АЖУА ҚҰРМАСЫ

«Мұсылман болу әсте-әсте…», –  дейді біздің халық. Шүкір, бүгінде шын исламға бет бұрып, мұсылмандық парызын өтегендердің қатары артып келеді. Тек біздің зайырлы мемлекетте  ислам жолына түскен жандар, әсіресе, жастар алдымен ислам дүниесі туралы жан-жақты сауаттанып, барлығын саралап, салмақтап барса дейміз ғой. Мұсылманның бес парызының бірі – қажылық. Бұл да өзіңді дайынмын деп есептеп барып, байыпты байламмен жасалатын қадам. Және қажылық жасаған мұсылман сапарында өзіне бір қосымша рухани дүние, білім алса. Ойында жүрген көп сауалға жауап тапса. Төменде қажылық міндетін өтеген азамат, ғалым–дәрігердің жазбасын беріп отырмыз. Уәлихан қажы ойында жүрген бір сұрағының жауабын қажылық сапарында тауыпты.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) Медина қаласына хижрет жасағаннан кейін, сол жерде Ислам дінін насихаттай бастағаны тарихтан белгілі. Мединаның негізгі тұрғындары араб тайпаларымен бірге еврей халқы болатын. Бір күні сол еврей ұлтының бір топ басшысымен, араларында иудизм мен христиан дінін білетін ғалымдарымен кездесіп, оларға өзінің Алла-Тағаланың соңғы пайғамбары екенін, Ислам дінінің құндылықтарын насихаттап, оларды дінге шақырады. Олар оны қабыл алмайды. Отырыстың соңында олардың біреуі Расулуллаһтан (с.ғ.с)  бір муғжиза көрсетуін сұрайды. Күн түстен кейінгі уақыт болса керек. Сол  заматта Жебірейл (а.с) көрініп, Алла-Тағаланың рұқсат бергенін меңзеп, Пайғамбары­мыздан (с.ғ.с) олардың тілектерін орын­дауын айтады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) олардан не жасау керектігін сұрайды, олар жан-жағына қарап, жанып-бітіп жатқан бір құрма ағашының діңгегін көрсетеді де, «Егер шын Алланың жіберген Пайғамбары болсаң, мына жанып біткен ағашты тірілтіп, қайтадан бізге құрма өсіріп бергін», – дейді.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «бис­миллә» деп, мүбәрак түкірігімен ағаштың шоғын өшіріп, қап-қара болып жанып, көмірге айналған құрма діңгегін жерге қадапты. Құдайдың құдіретімен құрмаға жан бітіп, өсіп-өніп, көгеріп, көз алдарында жапырағын жайып құлпырып, гүлдеп, одан түйін тастап, піскен құрма шығарады. Құрма кішігірім денелі, томпақ, етті, қап-қара көмір тәрізді, жеген кезде де дәмі күйік татыған ерекше бір «муғжизамен» көзді ашып-жұмғанша пайда болған, «Жәнаттың бір жемісі болған – Ажуа құрмасы», – еді.

Мен сол Ажуа құрмасын көруге Алла­ның қалауымен,  Умра қажылық сапарын өтеу кезінде, Медина қаласындағы «Құрма бағында» болдым. Ажуа құрмасы тек Медина қаласында ғана өседі екен. Қазіргі таңда дүниеде құрманың 149 түрі бар. Құрма бағының күтушілері біздің түрік бауыр­ларымыз екен. Өсіп тұрған құрма ағаштарын көргенімде, олардан Ажуа құрмасы бар ма деп сұрадым. Арасында агроном болып істейтін, осы құрмаларды баптайтын бір түрік ағайынымыз (аты қазір есімде жоқ), менің Ажуа құрмасы туралы не білетінімді сұрады. Мен құрманың тарихын айттым, ол қоштады. Одан маған бақта өсіп тұрған 40-50 түп құрманы нұсқап, дұрыстап қарауымды сұрады. Құрмалардың қайсысы аталық және аналық құрма екенін ажыратуымызды өтінді. Өсіп тұрған құрманы алғаш көрген мен, ағаштардың барлығы бірдей екендігін, қайсысы Ажуа құрма ағашы екенін, оның ішінде  қайсысы аталық, қайсысы аналық құрма екенін ажырата алмадым. Тезірек Ажуаны көрсем деген құштарлықтан, оның өзінің айтып көрсетуін өтіндім.

Құрма ағаштарының сырты бір метрлік цементтелген қоршаумен қоршалыпты, себебі, құрма пісетін кезінде белуардан судың ішінде тұрады екен. Асты салқын суда, ал құрманың төбесі  күннің 50-60оС ыстығында, яғни Медина қаласында жазда осындай аптап ыстықта өседі екен. Ажуа құрмасының биіктігі 4-5 метрдей, ағашы­ның діңгегі адам денесінің формасын сурет­тейтін сияқты. Иә, солай. Діңгектік мойын бөлігі одан бас жағы – басы бар. Оның төбесі, басының ішіне қарай қуыс екен. Осы бас жағынан шаш тәрізді сабақ­тары төмен қарай салаңдап, жеміс беретін бөлігі болып табылады. Ал енді мына кереметке қараңыз, аналық ағаштың шаш бөлігі – сабақтары аталық ағашының шашы­на қарағанда ұзын. Діңгегінің пішіні (фигурасы) де әйел мен еркектің пішінін қайталап тұрған сияқты. Кеуде бөлігінде жүректің тұсында, ағашта бір қолмен сылап қойғандай таңба сияқты бөлігі – жүрек тұсы, белгісі бар. Маған түсіндіріп жүрген түрік бауырымның айтуынша, бұл құрма­ның жүрек тұсы, егер осы жерінен қатты жұдырықтап ұратын, соғатын болсаң, ағаш-құрма өліп қалады дегенде, Алла-Тағаланың кереметіне таң­қалмасқа шарам қалмады.

Ендігі мәселе құрманың пісіп-жетілуі, құрма жемісін беруі туралы. Көктемде құрма ағашы, екеуі де, аталық пен аналық та гүлдейді екен. Біздегідей аралар гүлден-гүлге қонып, ұрықтандырып жүретін жұ­мысты Ажуа құрмасында тек адам атқаруы керек екен, онсыз жеміс жоқ. Сонда қалай, гүлдер әбден ашылған кезде, ағаштың астына әдейілеп дайындалған матаны жайып, аталық ағашының гүлі мен аналық ағашының гүлдері бөлек-бөлек  түсіріліп (қағып алына ма, білмедім),  жеңіл түрде кептіріліп, гүлдерді шаң-тозаңға  айналды­рады (яғни  кепкен аталық ағашының гүлі мен аналық ағашының гүлдері араласты­рылып уқаланып, майдаландырылып уатылады екен), одан  пайда болған (ата­лық пен аналық ағаштары гүлдерінің ұрықтарынан қосылған) ұнтақтары – аналық  құрманың басындағы, төбесіндегі қуысқа апарып салынады. Міне, сонда ғана аналық құрма ағашы жеміс беріп, ал аталық құрманың шаруасы сол гүлмен ғана шектеліп,  жеміс бермейді екен.

Алланың кереметінде шек жоқ. Барлық мақтау-мадақ тек Алла-Тағалаға ғана арналған. Алла Ұлық. Барлық салауат Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с), оның отбасы мен саңлақ сақабаларына, ізін жалғастырушы әулие-әмбиелеріне болсын.

Уәлихан ЖҰМАШ,

медицина ғылымының докторы, профессор.

Рамазан айы, 2019 ж.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *