БАТЫР АТАМЫЗ БАУЫРЖАНМЕН КЕЗДЕСУЛЕРІМ ЕСТЕН КЕТПЕЙДІ

41962 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультеті­нің І курсында оқып жүргенімде университет ұстаздары мен студенттерінің гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлымен өткен кездесуінде батыр ағамызды жақын жерден бірінші рет көрдім. Үстіндегі әскери киімі ол кісіні аса бір сұсты, қаһарлы етіп көрсеткен болатын. ҚазМУ-дің акт залына Бауыржан батырмен кездесуге келген көпшіліктің көп болғаны сонша, отырмақ түгілі, түрегеп тұрудың өзіне орын табудың қиын болғаны есімде. Жиналған көпшілікке шолып бір қарап алған Баукең:

– Мен, негізінде, қазақ тілінде сөйлеймін, бірақ, байқап тұрғанымдай, орыс тілді қыздар мен жігіттер жағы басымдау сияқты. Сондықтан кімде-кім орыс тілінде сұрақ қойып жатса, сол тілде жауап қайтаруға тырысамын, – деп ескертіп алды да:

– Жалпы, мен орысша сөйлегенде «сөздердің көзі сынып, қабырғалары шығып жатуы мүмкін», ол үшін алдын ала кешірім сұраймын, — деп бір қойды. Сұрақ дегендеріңіз қарша жауды. Батыр ағамыздың жауаптары ұшқыр да ұтымды шығып жатты. Сонда ұмытылмастай болып есімде қалғаны — сұрақтарға берген жауаптары болды. Кейбіреулер батыр ағамызға тікелей сұрақ қоюға бата алмай, қағазға жазған сұрақтарын отырған көпшілік арқылы беріп жатты.

Бір сәт қолындағы қағазды жоғары көтеріп: «Мына сұрақты қойған азамат орнынан тұрып, «мен қойған едім» десе ғана жауап беремін, болмаса, бұл сұрақ күйінде қала береді, — деген кезде, акт залының орта беліндегі тұстан көзінде көзәйнегі бар жігіт сүмірейіп орнынан тұрып:

— Мен жіберген едім, ауызша қоюға, шынын айтсам, батылым бармады, — деп күмілжи сөйледі.

— Орныңнан тұрып «мен едім» деуге батылыңның барғанына шүкіршілік! — деп алып, Баукең сұрақты оқып шықты. Бұл жігіттің сұрағы былай екен: — Сіздің Сталиннің қабылдауында болғаныңыз рас па? — деп сұрапты.

— Жоқ, мен Сталиннің қабылдауы түгілі, оны жақын жерден көре алған емеспін. Кремльдің мінберінде тұрған сәтін Қызыл алаңда болған әскери шеру кезінде көргенім рас. Осы сұраққа орай тағы бір ескерте кететін нәрсе, мен жайында халық арасында «жүз вагон» алып қашпа өсек-аяң бар. Соның «98 вагоны» өтірікке, «2 вагоны» шындыққа саятынын ескерте кеткім келеді, — деді. Кездесудің соңына қарай алдында жатқан бір топ жазба сұрақтарды қарап отырып, кезекті біреуін оқығанда, батырдың түрі сұрланып, бетінен ашу оты шығып, даусын көтере қатуланып:

— Мына хатты кім жазды? — деп залда отырғандарға зілдене қарады. Отырған көпшілікте үн жоқ, бәрі тым-тырыс тыныштала қалды.

Тыныштықты Баукеңнің өзі бұзды:

— Әрине, менің отбасымның, жеке басымның құпия сырын білгісі келген «барлаушының» «мен едім» деп орнынан тұрып, мойындауға құдыреті де, батылы да бара қоятынына күмәнім бар. Кім болсаң да, егер сен анық білгің келсе, онда менің үйіме қонаққа кел, екеуіміз коньяк ішіп отырып, сырласайық. Мен саған неге ондай қадамға барғанымды, оның түпкі төркіні неде жатқанын бүкпесіз айтып беремін. Мынадай көпшілік алдында сен мені өзіңше мұқатпақ болғың келген болса керек. Я тебе еще раз говорю, из этого ничего не выйдет, —  деп орысша бастырмалатып, біраз жерге шығарып салды. Батыр ағамыз Бауыржанның мұндай күйін бірінші рет көруім болатын.

 

***

1964 жылы журналистика факультетінің ІІІ курсында кезекті практикалық тәжірибеден өту үшін Оңтүстік Қазақстан облысының радио­комитетіне барып, өз шама-шарқым келгенше радиохабарлар дайындап жүргенмін. Сол кезде облыстық радионың бас редакторы белгілі жазушы Қарауылбек Қазиев еді. Қолымыз босай қалса, Қарауылбектің кабинетіне жиналып, әңгіме-дүкен құратынбыз. Кейде жұмыс аздау күндері домино ойнап, мәре-сәре болатынбыз. Бір күні мені директорға шақырды. Облыстық радионың директоры Айдос Абылаев ағамыз маған жылы қабақ танытып:

— Кел, студент мықтым, мен саған тарихи міндет атқаруды тапсырғалы отырмын. Кейін мақтана айтып жүретін боласың. Бүгін сағат 11-де облыстық Шанин атындағы драма театрында Алматыдан келген бір топ жазушымен облыстың творчество­лық өкілдерінің кездесуі өтеді. Әркімнен сұхбат аламын деп әуре болмайсың,  ана жылжымалы дыбыс жазатын машинаны ал да, сонымен тапсырманы орындап қайту саған көп қиындық туғыза қоймайтын шығар деп ойлаймын.  Микро­фонды мінберге қой да, сөйлеушілердің сөзін жазып алып кел! — деп тасырды.

«Жаппарқұлда жан бар ма» деп, мұндай тапсырманы қуана құп алдым. Дыбыс жазатын машинаның жүргізушісіне барып, директордың тапсырмасын орындауға тезірек баруға тиіс екенімізді айтуын айтсам да, ол сабазым асыға қоймады.

— Әй, мен дәл қазір дайын емеспін. Машинаның моторынан ақау шығып тұр, соны жөндеуім керек – деп, аспай-саспай жөндеуге кірісті. Ақыры, күтіп тұрған сәт те келіп жетті-ау! Облыстық драма театрына келсек, кездесу басталып кетіпті. Әрі машина жүргізуші, әрі дыбыс жазатын манағы «жайбасар» машинаның артқы есігін ашып, микрофонның бауын ағытып алып, «мә, мына микрофонды апар да, мінберге қоя сал, мен мұнда отырып, бәрін жазып аламын», – деп шығарып салды.

Қаперімде ештеңе жоқ, мен байғұс томпаңдап барып, театрдың оң жақ бүйіріндегі есігін ақырын ашсам, мінберде түрі сұстылау, даусы қатқылдау, үстінде қоңыр костюмі, мойнында қызыл галстугі бар егделеу кісі сөйлеп тұр екен. Әй жоқ-шай жоқ, келдім де, әлгі кісінің алдына жуан микрофонды сарт еткізіп қоя салмасым бар емес пе! Әлгі кісі сөзін кілт үзді де, маған мұртын едірейте бажырая бір қарап алды да, төрде отырған жиналысты басқарушыға қарап:

— Әй, мына бір қанден ит қайдан пайда болды, микрофонды менің аузыма тығатын түрі бар ғой, милиция қайда? – деді де, мінберге қойған микрофонды маған қарай лақтырып жіберді. Сол арада екі милиционер келіп, мені қолтығымнан алып, далаға итеріп шығарып жіберді де, «ей, сенің есің дұрыс па? Атақты Бауыржан Момышұлының алдына рұқсат сұрамай, микрофонды жалп еткізіп қоя салғаның не?» – дегенде, нені бүлдіргенімді сонда барып түсіндім. Меніңше, жүргізуші де жағдайды айтқызбай-ақ түсінді білем, «не болды?» деп менен сұрамады.  Оралған бойда директор Айдос Абылаевқа кірдім. Болған жағдайды қаз-қалпында айтып бердім:

— Бауыржан батыр сондай мінез көрсетпесе, Бауыржан бола ма? – деп алды да, – әрине, сендердің кешігіп барып, көпшіліктің мазасын алып, көзге түскендерің ұят болған екен. Жарайды, болары болыпты, бар демал, – деп шығарып салды.

 

***

ҚазМУ-дің кітапханасында күні бойы отырып, кеш түсе бастағанда, қағаз-қаламдарымды жинастырып, үйге қайту үшін Киров пен Панфилов көшелерінің қиылысындағы «Аққу» кафесінің түбіндегі аялдамада 10-автобусты күтіп тұрғанмын. Бір кезде сырт жағымнан «Әй, қазақ», – деген дауыс саңқ ете қалды. Арт жағыма жалт бұрылып қарасам, мұздай киінген, көзіне қара көзілдірік киген, қолында таяғы бар Бауыржан батыр ағамыз тұр екен.

— Ассалаумағалейкум, аға! – деп оң қолымды жүрегімнің үстіне қойып, басымды иіп, сәлем бердім. Жанында патсайы матадан тігілген көйлегі бар, толық денелі ақсары әйел кісі тұр екен.

– Сен менің кім екенімді білесің бе? – деді Бауыржан аға.

– Білемін аға, сізді танымай маған не көрініпті! – деп іле жауап бердім.

– Танысаң кіммін? – деп Баукең бастырмалата қайта сұрады.

– Гвардия полковнигі, қазақ халқының батыр ұлы, белгілі жазушы Бауыржан Момышұлы, – деп алдым да, – сіздей атағы жер жарған қаһарман ағамызды танымай маған не көрініпті! – деп үстемелей түстім.

– Айтқандарыңның бәрі дұрыс, таниды екенсің, бауырым! Бірақ, менің ғылыми атағым бар екенін білмейтін болып шықтың. Мен әскери  ғылымдардың кандидатымын. Генштабтың әскери академияларында небір атақты маршалдар мен генералдарға әскери стратегиядан дәріс берген қазақпын, бұдан былай менің әскери ғылыми атағымнан хабарың болсын деп айтып тұрмын! Понятно тебе? – деп қаттырақ айтты. Мен де әдейі «Понятно, товарищ гвардии полковник!» – деп айтуын айтып алып, «не, сен мені кекетіп тұрсың ба?» – деп айта ма деп зәрем кетті. Бірақ, Баукең әңгіменің төркінін басқа жаққа бұрып әкетті.

– Мына менің жанымда тұрған тәтең – менің қатыным, – деп қойып кеп қалды. Әйел кісі оған біртүрлі қысылған сыңай танытып, қипалақтап қалды, бірақ, оған мән берген Баукең жоқ.

Көзілдірігін бір қозғап қойып, «мынау не?» – деп, «Аққу» кафесі деген жазуы бар жаққа қарай таяғын шошайтып көрсетті. Мен «Аққу» кафесі ғой» дедім.  «Олай болса, не істеуіміз керек?» – деген Баукеңнің ойын түсіне қойдым да, «інісі батыр ағасын, дастарханға шақыру керек», – деп кішіпейілділік танытқан болдым. Сол кезде жанындағы әйел кісі «Бауке, жұдырықтай балаға көшеде қолқа салғаныңыз ұят сияқты ғой», – деген сөзін аяқтауға мұрсат бермей, Баукең: «бұл жұдырықтай бала емес, ол үлкен азамат! Ертең елінің қамын жейтін ер, оның үстіне біз екі еркек сөйлесіп тұрғанда, сен, әйел адам, ерлердің сөзіне араласпауың тиіс!» – деп тыйып тастады.

Баукең әйелі екеуі ортадағы үстелге барып жайғасты. Мен даяшыға барып, анау үстелге шампан, шоколад, графинге 300 грамм коньяк құйып әкелуге тапсырма бердім де, Баукеңнің сол жағында отырған орындыққа жайғастым. Көп ұзамай даяшы айтқан нәрселерді әкеліп, біздің алдымызға қойды. Баукең шампан мен шоколадты алып, әйелінің алдына қарай сырғытты да, «ханым, бұл сізге!» – деді. Маған қарап, «әй, қазақ, менің құным сонда мына графиндегі 300 грамм коньяк болды ма?», – деп маған бажырая бір қарап алды да, графинді оң жағында тұрған белдеуге бір-ақ ұрып, маған айғайлап, «Дурак, встать! За бутылкой армянского коньяка шагом марш!», – деп айғай салды. Өзімнің үлкен ағаттық жібергенімді сонда барып түсіндім. Үн-түнсіз орнымнан тұрдым да, буфетке барып, ашыл­маған бір бөтелке армян коньягін Баукеңнің алдына қойдым. Ол кісі бөтелкені қолына алып, сыртындағы жазуларына бір қарап алып, алдына қойды да, «Теперь пойдет!» – деді.

Не істерімді білмей сасқалақтап отырға­нымды байқаған Баукең «алдымен ана шампанды ашып, жеңгеңе құй! Содан соң мына коньякты аш, екеуміз 100 граммнан алып тастаймыз», – деп мығым­дай сөйледі. Мен ол кісінің айтқандарын бәрін орындап шықтым. Коньякты ашып, Баукеңнің ыдысына құйдым да, әрі қарай не боларын күттім. «Өзіңе неге құймайсың? Құй, екеуміз соғыстырып алып қоялық», – деп, Баукең әмір бере менің бетіме қарады. «Мен ішпей­тін едім, көптен бері денсаулығым болмаған­дықтан», – деп өзімше ақтала бастадым.

– Елу грамнан келіп-кететін ешқандай да зиян жоқ, біреуін алып қой, одан әрі қыстамаймын, – деген соң, бірінші тосты алып қойдым. – Мына папкің толық екен, ғылы­ми жұмыспен айналысасың ба? – деп сұрады.

— Жоқ, ҚазМУ-дің журналистика факультетін биыл бітіретін едім, диплом жазып жүрмін, мынау диплом жұмыстарым ғой, – дедім.

— Болашақ қаламгер екенсің! Менімен сені Алла Тағала әдейі кездестірсе керек. Болашағың жаман болмауға тиіс. «Жаң­быр­менен жер көгереді, батаменен ел көгереді» – деп қазақ текке айтпаған. Менен бата алған адам жаман болмайды, – деді де, – байқаймын сенің кеткің келіп, қылпылдап отырған сияқтысың, – деп, – бара ғой, жолың болсын! – деп рұқсат берді.

 

***

1982 жылдың маусым айының соңына қарай күнделікті әдетімше жұмыс орнымда отырған болатынмын. Сол кездегі Қазақстан телеарнасының бас директоры Рафаэль Жұмабаев мені өзіне шақыртты. Амандық-саулықтан кейін Рафаэль Бай­кенұлы маған қарап, «Реке, осы күнге дейін әскери-патриоттық тақырыпта сіздер дайындаған хабарлардың бірде-біреуіне Бауыржан ағамыз қатыспапты. Сол олқылықтың орнын толтырудың сәті түскелі тұр.  Баукеңмен қоян-қолтық араласатын белгілі азаматтардың айтуын­ша, батыр ағамыздың денсаулығы онша мәз емес көрінеді. Соған «жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, ертеңгі күні олай-бұлай болып кетсе, өкініп қалуымыз мүмкін. Бүгін-ертеңнен қалдырмай, өзіңіз қолға алып, хабар дайындасаңыз! Оның үстіне, Панфилов дивизиясының Мәскеу түбіндегі ерлігіне биыл қырық бір жыл толғалы отыр екен! Сол оқиғаға орайлас­тырып, Баукеңнен сұхбат алыңыздар. Мынау үйінің нөмірі. Телефон шалып келісіңіздер, – деп тапсырды.

— Реке, қаншалықты шындыққа жақын екенін білмеймін, ұзынқұлақтан естуімше, ол кісі басқа ұлт өкілдерін онша ұната бермейтін көрінеді. Сондықтан мен баста­ған творчество­лық топ өзіміздің қаракөз­дерден болса, дұрыс болар еді, – деп өз ойымды ашық айттым. «Жарайды, ол жағын ескереміз, ал қазір тездетіп үйіне телефон шалып, баратын уақыттарыңызды бел­гілеңіз­дер», – деп орнынан тұрды. Өз жұмыс орныма келдім де, бірден Баукеңнің үйіне телефон шалдым. Телефон тұтқасын көтерген әйел кісі: «Иә, тыңдап тұрмын» деп жауап берді. Мен өзімді таныстырып болған соң, Бас директордан Баукеңнен сұхбат алу жөнінде тапсырма алғанымды айттым.

– Ағаларыңда денсаулық болмай жүр, көңіл күйі онша емес, келісетін-келіс­пейтінін өзінен сұрап білейін, трубканы тастамай тұра тұрыңыз, – деген жауап алдым. Араға сәл уақыт салып, әлгі дауыс қайта естілді, «ағаң келісті, ертең сағат екіде күтетін болды. Біздің үйді табу сіздерге онша қиындық туғыза қоймас. «Мәскеу» дүкенінің Қонаев көшесі жағындағы қанатында тұрамыз. Пәтер нөмірі пәленін­ші», – деп тәптіштеп түсіндіріп берді. Сол күні түнде «қалай болар екен, батыр ағамыз қалай қабылдар екен?» – деп түні бойы дөңбекшіп, ұйықтай алмай шықтым.

Келесі күні күндізгі сағаттың екі болуын шыдамсыздана күттік. Айтылған уақытта Баукеңнің үйінің алдына келіп, машинадан түстік. Қасымдағылардың бәріне: «Баукеңе кіргенде, менен басқаларың сөйлемеңдер!» – деп ескертіп қойдым. Баукеңнің кемпірі алдымыздан шығып, амандасып болған соң, «ағаларың мына бөлмеде отыр, былай қарай кіріңдер», – деп ашық тұрған есікті нұсқады. Аяғымызды шешіп, апайымыз нұсқаған есікке мен бастап, ішке кірдік. Баукең шығыс жақтағы терезеге арқасын беріп, биік креслода отыр екен. Қолында түтіні будақтаған мүштігі. Үстіне – өзбектің көк шапанын, аяғына мәсі киіп алыпты. Өңі өте солғын, жақтары суалған. Сирек келген жирен сақал-мұрты ебей-себей болып өсіп кеткендікі ме, жүдеген бет әлпеті сарғыш рең тартып, ауру табын бірден сездіргендей. Қорыққаннан жүрегім атша тулап, өз бойымды әрең жинап, оң қолымды жүрек үстіне қойып, «Ассалаумағалейкум, батыр аға!» – деп даусымды қаттырақ шығарып, басымды иіп сәлем бердім. Баукеңнің отты көздері өңменімді тесіп барады. Батыр ағамыз менің сәлеміме жауап бермей, үнсіз қалды. Мүштігін көбірек сорып алды да, «үп-үп» деп, үш рет менің бетіме көк түтін будағын жіберді. Арадағы тыныштықты бір сәт Баукеңнің өзі бұзды. «Әй, сен кімсің өзі?» – деді ұнатпаған кейіппен. «Редак­тормын», – деп ашу табы бар дауыспен мен де жауап бердім. «Редактор деген сөзімді неге ұнатпай қалды?» деп мен өз ойыммен арпалысып тұрмын. Одан әрі ұзақ үнсіз қалу қорқынышты көрініп, Баукең мүштігінің ұңғылындағы темекі шоғын үрлеп, әуре болып жатқанда, мен тыныш­тықты бұза, «Бауке, Сіздің «кімсің?» – деген сұрағыңыз­дың мағынасын енді түсінген сияқтымын, бірақ қазақта «кімсің?» деп сұрамайды ғой. «Шыққан тегің кім?» не болмаса «руың кім?» деп сұрайды».

— Сен кім едің, ей, маған ақыл айтатындай? –деп қаһарына міне, Баукең айғайға басты.

– Мен сізге ақыл айтудан аулақпын, тек өзімнің кім екенімді таныстырмақпын, – деп ақтала сөйледім.

– Иә, ал кімсің? – деп жекірді.

— Сіргелімін. Оның ішінде Батыр руынанмын, – дегенім сол еді, Баукең маған тура қарап,

– Сен мына Шаяндағы Сіргелі болдың ғой, шамасы! Олай болса, сен мені кешір. Бауыржан ағаң манағы артық кеткен сөздерін қайтып алды, – деп, жұмсарған қалыпқа түсті. Баукең шежіреден терең сыр тартып, қаншама тарих бетін менің алдыма жайып салды. Сіргелі жайындағы әңгімесін тәмәм­дай келіп, «ал, Сіргелінің баласы, менен не сұрамақсың? Мен дайынмын», – деп, Баукең момақан бола қалды. Келген мақсатымызды толық айтып түсіндірдім. Баукең әбден тыңдап алып, «сендер үшін емес, Панфи­ловтай командиріміздің әруағы үшін, соғыстың барлық ыстық-суығын, қиындығын бірге бөліскен жауынгер достарымның әруағы үшін Панфилов дивизиясы туралы айтып беруге дайынмын», – деді.

— Сен, маған қандай сұрақтар қоя­тының­ды айтып шық, мен соған орай қайтаратын жауаптарымды саралап алайын, оның үстіне сендерде теледидарда репе­тиция өткізетін әдет бар. Сол репетицияның әуселесін көрейік, – деп жағдайды ойламаған жерден қиындатып жіберді. Мен де өзімше қулыққа салып, «Бауыржан аға, біз репетицияны, негізінен, бұрын көпшілік алдында сөйлеп, машықтанбаған қара­пайым адамдармен өткіземіз. Ал сіз сияқты атақты жазушыға «үйтіп айт, бүйтіп айт» деп үйреткеніміз ыңғайсыз шығар», – деп, бұлталаңға сала бастағаныма көне қоятын Баукең көрінбейді. Ләж жоқ, дивизия туралы, оның атақты командирі, Баукеңнің ұстазы болған Панфилов туралы айтуын өтініп, соған орай сұрақтарды ыңғайлап, айтып бердім. Баукең «Олай болса, мен дайындық ретінде айтып берейін, сен тыңда!» – деп әңгімесін бастап кетті. Біраз нәрсенің басын шалды. «Ана жеріңіз артық – мына жеріңіз кем екен», – деуге бата алмай, «Әңгімеңіз өте жақсы айтылды, енді жазған кезде осыны айтып берсеңіз болды», – дедім. –«Көңіліңнен шықты ма?» – деп қайта сұрады. Мен бас изедім.

Баукең мүштігін қолына қайта ала бергенде «Бауыржан аға, сізге бір өтініш айтайын, оған қалай қарайсыз?» – деп қысылмай сөйледім.

– Айт, Сіргелінің баласы, қандай өтінішің бар? – деді.

– Айып етпеңіз, сіз Бауыржан батыр ретінде есіміңіз халық арасында аңызға айналған, көпшіліктің құрметіне бөленген азаматсыз, белгілі тұлғасыз! Егер ренжі­месеңіз, сақал-мұртыңызды басып, үстіңізге костюм кигізіп, галстук тағып сөйлетсек, – деген ұсыныс айтпақпын. Оған қалай қарайсыз? – деп өзіне сұрақ тастай сөйледім.

– Галстук тақпаймын. «Көйлек пен костюм ки» дегендерің құлаққа енеді. Сақал-мұртты басайық, маған көмек­тесіңдер, ваннаға барайық, – деген ыңғай танытты. Жігіттер барлығы Баукеңді креслосымен көтеруге әзірленіп, қаумалай ортаға ала бастағанда,

– Мына шал мешел болған ба?» деп ойлап жүрмеңдер, рас, аздап аяқта діріл бар. Кейде менің ырқыма көнбей қалады бұл құрғыр!

Сен, Сіргелінің баласы,  менің өмірім жайынан хабардар журналиссің ғой. Мен ең қуатты жылдарымды армияға бердім. Соғыс жылдарында қар жастанып, мұз жамылған адаммын. Тіпті, оны былай қойғанда, соғыстан кейінгі жылдарда Сібірде бригада, корпусқа қолбасшылық жасадым. Сібірдің 60 градус аязында 100 жылдық ағаштар суыққа шыдамай, «тарс» етіп атылғанда, қорқыныштан кімнің де болса, жүрегі дір ете қалатын. Сол суықтар мына аяққа кесел болып жабысып, еріксіз тұсау салып қойды. Аяққа қарап, «мына Бауыржан біткен екен» деп ойлап қалмаңдар, аяқ нашарласа да, жоғарғы жақ зар күйінде» деп қолымен ишарат жасап, «былай» дегенде, бәріміз күлдік, Баукеңнің өзі де езу тартты. Сақал-мұрты алынып, ақ көйлек, қара костюм киген Баукең тіптен жасарып, өңі нұрланып қалғанына бәріміз қуандық. Үлкен үстелдің қарсы бетіне креслосымен бірге алып келіп отырғыздық. Сол жылдарда қолданыста болған теледидардың түсіру камераларына үшаяқты тік қойылатын микрофонды алып келдім де, Баукеңнің алдына қаздитып қоя салдым.

Микрофонға таңдана қарған Баукең «Мынау не пәле?» —деді. «Микрофон ғой», — дедім. «Менің алдымда қақиған бәле тұрмасын, құрт мынауыңның көзін!» — деп, ишара білдіріп, иегін қақты. Басқа амал қалмаған соң, микрофонды үстелдің Баукең жағындағы аяғына қосақтап байлап қоюға тура келді. Бұл жолы Баукең үндемеді. Қызықтың көкесі енді басталды. Жарық қоятын жігітіміз төрт шамын әкелді де, төрт жақтан жарқ еткізіп жағып қалғанда, Баукең тіптен құлап қала жаздады.

– Енді мына сұмдықтарыңды шығар­дың­дар ма? Бұл бәлелеріңді маған мүлде көрсетуші болмаңдар, мұндай бәлені маған түсіретін болсаңдар, мен сөйлеуден біржола бас тартамын. Бәрің жиналыңдар да, телеарналарыңа қайтыңдар! — деп басын ала қашты.

— Жарық түсірмесек, бет-жүзіңіз анық көрінбей, кадр ала-құла болады, –деген дәлелімізді тыңдайтын Баукең көрінбеді. Кемпірінің көмегіне жүгінуге тура келді. Ол кісі: «Бауке, сен жақсысың, сенікі дұрыс. Бірақ, бұлар түсіріп апарған хабарды техни­калық тексеруден өткізеді» деген сөздерден соң, Баукең бір ғана жарықты қоюға рұқсат берді. Оның өзінде «бетіме тура түсірмей жанамалай қойыңдар!» деген шарт қойды. Ләж жоқ, соған көнуге тура келді.

Сонымен көптен күткен Баукеңнің сөзін жазу басталды-ау! Манағы репе­тицияда айтқан әңгіменің бәрі далада қалды. Әңгіме әуені мүлде басқаша болып шықты. Көнбеске амал жоқ. Камераны жүр­гізіп отырған оператор Сапар Келдібаев таңдана маған қарап қояды: – «Мына кісінің әңгімесі қазір аяқтала қоятын емес қой!» – деп құлағыма сыбырлады. Баукең әңгімесін тәмәмдап, маған қарап, «Сіргелі­нің баласы, қалай шықты?» – деп сұрақ тастай сөйледі. “Бауке, рахмет! Әңгімеңіз ойдағыдай шықты. Бұйырса, ертең кешкі сағат 20.30 да «Қазақстан» телеарнасынан көресіз», – деп, орнымнан көтеріле бер­генім сол еді, Баукең «Сіргелі, бар, ана жеңгеңді шақыр, сендерге шай берсін!» деп кесіп айтты. Баукең залға қайта кірген кемпіріне: «Әй қатын, мен жаңа айттым ғой, мына журналист деген халық­тың бармайтын, баспайтын жері жоқ. Әрі бұлар өсекшіл келеді. Сен ана мұздатқыш­тағы қаязып қатып жатқан қазы-қарталарыңды әкел, оның бәрін екеуміз жеп тауыса алмаймыз. Оның үстіне бұлар «Бауыржан біткен екен, үйінде түгі жоқ екен, қатығы жоқ қара шай берді» деп бүкіл әлемге гуілдететінін сезбейсің бе? – деді. Жеңгеміз «Ойбай, Бауке-ау! Ол қазы-қарта мүлде есімнен шығып кетіпті» деп, ақталған болып, ортаға қазы-қарта әкеліп қойды. Айтқаны орындалған Баукеңнің назары арақ құйылған стопкаларға түсті. Өзінің алдындағы стопканы алып, маған қарап «Әй, Сіргелі,  мына ыдыстағы арақ менің асқазаным түгілі, тамағымнан әрі қарай жүрмейді ғой, бұл не пәле?» деді. «Бауке, «қонақ қойдан жуас, не берсең де ішіп-жей береді» дегендей, «маған әкеліп берген ыдыстарға құйдым ғой», – деп ақталдым. Баукең орысшалап: «За ваше здоровья, друзья!» – деп тартып жіберді. Сөйтті де, фужерді дастархан үстіне тастай салды. Астындағы айналмалы креслосымен терезеге қарай бұрылып, арқасын біздерге беріп, мүштігін тұтатуға кетті. Ол кісіні мазаламай-ақ, үн жоқ-түн жоқ, орындары­мыздан тұрып, біртіндеп, бөлме есігінен шыға бастағанымыз сол еді, Баукең теріс қараған күйі:

— Әй, Сіргелінің баласы, қоштаспай неге қашып бара жатырсың? – деп дауыстады.

— Бауыржан аға, сізді мазаламайық, демалсын деген ой еді, — деп ақталдым.

– Сен, Сіргелінің баласы, маған ұнап қалдың, алдағы тамыз айының аяғында, 28 панфи­ловшылар паркінде дивизияның осындағы тірі қалған жауынгерлері бас қосамыз, кездесуді өзім басқарамын. Сол кездесуді теледидарға түсіріп көрсету керек. Дерек­тіріңе Сіргелінің баласы түсіріп, көрсетсін деп өзім айтамын. Ал енді, бара беріңдер! — деп, терезеге қараған күйі артына бұрылмай қоштасты. Мен Баукеңнің сырт жағында тұрып:

— Бауыржан аға, ертең кешкі сағат 20.30-дағы эфирден хабарды көріңіз, телефон шалып, естеріңізге салармын! — дедім де, бұрылып шығып кеттім. Келесі күні хабарды эфирге дайындап болып, Баукеңнің үйіне телефон шалдым. Теле­фонды Баукеңнің кемпірі алды. Мен амандасып болып:

— Кешегі «Қазақстан» телеарнасынан келген пәленшемін ғой. Ағаға айтыңыз, кешкі 20.30-да көрсін! — деп бастыр­малатып айтып болғанымда, ол кісінің «Ағаң кеше сіздер кеткен соң, қатты қиналып қалды. Жедел жәрдем ауруханаға алып кетті!» — деген сөздерін естігенде, төбемнен жай түскендей болып, қолымнан телефонның тұтқасын қалай түсіріп алғанымды байқамай да қалдым.

 

Рабат ЖӘНІБЕКҰЛЫ,

 Қазақстанның құрметті журналисі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *