Бағдарламаларды жүзеге асыру қалалықтардың тұрмысын түзейді

Шаһар басшысы Бауыр­жан Байбек жұмыс сапары барысында қалада жүр­гізіліп жатқан ескі үйлерді сүру бағдарламасын жүзеге асыру, аулаларды абаттан­дыру және қаланың бірқатар даңғылдарын жаңарту ба­ры­сымен танысты. Мәсе­лен, Сүлейменов көшесінің бойындағы Жандосов көше­сінен жоғары жатқан 50-жылдары салынған үйлерді сүруге дайындық басталу­да.

Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ

 Ескі 8 пәтерлі үйдің орнына «Алматы ӘКК ҰҚ» АҚ жеке құрылыс жүргізушілермен бірігіп, орталық коммуникация жүйесі бар көпқабатты тұрғын үй салуды жоспарлап отыр. Аталған аумақта бас-аяғы 44 ескі үйді сүру жос­парланған. Сондай-ақ, Райымбек даңғылы бойындағы 2,7 гектар жер телімін алып жатқан екі қабатты апатты жағдайдағы үйлерді сүру жоспарда бар. Жалпы, таяу жылдарда қала көлеміндегі 500 ескі және апатты жағдайдағы үйді бұзып, орнына  1,2 млн. шаршы метр тұрғын үй салынады деп күтілуде.

– Аталған бағдарламаны жүзеге асыру шаһардағы бірқатар мәселелерді шешеді. Қаланың келбеті өзгереді, жаңа жұмыс орындары ашылады, инвестиция тартылады, ең бастысы, қалалық­тардың тұрмысы жақсарады, – деді  Бауыржан Байбек.

Жұмыс сапары кезінде қала әкімі Әуезов ауданында орна­ласқан жаңарған аулаларды да көріп шықты. Аталған ауданда үстіміздегі жылы 65 ауланы жөндеуден өткізу жоспарланған. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы қалада 500 аула жөнделіп, халық игілігіне тапсырылса, биыл тағы 600 аула жаңаратын болады.

Аулаларда жөндеу жұмыс­тарын жүргізу барысында онда балалар және спорт алаңдары орын алып, жаттығу құралдары қойылып, ойын кешендері пайда болады. Онда асфальт және резина төселіп, орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылады, жарық көздері орнатылады.

Жөндеу жұмыстары бары­сында кейбір аулаларға  пилотты режимде  күн сәулесінен қуат ала­тын жарық бағаналары орна­тылған. Оларды өзге аулаларды жөндеген кезде де кеңінен пайдалану жоспарда бар.

Шаһар басшысы қаланың тарихи орталығын жаңартуға қатысты жүріп жатқан жұмыс барысын да назардан тыс қал­дырмады. Бүгінде Абай, Абылай хан, Назарбаев даңғылдары мен Абай  алаңында жүргізіліп жат­қан инженерлік желілерді қайта жүргізу, тас төсеу, жарық бағаналарын, суару жүйелерін ауыстыру, кіреберістер мен нысанның сыртқы келбетін өзгерту жұмыстарды пысық­талды. Мұнда қайта жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында жаяу жүр­гіншілер жолдары кеңейіп, көлеңке аймақтар құру үшін жасыл желек отырғы­зылады, ескі субұрқақтар жаңа­рып, жаңалары салынады.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *