Бауыржан МОМЫШҰЛЫ: Соғыста белгілі батырлардан белгісіз батырлар көп

«Красная звезда» газеті редакторының алғысы

Халқымыздың даңқты ұлы Бауыржан Момышұлының рухани жан-дүниесін, мінез, ақыл-парасат ерекшелігін бейнелеуге арналған белгілі жазушы Мамытбек Қалдыбайдың  «Ұмытылмас кездесулер», «Атақ пен шатақ», екі кітаптан тұратын «Мен халқымның  Бауыржаны­мын», «Мен қазақтың баласы» деген бес томы жарық көріп, талғампаз жұртшылы­ғымыздан жоғары баға алғаны мәлім.  Бүгін танымал жазушымыз,  бауыржантанушы  Мамытбек Қалдыбайды сексен жасқа толу  құрметімен құттықтап, оқырман назарына оның Баукең туралы соңғы жазғандарын ұсынып отырмыз. 

Кейін қарай жатпай, жалдана көте­рілген Баукеңнің селдір, бұрыл шашы, қасқалана түскен кең, жазық маңдайы, солғын тартқан аясы үлкен отты жанары,    пышақ жанығандай суалған  жағы, әжім шимайлаған ақсұр жүзі, етек-жеңі сәл  жалпайыңқыраған жоталы қыр мұрны,   қолдарының сыртындағы адырайған көгілдір тамырлары  көзге тым қораш кө­рінеді. Өрмекші-кәрілік: «Торыма түстің  бе? Мықты болсаң, енді құтылып көр!», – деп өктемдік сыңай танытып, сес көр­сеткендей.

Ішкі жан-дүнием әлем-жәлем. «Шіркін, Баукеңді жасартар құдірет-күш  қолымда болар ма еді,  болса, аянып қалмас едім-ау» деген ойға берілгенімді сезгендей:

– Ұнжырғаң түспесін, көтер басың­ды! – деп Баукең қатты айқайлап жіберді. Мұны күтпеген мен селк ете қалып,  есімді тез жинадым.   Баукеңнің өжет мінезі, өр рухы мені байсалды қалпыма қайта түсірді.

– Сұрағым бар еді, – дедім  қолай­сыздықты жуып-шайғым келіп.

– Сұрағың болса, қысылма.

– 1942  жылы  әскери «Красная звезда» газетінің редакторы сізді шақырып, сөйлескен екен. Сол жөнінде айтып берсеңіз?

– Алғы шепке 1942 жылы әскери тілші Александр Кривицкий келді, – деп  Бау­кең   сұсты күйге енді. – Мен оның сұрақ­тарына жауап беріп отырып:

– Сіз неге қазбалай бересіз?! – деппін ғой. Көзі бақырайып, таңқалды. Ішінен: «Мынау жауынгерлерін жақсы білмейді. Мұны полк командирі еткен кім?», – деп ойласа керек. Соны сезіп мен:

– Соғыста белгілі батырлардан белгісіз батырлар көп, – деп едім, басын изей, қуа­на құптады. Кейін сол сөзімді «Крас­ная звезда» газетіне өзгертпей жазды.

…Жараланып Мәскеудің госпиталында емделдім. Бірер күн Совет Армиясы орталық қонақүйінде тұрдым.    Кривиц­кий төбе көрсетті.

– Сізді редакторымыз редакцияға ертіп кел деп мені жіберді, – деді жымиып.

– Е, жарайды, – деп келістім. Редак­тор ірі денелі кісі екен. Орнынан тұрып, қарсы жүріп келіп маған қолын ұсынды. Бетінің бір жағы қал секілді қып-қызыл.

– Жолдас полковник, мен сізді көр­геніме қуаныштымын.

Бұрын бетінде дағы барларды кездес­тіргем. Мұндай бір жағы тұтас қалы бар адамды кездестірген емеспін.  Таңқалып қарағанымды байқаса керек:

– Анам мені осылай туды, енді қай­тем? – деді.

Түсінген кісіге бұл оның «менің мынау бетімнен сескеніп қалдыңыз ғой» деген сөзі ғой. Е, байқап қойыпты ғой деп қып-қызыл боп кеттім. Өзі ақылды кісі болу керек, менің мұныма да ың­ғайсызданып қалды. Столының тартпа­сын ашып, «Қазбек» папиросын алып, маған ұсынды. Ол кезде сіріңкенің де тапшы кезі.

Орнынан тұрды, мен де тұрдым. Қал­тасынан оттығын  алып, алдымен өзінің папиросын, одан кейін менің папиросымды тұтатты.

Мен бұл қылығына да таңқалған болуым керек. Жымиып күлді де:

– Қазір бізде бензин таза емес, – де­ді. – Бірінші тұтанған кезде исі жаман болады, сәл өте құриды. Соны сіз сезбесін деп алдымен өзімнің папиросымды тұтаттым.

– Рахмет, жолдас генерал-майор.

Кривицкий есік жақта түрегеп, дірілдеп тұр. Генерал-майор қоңырау басты.

– Сізді тыңдауға әзірмін, – деп бір майор ішке енді.

– Буфетші әйелге айтыңыз, бізге екі стакан қара кофе,  төрт печенье әкелсін. Полковникпен кофе іше отырып әңгіме­леспекпін.

Кривицкий сезімтал, генерал-майордың әлгі сөзін: «Сен бара бер, екеуіміз ғана әңгімелесуіміз керек, кедергі жасама» дегені деп түсініп, кетуге рұқсат сұрады.

– Маған келетін кісілер бар еді.

– Иә, барыңыз. Сіздің жұмысыңыз көп қой.

Ол бұрылып шығып кетті. Темекі тартып отырмыз. Бір сұлу даяшы қатын подноспен екі стакан кофе, төрт печенье әкеп қойды. Сызыла қарап:

– Тағы қандай тағамға  зауқыңыз  соғады? – деді.

– Рахмет, осы жетеді.

Есік жабылғаннан кейін ішке майор енді.

– Полковникпен әңгімеміз аяқтал­ған­ша  ешкім көңілімізді бөлмесін. Үкімет пен майданнан соғылған телефоннан басқа ешкіммен мені қоспаңыз.

– Құп болады.

Шифоньердің жартысындай үлкен сейфі бар екен. Жазу столының тартпа­сынан кілт алып, сейфті ашты да, бір шөлмек коньяк, екі рюмке алды.

– Жолдас полковник, кездескеніміз үшін.

Рюмке соғыстырып, кофе іше бастадық. Өзі асықпай қимылдайды екен. Біраз ойланып отырып:

– Менің сізге сұрағым бар. Біздің тіл­шіміз Александр  Кривицкий  сіздің  пол­кіңізде болып, жақсы мақала жазып келді.  Оқыған шығарсыз? Ұнағандықтан көлемін қысқартпай, газетіміздің бір бетіне тұтас жарияладық.

– Иә, оны оқыдым.

– Сіз осында дегенді естігеннен кейін көріп, әңгімелескім, Панфиловпен қалай танысқаныңызды білгім келді. Ол кісінің әскери ерлігі мәлім болды ғой. Ол өз алдына, әрине.

Панфиловтан мен бір-ақ жас кіші екен­мін. Марқұм қайтыс болды ғой. Сіз қазақ­сыз. Панфиловпен соғыста ғана кездес­тіңіз, қарамағында аз уақыт қана болды­ңыз.  Осы аз уақыт ішінде ол кісіні қалай­ша түсініп, қалайша ол кісінің барлық мінез-құлқын, ойларын есіңізде сақтаған­сыз? Мен соған таңғалам. Иван Василье­вичпен кездесулеріңіз эпизодтық кездесу­лер ғана. Үнемі қасында жүрген жоқсыз әрі соғыстан бұрын ол кісінің қарамағында болған емессіз. Солай ғой?

– Иә.

– Аға лейтенант қазақтың айтуы бойынша орыс генералына жоғары баға беріледі. Менің таңданатын себебім сол.

– Жолдас генерал-майор,  Иван Васильевич қарапайым кісі еді. Ол өзінің осы қарапайымдылығы, адалдығы арқа­сында адамдарды өзіне баурай білді.  Оның үлкен өмір мектебі болды. Ол қарапайым халық арасынан шықты.

– Иә, бірақ әскери академияда білім ала алған жоқ қой?

– Ол кісінің әскери академиясы – өмір мектебі, – деп едім, генерал-майор ұзақ ойланып:

– Ол рас, – деді басын шайқап. – Өкі­нішке қарай, біздің көбіміз өмірден үйрене білмейміз деп күрсінді. Күрсінді де, солардың бірі мен өзім деді.

Баукең жадырай күлді.

– Иван Васильевичтің ерлігі  қызғанар­лық та қызығарлық ерлік! Соғыста қаза тапқан басқа генералдарымыз аз ба?  Алай­да, солардың арасында Иван Васильевичтің даңқы майданды қақ жарып шықты.

– Жолдас полковник, сізге мың бір алғыс. Иван Васильевичтің қолбасылық бейнесін жақсы жасадыңыз. Алғашқы ұрысқа енген сәтіңіз есіңізде ме?

– Әлбетте, есімде. Командирлеріммен әңгіме өткіздім. Ең алдымен, 1812 жылғы Ұлы Отан соғысына,  Наполеон  Бонапарт­тың жауынгерлеріне, «Орыстар кеше сіздердің алдарыңызда қарсылық көрсете алмай қашты. Бірен-саран жараланған­дарымызды құтқарамыз деп шегінбеңдер. Шегіну Француз халқына ыңғайсыз», – деп жігерлендіргеніне, Михаил  Илларионович  Кутузовтың: «Менің қымбатты отандас­тарым, қымбатты ерлерім! Орыстың өткір найзасымен  Наполеонды келген жағына лақтырып тастауымыз керек», – деп жауынгерлерінің жігерін  жанығанына  тоқталдым.

Александр патша майдан даласына нөкерлерімен келіп:

– Михаил Илларионович, ұрысты неге бастамайсың? – дегенде, Кутузов:

– Тақсыр, біз әскери шеру өткізуге жиналған жоқпыз.  Барлық полктің майдан шебіне жетіп үлгеруін  күтудеміз, – деп  «оқ  алса, мені алсын» дегендей, жау әске­ріне қарама-қарсы жасақталған саптың ең алдында қасқайып тұрады. Кенет  атыс басталып, ол көзінен жараланады. Алек­сандр патша нөкерімен қашып кетеді.

Мәскеуде әскери кеңес өтіп,  Александр патша:

– Михаил Илларионович, сен шегіне бересің? Наполеонды жеңесің бе? – дегенде, Кутузов:

– Құдай сақтасын, жеңу қайда? Мен оны алдауын алдаймын, аттың етін жегізем. Қалай алданғанын, Ресей біздің жанымыз екенін өмірі ұмытпайтын болады, – деп Кутузов Москваны Наполеонға  соғыссыз беретінін мәлімдейді. Александр патша:

– Сен Ресейге қарсысың, Наполеонның шпионысың. Бородина майданында әдейі жеңілдің,  – деп ашуланғанда, Кутузов екі қолын көкке көтеріп:

– Кімнің шпион, кімнің Ресейге қарсы екенін Құдай ғана біледі, басқа ешкім білмейді,  – деп жылайды.  Кутузовтың: «Потери Москвы не потерии России», – де­ген сөзінен кейін   Москваға  Напо­леонның соғыссыз  енуіне мүмкіндік жасалады. Франциядан келетін азық-түлік жолын партизандар кесіп тастайды. Наполеон жауынгер­лері ашығады, жейтін ештеңе таба алмай қарғаны атып жеуге көшеді.

– Біз екі жағымыз да ұрыстан  титық­тадық, бейбіт келісімге келейік, – деп Наполеон Кутузовқа елшісін жібереді. Кутузов:

– Сіздер титықтасаңыздар, біз әлі ұрысты бастаған жоқпыз, – деп жауап қатады. Наполеон шошып кетіп: «Ойбай, мына шалдың түрі жаман. Түгел қырылмай тұрғанда Франциямызға жетейік», – деп Москваны тастап қашады.

Командирлеріме осы жағдайларды айтып, біздің айла-әдісіміз, тәжірибеміз мол. Бәрімізді Михаил  Илларионович Куту­­зовтың, батыр ата-бабаларымыздың рухы қолдасын, – деп алғашқы ұрысты бастағанмын.

– Енді соғыс туралы ойыңызды білсем деймін.

– Соғыс деген үлкен таразы, үлкен сын. Ер намысы деген осындайда ғана көрінеді.  Қорқыныш жоқ жерде әркім батырсынып, аузымен орақ орып, көкірегін кере береді. Мен өзім бетпе-бет ұрыстың офицерімін.  Сын сағатында жанын шүберекке түйіп, намысына тырысып, қой бастаған серкедей топ басына шыққандар  соңындағы­ларды қырғын соғыстың отына магниттей тартады. Себебі, басқалар «мен одан кеммін бе?» деп өкшелей жүгіреді. Кейбірі қуып жетіп, әрі-беріден кейін озып кетеді.

Бейбіт өмірдегі адам мінез-құлқынан бетпе-бет ұрыстағы жауынгер мінез-құлқының айырмасы жер мен көктей.  Біз орнынан кімнің бұрын, кімнің соңынан көтерілгенін  білмейміз. Алдыңда, қасыңда кім, есіңде жоқ. Әркім өз міндетін орындау үшін арпалысады.

Меніңше, бетпе-бет ұрыста жауын­гердің үш түрі байқалады. Бірі жараланады, бірі өліп, бірі бәрінен озып, алға кетеді. Олардың жағдайын ұрыс кезінде анықтау мүмкін емес. Әрі-беріден кейін кімнің қалай құлағанын, қалай  жараланғанын  біз толығымен білмейміз. Оны түсіріп алатын киноаппарат немесе жазып алатын жағдай жоқ. Мынау оққа ұшып, анау қатты жарақаттанып қалды-ау деп қайғырып жүрген ешкімді кездестірмейсің.  Қайталап айтайын, жолдас генерал-майор,  майдан­ның алғы шебіндегі қызу шайқас, қызу бетпе-бет ұрыста кімнің қалай өлгенін де білу қиын.

Алғы шептегі жан беріп, жан алысқан шайқаста солдаттың  бас командирі – азаматтық сезім, парыз. Оны шабуылға бастайтын құдірет – сол.  Менің  тәжіри­бемше, көрген-білгенімше, соғыста шаб­уылға шыққандардан гөрі тығылып қал­ғандар көп өлді. Бізді жеңіске жеткіз­ген  олар емес, шабуылға шығып, ерлік жасаған  аруақты ерлер. Қорыта айтсам, алғы шеп  маған:  «Тәуекелсіз – ерлік жоқ, азамат жолы – ар жолы», – деген ой сыйлады.

– Бетпе-бет ұрысты тамаша суреттеп, көз алдыма жанды елестеттіңіз. Сізге тағы да алғыс айтам, жолдас полковник. Келесі сұрағым, Гитлер туралы қандай ойдасыз?

– Кейбір сықақшыларымыз сықақтап жүргеніндей  ол осал жау емес. Осал жау  болса, қырғынға ұшырап,   Москва іргесіне дейін шегінеміз бе?

Оның ең үлкен бір қателігі – Совет Ода­ғы қырық  құрамадан құралған, ын­тымақ-бірлігі қағаз жүзінде ғана.  Мен шаб­уылды бастасам, бәрі  быт-шыты шығып,  бас сауғалау қамымен маған бағынады  деп есептеді. Олардың Отанына берілгендігін білмеді.  Менің ата-бабамның: «Жабылып кетсе құмырсқалар, арыстан терісін  сы­пырып алар» деген ескертпесін ескермеді. Оның «Моя борьба» дегенінен басқа кітабы жоқ. Мұндай адамға Кеңес үкіметінің  күш-қуатын, рухын білу қиын, мүмкін емес.

– Одақтастарымыз туралы не айтасыз?

–  Саясаткерлер қалай десе, олай десін, Сталинсіз жеңіске жету мүмкін емес екенін Американың президенті, екі аяғы жоқ,  данышпан  Рузвельт  дұрыс пайым­дап, «социализм жүйесін жақсы көрме­геніммен, Сталиннің қабілетіне бас ием» дей келіп, кежегесі кері тартқан Англия премьер-министрі  Черчилльді өз қатарына қосып алды. Бұл – қуанарлық жағдай.

Ішке майор енді.

– Жолдас генерал-майор, сізді Сталин сұрайды.

– Қап,  әзірше қош-сау болыңыз, жолдас полковник.

Мен қоштасып, тысқа шықтым.

 

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ,

жазушы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close