«БЕРЕКЕ, ҚАЙДА БАРАСЫҢ, ЫНТЫМАҚҚА БАРАМЫН» дегендей, «Ұлжан-1,2» ықшамаудан тұрғындарының да бақберекесi бiрлiгiнде, – дейдi осы қос ауылдың ақылман ақсақалы

Серiк ҚАРМЫСБАЕВ

Алматының ауылдары десе, қаланың iргесiндегi күн өткен сайын бiр-бiрiмен көрiк таластыра бой түзеп, Алатау ауданының құшағына бiрiккен ауылдар көз алдымызға келедi. Ауылдардың осыдан он жылғы жағдайлары мен қазiргi күнiн салыстырсақ, жер мен көктей айырмашылықты байқауға болар едi. Алатау ауданы өз алдына бөлек отау құрған күннен бастап елдiң еңсесi көтерiлiп, ауылдың сәнi кiрдi. Күнi кеше көшесi тiлерсектен саз балшық болып жататын Алматының ауылдары бүгiнде ажарлана түскен. Мектеп, балабақша салынып жатыр. Дейтұрғанмен де, жақсылық болған сайын бола берсе дейтiн iзгi тiлектiң көбейе түсетiнi бар емес пе, осындай тiлекте отырған ауылдардың бiрi – Алатаудағы бiрлiк-ынтымағымен көптiң аузына көп iлiгетiн «Ұлжан-1,2» ықшамауданы. Ауылға барсақ, алдымен ауыл қариясына амандасатын дәстүрiмiзбен екi ауылдың ақсақалдар алқасының төрағасы, еңбек ардагерi Серiк Жексенбайұлы Қармысбаев ақсақалға сәлем берiп, әңгiмелескен едiк.Өзiн-өзi басқару комитетi көп мәселенi шешедi

«Қыз – тiлекшi» дейтiн қазақтың жақсы бiр сөзi бар, осы ауылдың басын бiрiктiрiп, ел болайық, бiрлiкшiл, ынтымақшыл болайық, бiр-бiрiмiздi қашанда қолдап жүрейiк» деп әуелден-ақ «Ұлжан» ауылының тұрғындарының басын бiрiктiрiп кеткен – қазiргi «өжет» ықшамауданының жергiлiктi өзiн-өзi басқару комитетiнiң төрайымы Пернеш Сәрсембаева деген қызымыз едi.

Осы Пернеш қыздың бұл ауылға сiңiрген еңбегi зор. Алматыға 1998 жылы көшiп келдiм. Сол жылдан бастап «Ұлжан» ауылының ыстық-суығын бiрге көрiп келемiз. Бұдан да қиын күйде халық тұрмыс кештi. Мектеп, балабақша тұрмақ, қалаға қатынайтын жол, көлiк жоқ күндер өттi ғой бастан. Ал қазiр елдiң әлеуметтiктұрмыстық жағдайына қажеттiң барлығы бiртiндеп жасалып, өтпелi кезеңнiң қиындығына шыдамай ауылдан үдере көшiп келiп, бар арман-үмiтiн үкiлеп, отбасы тағдырларын Алматыға тапсырған халықтың арманмақсаты орындалып келедi. Ол үшiн алатаулықтар Алматы iргесiндегi елеусiз-ескерусiз қалған ауылдың дамуына қолдау көрсеткен Елбасына, айрықша қамқорлық танытып келе жатқан Алматы қаласының Әкiмi А.Есiмовке және қала Әкiмiнiң тапырмасын мiнсiз орындап келе жатқан аудан әкiмi Б.Мәнiзоровқа дән риза.

Сондай-ақ, жергiлiктi жердiң мұң-зарын тиiстi орындарға жеткiзiп, ауыл халқының тұрмыс-тiршiлiгiн түгендеп жүретiн жергiлiктi өзiн-өзi басқару комитетiнiң төрағасы Бақберген Нұрлыбаевқа да алғыстары шексiз. Ауыл тұрғындарының өмiр-тiршiлiгiн осы өзiн-өзi басқару комитетiнiң бастығынан артық ешкiм бiле бермейдi. Сол себептi де ауылдың ақсақалдар алқасы осы өзiн-өзi басқару комитетiмен, ауылдағы жалғыз рухани-мәдени шаңырақ – мектеп, балабақша ұжымымен бiрiгiп жұмыс iстейдi. Көшеде кетiп бара жатқан баланың тәртiбiнен бастап, ауылдағы әрбiр шаңырақтың тiршiлiгiне ақсақалдар алқасы өздерiн жауапты сезiнедi. Тентегiн «тәйт» дей алады. Әкелiк, аналық ақылдарын айтады. Ұл мен күйеуге аталары, қыз бен келiнге аналары ақыл-кеңес қосады.

– Бала кезiмiзден еңбекпен, колхоз-совхоз өмiрiндегi қоғамдық жұмыстарға белсене араласып өскендiктен болар, қазiргi күнге дейiн қоғамдық жұмысқа араласып келемiз. Керексiз болып үйде отырғаннан гөрi, жастар тәртiбiн жақсартуға, ауылдың дамып, көркеюiне үлес қосқанды өзiме мiндет санаймын, – дейдi жетпiстен асса да iсi мен сөзi ширақ Серiк ақсақал. Айтпақшы, Серiк ақсақал Елбасымен түйдей құрдас. Елбасы Алатау ауданына келгенде Секең ұлық құрдасының қолын алып, Нұрекеңе ақ батасын берген екен.

Саябақ, емхана, Мәдениет үйi салынса

Елбасымен тiлдескен сол бiр сәт Секеңе шабыт берiп, күнi бүгiнге дейiн соның қызуымен арқалана сөйлейтiнi бар. «Елдiң жайын өздерiңiздей ақсақалдар айтпаса кiм айтады, халқының мұң-мұқтажын әкiмдерге өткiр айтатын өздерiңiз секiлдi ақсақалдар. Көптiң көңiлiндегiнi керек жерiне жеткiзе бiлу керек» деген едi Елбасы Секеңе, сонда.

Содан болар, жиын болса ауыл ақсақалы әкiм қаралардан қаймықпай, елдiң бар-жоғын айта жүредi. «Ұлжан» ықшамауданына әлi көп нәрсе қажет. Жаяу жүргiншiлерге арналған тротуар салынса дегелi де көп жыл болды. Ұлжандықтар ауырып-сырқай қалса, көршi «Заря Востока» ауылындағы емдеу мекемесiне барады. Шағын ғана емдеу мекемесi қашан барсаңыз да адамға лық толып тұрады. Әсiресе, балалы және аяғы ауыр келiншектерге обал-ақ. «Ұлжан» ықшамауданына ғана емес, Алатау ауданына бөлек перзентхана мен аурухана салынса, артық болмас едi» дейдi Секең.

– Балалы, ауыр аяқ әйелдердiң емханаға барғандағы жағдайын өз көзiммен көрiп, бiлу үшiн бiр күн бойы зерттеу жүргiздiм. Таныс-тамырың болмаса, өз кезегiңмен дәрiгерге көрiне де алмайды екенсiң, – дейдi емханадағы бiр күнiне есеп берген ақсақал.

Оны да уақыт тауып, емхана басшысына, әкiмдiктiң жауапты қызметкерiне жеткiздi де. Ауылдағы жүргiншiлерге арналған арнайы жол (тротуар) жоқ. Сол үшiн талай ата-анадан сөз де естiгенi бар. 70 шақырым арық қазылып, 40 шақырым жол жасалуы тиiстi едi. Бiрақ, әлi күнге дейiн уәде сөз жүзiнде қалып, жол жартылай жасалып,жартысы қалып тұрғанын да жиын болған сайын тиiстi мекемелерге құлаққағыс етiп тұрады. Жақында бұл мәселенi тағы да көтердi.

– Газ, жол, көшелердi жарықтандыру, арық қазу, ауыз су, қоғамдық көлiк мәселесi қай жиналыстың болсын күн тәртiбiнен түспейдi. Сонымен қатар, Мәдениет үйi, саябақ, кiтапхана, аурухана, спорт кешендерi салынса, нұр-үстiне нұр болар едi, – деген тiлектер аз айтылмайды. Ендi осы мәселелерге мән берсек, – дейдi елдiң сөзiн сөйлеп, шындық пен әдiлеттiлiкке жақ болып жүретiн ауылдың қадiрмендi ақсақалы.

– Ал әзiрге «Ұлжандағы» мәдениеттiң ошағы – №152 мектеп пен 320 орынды балабақша ғана. Әр ауылдың өз спорт алаңы, Мәдениет үйi болса, жастар жаман әдетдағдыдан бойын аулақ ұстап өсер едi, – дейдi асақал.

Алтын алқалы 12 ана «Ұлжанда» тұрады

Бүгiнде 20 – Ауған соғысының ардагерi, 10 – Желтоқсан көтерiлiсiне қатысушы, 20 – көпбалалы отбасы, алтын алқалы 12 ана осы «Ұлжанда» тұрады. Ақсақалдар алқасының 7 мүшесi көпке үлгi-өнеге болар iсi бар осы тұлғалармен қоян-қолтық араласып, жұмыс iстейдi. Жастармен, мектеп оқушыларымен кездесулер өткiзiп, ақсақалдық ақылдарын айтады. Бұл ретте ақсақалдар алқасының №152 орта мектеп директоры Алтын Байғабұловаға деген ризашылықтары шексiз. Аудан тұрғындарының да жиi бас қосатын шаңырағы осы мектеп. Аудан ақсақалдарының басын қосып, елге үлгi-өнеге болуға үндеп жүретiн аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Құдайберген Қабдолдин ақсақалдың орны өз алдына бөлек. Ел басқарып, ел ағасы болған Қ.Қабдолдин ақсақал бүгiнде Алатау ауданының үлкен атасы.

Биыл Тәуелсiздiгiмiзге – 20 жыл. Бұл 20 жыл iшiндегi жетiстiкке оңайлықпен қол жеткiзген жоқпыз. Тоқыраудың тоңынан, өтпелi кезеңнiң қиын-қыстау кезеңiнен, нарықтың қыспағынан өттiк. Ауылдағы тiрлiктiң тынысы тарылып, ауыл тұрғындары «өзен жағалаған өлмес» деген қағидамен қала маңын сағалады. Шамасы жеткенi жер, үй сатып алды. Ал шамасы жоғы бос жатқан жерлердi заңсыз иеленiп, әйтеуiр қалаға тұрақтанудың амалын қарастырды.

Бүгiнде Алатау ауданы бойынша заңсыз деп танылған 4523 үй заңдастырылу үстiнде. Бұл да Тәуелсiздiктiң арқасы. Өз алдымызға ел болған елдiгiмiздiң жемiсi. Жақсылықтарымыз әлi алда. Тек Жер-Ананың бауыры бүтiн, халқымыз аман болсын. Бiрлiк бар жерде тiрлiк бар. Ынтымақ ырысқа бастайды. Бiрлiк пен ынтымақ тiлеймiн халқыма. Ал ендi жоғарыдағы елдiң көкейiнде жүрген мұңмұқтажды тиiстi жерлерге бiз айтпасақ, кiм айтады? Сол себептi басшылар ақсақалдардың жиi айтатын назын көңiлдерiне алмаса деймiз. Қандай жақсылықтың болсын рахатын халық ертерек көргенi жақсы. Халыққа берiлген уәденiң орындалағаны жақсы ғой, – дейдi Алатау ауданының кешегi күнiнен бүгiнiне дейiн куә болып келе жатқан Серiк ақсақал.

«Үш келiнiм бiр кiсiдей»

Серiк Жексенбайұлы – өсiп-өнген әулеттiң бас иесi. Сәлиха шешей екеуi Алланың берген бес баласынан 14 немере, 4 шөбере сүйiп отырған ардақты ата, аяулы әже. Үш келiнi бiр шаңырақтың астында тату-тәттi өмiр сүрiп жатқан жайы бар. Үш келiннiң бiр үйде тұрып жатқанына сәл таңырқай қалғанымызды байқаған Серiк ақсақал «Құдайға шүкiр,үш келiнiм – бiр кiсiдей» деп тәп-тәттi Ажарын бауырына сүйсiне басты. Серiк асақалдың өзi ғана емес, отбасының да ауылына үлгi-өнеге екенi тiршiлiктерiнен, отбасындағы сыйластықтан сезiлiп тұр.

Серiк ақсақалдың спортқа да жаны жақын. Тәуесiздiктiң 20 жылдығына орай өткiзiлген 50 шақырымға жүгiруден, доп лақтырудан бiрiншi орын алса, көркемөнерпаздар байқауында дипломмен марапатталған. Еңбек ардагерi, көп балалы әулеттiң иесi тұрғын үй кезегiнде 623-болып тұр екен. Бiз тұрмасақ та, тұрмысқа жайлы үйде балаларымыз тұрса деп тiлейдi ақсақал.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *