Балет өнерінде ізі қалған ҚАЗАҚ АРУЫ

Белгілі қазақ балет өнерінің шебері, педагог, профессор, Қазақ КСР-нің Халық артисі Сара Көшербаеваның 85 жылдығын атап өту, қазақ әйелінің балет өнерінің дамуына қосқан елеулі еңбегін еске алып, мадақтау мақсатында А.Селезнёв атындағы Алматы хореографиялық училищесі мерейтойлық бірнеше іс-шара өткізді.
Нұржамал ӘЛІШЕВА
Мәселен, мамыр айында Сара Ыдырысқызын еске алу және мерейтойлық концерті ұйымдастырылды. Көрермендер назарына бишінің өмірі мен шығармашылығын арқау еткен деректі фильм ұсынылды. «Жаһандану заманындағы қазіргі қазақстандық мәдениет» деген тақырып шеңберінде ғылыми-методикалық конференция өтті.
Енді жуырда А.Селезнёв атындағы Алматы хореографиялық училищесінің «Өрлеу» театрында «Қазақ КСР-ның Халық артисі Сара Көшербаева. Балерина» атты кітаптың тұсауы кесілді. Фотокөрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ, аталған училищенің оқушылары мен студенттері үлкен мерекелік концерт берді.
БАҚ өкілдері шақырылған баспасөз мәслихаты да осы шаңырақта аталып өтті. Сара Көшербаева Қазақ хореографиялық училищесін 1952 жылы А.Селезнёв сыныбы бойынша, одан соң 1954 жылы Санкт-Петербургтің орыс балет академиясының мамандығын жетілдіру сыныбын бітірген. 1954–1975 жылдары Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының соло-бишісі, 1975–1986 жылдары Алматы хореографиялық училищесінің директоры әрі педагогі болған. 1973 жылдан өмірінің соңына дейін Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жаттықтырушы-педагогі қызметін атқарған.
Жиырма жыл ішінде С.Көшербаева ұлттық және классикалық балет өнерінің репертуарына ұмытылмас құнды образдар шоғырын жасады. Алғаш рет Р.Глиэрдің «Мыс салт атты» балетінде Параша партиясын билеген. Одан соң Раймонда (А.Глазуновтың осы аттас балетінде), Одетта-Одиллия, Аврора (П.Чайковскийдің «Аққу көлі» мен «Ұйқыдағы аруында»), Сүйімбике (Ф.Яруллиннің «Шуралесінде»), Мария (Б.Асафьевтің «Бақшасарай субұрқағында»), Назым (В.Великановтың «Қамбар – Назымында»), Шырын (А.Меликовтың «Махаббат жайлы аңызында»), Баян (Е.Брусиловскийдің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында») сынды тағы басқа да 30-дан астам басты партияларды орындаған. Бишілік өнері әсем де мәнерлі қимылымен, үздік би техникасымен ерекшеленген.
Сара Ыдырысқызы педагог және директор ретінде де ұлағатты із қалдырған өнер өкілі. Ол Алматы хореографиялық училищесін басқарған жылдары ұстаздардың кәсіби біліктілігін жетілдіру мақсатында оларды КСРО-ның атақты балет мектептеріне оқуға жіберіп отырғанын бүгінде көпшілік сүйіспеншілікпен айтып отырады. Сондай-ақ, әлемдік деңгейдегі танымал балет шеберлерін осы шаңыраққа шақыртып, шеберлік сыныптарын жиі ұйымдастырып отырған. Методикалық семинарларды жиі өткізетіндігі де бір төбе. Болашағы жарқын балаларды Мәскеуге іргелі концерттерге жіберіп отырған.
Иә, Сара Көшербаева Қазақстан мәдениетіне із қалдырған тұлға. А.Селезнёв атындағы Алматы хореографиялық училище ұжымы аяулы әріптестерінің есімі ел есінде мәңгілікке жатталып қалса деген тілекте.