«Бұған да шүкір»

 

Жарнамасы жер жарған фильмді көрдік. Көріп біткенше жағамызды ұстай-ұстай қолымыз талды.

Қазір өзі бір дағды пайда болды ма, жұртты дайындап қоя ма, білмеймін, бір фильм көрсетіле қалса болды, жата келіп мақтау, тіпті, жарысып мақтау басталады.

Фильмге қатысқан екі қазақ қана. Қалғанының бәрі шет жұрттың адамдары. Фильмнің басты кейіпкері, ұлт тұлғасының тамтығы қалмаған.

Айтпағымыз, біздің мұндай сәттегі пікіріміздің шырқау шыңы «бұған да шүкір» дегенге келіп саяды. Осыны әжептәуір адамдар айтады. Жарайды, заман тыныштығын ойлап «осы күнімізге де шүкір, тәуба» деп қария сөзін айтуға болар. Ал енді бұл ұлтты ғана емес, сол ұлттың тұлғалары арқылы елімізді танытатын, әлемді мойындататын өнерге жүрмейді ғой. Бір таңқаларлығы, осы пікірдің көп жағдайда қайталанып отыратыны байқалады.

«Бұған да шүкір».

Бұлай шүкіршілік ете берсек, біз қашан өнер жасаймыз?! Біздің бар мүмкіндігіміз осы «бұған да шүкірмен» шектеле бере ме? Егер сол туынды ойымыздың ең құрығанда 50–60 пайызын ақтап тұрса, бәлкім, осылай деуге болатын шығар. Ал енді үнемі шүкіршілік ете беруге бола ма?

Социализм тұсында «өнердің түрі ұлттық, мазмұны социалистік болуы керек» деген партия жарықтықтың бұлжымас ұстанымы бар еді. Ал қазіргі фильмдердің «түрі ұлттық, мазмұны еуропалық» болып одан асып тұрғаны қайсы?! Тіпті, сол социализмнің кезінде «түрі де, мазмұны да ұлттық» «Қыз Жібекті» түсіріп едік қой.

Қысқасы, бұдан былай пікір айтудың қажеті де жоқ шығар. Өйткені, бізде «бұған да шүкір» деген «дежурный» сөз бар. «Бұған да шүкір», бұдан артық біздің қолымыздан ештеңе келмейді. Бұл әрі-беріден соң кешегі барша ұлт элитасы жабылып «Қыз Жібектей» фильм тудырған халықтың бүгінгі дарынды өкілдерін қорлау ма немене өзі?!

 

Қ.ҚАҒАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close