БЕКЕТ АТА – ЖЕРАСТЫ МЕШІТІНІҢ ҒАЖАЙЫПТАРЫ

img_4339

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі» деп атап өткен болатын. Тағылымды тарихтан шырайлы шежіре шертетін Ұлытау төріндегі жәдігер­лер кешені, Қожа Ахмет Яссауи мавзолейі, Тараздың ежелгі ескерткіштері, Бекет ата кесенесі, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендері, еліміздегі басқа да көптеген киелі орындар мәңгілік мақтан тұтатын ұлттық құндылықтарымыз болып табылады. Қасиетті қазақ топырағында көненің көзіндей сақталған киелі орындар, жалпы, адамзат құндылықтары ретінде болашақ ұрпаққа сан ғасырлар сырын ақтарып, өткеннің өнегесімен, ұлылардың ұлағатымен таныстырып отырады. Күнтіз­беден талай керуен жылдар көші өтсе де, ешқашан ескірмейтін тарихи жәдігерлер өскелең ұрпақты алтын тамырына жақын­датып тұрады. Сан ғасырлық тарихы бар киелі орындар адам баласының жандүниесін рухани нұрландырады. Қазағымыз қасиет тұтқан осындай тарихи орындардың бірі – Маңғыстаудағы Бекет ата жерасты мешіті.       

my43s5x9hhkh8mk2qq6nm1ui15y04q

Тарих беттеріне үңілсек,  әулие, халық батыры, абыз, көреген, ағартушы, сәулетші Бекет ата Мырзағұлұлы (1750–1813) Жем өзені бойында, Маңғыстау өңірінде туып-өскен. Бекет атаның білімдарлық, батыр­лық, әділдік, еңбексүйгіштік, абыз, көріп­келдік қасиеттері өз дәуірінде ерекше елге жайылған. Халық айрықша қадірлеп, әулие тұтқан, Бекет атаның өмірін, әулиелік қасиетін ерекше ықыласпен әңгімелеп, ұрпақтан-ұрпаққа ұластырған.

Аңыз бойынша, XVІІІ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген Бекет ата 14 жасында өзі қастерлеп, құрметтеген дана Шопан атаның мәйітіне тағзым етуге келген. Үшінші түні Шопан ата жас жігітке оқы деп аян берген. Әулиеден аян алған жас жігіт алыстағы Хиуаға аттанып, сол жердегі медреседе білім алды. 40 жасқа келгенде әулие Бекет ата сопы болып, балалардың сауатын ашқан. Өзінің өмір жолында әулие Бекет ата көптеген жерде болып, Маңғыстауға қайтадан оралады. Ел арасындағы даулы мәселелерді шешкен кезде, ол екіжақты келісімге тез әкелетін даналығын көрсеткен. Бекет ата өзінің діни өсиетінде діндар адамдарды шындықпен өмір сүруге, адал болуға және қайырым­дылық жасауға үйреткен. Ол халық есінде қалмақтарға қарсы ұрыста ерлік жасаған жауынгер ретінде де қалды.

 beket_ata_12

Деректерге қарағанда, әулие Бекет ата шамамен 1813 жылы өмірден өткен. Ол өзі салған жерасты мешітінің жанындағы Оғланды шатқалында жерленген. Аңыз бойынша, Бекет ата әр жерлерде төрт мешіт салған. Олардың бірі – Маңғыстаудан алыс емес жерде, Оғландыда орналасқан, екіншісі – Бейнеуде, үшіншісі – Жем өзені бойында, ал төртіншісі – Арал жағасында, Баялыда орналасқан.

Бекет ата жерасты мешіті Маңғыстау облысының Оғланды жерінде орналасқан. Бұл діни сәулеттік ескерткіш XVІІІ ғасырда салынған. Бекет ата мешіті маңыз­дылығы жағынан Қожа Ахмет Яссауи кесенесі сияқ­ты киелі орын болып сана­лады. Екі жүз жылдан бері осы жерге әулиенің рухы­на тағзым ету үшін жұрт жиі келіп жатады.

Оғландыдағы мешіт биік жартастың орта қабатында салынған, ол кертпешімен бұта қалың өскен терең қойнауға түскен. Оның сатысы мешітке кіреберістің алдында салынған шағын алаңға апарады. Бірінші жай – күмбез тәрізді төбенің орталығында тесілген терең жарық саңылауымен жарық­тандыратын вестибюль. Вестибюльдің батыс жағындағы оңтүстік қабырғасында михрабы бар намаз залы, ал оңтүстік-шығыс жағында екі жай орналасқан, оның біріне Бекет ата жерленген.

Мешіт вестибюлі жобасы бойынша дөңгелек болып табылады (диаметрі шамамен 4,5 м.). Төбесі тегіс күмбездің фор­масына ие. Жалпы айтқанда, ішкі кө­рінісі қазақтың киіз үйіне ұқсас. Оңтүстік-батыс қабырғасында михраб текшесінің бар болуына қарағанда, бұл намаз залы болып саналады. Батыс жағынан оған сопыға сәйкес еденнің деңгейі, бұрыш пилондары­ның артында жарты шеңбер жай жанасады. Сірә, солтүстік жағынан зал көлемі жағынан кем болмайтын үшінші жаймен кең өтпе жолмен біріккен. Осы бөлменің не үшін салынғаны бәріне түсініксіздеу. Ол намаз залының қосымша алаңы немесе қойма жайы болуы мүмкін. Осы бөлменің тарлау кіреберісі оны шығыс жағынан жанасатын төртінші бөлмемен біріктіреді.

Жерасты мешіттің ерекше акустикасы таң қалдырады, барлық бөлме ішінде оқылатын намаздар анық естіліп тұрады. Есік ашық болған кездің өзінде, өкпек жел жоқ. Сопы Бекет ата физикалық заңдарды да интуициялық сезіммен меңгерген деуге болады. Ғалымдардың батыл болжамы бойынша, Бекет ата мешіті обсерватория сияқты болып, әулие сол жерде аспан денелерінің қозғалысын бақылап отырған. Бұл оған қатты қысты, қапырықты ыстық­ты, нөсерді алдын-ала болжауға, жайлауға көшу уақытын белгілеуге мүмкіндік берген.

Оғланды шатқалының шыңында «көк күмбездері бар үй» деп аталған зиярат етушілерге арналған үй орналасқан. Бекет ата қорымы – рухани, тарихи және сәулеттік ескерткіш болып табылады.

 

Ғаламтор материалдары бойынша әзірлеген –  Балнұр АХМЕТ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *