БІР ОҚЫРМАННЫҢ ӨЗІ ОН ОҚЫРМАНҒА ТАТИДЫ

Қали СӘРСЕНБАЙ

Мына заманда оқырман бар ма? Әрине, әлеуметтік желілерде оқырман жетерлік. Айтпағымыз, газет оқырманы туралы. Біздің азды-көпті білуімізше, ең жанкешті, ойлы оқырман осылар тәрізді көрінеді де тұрады. Олар газет мақалаларын астын сызып оқитын, қиып алып қоятын оқыр­мандар. Оқып қана қоймайды, өз ойымен, пікірімен бөліседі, ұсыныс айтады. Біз үшін осылар қымбат.

Қадыр Мырза-Әли «егер мен жақсы ақын болмағанда, жақсы оқырман болар едім» деуші еді. Міне, бізге осындай жақ­сы оқырман керек. Олар – сауатты, білімді, парасатты оқырмандар. Газет жұмысына жеделдік тән. Кейде ой-пікіріңді толық қоры­туға да мұрша болмай жатады. Өз жазуыңа өзіңнің көңілің толмайтын сәттер де болады. Мұндайда сенің айтпағыңды өзіңнен артық түсініп, орынды ұсыныс, пікір қосатын оқырмандар бар. Демек, оқу да ой еңбегі. Ол да қонады. Бұл да талант­­­тың ісі. Оқырманның саны ғана емес, сапасы да керек. Егер сапалық тұр­ғыда қарасақ, газеттің он мың оқырманын 30 мың оқыр­ман деуге болады. Себебі, бір үйден бір адам жазылады, ол отбасы­нан орташа есеппен алғанда газет оқуға қабілетті кемі үш адам шығады. Сондай-ақ, газет сайтына ай сайын кіретін 25-30 мыңның үстіндегі оқырман және бар. Яғни қазір газеттер оқылмайды деу бекер сөз. Мұндай сөзді қай заманнан да оқымай­тындар айтады.

Айтпағым, «Алматы ақшамы» биыл да сондай оқырмандарымен қуана алады. Бір оқырманның өзі он оқырманға татиды. Енді біздің жауапкершілігіміз бұрынғыдан да арта түседі. Газет – шығармашылық жұмыс. Бұл процесс білім-білігі, айтары бар ойлы оқырмансыз жүзеге аспайды. Газетті осындай оқырмандарымызбен бірігіп жасап, қызықты, тағылымды тақырыптарға бұрын­нан да бетер ден қойып, интеллектуалдық биікке ұмтыла береміз.

Әрине, баспасөзге жазылым науқанында тиісті орындарға хат жолданады. Бұл әуелден міндетіміз. Біздің қазақ «ештеңе демедіңдер, ескертпейсіңдер ме?» деуге бейім тұрады ғой. Демек, бұл айтпады, ескертпеді демесіннен туған әрекет. Содан соң оның орындалуын қадағалай бермейміз. Оны әркімнің ар-ұяты шешеді.

Бір жылда 365 күн бар. Ал сол 365 күнде бір аудан туралы «Алматы ақшамында» 300-ден астам мақала жарияланады. Және-дағы ақы-пұлсыз тегін. Ал енді сол 101 пайыз қазақ­тар тұратын ауданнан әкімнің орын­басары (әзірге ауданның да, лауазым иесінің де атын жасыра тұрайық, алдағы уақытта қажет болған жағдайда жариялап жіберуіміз әбден мүмкін) біздің хатымызға мынадай мазмұнда жауап береді.

«Алматы қаласы …… ауданы әкімінің аппараты Сіздің хатыңызды қарастырып, келесіні хабарлайды.

…. ауданы әкімшілігі бюджеттік мекеме болып табылғандықтан, газетке жазылу бойынша бюджеттен қаржы қарастырыл­маған, сондықтан көмек беруге мүмкіншілік жоқ екенін хабарлаймын.

Дегенмен, газетке жазылу бойынша демеу­шілер табылған жағдайда, сізге қосым­ша хабарлайтын болады». (19.12.2019 ж. хаттың тіркелген нөмірі 05.072-17 (3Т-С-435).

Міне, көрдіңіз бе? Бәзбіреулердің билік­тің басылымына жазылымды билік өзі ұйымдастырып береді деген бөстекі сөзіне бұдан артық жауап болмайды. Бюджетте қаржы қарастырылмаған. Ал бізге 300-ден астам мақала жариялау үшін қаржы қарас­ты­рылған деп кім айтты? Дейтұрғанмен де, біз бұл жауапқа аса күйіп-піспейміз, түсінік­пен қарауға тырысамыз. Алайда, бір кемеде келе жатқан әріптестік тұрғыдан ойласақ, «Алмақтың да салмағы» болмаушы ма еді. Міне, көзқарас осындай. Ал сол ауданнан мақала шықпай жатса, құдды  әкесі тапсырып қойғандай жаныңды алады.

Тағы бір дерек. Белгілі депутат, аты­нан ат үркетін азаматтың өзі де дәрменсіз екенін айтты. Бұл кісі жыл сайын өз айма­ғындағы сайлаушыларға – ардагерлер, соғыс арда­герлері, зейнеткерлерге ұзын саны 60-70 адамға қайырымдылық көмек ретінде «Алма­ты ақшамына» жаздырып отыратын. Ал биыл құзыретті қоғамдық бірлестіктен 15 адамға ғана жаздырасыз деген пәрмен түскен. Неге десе, лимит, квота солай депті. Бұны қалай түсінуге болады? Содан ардагерлер улап-шулап бізге хабарласты. Сонда деймін-ау, қолдан жасалған бұл айқай кімге керек? Өзің жазылмасаң жазылма, өзгенің қолын неге байлайсың, бауырым?! Саған кім ондай құқық берді? Елдің құқын неге шектейсің? Қажет болса, бұл мықтының да аты-жөнін мәлім етуге әбден болады. Осыған қарағанда кейде қазақ басылымдарына жазылуға шектеу, тосқауыл бар деген пікірге кәдімгідей сеніңкіреп қаласың. Ал енді редакцияға қоңырау шалған оқырмандарымыздың мына бір пікіріне ден қояйық.

«Құлагер» ықшамауданының байланыс бөлімшесіне 10 дана «Алматы ақшамы» түсіп тұрған, қазіргі келетіні бір-ақ дана. Осы ауданнан ашынып хабарласқан ардагер (аты-жөнін жазып алуды ескермеппіз, қажет болған жағдайда табамыз) осылай дейді. Әлгі кісі «мен өзіме пәтеріме жазылып аламын, ал енді басқа үлкен кісілер поштадан барып алатын. Ол мүмкіндіктен де айрылды. Оның үстіне бүкіл «Құлагерді» қамтамасыз етіп отырған газет дүңгіршегін алдырып тастады» дейді.

Ал енді осының бәрін қалай кездей­соқтық деуге болады. Белсенді оқырманы­мыз, белгілі қаламгер Жанар Әбдішованың «Жазылымның бітуіне әлі он күн бар. Оқырмандарға «Алматы ақшамына» жазылу бітіп қалды дейді Іле ауданының пошта қызметкерлері» деп телефон шалған жанай­қайы да жанымызға батты. Біз мына түрі­мізбен қалай «ақылды қала», «интеллек­туалды қала» боламыз? Мұндай деректер жеткілікті.

Қалай болған күнде де «Алматы ақшамы» жылдағы меже биігінен көрінді. Көрініп қана қоймай ілгеріледі. Ең бастысы, жаңа оқырман — жақсы оқырманмен толықты. Газе­тіміз оқыла береді. Бұдан артық қуаныш болмайтыны түсінікті әрине.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close