Қазақтың аяулысы, перизаты, Өшпейді ешқашанда Фариза аты!

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ поэзиясының падишасы, әдебиет алаңындағы ең танымал муза,қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың 80 жылдық мерейтойына орай ақынның өмір жолын, өр мінезін, асқақ рухын насихаттаумақсатында мектебімізде «Қазақтың аяулысы, перизаты, өшпейді ешқашанда Фариза аты!» тақырыбында әдеби кеш өтті.

«Дара күндерімнің, нала түндерімнің серігі болғаның үшін, сенімі болғаның үшін,  өлең, мен сені аялаймын» деп өткен ақын, шын мәнінде, өлең атты кіршіксіз әлемді аялап өтті, оқырман жүрегіне бірден жол тартатын жырларын тарту етті.

Ақын жыры – айдын көл, шалқар теңіз емес, тылсым мұхит. Ұлы суреткердің тек өзі өмір сүрген дәуірдің ғана емес, өзінен бұрын өмір сүрген және өзінен кейін өмір сүретін бірнеше буынның шыны мен сырын, қайғысы мен мұңын қамти алатын жырларын тыңдаған жан сезімге ерік береді. Осындай жан тебірентер «Қыз сөзі», «Жетімнің монологы», «Мен бір қызық адаммын» монологтарын 7-сынып оқушылары нақышына келтіре оқып, көрермен ілтипатына бөленді.

Ашық күнге қуанып, жаңбырға қарап қамығып, көктемде шалқып, дауылға қарап бұрқанып өмір сүрген биік рухтың ақыны Фариза апамыздың  туған жерге деген ықыласты өлеңдерін 5-сынып оқушылары мәнерлеп оқыса, 8-сынып оқушысы Накипбаева Диана «Ауылымды сағындым» әнін құйқылжыта орындады.

Махаббатты ұлы санаған, оған бас иген ақын сезім нәзіктігін жырлары арқылы паш етті. Кеш барысында бұл тақырып та тыс қалған жоқ. Мектебіміздің ұлағатты ұстазы, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Досалинова Салтанаттың орындауындағы «Жақсы көру» әні кештің сәнін келтіріп, көрермен қошеметіне бөленді.

Өмірінде нағыз достықтың қадір – қасиетін біле білген ақынның «Достар» әні 7- сынып оқушыларының орындауында шырқалды.

Қаламынан тамып кеткен ғаламы бір төбе, «Заманының Махамбеті» атанған ақынға арналған кешті ұйымдастырған Айнабекова Жанар мен Мырзабекова Ұлжанның және қазақ тілі пәні бірлестігі ұстаздарының қосқан үлесі зор.

Еске алу кешінің қорытынды сөзі мектебіміздің директоры, тіл жанашыры Дайрбаева Расима Султаналиевнаға берілді. Ұстаз кештен алған әсерімен бөлісіп, оқушыларға ақын жырларыныңтүсіне білген, сүйсіне білген, түйсіне білген жанға берері мол құндылық екені жайлы айтып, кеш барысында өнерлерімен сүйсіндірген қатысушы қауымға ризашылығын білдіріп, шығармашылық табыс пен шабыт тіледі

Әлденеден мұңайғанда, біреудің ұнамсыз қылығынан жүрегі мұздаған кезде, кешегі досының бүгін теріс айналғанын көргенде, ақынның досы да, мұңдасы да, жан дауасы да – поэзия болды. Ендеше, көңіліміз құлазыған сәтте күш берер ақын өлеңдерін оқып қанаттанайық.

Халқымыздың ардақтысы, оқырманының сүйіктісіне айналған, тал бойында бір міні жоқ ұлы ақын жырлары қалың қауымның жүрегіне жол таба білді, таба да бермек.

 

Салтанат Досалинова,

Торғын Байбутанова,

№184 жалпы білім беретін мектебі

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері.

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *