«Қазақстан тарихы пәнінің жартысы мұражайларда өтетін болады»

%d0%b1%d0%be%d0%b6%d0%ba%d0%be-%d1%84%d0%be%d1%82%d0%be

Әсел ДАҒЖАН

Парламент Мәжілісі төр­ағасының орынбасары Вла­димир Божко республикалық және қалалық этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен кездесуде Елбасының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламалық мақала­сының жүзеге асырылу жолдарын баяндады.

Жиынның шымылдығын ашқан қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев аталған бағдарлама шаһардағы кәсіпкерлердің белсен­ділігін арттырып, қайырымдылық шараларының көбейгендігіне сеп болғандығын жеткізді.

– Аталған мақаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» – біртұтас ұлт болудың кілті екенін анық түсіндірді. Сон­дықтан бұл бағдарлама әрбір қазақ­стандыққа, оның ішінде халықтың белсенді өкілдері, яғни, Қазақстан халқы Ассамблеясына да қатысты, – деген қала әкімінің орынбасары бағдарламаға сәйкес қалада іске асырылған жобаларды атап өтті.

– Сәуір айы мен тамыз айының аралығында шаһарда 74 мың адамды қамтыған 63 жоба жүзеге асырылды. Біздің кәсіпкерлер әлеуметтік ны­сандардың құрылысы, қаланы көрік­тендіру және әлеуметтік маңыз­ды шаралар өткізуде өте белсенді. Мә­селен, 12 тамыз күні «Электро­Кабель»  зауыты Наурыз­бай ауда­нын­да өз қаржысына  құны 1 млрд. 300 млн. болатын емхана ашты. Аталған мекеме күніне 500 адамға қызмет көрсете алады. Одан бөлек, 530 балаға азық-түлік себеті тара­тылды. Қайырымдылық сала­сында құны 120 млн. теңге болатын жоба бойынша 4000 бала мен 6000 қарт кісілерге, соғыс және еңбек ар­да­герлері, жетім балалар мен мүге­дек балаларға көмек көрсетілмекші, – деді А.Қырықбаев.

Бұдан бөлек, алматылықтар «Жүз жаңа есім» бағдарламасына да белсенді қатысуда. Бүгінге дейін аталған бағдарламаның сайтына қаладан 120-дан аса өтініш түскен. Ақпарат және коммуникация ми­нистр­лігіне қалалық әкімдіктен 160 анкета жіберілген. Жалпы алғанда, мегаполис 300-ден аса үміткер жіберген. Шаһарда «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы бойынша тұтастай алғанда, құны 60 млрд. 934 млн. теңге болатын 96 жоба іске асырылмақшы.

Өз кезегінде сөз алған Мәжіліс төрағасының орынбасары В.Божко «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша қандай шаралар атқарылатынын тәптіштеп түсіндіріп берді.

– «Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағдарламасы бойынша осы жылы қазақ тіліне аударылуы тиіс алғашқы 17 оқулықтың тізімі анықталды. Аудармашылар, оқытушылар, әрбір оқулыққа жауапты баспалар, маман­дардан тұратын 17 жұмыс тобы құрылды. Осы оқулық жұмысына барлығы 90 адам тартылды. Яғни, осы жылы философия, әлеуметтану, психология, экономика, менджмент, кәсіпкерлік, дінтану, лингвистика және мәдениеттану бойынша оқу­лықтар қазақ тілінде сөйлейтін бола­ды, – деген Мәжіліс төраға­сының орынбасары «Жүз жаңа есім», «Туған жер» секілді бағдарла­маларды жүзеге асырудағы басты мақсат – өсіп келе жатқан ұрпақ өзінің өткен және бүгінгі тарихын, туған елінің рухани, мәдени байлығын біліп өсуі тиіс екендігін айтты.

– Бүгінгі жастар елімізді ширек ғасыр үздіксіз дамуға жетелеген ұлы адамдарын да танымайды. Не Ұлы Отан соғысы батырларын, не әртіс­терді, не суретшілер мен ғалым­дарды білмейді. Бұл жағдайды біз өзгертуге тиістіміз. Бұған алғашқы қадамдар жасалып жатыр. Биылғы жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан тарихы пәнінің жартысы мұражайларда өтетін болады, – деді В.Божко.

Аталған жиын Ассамблея мүшелерінің «Елбасы мақаласында айтылған жобалардың орындалуына белсене атсалысамыз» деген уәдесі­мен тарқады.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *