«БІЗ АРАҚ ІШЕТІН «АҒЫМНАН» БОЛАМЫЗ…»

арак

Осындай сұмдық сөз естідік. Сүйектен өтіп кетті. «Жақсы  сөз – жарым ырыс» деген емес  пе аталарымыз. Біз  осы қайда барамыз?!.

Әңгіме неден шықты? Кіш­кене кідірістен кейін…

Қазір екі адамның басы қосыла қалса, дін туралы, ағымдар жайлы әңгіме-дүкен құратын болды. Жақсы ойлай білгенге бір жағынан қуанатын жағдай… Дін жамандық атау­лыға жақын­дамауға, ағымның құрбаны болмауға үндейді.

Бір өнер өкілінің: «Бұрын осы көшеде бір ғана тәуіп болатын. Қазір жұрттың бәрі шетінен тәуіп боп кетті…» деп әзілге қосып айтқан сөзі бар еді. Сол секілді, бұрын діни салада сарапшылар саусақпен санар­лықтай болатын. Ал қазір бәрі діни мәселеге талдау жасап, «пәтуа» беретін жағдайға жетті. Әрине, пікір білдіруге әркім құқылы. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ, бізді алаң­датқан нәрсе – екіұдай, ақиқаттан алыс, негізсіз теріс пікірдің таралуы. Діни білімі жоқ, діннің астарлы мәселелерінен толық­қанды хабарсыз адамның аузынан тұрпайы тұжырымның, өрескел сөздің шығуы өкінішті. Ислам­ды «үрейдің» діні ретінде таныту – үлкен қиянат!

Көрген-түйгенді ойға түйіп, қағазға түртіп жүретін Жарату­шыдан тілеп алған тілші дейтін «жұмысымыз» бар емес пе. Біздің қазірше қолдан келер шаруа осы боп тұр – айту немесе жазу.

Өткен жолы бір ғалыммен кездесіп қалдық. Аты мәлім, атағы да белгілі. Біздің Діни басқармада қызмет ететінімізді жақсы біледі. Аман-саулық сұрасқаннан кейінгі әңгіме әдеттегідей дінге ойысты. Елдегі діни мәселе «шешіліп», қазіргі ахуал ауызбен «реттеліп» болған соң халықаралық деңгейде сөз қозғалды. «Анау «ондай» ағымнан екен, мынау «мынадай» жамағат­тан боп шықты, анау «ана­ны» қолдайтын көрінеді, мынау «мы­наған» бүйрегі бұратын сияқты» деген діни «диагноз» қойылып жатыр. Әйтеуір бәрінің артына бір-бір «қоңы­раудан» ілінді. Өкініштісі сол, «дені дұрыс» діндарды таппай дал болға­нымызды несіне жасы­райық?!

Сонымен әлгі ғалым ағамыз бірнеше сағатқа созылған сұхбат­тың соңында сөзін былай түйін­деді: «Қазір адамдардың көбісі ағымда жүр. Ал біз арақ ішетін «ағымнан» боламыз. Бірақ, бізде терроризм жоқ…».

Күлгенге «керемет» сөз, жыла­сақ та жарасады. Сірә, әр нәрсенің шетіне шығып кету деген осы болса керек…

Ол кісі сөзін ары қарай жалғап: «Құрысын, бұл да жаман «ағым». Жақсы нәрсе емес», – деп мырс етті.

Дінді ұстанғандар шектен шықпай, өзгеге титімдей болсын зарарын тигізбей, қоғамда оғаш қылық көрсетпей жүруіне, ал діннен алыстау адамдар араққа салынбай, салауатты, салмақты өмір сүрсе деген тілегімізді іштей айтумен шектелдік.

Көзбен көргенімізді айтар болсақ, кейбір адамдар ұста­нымдары үшін бір-бірін түсінбей, тіпті, түсінгісі келмей, келісу былай тұрсын, өзара сөйлесуден қалып барады. Бұл үрдіс әке мен бала арасындағы отбасылық трагедияға айналуда. Бала араққа тым әуес әкесін айыптайды, ал әке баласын «сен ағымда жүрсің» деп кінәлай­ды. Оның түсінігінде намаз оқыған бала – «ағымда». Ал баланың ойынша, арақ іш­кендер мұсылман емес екен. Екеуі бір жолдың екі шетінде кетіп бара жатқан жолаушыға ұқсайды…

Араққұмардың: «Адам қа­нын төгіп, «діндар» боп жүр­геннен гөрі ішетінімді ішіп, «тыныш» жүргенім жақсы», – деген уәжі де жоқ емес. Ал әсіредіншілдің байламы болса: «Арақты ауызға алатын­дармен араласуға бол­майды». Екеуінікі де радикалды ұстаным. Ақтап алуға келмейтін іс.

Осыларды табыстырып, тату­ластырып, төрелігін айта­тын данагөй ақсақалдар, ел ағалары болса, шіркін?!

Әйгілі ғалым Хасан Басри: «Әдебі жоқтың білімі жоқ, сабыры жоқтың діні жоқ, тақуалығы жоқтың мейірімі жоқ», – деген екен. Қазір біздің қоғамға сөзі мен ісі түзу салмақты әкелер мен сөзұғар сабырлы ұл мен қыздар, жас­тардың санасын оятар салиқалы ғалымдар, зиялылар көбірек керек.

Бала қашанда әкенің мейі­рімі мен тәрбиесіне мұқтаж. Өкінішке қарай, кейбір әкелер өзінің қаршадай баласының ақыл-кеңесіне мұқтаж боп тұр…

Ғалым ғалымдығын көр­сетсе, әке әкелігін танытса деген тілек қой, біздікі!

 

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *