«БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ ФОРМУЛАСЫ: ЖАҢҒЫРУ МЕН БІРЛІК»

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІІ сессиясы болып өтті

Нұр-Сұлтандағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен алқалы жиынға еліміздің барлық өңірінен, Ресей, Түркия, Қырғыз Республикасы, Германия елдерінен жалпы саны 1500 делегат қатысты. Олардың арасында Ассамблея ардагерлері, барлық республикалық, облыстық және аймақтық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқару органдарының басшылары, саяси партиялар мен діни бірлестіктердің, ҮЕҰ, ЖОО басшылары және шет елдердің дипломатиялық миссияларының өкілдері, ғылым және шығармашылық интеллигенция, БАҚ өкілдері бар. Сессия жұмысын жүргізген ұйым Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев баяндама жасау үшін алғашқы сөзді ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа берді.

Нұрсұлтан Назарбаев алқалы жиын «Бейбітшілік пен келісім формуласы: жаңғыру мен бірлік» тақырыбында өтетінін жария­лады. Елбасы жиынға қатысу­шыларды сессия жұмысының басталуымен құттық­тап, елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау ісіндегі Қазақстан халқы Ассамблея­сының маңызды рөлін, оның құрылған күннен бастап еліміздегі мызғымас бірліктің ұйытқысы, сарқылмас берекенің бастауы болып келе жатқанын атап өтті. «Ассамб­лея – көпэтносты еліміздің басын біріктіре­тін, қоғамның пікірін тыңдайтын үлкен мінбер. Бүгінгі таңда құрылым еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі болып отыр», – деді Төраға. Елдің экономикасы, қоғам өмірі, техно­логиялар күрделі өзгерістерге ұшыраса да, бұл өз­герістердің арасында, құбылмалы әлемде бір ғана мәңгі әрі кешенді өзгермейтін қуатты құндылық бар екенін, ол – біздің басты құндылы­ғымызға айналған қоғам­ның бірлігі мен ұлтаралық келісім екенін қадап айтты Елбасы. Төраға Қазақстан қоға­мындағы тұрақтылықты сақтау үшін барлық тетіктердің қалыпты әрі тиімді жұ­мысын қамтамасыз етуді тапсырды. Мем­лекеттік органдар жанын­дағы медиа­ция институты мен қоғамдық кеңестердің жұмы­сын жан­дандыру қажеттігіне баса назар аударды. Ассамб­лея кәсіпкерлерінің қауымдас­тығы  арқылы шетелдік инвестор­лармен эконо­микалық ынтымақтастықты нығай­туға  және Қа­зақстан халқы Ассам­б­лея­сының депутат­тық корпусының әле­уетін белсенді пайда­лануға үндеді. Нұр­сұлтан Назарбаев барша мұсылман қауы­мын алдағы қасиетті Рама­зан айының бас­тал­уымен және православ христиан өкіл­дерін Пасха мерекесімен құттықтай келе Прези­дент сайлауы 9 мау­сымға тағайын­далғанын, барша қазақстан­дықтарды, Ассамблеяның мүшелерін алдағы сайлауға белсенді ат­са­лысып, ел бірлігін тағы бір танытуға шақырды. Барша қазақстан­дықтарға аспан­дарының ашық болуын, әр отбасына бейбіт өмір, амандық және бақ-береке тіледі.

Елбасы «Қазақстан Тәуелсіздік жыл­дарында барлық деструктивті болжам­дарды жоққа шығарып, серпінді эконо­микасы бар мығым мемлекет орнатқанын, прагмати­калық және болжалды сыртқы саясаттың арқасында халықаралық беделге де қол жеткізгенін» былайша тұжырымдап берді: «Біріншіден, ол – Қазақстан халқы Ас­самб­леясы. Халықтың қалауымен құрылған Ассамблея беделді конституциялық орган­ға айналды. ҚХА мемлекеттік құрылысқа барлық қазақ­стандық этностар мен діни конфессия­ларды тарта білді. Ассамблеяны мем­лекеттің саяси жүйесімен астастыра отырып, біз ұлттық бірлікте өзіміздің ай­рықша бағытымызды таңдадық. Міне, 12 жылдан бері ол Парламент Мәжілісінде ресми өкілдікке ие. Екіншіден, этнос­аралық және конфессияаралық теңдіктің қуатты құқықтық базасы жасалды. Үшін­шіден, этносаралық саладағы біздің мем­лекетіміздің саясаты «Әралуандықтан бір­лікке» қағидаты негізінде құрылды. Бұл, әсіресе, тіл саясатында көрініс тапты. Қазір елімізде мемлекеттік тілде оқы­татын мек­тептер жүйесі артып келеді. Олар қазір 4 мыңға жетіп қалды. Бұл 90-жылдармен салыстырғанда 2 есе көп».

Төраға атап өткендей, «ҚХА – бұл қоғамдық сананы жаңғырту процестерінің белсенді қатысушысы. Білімге жүгіну, жаңа идеяларға жол ашу, ұлттық кодты сақтау және Қазақстанның эволюциялық дамуы – міне, осылар жалпыұлттық тари­хи сана мен біртекті құндылықтарды қалып­тастырудың негіздері. Осылар Ассамблеяның тікелей жауапкершілігіне жатады».

– Осыдан екі жыл бұрын мен тұсауын кескен «Рухани жаңғыру» жобасы оған барлық қазақстандықтардың қатысуына мүмкіндік береді. Қоғамдық сананы жаңғырту дегеніміз – барлық қоғамның рухани және интеллектуалды жаңаруы. Біз күшті және жауапты адамдардың біртұтас халқымыз, біздің ойлау жүйемізді және тәртібімізді нақ осылай қалыптас­тыру керек», – деді Елбасы.

«Қазақ тілін үйрететін орталықтар бәріне қолжетімді», деген Төраға «Мәмі­ле» атты ситуациялық қазақ тілі жобасын ұсынатынын мәлімдеді. Ал «Туған жер» бағдарламасы бойынша Қазақстан азамат­тарының жауапкершілігі мен патриотизмі жоғары екендігін бұл ретте көптеген кәсіп­керлердің аймақтарда әлеуметтік нысандар тұрғызғанын нақты мысал­дармен сөз етті. Бейбітшілік пен келісім құнды­лықтарын халықаралық қоғам­дастық аренасына шығаруда Қазақстан 2003 жылдан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшы­лары съездері өткізіліп келе жатқанын, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, АӨСШК аясында маңызы зор ау­қымды жұмыстар атқарыл­ғанын сипаттады.

Тұңғыш Президент 2017 жылдан бастап мемлекеттік саясаттың әлеуметтік бағ­дарында жүйелі шараларға бастамашы­лық жасалғанына тоқталып, олардың бары­сында халықтың табысын өсіру, аз қамтылған тұрғындарды қолдау мәселелері қамтылғанын айтты.

Сөз соңында  Төраға ендігі жылы Ассам­б­леяның 25 жылдық мерейтойы болатынын айта келе, халықтың береке-бірлігі патрио­тизмді және ортақ құнды­лықтарды дәріптеу арқылы нығая түсетініне екпін берді. «Біз әл-ауқаты­мызды арттырып, жұрты­мызды биік мақсаттарға жұмыл­дыру үшін берік негіз қалыптас­тырдық. Ассамблея әрдайым татулық пен тұрақтылықтың кепілі болып қала береді деп сенемін», – деді Елбасы.

Сессия барысында Ассамблея төр­аға­сының екі жаңа орынбасары болып Ас­самблея Кеңесінің биылғы мүшесі, «Вай­нах» чешен-ингуш мәдени орталы­ғының мүшесі, кәсіби медиатор Юсуп Келигов пен ҚХА мүшесі, Нұр-Сұлтан қаласының «Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлес­тігінің төрағасы Шерзод Пулатов тағайын­далды. Қалыптас­қан тәртіп бойын­ша этно­мәдени бірлестік­тер атынан өкілдік ететін ҚХА төраға­сы­ның екі орынбасары жылына бір рет ротация тәртібімен Ассамблея сессиясында тағайын­далады.

 

Светлана СМИРНОВА,

Мәскеу қаласы халықтары ассамблеясының

төрағасы:

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ – АЗАМАТТЫҚ ИНСТИТУТТЫҢ ӘЛЕМДЕ ЖОҚ ЕРЕКШЕ ТҮРІ

Қазақстан халқы Ассамблеясы – азаматтық институт­тың әлемде жоқ ерекше түрі екенін атап өтті. Мен үнемі Нұрсұлтан Назарбаевтың Ассам­блеяны бүкілхалықтық өкілеттіктің инновациялық моделі деп бағалаған сөзін айтып жүремін. Ол шын мәнінде біздің жас демократия­мыздың табысты институтына айналды. Біздің Ассам­б­лея­ны құрушылар барлық тәжірибені Қазақстан халқы Ассамблеясынан алған еді. Тіпті, бүгінгі күні де біздің Ассамблеямыздың сіздерден үй­ренері көп. Қазақстан­ның түрлі халықтар ара­сында өзара татулық пен келісімді сақтау үлгісі бізге ғана емес, әлемнің көптеген елдеріне үлгі болуға тұрарлық. Бейбітшілік мәселесі – бар­лық әлем қатыс­қанда ғана шешіледі, сондықтан бәрімізге ұлы мақсат жолында бірігу керек. Жыл сайын болатын Еуразия халықтарының фору­мында кездесіп, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін этномәдени ерекше­ліктерді сақтау жолдарын талқылап отыруымыз қажет.

 

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:

ТІЛ ЖҰЛДЫЗЫ ЖАНҒАНДА ҒАНА ЕЛ ЖҰЛДЫЗЫ ЖАНАДЫ

Сол бір алмағайыпта (90-жылдардағы өтпелі кезең – редакция) ел батасын алған Елбасы тәуекелдің ақбоз атына мінді. Алайда, алда тұрған өтпелі кезең көпірі оңай кедергі емес еді. Ол көпірде көшбасшы бір шалыс қадам жасаса, шашылып қалу қаупі болды. Бірақ бізді Құдай сақтады, көшбасшымыз жүрістен жаңылмады. Қиын өткелден Қазақстанды аман-есен алып шықты. Қазақстан халқы сол тұста бір атаның баласындай бірігіп, жаңа елдің қабыр­ғасын көтерді. Жаңа астана салынып, әлем елімізге атба­сын бұрды. Қазақстан Орталық Азияның көшін бастады.

Біз бүгін тағы да еңсесі биік, төрі кең қазақ шаңы­ра­ғында отырмыз. Осы орында тәуелсіздік жылдары зама­науи саясат көгіне самғап, бір жұлдыз туды. Ол – Назар­баевтың жұлдызы еді. Сол жұлдыздан жанартаудай атқы­лап, ұлттық пассионарлық рух оянды. Оны оятқан пассио­нар тұлға Назарбаев еді. Жас, жаңа Қазақстан өмірге келді. Осының арқасында қаншама мәдениет, спорт жұлдыз­дарымыз жанды, әлі де жанып келеді. Ұлы дала жазуын латын әліпбиіне бұруды ең ірі реформа деп санай­мын. Өйт­кені, тіл жұлдызы жанғанда ғана ел жұлдызы жанары хақ. Ел жұлдызы жансын десек, тіл жұлдызын жағайық, ағайын!

 

Милина ВАВУЛИДИ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті:

 МЕН ГРЕК ҚЫЗЫ БОЛСАМ ДА, ЖҮРЕГІМ ҚАЗАҚ ДЕП СОҒАДЫ

Грекияға барған сапарымда жергілікті қауымдастықтың төрағасымен кездестім. Менің Қазақстаннан екенімді білген ол «Назарбаевтай басшысы бар елдің болашағы жар­қын. Біздің Грекияда бәрі бар, тек Нұрсұлтан Назар­баевтай басшы ғана жетіспейді деп қатты күрсінді. Әжем «қазақтар мен гректер – өмір бақи туысқандар» дейтін. Мен грек қызы болсам да, жүрегім қазақ деп соғады. Жур­налист ре­тінде мен елдегі тыныштық пен келі­сімді, бейбітшілік пен тұрақ­тылықты сақтау жолындағы өзімнің жауапкерші­лі­гім­­ді түсінемін. Мен өзімнің өмірімдегі ең басты жоспа­рым­ды Елбасының идеяларын ілгерілетуге арнайтын боламын.

 

Джамалайл ЭЛИМХАНОВ, «Эмир-Ойл» кен орнының басқарма бастығы:

КЕҢПЕЙІЛ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ ШЕШЕНДЕРДІ ПАНАСЫНА АЛҒАН

Шешенстанда соғыс басталғанда, мен екі жаста едім. Соғыс – әр отбасы үшін зор ауыртпалық пен қасірет. Сол тұста біздің көп қабатты үйіміз қирап, әкемнің ағасы опат болды. Ал менің көзім көрмей, зағип болып қалдым. Мың­даған шешен­дер сияқты бізге де туған жерімізді тастауға тура келді. Сонда менің ата-анам ойланбастан Қазақ­станды бетке алды. Өйткені, осыдан 75 жыл бұрын, 1944 жылы қиын-қыстау күндері кеңпейіл қазақ халқы шешендерді па­насына алған еді. Қазақ жері бізді тағы да құшақ жайып қар­сы алды, өзім қазақ отбасында тәрбиелендім, осында екінші өмірім басталды. Қазақстанда жасалған мүмкіндік­тің арқасында мектеп пен универ­ситетті үздік бітіріп, қа­зақ, ағылшын және қытай тілін меңгердім. Бұрынғы бос­­қын,  соқыр, соғыс жыл­дарының ұрпағы – мен 26 жа­сым­да малайзиялық «Эмир-Ойл» кен орнының басқарма бас­тығы болдым. Енді маған келіп, өз еңбегіңмен жетіс­тікке жету мүмкін емес деп айтуға еш­кімнің дәті жет­пес. Жастар, білім ал да, білікті бол. Бәрі – өз қолыңда. Менің өмірім – соған дәлел.

 

Күршад ЗОРЛУ, саясаттанушы:

БҮГІНГІ КҮННІҢ БІЛГЕ ҚАҒАНЫ

Мен Қазақ елі туралы ең алғашқы зерттеу мақаламды 1999 жылы жаздым. Халықаралық шолушы ретінде Қазақстанның Тұңғыш Пре­зидентінің еңбектерін жиырма жылдан бері зерттеп келемін. Елбасының «Рухани жаңғыру» атты мақаласы – тек қазақ халқы үшін ғана емес, түркі халықтары үшін де болашаққа жол көр­сет­кен айқын бағдарлама. Менің жақында «Елбасы Назарбаев» атты кітабым төрт тілде жарық көреді. Бұл еңбектен әлем көшбасшы­лықтың жаңа қыр-сырымен қанық болады. Екі жыл бұрын Түркияда әлеуметтік желіде сауалнама жүр­гіздім. Қатысқандар Елбасыны бірауыздан Түркі әлемінің ең көрнекті және танымал тұлғасы деп таныды. Бүгінгі күннің Білге қағаны деп біледі. Сирияға қатысты келіс­сөздер Елбасының бітімгерлік қасиетін айқын танытты… Қазақстан – қазір тәуелсіздігін енді алған жас мемлекет емес, болашағына нық сеніммен қараған Мәңгілік ел.

 

Гаукс ВАЛЬТЕР, Германияға шеттен келген немістердің жастар ұйымының басшысы:

БІЗДІ ГЕРМАНИЯДА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ НЕМІСТЕР ДЕП АТАЙДЫ

23 жыл бұрын мен туған ауылым Қоңыраттан Герма­нияға қоныс аудардым. Бүгін қайтадан Қазақстанға оралу бақыты бұйырды. Қазақстан қашан да менің Отаным болып қала бермек. Осы сәтте Елбасына Еуропадағы мил­лиондаған неміс­тің атынан алғыс білдіргім келеді. 800 мың­нан аса неміс тарихи Отанына оралып, туысқандарын тапты, отбасын құрды. Алғыс айту күнін біз на­зардан тыс қалдырмай, қазақ халқына шын жү­ректен алғыс айттық. Бізді Германияда қазақ­стандық немістер деп атайды, ал Қазақстанда 180 мыңнан аса неміс қазақ халқының бір бөлшегіне айналып кетті. Елбасына неміс мәдениеті мен тіліне көрсеткен қолдауы үшін ризалығымызды білдіреміз.

 

Алла ЧЕЧЕТКИНА, журналист:

ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛУГЕ, СҮЮГЕ, ӨМІРЛІК РУХАНИ АЗЫҚ ЕТУГЕ ШАҚЫРАМЫН

Ұлтым – молдаван. Өзім қазақтың салт-дәстүрі және мәдениетімен сусындап өскенмін. Қазақ тілін білу үшін мен сияқты көрші қазақ әженің тәрбиесін көріп өсу керек. Сол кісінің қолдың сары майын қосып дайындаған таба нанының дәмі әлі таңдайымнан кетпейді. Ата-анам­ның ақылы­мен қазақ сыныбында оқыдым. Қазір Ахмет Бай­тұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік уни­верси­тетінде журналистика ма­мандығы бойынша магистра­турада оқимын. Елбасының «Қазақ қазақпен қазақша сөйлесін» деген сөзі – мен үшін өмірлік мақсат. Сондықтан мен қазақтың нанын жеп, суын ішіп өскендіктен, ең алдымен қазақ тіліне құрмет көр­се­тілуін жөн деп білемін. Мемлекеттік тілде сөйлемесек, білу­ге тырыспасақ, біздің егемендігімізге қосқан үлесіміз немен өлшенеді?! Барлық қандас бауырларымды қазақ тілін білу­ге, сүюге, өмірлік рухани азық етуге шақырамын. Жаһан­да­ну заманында қазақи тәрбие ұмытылмаса екен деп тілеймін.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *