Байқау алдындағы кеңес

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша Педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы, М.Монтессори кабинетінің жетекшісі Еденбаева Зәуре Дөненбекқызы «Педагогикалық идеялар панорамасы» конкурсына мектепке дейінгі тәрбие ұйымдарынан қатысуға талап білдірген тәрбиешілерге кеңес беріп, озық тәжірибемен бөлісу мақсатында «дөңгелек үстел» басында жиын өткізді.

         Конкурсқа қатысуға өтініш білдірген Бостандық ауданына қарасты №81 бөбекжай-балабақшасының ересектер тобының тәрбиешісі Қадиша Таубалдиеваның «Шуақты көктем» тақырыбындағы ұйымдастырылған сабағы жан-жақты талқыланды. Жыл мезгілінің ішіндегі көктем мезгілінің ерекшеліктерін мектеп жасына дейінгі балалаларға жеңіл түсіндіру барысында тиімді әдістерді қолдану жөнінде көптеген мағлұматтар мен кеңестер жүргізілді. Әсіресе, балаларға  көктем кезінде қазақ халқының ата-баба дәстүріндегі төрт түліктің төлдеп, қазақ даласына көктемде келіп жететін байлығы, төрт түліктің төлдеуіне көңіл бөлу керектігін, оларды баптап өсіру үшін қанша тер төгілетіні жайында баса назар аударуға кеңес берілді. Жалпыға міндетті мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту стандартындағы бес білім беру салаларының ішіндегі «КОММУНИКАЦИЯ» білім беру саласы арқылы балалардың тілін дамытып, байланыстырып сөйлеу тілдерін қалыптастыру көзделді. Бұл топтың балаларына сөйлем құратып, жұмбақ шештіріп және сахналау жұмыстарын жүргізу ұсынылды.

Сонымен қатар, Жетісу ауданына қарасты №104 бөбекжай-балабақшасының әдіскері Айгерім Байшапанова «Мектепке дейінгі тәрбие ұйымдарындағы инновациялық технологиялардың рөлі» тақырыбы бойынша конкурсқа ұсынатын жұмысы бүгінгі заман талабына сай деп аталды. Бұл тақырыпты аша түсу үшін, осы бөбекжай-балабақшасында қосымша кеңес өткізілді. Көптеген отандық және шетелдік инновациялық технологияларды қолданып, балалармен өткізілетін, ұйымдастырылған оқу қызметі барысында халықтық педагогиканы М.Монтессори педагогикасымен үйлестірудің технологияларын қолдану мәселелері қарастырылды.

Алатау ауданына қарасты №4 бөбекжай-балабақшасынан конкурсқа қатысуға тапсырыс жасаған  Гүлнар Данабекованың «Су –тіршіліктің көзі» тақырыбы бойынша жұмысына сараптама жасалып, оқу қызметін зертхана ішінде жасалынып жатқан дәстүрде өткізуге кеңес берілді. Ұйымдастырылған оқу қызметінде болған 24 баланың барлығы дерлік ақ халаттарын киіп отырып, су құрамын зерттеді. Соңында балалар судың қасиеті мен маңыздылығын түсінді.

Түрксіб ауданынан «ТИМОШКА» жекеменшік балабақшасынан конкурсқа қатысуға тапсырыс жасаған  әдіскерлер: Ж.Урахунова мен Н.Лукьяненконың  «Язык – инструмент познания мира» тақырыбындағы жұмысының сапасын арттыру мақсатында  институт қызметкерлері тарапынан кеңес берілді.

Жан-жақты сыннан өткен жұмыстар конкурс мәресінде алматылық педагогтарды жеңіске жеткізеді деген сенімдеміз.

П.АСЫЛБЕК.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *