Қазақ даласын жаяу аралап, музыкалық мұрасын зерттеген тұлға

Қазақ халқының ән мұрасын зерттеп, бүгінгі күнге жеткізуде өлшеусіз үлес қосқан орыс ғалымы Александр Затаевичтің есімін еліміз әркез ардақ тұтады. Жуырда Ұлттық кітапхананың «Өнер» бөлімі оқу залында музыка сыншысы, этнограф, композитор, Қазақстанның халық әртісі Александр Затаевичтің 150 жылдығына арналған «Халық мұрасын зерттеуші» атты тұрақты кітап көрмесінің куәгері болдық.

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Ресейдің Орлов облысында дүниеге келген Александр Викторович алғашқы музыкалық білімін Орел қаласындағы әскери гимназиядан алған. Біраз жыл бойы Варшава консерваториясы жанынан шығатын «Варшава күнделігі» атты газетте музыка рецензенті қызметін атқарып, орыс, батыс классиктерінің шығармаларын, сондай-ақ халық музыкасын насихаттаумен айналысты. 1920 жылы алғаш рет қазақтың халықтық музыкасы шығармаларымен Орынборда жүрген кезінен таныса бастайды. Сол кезеңнен бастап өзінің болашақ қызметін аспаптық мұралардың тамаша үлгілерін жинау, оны насихаттаумен тығыз байланыстырады. Ол жатақханаларды, мектептерді, құрылыстарды, орта дәрежелі оқу орындарын, казармаларды аралайды, съезге, конференцияға, кеңестерге келген қазақтардан ән жазып алады. Жайықтың бойын, Сыр, Ертіс өзендерін, Бөкей, Қарқаралы далаларын аралайды. Ықылым замандар бойы жабылып жатқан қазақтың ән қазынасын көтереді. 1920 жылғы қиын-қыстау кезеңде кездескен көлік атаулымен, болмаса, жаяу-жалпы аралап, халқымыздың ән-күйлерін музыка белгілерімен (нотамен) хатқа түсірген. Халықтың кәсіби әнші-күйшілерінің шығармашылық қызметін, олардың орындаушылық шеберліктерінің сырын ашып, өте құнды мағлұматтар жинады. Ақан сері, Біржан сал, Абай, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Құрманғазы, Мұхит, Дәулеткерей, Тәттімбет, өзге де халық композитор­ларының шығармаларын алғаш рет жарыққа шығарды. Ұлттық дәстүрлерді сақтаушылар мен дамытушылар жайында қайталанбас деректер жазып қалдырды. Этнографтың «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 500 ән-күйі», «Песни разных народов», жарияланбаған «Қазақ музыкасының 3-томы» деп аталатын жинақтарында қазақ халқының классикалық ән-күйлерінің үлгілері айрықша орын алған. Еңбектері арқылы қазақ музыкасы дүние жүзіне тарады. Жинақтары қазақ халқының кәсіби музыкасының дамуына зор ықпал етті. Аталған жинақтардағы ән мен күйлер қазақтың кәсіби музы­калық жанрлары – опералық, симфониялық, камералық шығармаларында кеңінен пайдаланылды. Осы жинақтардағы ән-күйлерді қазақ ком­позиторларымен бірге С.Прокофьев, Н.Мясковский, М.Ипполитов-Иванов сынды орыс композиторлары да өз шығармаларында пайдаланды. 1925–1927 жылдары фортепьянолық пьесалар циклін жазды. Соның нәтижесінде «Халық тақырыбына жазылған миниатюралары», «Қазақтың халық әндері тақырыбы бойынша фортепьяноға арналған пьесалары» жарық көрді. 1954 жылы Мәскеудегі қабіріне музыкант-этнографтың бейнесі мен  домбыраның суреті бар ескерткіш орнатылған.

Ұлы ғалымның кітап көрмесіне Ұлттық кітапхана қорынан Александр Затаевичтің өмірі мен шығармашылығы туралы мол материалдар жинағы ұсынылған.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *