ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНЫҢ ТАРИХЫН ТАНУ ТЕРЕҢ ТАЛҒАМДЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

34Биылғы жылы Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толды. Осынау айтулы мерейтойға мемлекет, түрлі қоғамдық ұйымдар, тарихшы-әдебиетші ғалымдар мен мамандар және жекелеген азаматтар тарапынан көптеген игілікті іс-шаралар атқарылды.

Елдордамыз Астанада Елбасымыз Н.Назарбаевтың қатынасуымен салтанатты жиын өтті. Мерейтойдың танымдық жалғасы мен қорытындысы Керей мен Жәнібек ту тігіп, елдігіміздің іргесін қалаған тарихи Тараз жерінде болмақ.

Мұның бәрі де елдігімізді өзге жұртқа танытуға, біздің түп-тамырымыздың тереңде жатқанын аңғартуға, елдің ертеңгі иесі өскелең ұрпақты осынау ұлан-ғайыр атамекенді аттың жалында, түйенің қомында жүріп, ақ білектің күшімен, көк найзаның ұшымен қорғап, бізге аманаттап қалдырған ата-бабаларымыздың ерлік өнегесімен тәрбиелеуге ықпал етері хақ.

Осы орайда біз, «Қазақ мемлекеті тарихына көзқарас» деген сүбелі еңбек жазып, ел мерейін асыратын ортақ іске өзінің азаматтық, перзенттік үлесін қосқан көрнекті қаламгер, тарихшы Бейбіт Орынбекұлы Қойшыбаевпен әңгімелесіп, тақырыпқа қатысты ой бөліскен едік.

– Беке, Қазақ хандығының тарихына неліктен ден қойып, қалам тарттыңыз?  Мерейтойға деген ықылас әсер етті ме, әлде қандай да бір мемле­кеттік не қоғамдық ұйым тарапынан тапсырыс, ұсыныс болды ма?

– Жоқ, ешкімнен ешқандай да арнайы тапсырыс-ұсыныс  бола қойған жоқ. Дегенмен, «мерейтойға деген ықылас әсер етті» деуге болатын шығар. Екінші жағынан, мемлекеттің Қазақ хандығын тұңғыш рет ресми түрде ашық мойын­дап, оның құрылғанына 550 жыл толуын мерекелеу жайындағы шешімі  шығармашылық тұрғыда ой салып, түрткі болды деуге болады.

Жалпы, тарихпен тәрбиелеу, тарихты отан­шылдық сезімді ұштау ісіне пайдалану мәселесі мені көптен толғандыратын. Мәселен, 1980 – 1982 жылдары «Білім және еңбек» журналында «Қазақстанның Россияға өз еркімен қосылғанына – 250 жыл» дегенді бетке ұстап, сол кездегі саясаттың ыңғайымен өткен ғасырлардағы орыс-қазақ қатынастарына, Әбілқайыр ханға, Абылай ханға қатысты ғылыми-танымдық мақалалар жариялағанбыз. Мұнымыз таяз ойлы басшыларға, тоталитаристік қоғамның асыра сілтейтін қолшоқ­парларына жақпай, оң ниетіміз теріс бағаланып, мені Бас редактор қызметінен алуға себеп болған еді.

Беріректе саяси жағдай өзгерді, 90-жылы Тәуелсіздік туралы Декларация қабылданды.  Жазушылар одағына хатшылыққа сайлануыма байланысты, қаламгерлердің сол таңдағы басты парызы жайында өз түсінігімнің ыңғайымен 91-жылғы күзде әдеби газетке мақала бердім. Егеменді, тәуелсіз мемлекет болу жолына түскен республи­камыздың болашағын баянды етуге атсалысу үшін  ертең егемендік тұтқасын ұстамақ бүгінгі жас азаматтарымызды тәрбиелей­тін пәрменді көркем­сөзге кең жол аша беру қажеттігін айттым. Кіші буын бойында көпұлт өкілдерінен құралған  халқымыздың бірлігін, теңдігін, достығын сақтау идеяларына адалдық рухын қалыптастыруда тарих тағлымымен тәрбиелеудің маңызы зор екенін және оған қызмет ететін жәйттардың жүріп өткен жолымызда баршылық екенін  еске салдым. Бірін-бірі алмас­тырған империялар ыдырап біткен соң, халқымыздың тарих сахнасына өзінің Қазақ  атын иемденіп ХV ғасырда шыққан тұңғыш дербес, тәуелсіз мемлекеті шаңырақ көтергенін айрықша атап, насихаттайтын шақтың  туғанын айттым. Сон­дықтан Қазақ мемлекетінің құрылғанына 530 жыл толатын  мерекені атап өтуді насихаттық тұр­ғыдан қамтамасыз етуге творчестволық одақтарды, шығармашыл күштерді жұмылдыруға шақырдым. Мұны атқара алсақ, жас ұрпаққа азаматтық көзқарас пен патриоттық сезім телитін тәрбиелік мәні зор көркем-танымды шығармалар қатарының көбеюіне жол ашылады дедім.  Басқа да өзекті мәселелер қамтылды.

Бұл мақаламды оқыған одақтың сол кездегі  бірінші басшысы Қалдарбек Найманбаев маған ризашылығын білдіріп: «Айтып отырғандарың Жазушылар одағы үшін нағыз бағдарлама ғой, осындай бағытпен жұмыс  етуіміз керек», — дегені бар. Өкінішке қарай, олай ете алмадық.

Әйтсе де тарихи тақырыптағы шығармашылық ізденістерімді жалғастыра бердім, 2011 жылы баспасөз бетінде «Қазақ мемлекеттігіне – 555 жыл» деген зерттеу мақалам жарық көрді.  Былайша айт­қанда,  қазіргі аталып жатқан мерейтойға осын­дай ішкі дайындықтармен келдім. Сөйтіп жүргенде Елбасының  Қазақ хандығының  550 жылдығын 2015 жылы тойлау жөнінде арнайы шешімі шықты. Бұл баршаға үлкен серпіліс беріп, ұмтылыс тудырды. Сөз болып отырған тақырыпқа қатысты  «Алматы ақшамында» да  мақалам берілді. Сайып келгенде, осының бәрі қазақ қоғамы­ның тарихы жайындағы оқып-білгенім мен ойға түйгендерімді жинақтап, кітап етіп шығаруға жетеледі.

– Мұндай күрделі еңбекті жазу барысында қандай дерек-мәліметтерге сүйендіңіз?

– Аты айтып тұрғандай, «Қазақ мемлекеті тарихына көзқарас» деген еңбегім бар болғаны – Қазақ мемлекеті тарихына менің жеке көзқарасым, оны соншалықты терең ғылыми жұмыс деудің қисыны келмес, әйтсе де айналымда бар ғылыми деректерге сүйенгенім хақ. Тек соларды жаңаша қорытып, бұрынғы шарттылықтардан азат тұрғыда пайымдадым деуіме болады. Белгілі ғалымдардың аталмыш  мәселеге қатысты еңбектерін, мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы өмірге әкелген тарихи құжаттар жинақтарын пайдаландым.

Менің бір қуанатыным,  үкімет тарапынан Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтудің қолға алынуы ертеден-ақ қалыптасқан елдігіміз бен мемлекеттігіміздің шежіресін түгендеуге, тың ізденістер мен зерттеулерге бұрынғыдан да зор ықпал етті.

Осының арқасында ғалымдарымыз Қытай, Моңғолия, Үндістан және Иран мұрағаттарынан қазақтың көне тарихына қатысты бұған дейін белгісіз болып келген жаңа деректер тауып әкелді. Соның бір мысалы ретінде еске алайық, жақында БАҚ құралдарында шығыстанушы ғалым Ғалия Қамбарбекованың  Иран мұрағатынан Парсы билеу­шісі ІІ Аббас шахтың  Тәуке ханға жазған жауап хатының көшірмесін алып  келгені туралы жазылды.

Ден қойып зерттесек, басқа мұрағаттардан да құнды деректер мен мәліметтер табылуы ықтимал.

– Сіздің ойыңызша, не себепті Қазақ ханды­ғының құрылған  жылы туралы әрқилы пікірлер айтылады? Мұнда қандай да бір бұлтартпайтындай нақты дәлел жоқ па?

– Қазір ғалымдар да, билік те ортақ бір датаға тоқтады емес пе. Осы күндері Қазақ хандығының тарих сахнасына шыққан уақыты ретінде 1465 жылды мойындап, мемлекеттілігіміздің 550 жылдығын мерекелеудеміз ғой. Бұл дата атақты тарихшы, әдебиетші Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» («Рашид тарихы») атты әйгілі еңбегіне сүйеніп белгіленген. Ол 15-ғасырдың соңында өмірге келіп, 16-ғасырдың ортасында дүние салған.

Текті әулет өкілі. Ата-бабалары сол орта ғасырларда Моғолстан мемлекеті құрамында болған қазіргі Қазақстанның оңтүстік-шығысы, Қырғызстан, Шығыс Түркістан аумақтарында билік құрған. Өзі Моғолстанның билеушісі Саид ханмен және Үндістанды билеген Ұлы Моғолдар әулетінің негізін салған Бабырмен бөле болған­дықтан, тиісінше, солар басқарған өлкелерде әскери жорықтарға да, ел билеу істеріне де араласып отырған. Заманына сай білім алып, оқыған, аймақтағы сарайларда сақталған құжаттарды, қатынас қағаздарын, бұрынғы-соңғы әміршілердің  тауарихтарын, хаттарын, естеліктерін оқып танысып, өз көзі көрген саяси, мәдени, әлеуметтік жағдайларды, тарихи  оқиғаларды терең талдай білген.

Саид ханның мұрагері Рашид сұлтанды тәрбиелеген­діктен, өзінің 1541 – 1546 жж. Кашмирде жазған атақты тарихи еңбегін соның құрметіне «Тарих-и Рашиди» деп атаған. Онда Шағатай әулетінен шыққан хандар тарихы толықтай  жазылған. Бізді қызықтыратын мәліметтер еңбектің Моғолстан билеушілерінің Шағатай әулетімен және қазақ хандарымен қарым-қатынасы айтылатын бөлігінде берілген. Осында Дулати қазақ сұлтандарының билігі басталған дәуірдің басын хиджраның 870-жылы деп  санау жөн болмағын  атап көрсеткен. Бұл қазіргі жыл санақпен 1465 жылға сай келеді. Сондықтан бірден-бір сүйенетін және біздің заманымызға жеткен жалғыз дереккөзі осы болғандықтан, қазақ  мемлекетінің туған жылын  1465 жыл деп тану  орынды деп ойлаймыз.

Ал дербес бірлік құрудың бастауы болған 1456 жылды  Мұхаммед Хайдар Жәнібек пен Керейдің Әбілқайырдан «Моғолстанға қашқан» уақыты ретінде көрсеткен. Олар, әрине, Моғолстан билеушісі Есен-Бұға хан бөліп берген аймаққа қарамағындағы халқымен кетті, сөйтіп, ұзамай жаңа сапаға ауысатын хандықтың негізін қалады. Рас, қазіргі қазақ тарихшыларының ішінде олардың Әбіл­қайырдан бөлінуін 1457 жыл деп санайтындар да кездеседі. Меніңше, мұны соншалықты  дұрыс деу қиын. Өйткені, сол 1457 жылы Әбілқайыр хандығын жоңғарлар шапқан. Олар Сыр бойымен жылжып, Сығанаққа дейін ұрыс салды. Бұдан  Әбілқайыр хан қатты жеңіліске ұшырап, зардап шекті. Алайда, сол шапқыншылық кезінде  Жәнібек пен Керей  аталған аумақта болған жоқ, себебі, олар соның қарсаңында, 1456 жылы  Сырдан Шу бойына қоныс аударған еді. Осындай пайым қисынды және    көңілге  қонымды көрінеді.

– Керей мен Жәнібектің Әбілқайырдан бөлініп кеткендегі мақсаттары өз алдарына хандық құрып, елге билік ету болды ма, немесе басқадай себептері бар ма еді?

– Керей мен Жәнібектің Әбілқайырдан неге бөлініп кеткенінің шет-жағасы әлгінде айтылды ғой. Соны шамалы ашыңқырап қарайық. Бұлардың үшеуі де Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының тұқымдары. Жошы ұлысының жерін Батыс Еуропаға қарай ұлғайтқаннан кейін, Шыңғыстың немересі, Жошының баласы Бату хан өзінің бірге туған бауырларына, солардың ішінде Орда-Ежен мен Шайбанға Алтын Орда иелігінен ұлыстар бөліп берген. Бұл 13-ғасыр. Сонда ол түбі өзінің ұрпақтарының  иелік үшін бір-бірімен жауласатынын болжай алған жоқ. Ақ Орда екі ғасырдай Орда-Ежен әулетінің билігінде болды.  15-ғасырда, Орда-Ежен ұрпағы Орыс ханның немересі Барақ хан қаза тапқаннан кейін, 1428 жылы билікке Шайбан әулетінен Әбілқайыр келді. Сол шақта Ақ Ордадан Ноғай Ордасы бөлініп кетті. Сыр бойындағы Орда-Ежен ұрпақтары да (Керей мен Жәнібек сұлтандар) одан біршама тәуелсіз түрде өз иеліктерін өздері билеп, тыныш өмір сүріп жатты. Бірақ та таққа Сібірдегі Тура қаласында отырған Әбілқайыр хан біртіндеп күшіне еніп, ат басын Сыр бойына бұрды да, 1446 жылы Сығанақты алды, астанасын сонда көшірді. Сосын Орта Азия қалаларын шапты, өз билігін оңтүстік өңірге ор­натуға күш салды. Нәтижесінде Әбілқайыр ханды­ғыны­ң иелігі батыста Жайық өзенінен шы­ғыс­тағы Балқаш көліне дейін, оңтүс­тігінде Сырдың төменгі ағысы мен Арал теңізіне дейін, солтүстігінде Тобыл өзенінің орта ағысы мен Ертіске дейінгі аралықты қамтыды. Бірақ, оның әре­кетіне Орда-Ежен әулетінің сұлтандары наразы­лық білдірді.  Керей мен Жәні­бек осы алып аумақтың Қазақ хандығы аталуына, сөйтіп тарих сахна­сына жаңа сапаға ауысып шығуына негіз салды. Әуелде әулетаралық келіс­пеу­шілік түрткі болғандай көрін­генмен, бұл екі сұлтан қазақ­тың ұлттық мемлекетін құруға апарған тарихи тұрғыдан әділетті және дұрыс қадам жасаған деп бағалаған жөн.

– Жалпы, қазақ хандары­ның ішінен «шынайы халықтың, елдің мүддесіне қызмет етті, прогрес­сивтік рөл атқарды» деп, кімдерді атауға болады?

– Қазақ хандарының ішінде жаңа сападағы мемлекеттіліктің бастауында тұрған Жәнібек пен Керейден бастап ел мүддесіне қызмет еткендер бірталай.

Керейұлы Бұрындық хандықтың керегесін батысқа қарай кеңейтуге күш салды,  оның билігі кезінде Ұлытау ай­ма­ғын билеп, әскербасы ретінде танылған Жәнібекұлы Қасым «Қасымханның қасқа жолы» атанған заңдар жиынтығын жасап, қазақ мемлекетін күшейтті, халық­аралық дәрежеде танытты. Ол өмірден өткеннен кейінгі хандардың оралымсыздығынан пышырап, әлсірей бастаған хандықты Ақназар қайта күшейтті. Есім «Есімханның ескі жолы» заңнамасымен ел басқару істерінде ханның билігін шектейтін, халық өкілдеріне билікті көбірек беретін реформа жасады. Тәуке хан ел ішінде  Қасым мен Есімнің заңдарын жетілдірген «Жеті жарғысымен» құрметке ие болды. Әңгіме болып отырған «Қазақ мемлекеті тарихына көзқарас» кітабында мен әз-Тәукенің сол шақтағы саяси жағдайға байланысты үш өлкеге үш хан сайлату хақындағы шешімін тағы бір кемеңгерлігінің, саяси ойы­ның кемеліне жеткендігінің, ұтымды саяси творчест­восының жарқын көрінісі ретінде атап өттім.

Сөз жоқ, қазақ тарихында елдің ішкі бірлігін нығайтып, шаруашылығын қалыптастыруда, сыртқы Ресей, Қытай және Жоңғария сияқты елдермен дипломатиялық қатынастар орнатуда Абылай ханның (1711 – 1781жж.)  сіңірген еңбегі  зор.

– Әдетте қазақ жұртында әз-Тәукенің хандық еткен кезеңін «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болды» деп айтылады. Ал, сіз кітабыңызда қазақ жұрты ондай  заманды Батыр ханның тұсында кешті депсіз?

– Тәуке хан билікке 1680 жылы келді. Тибеттегі буддашылар дінбасы Далай-Ламаның шешімімен Галдан деген есіміне Бошогту – «шапағатқа бөленген тағдыр иесі» деген мағынадағы анықтауыш қосылған Жоңғария әміршісі сол жылы қазақ еліне қарсы соғыс ашты.

Галдан Бошогту ұзақ жылдарғы тыныштықтан кейін жоңғардың қазаққа қарсы аса ауқымды соғыс қимыл­дарын жаңғыртты. Арнайы дайындықпен  жорыққа  шыққан,  бес қаруы сай жоңғарларға  қазақ жасақтары тө­теп бере алмады. Басқыншы жау Шу өзенінен өтті, Жетісу мен оңтүстік өлкеге басып кірді.  Сөйтіп, 1680 – 1684 жылдары тарихта «Сайрам соғысы» деп аталған шайқастар орын алды. Қазақ әскерінің жан аямай көрсеткен қатты қарсылығына қарамай ілгерілеп, Сайрамсу мен Ақсу өзендері аралығындағы қорғаны биік, ірі де әсем шаһарды – ислам дінін таратушылардың  уағыздары алыс 8-ғасырда-ақ айтыла бастаған, әрі керуен жолдарының  торабында жатқан сауда және қолөнер­шілердің  орталығы Сайрам қаласына басып кірді. Іргелес жатқан басқа  қалаларды да басып алды. Басқыншыларға қарсы көтерілген халықты жуасыту үшін 1684 жылы жазалаушы жасақ жіберіп, Сайрамды мүлдем қаусатты, талан-таражға түсірді, бірқатар тұрғындарын Жоңғария мен Шығыс Түркістанға айдап әкетті. Сол жылдары елге терістік-батыстағы Аюке хан басқаратын Қалмақ хандығының жасақтары шабуыл жасады. Қазақтар оған тойтарыс берді. Дегенмен, сыртқы дұшпаннан қорғану мәселесі Тәуке ханды қатты алаңдатты. Содан ол жоңғарлардың  әскери қимылдары Моңғолияға – халха бағытына ауып, жағдай біршама тыншыған шақты ұтымды пайдаланды. Елдің бірлігін, қорғаныс қабілетін арттыратын шаралар жасады. Қазақтардың «Алты-алаш» атауымен белгілі алты бөліктен тұратын федерациясын (алты алаш одағын) дүниеге әкеліп, ел бірлігінің, сырт дұшпанға жұмыла қарсы тұрудың сол шақтағы оңтайлы түрін жүзеге асырды. Федерацияға басында Төле би тұрған Ұлы жүз, Қазыбек би басқаратын Орта жүз, Әйтеке би билейтін Кіші жүз, Қоқым би қоластындағы қырғыздар, Сасық би басқаратын қарақалпақтар мен  жеке бір топ ретіндегі қият, қатаған, үз және басқалар кірді. Алты алаш одағы іс жүзінде жоңғарлардың шабуылынан қорғануды мақсат еткен қазақ, қырғыз, қарақалпақ халықтарының әскери-саяси одағы еді. Осы одақтың өкілдері – халықтың белгілі билері мен бас адамдары Тәуке хан ордасы маңындағы Күлтөбеде бас қосып,  әдет-ғұрып заңдарын жетілдіруді қолға алды. Сонау Шыңғыс ханның «Ясасынан» бастау алып, Қасым ханның «Қасқа жолымен», Есім ханның «Ескі жолымен» жалғасқан заңнамаларды жетілдірді. Ел аузында «Күлтөбеде күнде жиын» деген тіркеспен айшықталған заңгерлер құрылтайы оң нәтижесін беріп, олар жасаған «Жеті жарғы» заңдар жинағы хандықтың әлеуметтік-экономикалық тұрмыс-тіршілігін және құқықтық санасын дамытты.  Халық біраз уақыт  тату-тәтті ғұмыр кешті, хандықтың билеушісін әз-Тәуке деп атады. Осы кез халық жадында одан бұрынғы ондаған жылдар бойы орын алған бейбіт кезеңмен астасып, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман атауымен сақталды ма деп ойлаймын. Іс жүзінде ешбір елеулі қақтығыс болмай, ел-жұрт мамыражай өмір кешкен шақ Тәуке ханға дейінгі отыз шақты жыл ішінде орын алып тұрған еді. Нағыз «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман деп сол кезең айтылса керек.  1635 жылы «Төрт ойрат одағы» (Жоңғар хан­дығы) құрылғаннан бастап қазақ жері үздіксіз шапқыншылық өтінде қалғанда ұдайы  қорғаныс ісін ұйымдастырған, жоңғарлардың жойқын жорықтары төндірген қатерден  қазақ мемлекеттігін жойылудан аман сақтап қалған Салқам Жәңгір 1652 жылғы cоғыста Галдамба нойонмен жекпе-жек шайқасып қаза тапқаннан кейінгі жылдары едәуір уақыт бойы тыныштық орнаған. Бұған Жәңгір хан өмірден өткен жылы  Жоңғар хандығының әміршісі Ердени Батыр қонтайшының да дүние салуы себеп болды. Содан олар ішкі шаруаларына алаңдады да, тиісінше, Қазақ хандығында жағдай біршама тұрақтанды. Майдан даласында қаза тапқан Салқам Жәңгір аруағына тиісті құрмет көрсетіліп, Қожа Ахмет Йассауи мазары кешеніндегі ата-бабалары жанына – өзіндік қазақ хандары пантеонына жерленді. Қазақ елі басшылығына 16-ғасырдағы «Есім ханның ескі жолы» белгілеген меритократиялық тәртіпке сәйкес, мұрагерлік жолмен емес, сұлтандар арасынан халық алдындағы беделіне орай лайықты тұлға таңдалып,  жаңа хан сайланды. Таққа отырған – Батыр сұлтан болатын. Салқам Жәңгір құзырындағы әскери қызметімен, ерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, ұстамды ақылымен көзге түсіп, ел аузына ілігіп жүрген сұлтан. Батыр хан жиырма сегіз жыл хан тағында отырды. Бұл кезеңде дәстүрлі экономикасын, көрші елдермен сауда-саттығын, мәдени тыныс-тіршілігін дамытып, ел іші белгілі бір дәрежеде тыныш заманды бастан кешті. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, ішкі жағдайларына байланысты жоңғар­лар тарапынан қазақ еліне елеулі қатер төндірерліктей шапқыншылық жасалған жоқ. Батыр хан  да Жәнібек ханның ұрпағы болатын. Жәнібек ханның кіші ұлы Өсеке сұлтаннан тараған буын өкілі, Бөлекей сұлтанның ұлы еді. Араға жарты ғасырдан астам уақыт салып, Өсеке тарма­ғына жататын,  Бөлекейден тараған тағы бір кезекті жошылық Әбілқайыр сұлтан да хан болды. Ол Шыңғыс – Жошы әулеті ішіндегі хан тағына отырған  екінші Әбілқайыр-тын, сондықтан, тарихта «Көшпенді өзбек хандығы», «Әбілқайыр хандығы» аталған 15-ғасырдағы мемлекеттік құрылым әміршісін І Әбілқайыр, ал 18-ғасыр­да тарихи аренада қазақ атымен әрекет еткен мемлекеттік бірлестік қайраткерін ІІ Әбілқайыр деу орынды.

– Осы  Әбілхайыр ханның тарихымыздағы қызметі мен рөлін әлі күнге сыңаржақты түсіну бар сияқты. Ең бастысы, «Әбілқайыр мен Әбілмәмбет халықтың мүддесін тәрік етіп, Аңырақай шайқасын тастап кетіп қалды» деп айыптайды. Осы жөнінде не айтар едіңіз?

– Өкінішке қарай, осындай түсінік әзірге ресми тарих бетінде түзетіле қойған жоқ. Өйткені беделді тарихшы­ларымыздың бірқатары кейінгі ширек ғасыр ішінде туып, тың пікірлер тұжырымдаған соны зерттеулерді елегісі келмей, Әбілқайыр ханның тарихымыздағы қызметі мен рөлін расында да біржақты түсінуден әлі күнге арыла алмай келеді.  Ондай пікірдегілер ескі, патшалық пен кеңестік дәуірлерде қалыптасқан еуроцентристік көзқарас шырмауынан шыға алмай жүрген тәрізді. Ал, бұрынғы жаттандылықтан басқаша, тың да жаңаша көзқарастағы  ғылыми еңбектерде Әбілқайырдың 1719 жылдан қазақтың аға ханы болғаны, ел басына ауыр күн туған «ақтабан шұбырындыдан» кейін  тез ес жиып, халықты жоңғар бас­қын­шыларына қарсы Отан соғысын ашуға ұйымдастырып, жұмылдырғаны туралы айтылады. Ол аға хан ретінде 1726 жылы Ордабасы құрылтайын шақырды, сонда біріккен қазақ әскерінің бас қолбасшысы болып сайланды. Бас  қолбасшы лауазымымен Отан соғысындағы ірі жеңістерді басқарды. Аңырақай шайқасын жеңісті шыңына жеткізді. Жоңғар қонтайшысымен бітім жасасып, терістіктегі қалмақ, башқұрт, казачество төндірген қауіп-қатердің алдын алуға аттанды. Әдетте «халық өкілдері оны емес, Тәукеұлы Болатты таңдады, сонда Әбілқайыр өзін – бас қолбасшыны – хан сайламағандықтан өкпелеп, Аңырақай майданын  тастап кетті» делінеді. Шындығында, Аңырақай шайқасынан кейін ешқандай да хан сайлауы болған жоқ, ондай шараның жүргізілуі мүмкін де емес-тін, себебі ондай қажеттілік тумаған еді. Әбілқайыр баһадүр қазақ әскер­лерінің бас қолбасшы ғана емес, қазақтың аға ханы да болатын. Ал Орта жүздің ханы атанған  Болат  жоңғар­лардың қанқұйлы шапқыншылығы бастарлардан бұрын қайтыс болған…

Әбілқайыр ханды «қазақты орыс бодандығына байлап берді» деу де негізсіз. Оған ғылыми айналымда  бар бірқатар құжаттар мен деректер арқылы көз жеткізуге болады. Мен осы «Қазақ мемлекеті тарихына көзқараста» сондай талпыныс жасап көрдім. Қысқаша айтсақ, Әбілқайыр хан ірі саясаткер ретінде, Ресей протекциясын қабылдауды құп көрді. Ырғыздағы жазғы ордасында 1730 жылғы 10 қазанда орыс патшайымы елшісі Тевкелевтің қатысуымен өткен халық өкілдері жиналысында бұл таңдауының себебін ашық мәлімдеді: ол сыртқы дұшпандарға жем бола бермес үшін, күшті мемлекеттің қорғауына арқа сүйеу арқылы, жүз-жүзге, ру-руға бөлініп бытырап жатқан елін біріктіріп, басқару аппараты, тұрақты күштік құрылымы бар, бір орталыққа бағынатын біртұтас хандық құрмақ ойын айтты. Алайда, ханды элитаның бірқатары қолдамады, себебі Әбілқайырдың жоспары – барша билікті бір адамның қолына шоғырландыру әдісі – оларды секем алдырды. Басқарушы элитаға  сөзін жүре тыңдауға болатын аға хан керек-тін. Егер орталықтандырылған күшті мемлекет құры­лар болса, онда олар өз аймақтарындағы дербес билік­терінен айрылып қалатын еді. Сондықтан да ықпалды бас адамдар Ресей қамқорлығын мойындаудан бас тартып, «Әбілқайыр хан халық өкілдерімен кеңеспей, бір өзі хан болғысы келіп, орысқа бодан болды» деген қауесет таратты, оның ұшығы біздің заманға да келіп жетті. Сөйтіп, алға қойған мақсаты айқын протекторат басшысының маңына топтасудан гөрі,  саяси ойы жетілмеген ақсүйектер мен шонжарлардың талайы өз пиғыл-әрекеттерінің қайда апарарына мән бермей, орыс патшалығы бодандығына Әбілқайырдан тыс, сепараттық жолмен тікелей өтуге тырысты. Патша үкіметіне де керегі сол еді. Соның сал­дары­нан Әбілқайыр армандаған мықты хандық құрылмады. Орыс әкімшілігінің аярлығын ұққан хан Ресей қалаларын шапты, сауда жолдарын бөгеді, «орыс хал­қының жауы», Орынбор өлке­сінің қожайыны «Неплюев­тің жеке дұшпаны» болып шыға келді. 1748 жылы Сыртқы істер алқасынан келген Тевкелев Әбіл­қайыр мен  Неплюевті татулас­тырды. Әбіл­қайыр өзінің қазақ­тың аға ханы лауазымын орыс үкіметінің мойындауын және протекто­раттыққа көнген­дегі көзде­геніне – бір орталықтан­ды­рылған хандықты құруына үкі­меттің жәрдемдесуі қа­жеттігін талап етіп, мәселені төтесінен қойды. Оны Тевке­лев қолдады, қазақ елін хандықтың билеушісі Әбіл­қайыр хан арқылы басқару­дың дұрыс болатынын айтты, сол пікірін патшайымға жеткізбекке ұм­тылды. Сон­дықтан, хан өз тала­бына орай аса жоғары пәрмен берілуін  күтіп жүрді.  Алайда арада бір ай өткенде, Неплюевтің айдап салуымен Барақ сұлтан 1748 жылғы 1 тамызда Әбілқайыр ханды өлтірді.  Сөйтіп, Әбіл­қайыр­­дың біртұтас қазақ мем­лекетін құру жоспары  құрдымға кетті…

– Зерттеу барысында сіз Алашахан және Хақназархан туралы қандай деректер кездес­тірдіңіз?  Мұны сұрап отырған себебім, Алаш зия­лысы, заңгер Жақып Ақбаев­тың (1876 – 1934)  «Қазақтың шығу тегі туралы» деген зерттеу еңбегінде: «Алаша­хан дегеніміз, Хақназархан, ол өзінің іскерлігімен, әділ билігімен халыққа жағып, ұнағандықтан бүкіл алаштың ханы – Алашахан атағына ие болды» деген болжам айтылады. Осының қисыны бар ма?

– Бұл болжамның  қисыны жоқ. Хақназар (Ақназар) хан 16-ғасырда өмір сүрген тұлға. Атақты Қасым ханның ұлы. Билікке 1528 жылы келіп, тақта қырық екі жыл отырды. Ол өз кезінде қазақ мемлекетінің құтқарушысы болды. Өзіне дейін хандар жіберген кемшіліктердің кесірінен бөлшектенген мемлекеттің тұтастануына қол жеткізді. Ел аумағын әкесі Қасым хан патшалық құрған замандағы қалпына келтіруге күш салды. Бұл ойын біршама  орындай алды да. Іскерлігімен, әділ билігімен халыққа жаққандықтан да, бәлкім, оған бүкіл алаштың ханы, «Алашахан» деген атақты берсе берген де шығар, бірақ екеуін бір адам деп санау орынсыз. Алашахан ертерек пайда болып, есімі әлдеқашан аңызға айналып кеткен. Ол жайында мәлімет жоқтың қасы, өмір сүрген кезеңі ғылымда әлі нақтыланып дәлелденбеген. Айтылып жүрген аңыздарға жүгінсек,  оны Алты Алаштың ортақ атасы, әрі қазақтың балама атауы деседі. Оның есімін көшпелі түркілерді біріктіріп, тұңғыш мемлекетін құрған ұлы қайраткер ретінде де дәріптейді. Шынтуайтында, Алаша ханның нақты қай кезеңде өмір сүргендігі белгісіз. Оны Шыңғыс ханмен астастырып та қарайды. Ондай жағдайда Ұлытаудағы Алаша хан мазарын 13-ғасырда дүниеден көшкен Шыңғыстікі деуге болар еді, алайда сәулетшілер кесененің салынған уақытын 10-11-ғасырларға жатқызады…

– Абылайханның қалмақтардың қолына тұтқынға түсу жайын ашып айта аласыз ба? Атажауымыз болған қалмақтар оны қалайша оп-оңай босатып жібере салды? Оның Аюкенің жесірі Дарма Балаға жазған хатында: «Галдан Церен мені ұлындай көрді» деуін қалай түсінуге болады?

– 18-ғасырдың 40-жылдарына қарай қазақ-жоңғар қатынасы қайтадан шиеленісе түсті. Оның басты себебі, Галдан Цереннің моңғол тектес халықтарды өз туы астына біріктіру үміті үзілгенінде жатқан болатын. Күш-қуаты зор Қытай империясы халкаларды өзіне қосып, Тибет пен Кукунор ойраттарын да жаулап алған. Сондықтан да жоңғарлар енді қазақ елін бағындыруды басты саясаты еткен болатын. 1741 жылғы қыста 30 – 35 мыңдық жоңғар әскері Орта жүз мекендейтін аумаққа басып кірді. Сұрапыл шайқастардың бірінде олар Есіл өзенінде қарсылық ұйымдастырған көрнекті әскербасы Абылай сұлтанды тұтқынға түсіріп, Жоңғарияға әкетті. Ондағы мақсаттары осынау өте ықпалды тұлғаны өз жағына қаратып алу болса керек. Өйткені, сондағы шапқын­шылығы барысында жүргізген бірнеше қаһарлы әскери қимылдарымен қорқыта келе, сол 1741 жылдың аяғында қазақ хандары мен сұлтандарынан Галдан Церен Қазақ хандығын  Жоңғарияның саяси протектораты деп мойындауды талап етті. Оған көнген Орта жүз ханы Әбілмәмбет және Батыр мен Барақ сұлтандар жоңғар астанасына аманаттарын жіберіп жатты. Олардың мұны­сына қатты намыстанған аға хан Әбілқайыр сюзеренінен әскери көмек сұрайды. Ойы – біріншіден, Галдан Цереннің талабын орындауға бекіген үшеуді ауыздықтау, екіншіден, қазақтардың жоңғар қоластына өту қаупін жою, үшінші­ден, оңтүстіктегі қазақ қалаларын қайтадан өзіне бағын­дыру болатын. Алайда, патша үкіметі бір орталықтан­дырылған хандықтың құрылуына ешқашан жол бермек емес-тін, сол себепті Әбілқайыр ханды қолдамайды. Екінші жағынан, қазақ элитасының жоңғарларға тым бейімделіп бара жатқанынан да қауіптенеді. Ақыры, 1742 жылы күзге салым үш жүздің 155 өкілін және ордасындағы жоңғар, қарақалпақ елшілерін ерткен Әбілқайыр ханмен Ор қаласында өлке әкімшілігін басқаруға жаңадан келген генерал Неплюев кездеседі. Қазақ-ойрат қатынастарының күрделі жақтары жайында пікір алмаса келе, патша генералы Жоңғарияға арнайы елші жібермек ойын аян етеді. Сонда Әбілқайыр хан жоңғар тұтқынындағы Абылай сұлтанды босату мәселесін көтереді. Неплюев жасақтаған майор Миллердің экспедициясына жолбасшылыққа  баласы Ералыны қосып, қазақ ішіндегі тұтқын ойраттарды Абылайға алмастыру үшін жинап береді. Миллер елшілігі өзінің дипломатиялық сапары нәтижесінде қазақ-жоңғар шекарасындағы әскери-саяси ахуалдың біршама ретке келуіне және, ең бастысы, әйгілі төре, әскербасы  Абылай сұлтанның тұтқыннан азат етілуіне қол жеткізді. Бұған қазақ батырлары мен бас адамдары ризашылық білдірді, сол оқиғаға байланысты олардың көз алдында Ресейдің беделі едәуір өсті. Абылайдың өзі де елге оралған бетте Әбілмәмбет ханға жазған хатында оған шарасыздық көрсеткені үшін ренішін білдіре отырып, өзінің азат болуын жоңғар еліне майор Миллердің елшілігі баруымен байланыстырды. Оның Дарма Балаға: «Галдан Церен мені ұлындай көрді» деп жазуында шындық бар, өйткені, ол тұтқындағы кезінде жоңғар билеушілерімен жақсы қарым-қатынас орнатуға тырысқан. Жиі-жиі қонтайшының  қонағы  болып, келелі кеңес пен әңгіме құрды. Сондай-ақ, Галдан Цереннің қызына үйленген жас нойон Әмірсанамен достасты. Тұтқыннан ойрат қызына үйленіп оралды деген де дерек айтылады…

– Күні кешеге дейін, тіпті, кеңестік саясат пен идеология тұсында «Кенесары бастаған ұлт-азаттың көтеріліс – реакциялық бағытта болды» деп бағаланды. Ол жайында құнды еңбек жазған көрнекті тарихшымыз Ермұхан Бекмаханов қуғын көріп, жапа шекті. Ал, Кенесарының көтерілісті бастамас бұрын өзінің талап-тілектерін білдіріп, І Николай патшаның, Орынбор мен Сібір генерал губернаторларының атына арнайы хаттар жазғанын сіздің кітабыңыздан оқып білдік. Қалай ойлайсыз, кеңес өкіметі не себепті Кенесары-Наурызбай көтерілісін ұлт-азаттық күрес-көтеріліс  ретінде бағалағысы келмеді?

– Себебі, кеңес өкіметі іс жүзінде ұлыорыстық астам пиғылдан арылмаған,  Ресей империясының жаңа идеологиямен жарақтанған жалғасы болып шықты. Елді билеген большевиктер партиясының туын көтерушілер Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсылық көрсеткендерді ұлтшылдардың орысқа қарсылығы деп санады. Сол көзқарасты Ермұхан Бекмахановтың ғылыми-шығармашылық табыстарын көре алмай іші күйіп жүрген әсіре белсенділер  ұтымды пайдаланды. Оның «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40-жылдарында» атты ғылыми монографиясына байланысты өткен талқылауларда «Бекмаханов Кенесары ханның жеке басын дәріптеген, хан бастаған феодалдық-монархиялық қозғалысты ұлт-азаттық қозғалыс деп бұрмалаған», «кітабы тұтастай орысқа қарсы, ұлтшылдық бағытта жазылған» деген баға берді. Кеңестер Одағының партиялық  бас газеті «Правдада» сондай сипат­тағы солақай сынға тұнған «Қазақстан тарихы мәселе­лерінің маркстік-лениндік тұрғыда жазылуы үшін» атты мақала жарияланды. Мұның арты ғалымды партиядан шығаруға, ғылыми атақтарынан айыруға, жер аударуға, ақыры, жиырма бес жылға соттауға ұласты.  Рас, ұзамай Сталин дүние салып, Ермұхан Бекмаханов азаттық алды, елге оралып, ғылыми-педагогикалық қызметін жандан­дырды. Бірақ орынсыз қаралау, айдау мен азаптау,  абақты ауырпалығы талантты тарихшының өмірін ерте үзді. Бір өкініштісі, Кенесары қозғалысына теріс көзқарас күні кешеге дейін жалғасып келді. Ол талайларға зиян-залалын тигізді.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

 Әңгімелескен  – Әшірбек АМАНГЕЛДІ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *