«Бұл әнді Зәурештей кім айта алады?»

«Сыған серенадасы» әнінің алғашқы орындаушысы, әнші, актриса және режиссер Зәуреш Есбергенова туралы сыр

Есбергенованың қазақтың кең жазирасындай жайдары әндеріне сай келетін ерекше даусы «олай айтпа, былай айт» деген нұсқаулар мен шектеулерге еш көнбейтін. Оқытушы олай тартып, болашақ әнші былай тартып, әрі-сәрі күйде жүргенде бірде Мәскеуден аймақтардағы оқыту жүйесін тексеруге комиссия келе қалады. Комиссия мүшесінің алдында Зәуреш әнді опера стилінде емес, әдейі өзі қалыптасқан қазақы бағытта шырқайды. Сонда орталықтан келген маман орнынан атып тұрып, жас өнерпазды құшақтай алып: «Мынау – дайын әнші ғой, мұны неге қинап оқытып жүрсіңдер?», – депті. Сөйтіп, оны әлгі оқытушылардың алдындағы азаптан біржола құтқарыпты.

Сәкен СЫБАНБАЙ

«Айтамын. Айтқан соң жақпаймын»

Зәуреш апаймен аз-кем сұхбаттас болғаным бар-ды. Алғашқы сұхбатымыз газетте жарияланған соң, қоңырау шалып, ризашылығын білдірді. Кейін де жиі болмағанымен, анда-санда хабарласып, өнер, өмір туралы пікірлесіп тұратынбыз.

– Әй, бұл сонау Маңғыстауда жатқан Зәуреш апаң ғой, ұмытқан жоқпысың? – деп бастайтын әңгімені даусы сыңғырлап.

– Ойбай-ау, сізді ұмытып өле алмай жүрміз бе? – деймін сөзіме әзіл аралас­тырып. Өзі де қалжыңға кетәрі емес апам шын ықыласымен сылқылдай күліп алады.

– Дұрыс, ұмытпа. Өзім де оңайлықпен ұмыттыра қоймаспын. Бұл апаң сондай мазасыз, сен ренжіме. Айтайын дегенім мынау… – деп алып, содан әңгімені жібереді дейсіз.

Сөзге шешен, ділмар адам, көкейіндегі көп түйткілді жайып салады. Бәрі дерлік – өнердің дерті, сахнаның мұңы, мәдениеттің мәселесі. Күйініп айтады, ашынып айтады. Кейде ұрсып та алады: «Осының бәрін неге жазбайсыңдар, неге айтпайсыңдар тіліп тұрып, а?». Ашуы қалай аяқ астынан тұтанса, сөнуі де сондай тез. «Өнердегі өресіздіктің бәрін көріп отырып, біліп отырып, қалай шыдаймын? Айтамын. Айтқан соң жақпаймын» дейтін сосын.

Алматыдағы қызына қыдырып келген кезде үнемі жүзбе-жүз жолығып, әңгімелесетінбіз. Сөз тізгіні – бәз-баяғы Зәуреш апамда. Ара-тұра арасына әзіл қыстырып, ойлы әңгімеге ойнақы рең үстеп, көңілдендіріп қоятыным болмаса, мен – негізінен, тыңдаушымын. Апам тағы да қазақ руханиятының бүгінгі жай-күйіне алаңдайтынын айтады, жанын жегідей жеген уайым-шерін тарқататын…

Байқағаным, ол кісімен әңгімелесіп отырып таң қалмау мүмкін емес-ті. Біріншіден, өте шынайы кісі. Бойында жасанды әсіресақтық пен жалған көлгірсудің нышаны да байқалмайды. Бағзы кезеңдердегі базбір қызық жайттар мен сол жасқа тән қызба мінездерге қатысты естелігі қалай әсерлі естілсе, ешкім сырын алғызғысы келмейтін бүгінгі кезеңнің бінәйі әңгімесіне кіріскенде де ішкі пікірін еш бүгіп қалмайды. Яғни жаратылысы қандай болса, сол қалпынан айнымайды. Сахна саңлақтарының арасында өнерде басқа, өмірде басқа адамдардың да аз ұшыраспайтыны белгілі болса-дағы, Зәуреш апамен бірнеше рет әңгімелескен жанның осы ойға тірелетіні анық.

Екіншіден, ол кісінің ақты ақ, қараны қара деп, ашығын айтатын турашылдығына риза боласыз. Өнерге байланысты болсын, қоғамдағы ахуалға қатысты болсын, «менің ойымша, мынау дұрыс, ал мынау бұрыс» деп бетің бар, жүзің бар демей, турасын айтатын («өйткені, мен адайдың қызымын, айналайын» деп қоятын). Соның өзінде кейбіреулер секілді өз пікірін өзгеге күштеп таңып, «осылай емес пе, сен қалайша бұлай ойламайсың?» деп өзімбілермендік танытпайтын, керісінше, әр ойын «басқаны қайдам, менің ойымша…» деп нақтылап отыратын.

«Оқытушының өзін емес, ниетін ұрдым»

Үшіншіден, Зәуреш апаның кеңпейілдігіне де қайран қалмасқа лаж жоқ. Сахналық қадамын өзіңмен қатар бастаған әріптестеріңнің алды КСРО халық әртісі атанып, кейінгілері де абыройдан кенде болмай жатқанда, ширек ғасырдан астам шиырлаған өнер жолындағы тынымсыз тірлігің еленбей, елден ерек болмаса да жұрт қатарлы жүлде бұйырмай, атаққа ілінбей, көпе-көрнеу тасада қала беру қайбір оңай дейсіз. Ең қиыны – сол еңбегіңнің айдарынан жел есіп жатқан айтулы тұстастарыңның қызметінен артық болмаса кем емес екенін сезіну ғой. Оның үстіне, «мен тұрғанда «Асыл арманды» айтуға қалай дәтің барады?» деп айбат шеккен атақты әріптесің абайсызда қайтарған ащы һәм ақиқат жауабыңды кек тұтып, сол үшін өзінің емен есіктерді еркін аша алатын мүмкіндігін пайдаланып, сені үлкен сахнадан қақпайлай берсе ше? Ізгілікті де, қараулықты да ішкі дүниесімен сезіп, жүрегі арқылы өткізетін жаны нәзік өнер адамы үшін мұның бәрінің аз салмақ емес екені анық. Бірақ Зәуреш Есбергенованың ерік-жігерінің мықтылығына дәлел – ол қиянат атаулыға еш қыңған емес. Ақыр-соңында үнемі шетелге – әлгі әншілер, шетсіз-шексіз сайын дала төсіне – бұлар гастрольге кетсе де, ол осының өзінен жақсылық көргісі келді. Рас, Венгрия, Моңғолия сынды елдерге бұл кісі де сапар шекті, дегенмен сол саяхаттардан алған әсердің туған елді аралаудағы, қазақ тыңдарманының ыстық ықыласына бөленудегі сиқырлы сезімдермен шендесе алмайтынын ұқты.

Төртіншіден, З.Есбергенованың өнерге іңкәрлігі де сүйсіндіретін. Өз шығармашылығына сын көзбен қарап, кемшіліктері болса мойындап отыратын адам өзге өнерпаздың ісіне де жанашырлықпен, түсіністікпен қарай білсе, сүйсінбеске лаж жоқ. Қатарластарына қалыптасқан құрмет өз алдына, сахна саңлағының жас таланттарға деген көңілі тіпті алабөтен.

Олар біз сияқты емес, сәл басқашалау, – деп еді бір әңгімелескенде Зәуреш апа. – Тәрбиесі де, таным-түсінігі де мүлде өзгеше. Бүгінгі жастар батыл, еркін, өте дарынды. Әрине, мүлде кемшіліксіз емес, қателіктерін жұмыс барысында үнемі ескертіп те отырамын. Түзеткен тұсыңды тез түсініп, лезде қағып алып, келесі жолы қайталамауға тырысқан адамнан айналмайсың ба! «Мен көпті көрген көнекөзбін, тәжірибем де мол, сендер маған бейімделіңдер, мен сияқты ойнаңдар, мен сияқты ойлаңдар» десем, кім болғаным? Қайта мен олардың көзқарасымен санасайын, жастар өз ұстанымын көрсетсін, өз ойын ашық білдірсін. Сонда ғана өсу, даму болады.

Бесіншіден, түр-тұлғасына орай қорғансыз да нәзік жандай көрінетін Зәуреш апаны тұла бойы тұнған намыс өрті дерсің! Құйттай әділетсіздік көрсе, жаңа ғана жаймашуақ отырған апай жалындап шыға келетін.

Өз елімізде тіліміздің өркен жая алмай отыруы сол намыссыздығымыздан! – деп күйіп-пісетін ол. – Бар қазақшасы «Келесі аялдама – Гоголь көшесі» дегеннен аспайтын Алматыға келген сайын жүрегім ауырады. Бұл менің намысыма тиеді! Нағыз қорлық, қасірет осы ғой! Жастардың намысын жанымай, жағдайымыз түзелмейді. Намысты жану – өзіңді-өзің тану деген сөз. Қазақты әуелі өзіміз құрметтемей, өзгеге сыйлата алмаймыз. Менің дүниетанымым – тек қана ұлт. Ұлт намысы үшін кезінде оқытушымды да ұрғанмын. Орыс жоламайтын алыс ауылда өскенбіз, сондықтан ба, консерва­торияда оқып жүргенімде орыс тілін үйренуде біраз қиналдым. Сонда осы пәннен сабақ беретін мұғаліміміз мысқылдағандай, мазақтағандай кейіппен «Орыс тілін білмеген адамды мен адам деп есептемеймін» деді. Сонда орысша білмейтін барша қазақтың адам болмағаны ма? Жыным кеп кетті де, «байқап сөйлеңіз» деп жағынан тартып жібергенімді байқамай қалыппын. Кейін мұны естіген ректорымыз Құддыс Қожамияров: «Әй, бұзық қыз, сен не бүлдіріп жүрсің? Оқытушыңды ұрғаның не?» дегенде, «Мен оқытушыны емес, оның ниетін ұрдым» деп жауап бергенім әлі есімде…

 

Екі ән айтып-ақ оқуға түскен…

Зәуреш Есбергенованың консерва­тория­да және оған дейін де, одан кейін де басынан кешкен хикаяларынан қызғылықты да әсерлі кітап жазуға болады. Бала кезінен әнге ғашық болған қаршадай қыздың дарыны елге ерте байқалған екен. Маңғыстаудың құмында түйемен көшіп-қонып жүретін шағын ауылда өскен оның әкесі Есберген 1940 жылдардың басында соғысқа өзі сұранып аттанып («менің әкемді намыс өлтірген» дейді әншінің өзі), сонда ерлікпен қаза табады. Сол кезде кішкентай Зәуреш үш жаста екен. Анасы Рабиға күні бойы жұмыста, бала-шағаның қамымен жүріп, үйге қас қарая бір-ақ оралады. Болашақ әншіні біресе мына көршіге, біресе ана көршіге табыстап кетеді екен, бірақ ол бәрібір өздерінің кішкене қараша үйіне кіріп ап, жалғыз өзі қуыршақ ойнап отыратын көрінеді. Сондай сәттің бірінде далада жүрген әйелдер қаршадай баланың зарлата әндеткен даусын естиді. «Бұл кім болды екен?» деп дауыс иесін әрі-бері іздеген олар ақыры осы үйге бас сұқса, жұдырықтай қара қыздың әкесін жоқтап отырғанын көреді. Оның өңменіңнен өтіп, жүрегіңе қадалатын қасіретті үнінен онсыз да қамығып жүрген ауылдың қатын-қалашы көздеріне жас алып: «Қарағым-ай, қарғадай болып даусың қандай зарлы еді? Бала екеш баланың да жүрегіне жүк түсірген сұм соғыс-ай! Айналайын, қоя қойшы, әйтпесе мына үніңмен сен бүкіл ауылды жылатасың», – деп басу айтқан екен.

Әнші консерваторияға да осы даусының даралығының, үнінің ерекшелігінің арқа­сында түскен. Өзге жұрт емтихан тапсырып, сынақтан өтіп жүргенде Зәуреш бір топ ұстаздың алдында екі ән айтып-ақ студент атанған. Даусы консерваторияның дуалын дірілдетіп, терезесін сықырлатып жібергенде, талайды көрген тарлан мамандардың өзінің аузы ашылып қалса керек. Бірақ ол кезде (өткен ғасырдың 50-60-жылдары) бұл оқу орнында сабақ негізінен Еуропаның клас­сикалық музыкасының үлгісімен, яғни опералық бағытта жүргізілетін.

Есбергенованың қазақтың кең жазира­сындай жайдары әндеріне сай келетін ерекше даусы «олай айтпа, былай айт» деген нұсқаулар мен шектеулерге еш көнбейтін. Оқытушы олай тартып, болашақ әнші былай тартып, әрі-сәрі күйде жүргенде бірде Мәскеуден аймақтардағы оқыту жүйесін тексеруге комиссия келе қалады. Комиссия мүшесінің алдында Зәуреш әнді опера стилінде емес, әдейі өзі қалыптасқан қазақы бағытта шырқайды. Сонда орталықтан келген маман орнынан атып тұрып, жас өнерпазды құшақтай алып: «Мынау – дайын әнші ғой, мұны неге қинап оқытып жүрсіңдер?», – депті. Сөйтіп, оны әлгі оқытушылардың алдындағы азаптан біржола құтқарыпты.

 

«Өзағаң өнерге қызмет етті, ал қазір өнер ұлыққа қызмет етеді»

Алайда, небәрі екінші курста оқып жүр­ген қыздың бірдеңе ғып консерва­торияны бітіруі керек емес пе? Ақылдаса келе З.Ес­бер­генова режиссерлік факультетке ауысып, «театр режиссері» мамандығын алып шыққан. Оның кейінірек әншілікпен қатар режиссерлік қызметті де қатар алып жүргені осыған байланысты.

Консерваторияны бітірген соң жас маман Жамбыл облыстық, Атырау облыстық театрларында еңбек етті. Әсіресе, ұлттық мәдениеттің үлкен жанашыры Өзбекәлі Жәнібековпен бірге жұмыс істеген Торғай облыстық театрындағы қызметін ерекше сағынышпен еске алады.

Рас, әуелде біраз әбіржідік, – дейді Зәуреш апа. – Арқаның қысы қатты, кей күндері қарлы боран соққанда алай-түлейден ештеңе көрінбей, жұмысымызды жататын үйіміз бен театр ғимаратының арасын алдын ала жалғап қойған арқан арқылы тауып баратынбыз. Басқа да қиындықтар көп болды. Бірақ жас болдық, жалындап тұрдық, Өзағаң секілді тәуекелге бел буса, мақсатына жетпей тынбайтын тынымсыз адамның идеясын бойымызға сіңіріп жұмыс істедік, сондықтан болар, ештеңені елеген жоқпыз. Керісінше, сол қиындықтарды қазір сағынамын. Мен содан кейін Өзбекәлі Жәнібековтей ғажап тұлға көрген емеспін. Өз ісіне шын берілгені сондай, негізгі жұмысы Торғай облысы басшысының идеология жөніндегі орынбасары болса да, өзі құрған қазақ театрының әр қадамын бақылап отыратын. Амангелді батырдың зайыбы – Балымның зарын спектакльге әзірлеп, алдын ала радиоға жазуымыз керек болғанда, өзі желкемнен қадағалап тұрып жаздырғаны бар. Кейін жұмысқа көңілі толып, «Зәуреш, жарайсың, тамаша орындадың» деп разылығын білдірді. Ол кісі өле-өлгенше өнерге қызмет еткен шенеунік болды. Қазір, керісінше, өнер шенеуніктерге қызмет етуге көшті ғой…

Театр саласында еңбек етіп жүрген жылдары З.Есбергенова әу бастағы әншілік арманын ұмытқан жоқ.

– Бірде қалың ойға шомып отырдым да, әлден уақта оқыстан оянғандай болып, алдымдағы ақ қағазға қарадым. Сенсеңіз, қалай, қашан жазғанымды өзім білмеймін, бірақ «маған ән айту керек!» деп жазып қойыппын, – дейді ол.

Бұл – ән үшін туған жүректің сол арзуды аңсаған үні болса керек.

Зәуреш апа сосын Алматыға оралып, «Қазақконцертте» 20 жыл қызмет етті. Бүкіл қазақ даласын аралап ән салды. Нәдия Шәріпова, Людмила Иванова-Сокольская, Гүлжиһан Ғалиева сынды ұстаздарының шапағатын сезінді. Елдің сағынып күтер сүйікті әншісіне айналды. Шәмші Қалдая­қовтың өзі әншінің орындауындағы «Сыған серенадасын» тыңдап: «Бұл әнді Зәурештей ешкім айта алмайды екен», – деп мойындаған екен…

* * *

«Әй, бұл Маңғыстаудағы апаң ғой, ұмыт­қан жоқпысың?» деп енді ешкімнің қоңырау шалмайтынына да көндіктік. Өмір ғой. Ал ол кісі көзден кеткенімен, шырқаған әні, ойнаған образы, қойған спектаклі көңілден кетпесі анық. Әлде, біз Зәуреш Есбергенованы ұмытып бара жатырмыз ба?..

 

Зәуреш ЕСБЕРГЕНОВА. Әнші, актриса және режиссер. 1940 жылдың 27 сәуірінде Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданында дүниеге келген.

Репертуарындағы әндер: негізінен халық және халық композиторлары әндері, ел аузында «Жеті қайқы» атанған, ХІХ ғасырда Маңғыстау өңірінде өмір сүрген Досат, Қайып, Өтебалды, Күріш тәрізді сал-серілердің әндері. Заманауи қазақ композиторларынан К.Күмісбековтың «Менің далам», Е.Хасанғалиевтің «Асыл арман», Ш.Қалдаяқовтың «Сыған серенадасы» және т.б. әндерін алғаш шырқаған әншілердің бірі. Көптеген әндері мен режиссер, редактор ретінде жасаған музыкалық бағдарламалары Қазақ радиосының Алтын қорында сақтаулы.

Ойнаған рөлдері: М.Әуезовтің «Қарақыпшақ Қобыландысында» – Қарлыға; «Айман-Шолпанында» – Теңге; Вс.Вишневскийдің «Оптимистік трагедиясында» – комиссар; Н.Хикметтің «Соқыр падишаһында» – тазша қыз және т.б.

Қойған спектакльдері: М.Әуезовтің «Түнгі сарыны», С.Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үйі», Ә.Әбішевтің «Белгісіз батыры», З.Қабдоловтың «Сөнбейтін оты», М.Горькийдің «Соңғылары», Н.Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ері», бурят драматургі Ц.Шагжиннің «Сандықтан шыққан сайтаны», сондай-ақ Б.Тәжібаевтың сценарийі һәм Е.Хасанғалиевтің музыкасы арқылы қойылған ревью-концерт және т.б.

2015 жылдың 18 қаңтарында дүние салды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close