Қазақ пен үндіні байланыстырып жүрген биші қыз

Ақмарал Қайназарова – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, хореограф, Бхара­танатьям үнді классикалық биін орындаушы, Қазақстан мен Орта Азиядағы тұңғыш және жалғыз «Үнді классикалық би орталығының»  негізін қалаушы.

Биылғы 28 ақпанда Алматы қаласында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақмарал Қайназарова шығармашылығының 20 жылдығына және «Жаңадан бастаушыларға арналған Бхарата­натьям үнді классикалық биі» атты қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде төрт бөліктен тұратын алғашқы оқу бейнематериалының шығуына арналған мерекелік концерт өтті. Оған құрметті мейман ретінде Үндістанның Қазақстанға келген жаңа елшісі Прабхат Кумар және мәдениеттанушы Мұрат Әуезов қатысып, аталған бейнематериалдың тұсауын кесті. Кейіпкерімізге тілектестіктерін білдірді.

Ол – Калакшетра әсемдік өнері колледжінің  түлегі (Ченнай қаласы); Мумбай университеті жанындағы Наланда би зерттеу Орталығының үнді өнері бойынша Дипло­мының иегері;  Бхаратанатьям үнді классика­лық биінің Өнер магистрі (Ченнай қаласы), Хореография магистрі (Астана қаласы).

Ақмарал өз өнерін көптеген шет мемле­кеттерде, сондай-ақ, Қазақстанда  көрсетті. Ол – «Мәдениеттер диалогы – біртұтас әлем» (2006), «Үнді классикалық биінің әдеби негізі» (2007),  «Мұхтар Әуезовтің «Үндістан туралы очерктері» үнді классикалық би орталығының би бейнелерінде» (2009),  Қазақстанның Тәуелсіздігіне 20 жыл толуына арналған мерекелік концерт (2011),  мәдениет жылына арналған мерекелік концерт (2012); зияткерлік жоба «Гуру-Шишья» (ұстаз бен түлек) (2014), үнді классикалық би орталығына 10 жыл толуына арналған мерекелік концерт (2016) сынды көптеген би жобаларының авторы.

Ақмарал АҚШ-та, Голливудта орындау­шының өнер түрлері бойынша өткен Жетінші чемпионаттағы «Этникалық би» номинация­сында Алтын медаль иегері және 2003 жылғы Әлем чемпионы. 2004 жылы Қазақстаннан  ЮНЕСКО жанындағы Париждегі Халық­аралық Би кеңесінің бірінші мүшесі болып қабылданды.

Ақмаралдың есімі бірінші және бірден-бір жалғыз Бхаратанатьям биін орындаушысы ретінде «Алматы–2000» Алтын кітабына, «Қазақстан рекордтар кітабы – 2002, 2003—2005, 2006-2007», «ЛИМКА – 2006» Үндістан  рекорд­тар кітабына, «КИНЭС» Қазақстан рекордтар кітабы 2008–2011, 2010–2013, Қазақстан Республикасында 2011 жылы «Кімнің кім екені» атты энциклопедиясына енді. Ол Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай шыққан «Қазақстан рекордтар кітабы–2016» мерейтой­лық шығарылымының иегері.

Қазақстанда тұңғыш құрылған қазақ және үнді классикалық би Симбиозы  «Қазақ – Үнді ырғақтарының үндестігіне» авторлық куәлігі  бар.

2008 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақмарал Қайназарованы мәдениет қайраткері құрмет белгісімен  және медалімен марапаттады.

2015 жылдың 21 маусымында Ақмарал өзінің шәкірттерімен Бхаратанатьям үнді классикалық биімен Алматыда өткен бірінші Халықаралық йога күніне арналған ресми мерекеде өнер көрсетті. Осы жылдың 8 шіл­десінде Бхаратанатьям үнді класикалық биімен Қазақстан Республикасының Прези­денті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа және елімізге ресми іссапармен келген Үндістан Республикасының Премьер-Министрі Наренд­ра Моди мырзаларға үлкен құрметпен өз өнерін көрсетті.

Ақмарал Қайназарова Орталықтың студенттерімен, 2015 жылдың караша  айында   Польша  мемлекетінің «Таланттар калейдос­копы» атты Халықаралық  байқауда өнер көрсетті. Бірауыздан қазылар алқасының шеші­мімен Гран-при кубогі «Алматы – Қазақстан, Үнді классикалық би орталығына» табыс етілді.

Осы орайда айта кетейік, «Алматы – Қазақстан, Үнді классикалық би орталығы» өз жұмысын 2006 жылы 1 наурызда бастаған. Бұл Қазақстан мен Орта Азиядағы тұңғыш осындай орталық, халықаралық деңгейдегі және дәрежедегі коммерциялық емес мекеме. Орталық жұмысының мақсаты – адамның табиғи және рухани дүниесін дамыту, жеке адамның шығармашылық әлеуетін ашу және бірегей үнді классикалық биі арқылы организмді сауықтыру. Асқақ элиталық өнер арқылы түрлі ұлт өкілдерінің арасында өзара түсіністік пен келісім орнату, үндінің классикалық Бхаратанатьям биі, Катхак, үндінің халықтық және қазақ билерін терең зерделеу. Қазақстан мен Үндістан арасындағы мәдени байланыстарды нығайту, екі ел мәдениетінің тарихи сабақтастығы мен өзара байланысын сезіну.

2015 жылдың 15 желтоқсанында Қазақстанның Тәуелсіздік күні қарсаңында өзінің 23 жыл хореография өнеріндегі жемісті жұмысы және Қазақстан мен Үндістан арасындағы достықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің қолы қойылған  «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен  марапатталды. 2016 жылдың қарашасында Ақмарал Kaйназарова  әйел-аналардың  қайырымдылық іс-мәртебесі мен әлеуметтік рөлін биіктету жолында қосқан үлесі үшін  «Мама»  Халықаралық  қоғамдық қайырымдылық қауымдастығынан алтын дипломымен марапатталды.

«Алматы – Қазақстан, Үнді классикалық би орталығы» Қазақстан мен Үндістан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнауына 25 жыл толуына орай 2017 жылы екі елде наурызда қатарынан бірнеше концерттік бағдарламасын  өткізді. Ал 21 маусымда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекет­тік университетінің спорт кешенінде ІІІ Халықаралық йога күніне арналған Үндістан үкіметінің хаттамасына сәйкес, йога  ілімінің  көрсетілімі және ұжымдық  тәжірибесі өткізілді. Сол жылдың 19 қыркүйек – 2 қазан аралығында Сан-Франциско қаласында Кали­форния интегралдық зерттеу университетінің шақыруымен Ақмарал Қайназарова дәріс-демонстрациясын өткізді.

Екі елдің арасын жалғап жүрген бишімізге тек сәттіліктер серік болсын дейміз.

 

Н.ӘЛІШЕВА.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *