, ертегідегі Ертөстік атын беру деген не сұмдық! Бұл барып тұрған ұлтшылдық, ұлттар арасына іріткі салатын қастандық. Бұл басбұзарлықты тез арада жөнге салып, арандатушыларды қатаң жазаға тарту керек», – десіп, шал­барының артқы тігісі сөгіліп кеткенше даурыға айғайлап, жер тепкіледі. Дүние есігін жаңа ғана ашқан «Ертөстіктің» басына қорғасындай қара бұлт үйірілді. Балабақша қызметкерлері қашан комиссия келіп, басымызға әңгіртаяқ ойнатар екен деп үрейленіп, терезеден қарап отырды.

«Иттің иесі болса, бөрінің тәңірі бар» демекші, сол кезде бұларды қорғайтын жанкешті жебеушілер шыға келді. Олар – сықақшы-ақын Шона Смаханұлы бастаған бір топ жазушылар мен журналистер еді. Бұл азаматтар өз бас­тарын қатерге тігіп, бас көтерді. Олар жолдағы лауазымды шекпен кигендерден үмітін үзген соң, Мемлекет басшысы Д.А. Қонаевтың өзіне барып сауға сұрады. Сол кісінің араласуымен «Ертөстік» нақақ «өлімнен» аман қалды. Олай болмағанда, балабақшаны ашуға мұрындық болған талай «ұлтшылдар» зынданға түсер ме еді, қайтер еді.

Қылышынан қан тамған империя тағы біраз уақыт билік құрғанда, қазақ деген атымызды, тілімізді ұмытып, патша кезіндегідей «киргиз-кайсақ» болып шыға келуіміз мүмкін еді. Құдай жарылқап, халықтың қарғысына ұшыраған империя іргетасы бордай тозып, іріп-шіріп, бір-ақ сәтте опат болды. Қайтып келмес қүрдымға кетті. Басқа ұлттар сияқты қазақтар ғасырлар бойы армандаған егемендігін алып, кеудесін кере, еркін демалды, қазақтың өз билігі өз қолына тиді. Содан бастап қазақ елі өркен жайып, гүлденіп шыға келді. Қазақ тілі бұғауын үзіп, бостандыққа шықты. Кезінде зорлық-зомбылық көрген «Ертөстіктер» күлімдеп шыға келді. Енді заман ағымымен мәңгүрттеніп қалған шалақазақтар мен басқа ұлт өкілдері де қазақша сөйлей бастады. Елбасының: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген сөзі қазақ тіліне қанат бітірді, өрісін кеңейте түсті. Қазір жер-жерде осы тақырыпта акциялар жарияланып жатыр. Бұл бағытта Алматы облысының аудандарында атқарылып жатқан жұмыстар көп. Атап айтқанда, облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен барлық аудандарда «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген атпен акция жарияланды.

Халық арасында көп қолдау тапқан бұл акция Іле ауданындағы мектептер мен балабақшаларда жүйелі түрде өткізіліп жатыр.

Қазақ тілінің маманы, тәжірибелі ұстаз Аязбаева Гүлзат өзі жұмыс істейтін «Солнышко» балабақшасында осындай игі шараларды ұйымдастырып, «Дөңгелек үстел» басына ақын-жазушылар, журналистер, тіл мамандарымен кездесу өткізіп жүр. Бұл басқосуда ең өзекті – тіл мәселесі туралы ой-толғамдар, саралы пікірлер ортаға салынады. Отырысқа қатысушылар «Елімізде тілдің ахуалы қандай?», «Қазіргі қазақ жастарына көңіліңіз тола ма?», «Ұлттық салт-дәстүріміз бен құндылықтарымыз қалай құрметтеліп жатыр?» деген көкейкесті алуан сауалдарға жауап іздейді. Өзара ақылдасады, пікір алысады.

– Баланы бесігінен бастап тәрбиелеу керек, – дейді тіл маманы, ұстаз Гүлзат Аязбаева, – жас бала жаңа отырғызылған жаңа өскін, шыбық сияқты. Оның қисаймай, түзу өсуі үшін, оған тәй-тәй басқан күннен бастап дұрыс тәрбие беру маңызды. Біздің балалар бағының ұжымы осы бағытта жұмыс істеп келеді. Мен басқа тілді балаларға қазақ тілінен сабақ беремін. Қазақтың тілімен қоса, халық­тың салт-дәстүрін, тарихын оқытамын. Қазақ ертегілерін оқып беремін. Балабақшамызда бір жарым, екі жастағы балалар бар. Біздің ең негізгі мақсатымыз – қазақ бала­ларының тілін қазақша шығару. Тілге деген сүйіспен­шілігін, махаббатын арттыру. Тамаша салт-дәстүрімізді үнемі естеріне салып отыру. Бұл міндетті ойдағыдай жүзеге асырып келеміз деген сенімдемін. Өйткені, қазақтармен қатар, басқа ұлт балалары да қазақ тіліне қызығушылық танытады. Балаларының қазақ тілін үйренуіне олардың ата-аналары да қарсы емес, құп көріп отыр. Олар мемле­кеттің болашағы, тірегі қазақ тілінде екенін жақсы түсінеді.

Бұл орайда ауқымды жұмыс атқарып жүрген қызмет­керлерді атап өтпеске болмайды. Атап айтқанда, Жанар Мұсаева, Қарлығаш Жақыпжанова, Зүлфия Батырбекова, Гүлнар Аттокурова, Әйгерім Найманова сияқты білімді, тәрбиелі тәрбиешілер тәуліктің тең жартысын балалардың қасында өткізіп, жұмыс істеп жүр.

Жебеп жүрер, демеп жүрер арқадан,

Болу керек құдыретті төрт Ана.

Туған жері – түп қазығы, айбыны,

Туған тілі – сатылмайтын байлығы.

Туған дәстүр – салт-санасы, тірегі,

Қадамыңа шуақ шашар үнемі, – деп ақын жырла­ғандай, біздің ұжым баланың бойына, санасына осы төрт қасиетті сіңіру жолында аянбай еңбек ете береді.

Жақында Елбасымыз Қазақстан атын өзгертіп, «Қазақ елі» деп атайық деген ұсыныс айтты. Біз бұл ұсынысын қос қолдап қолдаймыз. Кейін біздің ұрпақтарымыз «Мен Қазақ елінде туғанмын» деп мақтанатын болады.

– Мен – Алай тауларынан келген қырғыз қызымын, – дейді тәрбиеші Гүлнар Аттокурова, – тағдыр қосып, қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым. «Өрісте – малы, төсекте басы қосылған» туысқан ел болсақ та тілімізде, салт-дәстүрімізде ерекшеліктер бар. Алғашқы кезде біраз қиыншылықтарға кездескенім рас. Менің тіліме күлетіндер де болады. Қазақ тілі – өзінің кең ауқымды байлығымен, әдемі әуезділігімен жүрегіме майдай жақты. Сөйтіп бұл тамаша тілді тез арада меңгеріп алдым.

Кейде төркін-жұртыма қыдырып барғанда байқамай, «жаңа жұққан аурумен» қазақша сөйлеп кетсем шоң қырғыздар «Гүлнар, өзің таза қазақ болуға айналыпсың ғой, өз тіліңді де ұмытпа», – деп әзілдеп, күледі. Мен өзімді қырғыз қанды қазақпын деп есептеймін. Өйткені, мен қазақ халқын, тілін, өз халқымдай, тіліндей сүйемін. Асқаралы Алатауға өзім дүниеге келген Алай тауларындай ғашық­пын.

Алматы қаласының іргесіндегі шағын балалар бақша­сында осындай игілікті істер атқарылып жатыр. «Біз қазақ­ша сөйлейміз» деп талпынған бөбектерге әмәнда жолдарың болсын, мақсаттарыңа жетіңдер деген тілек айтамыз! Оларға қазақ тілінің құдыретін көрсетіп жүрген ұжымға мың алғыс!

Кейде төркін-жұртыма қыдырып барғанда байқамай, «жаңа жұққан аурумен» қазақша сөйлеп кетсем шоң қырғыздар «Гүлнар, өзің таза қазақ болуға айналыпсың ғой, өз тіліңді де ұмытпа», – деп әзілдеп, күледі. Мен өзімді қырғыз қанды қазақпын деп есептеймін. Өйткені, мен қазақ халқын, тілін, өз халқымдай, тіліндей сүйемін. Асқаралы Алатауға өзім дүниеге келген Алай тауларындай ғашық­пын.

 

Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Еліміз бойынша мемлекеттік тілді оқытатын 57 орталық жұмыс істейді. Олардан мыңдаған азаматтар қазақ тілін үйреніп шықты, әлі де үйренуде. Былтырғыға қарағанда биыл қазақ тілін білемін деген өзге ұлт өкілдерінің саны 10 пайызға өскен. Бұл да біраз жайттан хабар береді. Тек соңғы 3 жылда мемлекеттік тілді дамытуға республика бойынша 10 миллиард теңге бөлінді. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн.

 Елбасы Жолдауынан.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *