Балаларыңызды жиі кездесетін жұқпалы аурулардан сақтаңыз!

Қызылша, қызамық, менингит, мысқыл жұқпалары – ауа тамшылары жұқпалары тобына жататын балалар арасында жиі кездесетін жұқпалы аурулар.  Ауру адамнан адамға ауа арқылы, тыныс алу жолдарынан немесе жұқпасы адамдармен тікелей қарым-қатынасқа түсу барысында мұрны мен өңешінен тамшылар  бөліну салдарынан болады.  Қызылша  адам бойынан табылатын жұққыштық қабілеті едәуір жұқпалардың бірі боп табылады. Инфекция көзі боп табылатын адаммен қатынасқа түскендердің 90 пайызы ауруға шалдығады.  Қызылшаның негізгі белгілері: қызу көтерілу, әлсіздік, жөтел, тұмаурату, шырышты ауыз қуысында ақ дақтардың, қызыл түсті ірі төкпе дақтардың пайда болуы, сонымен қатар, жақасты лимфалық түйіндердің үлкеюі болып табылады.  Адамның қызылша ауруына шалдығуына бірден-бір себепші – науқас адам.  Қызылшаға шалдығу  мен оның асқынуына көбіне бой алдыратын вакцина егілмеген сәби-балалар. Сонымен бірге, вакцина екпеген басқа адамдар үшін де бұл ауруға шалдығу қаупі басым.  Жалпы алғанда, қызылшаға иммунитеті төмен кез-келген адам шалдығады,  яғни вакцина екпеген адам немесе екпеден соң иммунитетін дағдыламаған адам. Ең әлсіз топ өкілдері – 1 жасқа дейінгі сәбилер. Алайда, қазір аурушаңдық ересектер арасында тіркелуде. Ауру өткеннен соң өміршең иммунитет дамиды. Сонымен қатар, қызылша жүкті әйелдерге де аса қауіп төндіреді. Әсіресе, алғашқы триместр кезінде, өйткені ауру өздігінен түсік тастауға әкеп соқ­тырады. Аурудың алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинация.  Бұл  екпе егілген адамдарда бар өмірлік екпелік иммунитетті нығайтуға мүмкіндік береді. Қызылшаға қарсы әрбір қабылданған вакцина дозасы баланың иммунитетін нығайта түседі.   Екпе жүргізу үшін Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы сертификаттаған және Қазақстан Республикасында тіркелген құрамдастырылған қызылшаға, қызамыққа, эпидемиялық паротитке қарсы вакцина  қолданылады.  Вакцинация тұрғылықты жеріңізге қарай барлық емханалардың екпе кабинеттерінде тегін жүргізіледі.

Менингит бұл – халық арасында көп таралған дерттің бірі, өте қатерлі ми ауруы, мұнымен көбінесе балалар ауырады. Ол басқа аурулардың, шешек, мысқыл (шықшыт безінің қабынуы), көкжөтел немесе құлақтың қабынуы сияқты аурулардың асқынуынан болады. Туберкулезбен ауыратын анадан туған балалар кейде туғаннан кейінгі алғашқы айларда туберкулез менингитімен ауырады. Менингиттің жұқпалы түріне шалдыққан адам ауруды таратушы болып саналады. Сонымен қатар, менингит жүйке жүйесіне қатты әсер етіп, нәтижесінде менингиттің жүйке жүйесіне әсер ететін түріне шалдыққандардың 20 пайызы өз өмірімен қоштасады. Менингиттің туындауы – адамдардың тығыз орналасуынан, тазалық сақтамаудан, сонымен қатар, ауруды тарататын ошақтардың жақын болуынан.

Ауру бастапқы кезеңде екі түрге бөлінеді. Жедел және созылмалы болатын бұл аурудың ең күрделісі мида іріңді түрде болатын менингиальдық синдромы. Аурудың алғашқы белгілері — ауру жұққаннан кейін 10–12 күннен соң ағзада бас ауру, лоқсу, ауыз құрғап, қызу көтерілу, дауыс қарлығып, өңі бозару секілді инкубациялық кезең өтіп, денеде қызғылт түсті дақтар пайда болады. Дене қызуы 40-қа жоғарылап, бұлшық еттер тырыса бастайды. Дер кезінде емделмесе көп жағдайда сал болып қалуы да мүмкін. Жарыққа қарай алмай, қатты дауыстан қорқып, есінен адаса бастайды. Бұл белгі іріңді менингитте орын алады.

Менингит — науқастан әл кетіп, шаршап, тез терлеп, дене қызуы көтеріліп ұзақ уақыт жүреді. Бас сүйек ішіндегі қан қысымы ұлғайғанда барып анықталады. Белгілері: жоғары температура, бастың қатты ауруы, мойынның шалқаюы. Баланың өңі кірмейді, сұлық жата береді, басы мен мойнын артқа шалқайтып ұстайды. Ту сыртының да шалқайып кететіні сондай, бала басын тізесінің арасына келтіре де алмайды. Бір жасқа дейінгі баланың еңбегі көтеріледі (томпайып кетеді). Менингит кезінде құсу  осы ауруға тән құбылыс. Кішкентай балаларда менингитті алғашқы кезеңінде анықтау қиын. Бала түсініксіз жағдайда, тіпті анасы емізгенде де жылай береді («менингит жылауы»). Немесе бала ұйықтай береді. Кейде талып қалады (құрысу) немесе дене қозғалысы да біртүрлі  болып өзгереді. Көбінесе баланың жағдайы бірте-бірте  нашарлай  бастайды, ол мүлде есінен танған кезде ғана тынышталады.

Вирусты  А гепатиті  (сарыауру) – бұл тез таралатын вирусты жұқпа, көбінесе балалар ауырады (60–70%).  Жұқпаның көзі – науқас адам болып табылады.  Қоздырғыш – адам организміне көбіне ауыз-нәжіс, жұқпамен ластанған тағам-су арқылы енеді. Аурудың таралуы бір ошақта науқаспен қарым-қатынас жасағандар арасында, балабақшадағы балалар арасында өршиді. Індет  жұққан соң 14 күннен 50 күн (көбіне 35 күн) аралығында дамиды. Аурудың жұқтыру қаупі науқастың сырқатының жасырын кезеңінің 7–10 күнінде және сарғаю алды кезеңінде болады. Сарғаю кезеңі басталғанда  науқас вирус бөлмейді, қоршаған ортаға қауіп тудырмайды. Ауру кезінде науқас әлсірейді, тез шаршап, көңіл-күйі бұзылып, тамаққа тәбеті төмендеп, дене қызуы көтеріледі, лоқсиды, құсады, іші ауырады. Аузында кекірік, қыжыл пайда болып, оң жақ бүйірінің ауырғанына шағымданады. Бірінші аптаның аяғына қарай дене қызуы 40 градусқа дейін көтеріліп, денесі қалтырап, тітіркенеді. Буындары ауырып, бауыры ісінеді, бұлшық еттері ауырады. Вирусты А гепатиті (сарыауру) ауруының 2–4 аптада белгілері әлсіз (зәрдің  күңгірттенуі, нәжістің  түсін  ақ немесе сұрғылт түске өзгертуі, тері және көздің ішінің түсінің сарғаюы)  байқалады. Көп жағдайда сарыауру жұқпасы жоғарыда көрсетілген белгілері байқалмай, жасырын түрде өтуі мүмкін. Бұл қауіпті, өйткені ауруды өткізіп алу мүмкін. Аурудың нақтамасын зертханалық зерттеулердің нәтижесімен анықтайды.

Вирусты А гепатитін азайту үшін 2 жастағы балаларға 2 рет, араға 6 ай салып А гепатитіне қарсы екпе жасайды.  Егер балалардың 95 пайызы түгелдей егілген болса, онда жұқпалы сырқат жойылады.

 

Туберкулез жұқпасы

 

Туберкулезді әр жаста жұқтыруға болады, әсіресе, бұл ауру балалар үшін қауіпті. Балалардың имунитет жүйесі толығымен қалыптаспаған, сондықтан бала ағзасы әр түрлі жұқпаларға шалдыққыш. Балалардағы туберкулез симптом­дары аурудың түріне және жұқпа үдерісінің  оқшаулану жеріне байланысты. Өкпе тубер­куле­зінде аурудың негізгі симптомдары: жөтел (2 ап­тадан астам уақыт), дене қызуының ұзақ мерзім көтерілуі (себепсіз), шаршағыштық, назарының төмендеуі, оқуға үлгермеушілік, тәбетінің жоғалуы, арықтау. Өкпе туберкулезінің белгілері қателікпен жәй суық тию, ЖРВЖ немесе бронхит ауруының белгілері ретінде қабылдануы мүмкін, ұзақ мерзім жөтелу және дене қызуының көтерілуі тубер­кулезге тән белгілер екендігін ұмытпау қажет. Туберкулезге күдік туған жағдайда, қосымша тексерілуден өту қажет: өкпенің рентгенологиялық зерттелуі, Манту сынамасы. Манту сынамасы балалар мен жасөспірімдер арасында туберкулез ауруын анықтаудың маңызды әдісі болып табылады. Туберкулез диагнозы расталған жағдайда, баланың емделуі дереу басталады. Балалар емдеуді жақсы көтереді, ал өкпенің зақымдалған тіні ересектерден гөрі тез қалпына келеді.  Туберкулез  жұқпалы ауру,  оны емдеуден гөрі  алдын алуы артық.

Аурудың алдын алу мақсатында балаларға туберкулезге қарсы вакцина енгізеді, ерте жаста БЦЖ вакцинасымен иммундау туберкулез аурушаңдығын 15 есе төмендетеді және туберку­лездің ауыр түрлерінің дамуының алдын алады.

Саламатты өмір салтын ұстану туберкулездің алдын алудың маңызды шарасы болып табылады. Оған құнарлы тамақ, жүйелі дене белсенділігі, дұрыс демалу енеді. Балалар таза ауада жиі серуендеу, үй-жайды жиі желдетіп отыру қажет. Баланың ата-анасы оны қарапайым санитариялық ережелерге үйрету қажет: жөтелу, түшкіру  кезінде  майлықпен  немесе  беторамалмен   пайдалану  қажеттілігін  түсіндіру.

Туберкулезге қарсы күрестегі жетістік ата-аналарға байланысты. Олардың тілек ықыласы таңқаларлық іс жасайтындығы сөзсіз.

Ауруды емдегеннен ауырмаудың жолын қарастырған жөн екендігін ескерген абзал.

 

М.УНАСПЕКОВ,

Түрксіб  аудандық  Қоғамдық денсаулық сақтау  басқармасының басшысы.

А.КАЛИБЕКОВА, Г.КЕНЖЕБЕКОВА, Н.МАМЫР, К.ӨТЕБАЕВА,

Эпидемиологиялық  қадағалау  бөлімінің  эпидемиолог дәрігерлері.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *