Бүгінде ұлттық дәулетіміздің үштен бір бөлігі…

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:

Бүгінде ұлттық дәулетіміздің үштен бір бөлігі

шағын және орта бизнестен құралады

Ата-бабамыз үшін асқақтаған асыл арман – егемендік алып, жеке дара тәуелсіз мемлекет болғанымызға биыл 20 жыл толғалы отыр. Осындай айтулы мейрамды өз-дәрежесінде өткізу үшін, ағымдағы жылдың 28-қаңтар күні Елбасының Қазақстан халқына арналған дәстүрлі Жолдауында айтылған тапсырма аясында  республика аумағында дайындық іс-шаралары басталып та кетті. Жас мемлекетіміздің осыншама қысқа мерзімде өзіндік бағыты қалыптасқан, әлемдік бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан орын алуы кездейсоқтық емес. Республика Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы кезең ішінде жүргізген салиқалы саясаты мен қазақ қоғамының  болашаққа деген сенімі  соның дәлелі іспеттес.

1995 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясы тұңғыш рет әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар деп жария етті. Аталмыш ереженің принципті жаңашылдығы қоғамдағы барлық өндіріс құралдарының жеке дара меншік иесі болудан бас тартып, экономикалық негізін нарықтық экономика құрайтын меншіктің әртүрлі формаларына негізделген мемлекет рөлінің өзгеруімен тығыз байланысты. Осы себепті мемлекет өзінің әрбір азаматына кепілді жұмыс беруді қамтамасыз ететін жалғыз дара жұмыс беруші болудан босады.  Республика Президентінің  осы жылғы Жолдауында «Бүгінде ұлттық дәулетіміздің үш­тен бір бөлігі шағын және орта бизнестен құралады» — деп айтуының өзі осыдан бастау алады.

Сондықтан да, Елбасының осы салаға аса маңызды мән беруі заңды құбылыс. Халықты жұмыспен қамсыздандырып, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосып  отырған  кәсіпкерлердің құқығын қорғау мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Осы бағытта 3-4 жылдың ішінде ауқымды игі істер де атқарылды. Жекелеп тоқталсақ, 2008-2009 жылдары Елбасының тапсырмасы аясында Үкіметпен шағын және орта бизнес субъектілер қызметінде жүргізілетін мемлекеттік бақылаушы органдардың тексерулерін шектеу туралы жарияланған мораторий жемісті акция болғандығын айтпай кетуге болмайды. Оған дәлелдеме ретінде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитетінің Алматы қаласы бойынша басқармасымен жүргізіліп отырған статистикалық мәліметтерді келтіруге болады. Атап айтқанда 2007 жылы шағын және орта бизнес ссубъектілер  қызметіндегі тексерулер саны 8309-ға дейін жеткен болса, аталған іс-шараның қорытындысы бойынша 2008 жылы ондай тексерулер саны 3565-ке, ал 2009 жылы 2441-ге дейін азайған.

Сонымен қатар, 2009 жылдың 17-шілдесінде Қазақстан Республикасының «Кәсіпкерлік туралы» Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар кәсіпкерлер қызметінде жүргізілетін тексерулер кезінде соңғылардың өз құқықтарын қорғауына үлкен жаңалық алып келді. Аталмыш заңның нормаларына сәйкес, мемлекеттік бақылаушы органдардың тексерулері кезінде кәсіпкерлік субъектілері үшінші жақтың қатысуын қамтамасыз етуге және тексерушілерге кедергі келтірмей аудио-видео құралдарын пайдалануға құқығы бар. Демек, осы заңның жаңашылдық принципі  сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл болуында деп түсіну қажет.

Сондай-ақ, жоспарлы тексерулерді жүргізу кезінде тексеру объектілерін тәуекел дәрежесіне қарай үш топқа бөліп қарастыру кәсіпкерлік субъектілер қызметіндегі  саны жоқ жоспарлы тексерулердің азайып, олардың емін-еркін жұмыс жасауына үлкен серпін беретіні айқын.

Өткен жылдың басында бизнес қауымдастығы мен құқық қорғау органдарының қатысуымен өткен кезекті бір форумда Елбасы тапсырмасының негізінде «Ақорда» ресми сайтында бизнесті қорғауға арналған жеке блок ашылды.  2009 жылдың тамыз айынан бастап Республика аумағындағы облыстық және қалалық прокуратураларда кәсіпкерлікті қорғауға бағытталған жедел топтар да құрылғандығын тілге тиек ете кеткен жөн. Бас прокуратураның ресми сайтында ол жөнінде көптеген мақалалар жарияланып, хабарласу мекен жайлары мен телефондары орналастырылды.

Заңсыз тексерулердің алдын алу мен ондайларға жол бермеу мақсатында Комитеттің Алматы қаласы бойынша басқармасы жүргізіп отырған жұмыстардың ауқымдылығы мен нәтижелі екендігі құқықтық статистикалық есептен байқалады. Мысалы, 2010 жылдың қорытындысы бойынша шаруашылық жүргізуші субъектілер қызметіне заңсыз тағайындалған 179 актіні тіркеуден бас тартылды. Басқарманың бақылау және қадағалау функциясын жүзеге асыру барысында уәкілетті органда тіркеусіз, заңсыз жүргізілген 430 тексеру анықталған. Олардың нәтижелері бойынша тиісті прокурорлық іс-шаралар жүргізіліп, заңсыздыққа жол берген жауапты тұлғалар заң шеңберінде жауапкершілікке тартылды.

Ағымдағы жылдың 6-қаңтарында Елбасы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Заңына қол қойды. Жаңа заңның талаптары «Кәсіпкерлік туралы» Заңның 8- тарауымен толықтырылып, мемлекеттік органдардың тексерулерін бір жүйеге келтіру арқылы, тексеру жүргізу тәртібін реттейтін нормативтік актіге айналып отыр.

Аталған заң талаптарына түсініктеме беру мақсатында Комитеттің Алматы қаласы бойынша басқармасы 26-қаңтар күні мәжіліс залында мемлекеттік бақылаушы органдар мен бизнес қауымдастықтарының, сонымен қатар әкімшіліктің  қатысуымен семинар кеңес өткізді.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау – уақыт талабы, жарқын болашақтың кепілі. Сол үшін де  кез келген салада мемлекеттік қызметкер Қазақстан азаматтары мен соның ішінде кәсіпкерлердің мемлекеттік институттарға деген сенімін одан әрі күшейту барысында жұмыс атқаруы керек. Сыбайлас жемқорлықпен  қоғам болып күресіп, оған ықпал ететін әрекеттердің жолын кесуіміз қажет.

Еркебұлан ҚОНЫСБАЕВ,

ҚР Бас прокуратурасы ҚСжАЕК-нің

Алматы қаласы бойынша басқармасының

бөлім прокуроры.

Заңсыз әрекеттер орын алса, хабарласыңыз!

Мемлекеттік бақылаушы органдар тарапынан орын алған заңсыз әрекеттер жөнінде кәсіпкерлер кез келген уақытта Комитеттің Алматы қаласы бойынша басқармасына және қалалық прокуратураға хабарласуға болатындығын хабарлаймыз.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитеті Алматы қаласы бойынша басқармасының мекен-жайы:

Бөгенбай батыр көшесі, 145. тел.: 330-76-07, 272-86-34.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close