АУЫРМАЙТЫН ЖОЛ ІЗДЕГЕНІҢІЗ АБЗАЛ

222Скрининг – ауру түрлерін, оның пайда болу факторларын  анық­тауға және ауруды бас­тапқы кезеңде ауыздықтау үшін белгілі бір жас мөлшердегі адамдарға жүргізілетін профилактикалық  медициналық тексеру. Бұл тексеру ем-дом шараларын тиімді етіп, ауруды асқын­дырмауға мүмкіндік береді. Қазақстанда скринингтік тексерулер «Сала­матты Қа­зақстан» бағдарламасы аясында жыл сайынғы міндетті профилактикалық тек­серіс ретінде бекітілген. Медициналық қыз­меттің бұл түрі кепілдендірілген тегін меди­циналық жәрдем көлемі аясында жүргі­зіледі.

Алайда, мемлекеттен ұсынылатын тегін медициналық жәрдемді халық қаншалықты пайдалануда? Жуырда Алматы қаласында өткен «2013 жыл қорытындысы бойынша скринингтік тексерулердің мониторингі және алғашқы медициналық көмек көрсету деңгейіндегі профилактикалық қызметтің жетілдірілу алгоритмдері» атты республи­калық семинар-жиында ақ халаттылар осы мәселені жан-жақты талқылап, ұсыныс­тарын ортаға салды. Семинарға ҚР ден­сау­лық сақтау министрінің кеңесшісі Раушан Қабыкенова, Алматы облысы Денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Маралбек Мейір­беков, Медициналық көмекті ұйым­дастыру басқар­масының директоры Ажар Төлеғалиева, Салауатты өмір салтын қа­лып­тастыру проб­лемалары ұлттық орта­лығының директоры Жәмилә Баттақова және тағы да басқа республика көлеміндегі емдеу-сауықтыру мекемелерінің қызмет­керлері қатысты.

Дәрігерлер халықтың скринингке, яғни, қарапайым тексерілуге келмейтінін жиі айтады. Оның себебі ретінде тұрғындар жұмысбас­тылықты сылтау ететін көрінеді. Ресми деректерге сүйенсек, соңғы жылда қан айналым жүйесінің түрлі аурулары бойынша 25-40 жас аралығындағы тексеру­ден өткен ерлер мен әйелдердің 93,43%-ы дәрігерлердің «Д» тіркеуіне алынса, қалған 8,3%-ынан аурудың белгілері анықталған. 2012 жылмен жылмен салыстыр­ғанда бұл көрсеткіш 7%-ға көтерілген. ҚР денсаулық сақтау министрі кеңесшісінің мәлімде­уінше, өткен жылы 2012 жылмен салыс­тырғанда бірқатар ауру түрлерінен өлу коэффициенті төмендеген. Мәселен, қайтыс болған адамдардың 27%-ы қан айналым жүйелерінің ауруларына шалдыққан болса, скринингтің нәтижесінде 2013  жылы өлу коэффициенті 2012 жылмен салыстырғанда 14%-ға төмендеген. Сол сияқты, жүректің ишемиялық ауруынан қайтыс болғандар 13%-ға, бас ми қан тамырларының бұзыл­уынан мерт болғандар 6,2%-ға төмендеп отыр. Мамандар бұл көрсеткішті дер кезінде көрсетілген алғашқы медициналық көмек­тің салдары дейді.

2013 жыл бойынша жүргізілген статис­тика бойынша, жатыр мойнының ісік аурулары көбінесе 30-34, 35-39 жас ара­лығындағы әйелдерінде жиі кездесетін көрінеді. Ал, анықталған ауру санының басым бөлігін 60 жас және одан жоғары жастағы әйелдер құрайды екен. 150-ге жуық медицина мамандары жиналған іс-шарада, сондай-ақ, онкологиялық аурулар, бауыр ісігі, кішкентай нәрестелердің құлақ аурулары және т.б. ауру түрлеріне қатысты мәліметтер айтылды. Екі күнге созылған семинар-жиынды ұйымдастырған Алматы облыстық салауатты өмір салтын қалып­тастыру орталығының директоры Жайық Сатылбалдиев мұндай республикалық жиын­дардың мән-мағынасының ерекше екенін жеткізді. Оның айтуынша, шараның басты мақсаты – скринингтік тексерулердің тиім­ділігін арттыру, ауруды дер кезінде анықтау, оны ауыздықтау жолдарын кү­шейтіп, профи­лактикалық қызметті жетіл­діру жолдарын қарастыру. Өйткені, жан-жақтан келген ақ халаттылар өздерімен бірге жиі кездесетін мәселелерін де ала келіп, оны шешу жолдарын қарастырады көпшілікпен бірге қарастырады дейді.

Жиынның соңында мамандар ауруға шалдыққандар санын азайту мәселесіне тоқталды. Осы ретте тұрғындарды түрлі дерттен сақтандыру үшін оларды скрининг жайында мейлінше көбірек құлағдар етіп, скринингтен өтуге саналы түрде уақтылы келіп тұруға дағдыландыру керектігі ай­тылды. Ал, ол үшін жұмысбасты адамдарды жұмыс берушілері скринингтен өтуге міндеттеу керек дейді. Мұның түрлі жолдарын Денсаулық сақтау министрлігі қазір қарастырып жатқандығы да жасырын емес. Десек те, ақ халаттылар «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген халық мақалын естен шығармауды сұрайды.

Жәмилә БАТТАҚОВА, Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының директоры:

– Бүгінде Елбасы алғашқы медико-санитарлық көмек көрсетуді, профи­лактикалық қызметін жетілдіруді тапсырып отыр. Себебі, аурумен күресу үшін оның алдын алу керек. Осы жылы бізде барлығы 11 миллион профилактикалық тексеру жұмыстары өтті. Оның шамамен 7 мил­лионы ересек адамдар болса, 4 миллионы – балалар. 2008 жылы біз бірінші рет скринингтік тексеруді жүргізсек, 2011 жылы мемлекеттік «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы қабылданғанда біз тағы да қосымша 5 скрининг енгіздік. Ал осы скринингтер сүт безі қатерлі ісігі, жатыр мойны қатерлі ісігі, асқазан рагы сияқты ауруларды анықтауға арналған. Ал профилактикалық тексеру дегеніміз не? Ол – ауруды ерте кезеңнен анықтау, яғни, науқастың ауруын дер кезінде анықтап, емдеу арқылы біз тұрғындардың ұзақ өмір сүруіне жол ашамыз. Сондай-ақ, бұлардың барлығы тегін жүргізіледі.

Раушан ҚАБЫКЕНОВА, денсаулық сақтау министрінің кеңесшісі:

– Елбасының негізгі тапсырмаларының бірі – ел тұрғындарының жасын 80-ге дейін көтеру. Екіншіден, Қазақстан меди­циналық туризм бойынша жетекші Еу­разиялық орталықтардың біріне айналуы керек және медицина саласында алғашқы медико-санитарлық көмек көрсету жұмыс­тарын жетілдіру қажет. Себебі, дертті ерте анықтаудың арқасында біз өлім санын азайтамыз. Мысалы, қан айналымы жүйесі аурулары, яғни, инфаркт, стенокардия (жүрек қыспасы), инсульт ауруларынан көз жұматындар саны осы алғашқы медико-санитарлық көмек көрсету, про­филак­тикалық жұмыстарының арқасында был­тырғы жылмен салыстырғанда 14 пайызға төмендеді.

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *