ҚАЗАҚТЫҢ ЖІГІТТЕРІ АМАН БОЛСЫН!

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Такси ұстадым. Рөлдегі жігіт:

– Ұсағыңыз болса жақсы болар еді, сдача қайтара алмаймын, әлгінде асығып жүріп әмиянымды үйде қалдырып кетіппін, – деді. Өзі «бап-па, бап, пам-пам-па-а» деп бір әуенге салып әндетіп қояды. Көңілді. Бір жерге келгенде:

– Мынау, қайран, менің  автобазам ғой! – деп тағы да әндетіп ала жөнелді.

– Ол автобазаңыз қайда қазір? – дедім соншалықты ықыласпен еске алғанына қарап.

«Сәбет өкіметі құлады ғой, соны­мен кетті», – деді де, мен жаққа бажы­рая қарады, «соны да білмейсің бе» дегендей. Ойсыз сұрағым үшін ұялып қалдым.

Үнсіздікті өзі бұзды.

– Бірден әскерге кеттім. Ауған­станға. «КамАЗ» айдадым. 79-жылы ең алғашқы «КамАЗдар» шықты, мен әскерге 80-жылы барып, бірден «КамАЗ­­ды» тізгіндедім, – деген жігіт ағасы аса бір сүйіспеншілікпен сөйледі, техника десе ішкен асын жерге қоятыны көрініп тұр.

– Тура өзінде, соғыстың ортасында болдыңыз ба? – деп, дерімді деп алдым да, тағы да орынсыз сұрақ қойған жоқпын ба деп сөзімнің аяғын жұтып жібердім.

– Біз шекара түбінде, шатырларда жаттық, құрылыста істедік. Екі араға «КамАЗбен» зат тасыдық. Бірақ шек­ара­дан әріге, Ауғанстан жаққа мойны­мызды созып қоятынбыз, барғымыз келіп. Жаспыз ғой онда, – деді салдырлап қалған азамат.

«Бармағаныңыз дұрыс болыпты. Жолыңызды күткен анаңызбен, әке­ңіз­бен, бауырларыңызбен аман-есен қауышқаныңыз қандай жақсы болған! Сіздей ақкөңіл азаматтар отбасына, еліне де керек», – дедім іштей.

Мен үнсіз қалған соң қайтадан әнде­те жөнелді. «Бап-па, бап, пам-пам-па-а…».

***

Қаншама қазақ отбасына қасірет әкелген айдаладағы Ауғанстан соғысы­ның аяқталғанына биыл – 30 жыл.

9 жыл 2 ай 15 күнге созылған Ау­ған­­стан соғысы – Кеңес Одағы тұсын­дағы тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі. Он жылға жуық бөтен елдің мүд­де­сін қорға­ған Ауғанстандағы шек­теулі контингент әскерлері құрамында Қазақстаннан 22269 жауынгер интер­националдық мінде­тін атқарды. Олар­дың 924-і қаза тапты, 21 азамат хабар-ошарсыз кеткен, ал мыңда­ған жігіт елге мүгедек болып оралды…

Қазақтың жігіттері аман болсын­шы! Бауырларым аман болсыншы!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *