БӨТЕН

49Әзірбайжан қыз және жақын­да ғана Ресейдің азаматты­ғын алып, Мәскеуге көшіп келген орыс қыз үшеуміз әңгімелесіп, шай ішіп отырғанбыз. Әрине, біздер Қазақстан туралы жиі айтамыз. Юлия:

– Біздің жұмыстағылар «Қа­зақ­станда адамдар жақсы тұрады екен ғой.  Солай ма?» деп ме­нен жиі сұрайды. Оларға «Біздің адамдар Мәскеуде  өзге орта­азиялықтар секілді қара жұмыс істемейді» деймін. Білесің бе, тіпті, менен «Қазақстанда нанды тегін береді екен ғой» деп сұрағандар бар,  – деп күлді.

Осы кезде сөзге әзірбайжан қыз араласты.

– Иә, мен сені алғаш көргенде сұрап едім ғой,  – деді орыс қызға қарап жымиып.

– Оны қайдан естідің? – деп сұрадым мен.

– Біздің елдің адамдары «Қазақстанда нан сатылмайды»  дейтін. Нанды сендер де ақшаға сатып алады екенсіңдер ғой,  – деп таңдана қарады әзірбайжан  қыз.

Өмірге соншалықты ғашық, таза, мейірімді Сабинаны жақсы көрем.   Юлия:

– Біздің халық көп халықтан жақсы өмір сүріп жатыр ғой, – деді. Содан мен іліп әкетіп, Ота­нымыздың ерекшелігін тізбеледік.

– Білесің бе, орыс болсам да, мені жұмыстағылар «қазақ» дейді. Қазақстанда Қытайдан келген қазақтарды «қытай», Моңғолия­дан келген қазақтарды «моңғол»   деуші еді ғой. Қазақстанда орыс едім, Ресейде «қазақпын», – деді күлімсіреп. Юлия өзін мұнда бөтен сезінбейді, бірақ, оған «бөтен» екенін сезіндіретін орыстар бар.

Мен мұнда, Мәскеуде ылғи өзімді бөтен сезінем. Бұл – заң­дылық. Себебі, орыс қоғамы –  менің қоғамым емес. Менің қорқатыным: өз елімде жүргенде, өзімді бөтен сезінетінім… Қазақ қоғамы – менің қоғамым! Неге мен онда өзімді бөтен сезінем? Мені ойландыратын осы сауал.

 

Өмір сәулесі

Таяуда құрбым маған Ван Гог туралы кітапты сыйға тартты.       – Ван Гогты жақсы көретініңді білем ғой. Туған күніңе сыйлай­мын деп сатып алып едім, ол кезде елде болдың. Сосын 8-наурызда сыйлайын деп шештім. Ван Гогтың шым-шытырық кар­тиналарынан ештеңе түсінбедім. Оның картиналарының құндылы­ғының сыры неде? – деп сұрады құрбым. Білімді, әр нәрсеге өз көз­қарасы бар оның Ван Гогты қабылдай алмайтынына таңғал­ма­дым. Кезінде суретшінің заман­дастары «түсініксіз, шимай-шат­пақ нәрсеге ақша шығару ақы­мақтық» деп санаған ғой. Көзі тірі­сінде бір-ақ картинасы са­тылды. Өзі «Мен санам сау бол­ғанда сурет сала алмаймын, өзім­ді ауру сезінгенде, сезінгенде емес, шынымен түсініксіз ауырғанда ғана сурет сала аламын», – деді ғой. «Ауру суретші» мынау қатыгез әлемнің ауруына диагноз қойды. Әлем ауруынан айығып кетпесе де, өз диагнозын білді.

– Ван Гогтың картинасынан адамдар өзін, өзінің жан­дүние­сінің арпалысын көреді. Түсі­несің бе, өзінен үнемі қашып жү­ретін адамдар бір сәт өз «тағ­дырымен» бетпе-бет қалады.  «Ван Гогтың картиналарына қарап отырып демалам» десем, сенбей­сің ғой. Адамдар Ван Гогтың картиналарындағы күңгірт бояуды емес, сол күңгірт бояуға түсіп тұрған сәулені көрсе деймін.   Ол – өмір сәулесі, – дедім.

Құрбым үндеген жоқ. Даяшы әкелген кофені үнсіз сораптап отырды. Ал мен кітапты парақтап, Ван Гогтың картиналарына көз жүгірттім.

 

Тағдырдың шым-шытырық картинасы

Жазушы Эмиль Золяның досы Э.Гонкур күнделігіне былай деп жазады: «Бірде бәріміз Эмильдің пәтерінде кофе ішіп отырғанбыз. Эмиль жас кезінде  талай рет шалбары мен пальто­сын ломбардқа өткізіп, үйінде құры көйлекшең отырғанын, жас кезінде жоқшылықтан қатты қиналғанын айтты».  Есіңізге түсіріңізші, Эмильдің кейіпкер­лерінің бірі ломбардқа жалғыз жібек көйлегін өткізсе, бірі до­сының үйіне тамақ іздеп келуші еді ғой. Нағыз жазушының басты кейіпкері – өзі. Олар қиялдан кейіпкер іздеп әуре болмайды.

Анасына Бодлер «Тіпті, ауыстырып киетін іш киімім де қалмады» деп  жылап отырып, ақша сұрап, хат жазушы еді ғой.  «Жынды ақын» әкесінен қалған мұраны оңды-cолды шашып, кедейшілікті өзі таңдап алады.  Ал Достоевский мен Ван Гог қайта-қайта бауырларынан ақша сұрап, оларды да, өздерін де шаршатады.  Бес баласын тастап, та­за шығармашылықпен айна­лыс­қан Гоген жоқшылықтан шар­шап, өлмек болып, күшәлә ішіп, бірақ, аман қалды. Олар жоқ­шылықтан бірде жеңіліп, бірде итжығыс түсіп, шығармашылық­қа алып келген тағдырына қарғыс айтты.

Бір кезде кеңсе жұмысынан шаршағанын айтып, «тек шы­ғарма­шылықпен айналысқым келеді» деп, анасына мұң шаққан Мопассан әдебиетпен айналы­сып, пайда тапты. Вилла, яхта са­тып алды. Сосын анасына: «Қарғыс ат­қыр әдебиетке қайдан келіп едім, жүйкемнен түк қалмады», – деп жылады.

О, таланттар, сендердің өмірле­ріңнің өзі тағдырдың шым-шыты­рық картинасы ғой! 

 

«Жалаңаш әлемнің» Жаннасы

Нағыз таланттардың біреуді жақсы көруі, сүюі де ешкімге ұқсамайды. Бірақ, мен бодлерше жақсы көруді түсіне де, қабылдай да алмаймын. Соншалықты өзім­шіл, бірбеткей, менмен, тәкаппар ақынның «өзін-өзі құрбан еткен» махаббаттан өзіне қажетті адре­налин алғанын, әрине, түсінем.   Бодлердің ақшасына қымбат мейрамханалардан тамақтанып, қалаған нәрсесін сатып алып, одан қалса, өзге көңілдестерін асы­раған актриса Жанна Дюваль­ды замандастары «сыртқы кескін-келбеті соншалықты әдемі емес» деп жазады. Жанна басқа кім­дер­мен көңіл көтеріп жүргенін, кө­ңіл­дестері кім  екенін   Бодлер­ден ешқашан жасырған емес. Кері­сінше, ақынның жүйкесімен ой­нап, олармен «романтикалық кез­десулерді» тілі жеткенше суреттеп беретін.  Бодлер Жаннаға «зұлым­дық гүлі» деп қарады. «Зұлымдық гүлін» ұзақ зерттеді.  Ақын Жан­наны тастап кетпек түгілі, ол төсек тартып жатқан кезде емде­тіп, мәпелеп күтті.  Жанна бір сәт ақынды аяп, жазылғаннан кейін онымен ғана бірге болуға уәде береді. Ауруынан айыққан Жанна баяғы «қызылды-жасылды әлемі­мен» қайта қауышады. Себебі, оның болмысы, табиғаты сол «жалаңаш әлемге» тәуелді еді.

Өзінен, Жаннадан, бәрінен шаршаған Бодлер Бельгияға кетіп қалады. Ақын шет елде қиналып жүр­се де, Жаннаға ақша салып тұрады. Бәлкім, ол өзін әйгілі ет­кен шығармасы «Зұлымдық гүлі» үшін Жаннаның алдында өзін өмір бойы қарыздар сезінген шығар.

Шашын жасылға бояп алып, аяғы талып, құлағанша Париж кө­шелерін жаяу кезетін, жезөкшелер үйін жағалап, қандай да жаман ауруды жұқтырып, өмір мен өлім­нің арасындағы арпалысты сезінгісі келген ақынның болмы­сын қабыл­дай алмайсың. Ақы­рында сифилис ауруына шалды­ғып, азап шегеді. Бодлер –  мына өмірдің то­зақ отын аласұрып өзі іздеген ақын.  

 

Өмірдегі өнер

Эмиль Золяның «Творчество» романында жолы ауыр суретші Клод өзі салып жатқан жалаңаш әйел бейнесіне өлердей ғашық болып, соңында суретке қарап тұрып, асылып өледі.  Романды оқып, өзін таныған Поль Сезанн Золяға қатты ренжіп, араласпай кетеді.  Онсыз да аласұрып, шар­шап, жолы болмай жүрген  Сезанн­ға досының бұл романы үлкен соққы болады.   Эмиль Золя мен Поль Сезанның оқушы кезінен басталған достығына сызат түсіп, екеуі екі жаққа кетеді.

Сезанн өнер туындыларын сатумен айналысқан және таза өнер туындыларын жақсы ажы­рата білген Амбруаз Воллармен жазған хатында Эмиль екеуінің арасындағы «алшақтық» бұрын басталғанын, тек роман нүкте қойғанын мойындайды. Жас кезінде ішер асқа, киер киімге жарымаған Золяға танымалды­лық,  мол дәулет сыйлайды.

Золя екеуінің арасындағы қарым-қатынастың қашаннан бері үзілгенін сұраған Волларға Сезанн былай деп жауап береді: «Біздің арамызда ешқандай ұрыс-керіс болған жоқ. Едендегі кілемдер, үй қызметшілері және өзі (Эмильді айтады), бәрі-бәрі маған ағашты оюлап жатқан бюроны еске түсірді.  Мен өзімді құдды министрге сәлем беруге барып жүрген адамдай сезіндім. Оған баруды доғарған сәттен бастап, өзімді бөтен сезінетін сезімнен құтылдым. Ол жиір­кенішті буржуаға айналды. Бұл сөзім үшін кешіріңіз, мсье Воллар» – деп жазады.

Иә, осы жерде менің есіме жас кезінде достарымен қабырғасын ыс басқан кафелерде  ішіп отыр­ған Золяның буржуа әлемін сынап, жиіркеніп,  байлықтан көзі жұмылып қалған олардың топас­тығын сынап,  өздерінің олардан ерекше екеніне өздерін сендіргені түседі. «Байлық, дәулет – та­лантты адамды қоғамнан бөліп, сәулелі сананы тұншық­тырады» деп пайымдайтын олар.

«Сурет өнерінен бейхабар адамнан өнер туралы ойлы пікір күту әбестік. Сұмдық-ай, нашар сурет салғаны үшін суретші асылып өлді деп айтуға қалай ғана аузы барды. Суретші кар­тинасы нашар шықса, отқа өртеп, қайта салады» деп күйіп-піседі.

«Мен оның Экске (Сезанн тұрып жатқан өлке) келгенін естігенде бір этюдпен жұмыс істеп жатқам. Меніңше, этюд жаман шықпаған секілді. Ол тұрып жатқан қонақүйге оны іздеп бара жатып, жолда бір танысымды кездестірдім. Танысым: «Біз бәріміз әңгімелесіп тұрғанбыз.  Біреу Золядан «Сіз Сезаннмен кездесесіз бе?» деп сұрады. Ал ол: «Жолы болмаған адаммен не үшін кездесуім керек?» деп жауап берді», – деді.  Мен осы әңгімені естігеннен кейін үндемей, қайтып кеттім»  деп жазады.

Сезанн мен Золяның қарым-қатынасының күрделеніп кетке­нін бүкіл қоғам білді.  Екі дос бірін-бірі іздеді, сағынды, күтті. Бірақ… олар да пенде ғой, әлде­біреулердің алып-қашпа сөзіне сенді, сөзге ерді…

Золя «Творчество» романын жазу үшін Сезанн досын «құр­бандыққа шалып жіберді».  Шын талантқа, шын жазушыға эгоис­тік тән. Мұны, әрине, Сезанн түсінді. Түсінбесе, жолы болмай, қиналса да, сәтсіздікке ұшырап, сыналса да, бүкіл өмірін «қарғыс атқыр» өнерге арнамас еді ғой.

Аягүл МАНТАЙ, Мәскеу

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *