Атшаптырым Республика алаңы таңсәріден оянды

566Жыл сайын ежелгі Үкімет үйі алдында өтетін жыл басы мерекесі биыл тұңғыш рет Алатау етегіндегі Респуб­лика алаңында үлкен қошаметпен тойланды. Атшаптырым алаңның солтүстігін ала тігілген қазақтың қоңыр үйлері мен ақшаңқан шатырларда есеп жоқ. Өткен жылдардан ерекшелігі сол, бұл жылы қоқыс қалдықтары орынсыз бұйдаланып жататын сауда-саттық әрекеттері болған жоқ. Оның орнына қазақи мәнердегі түрлі қуыршақтар мен қолөнер бұйым­дары көрмесіне басымдық берілді. Әсіресе, алаңға жиналған дүйім жұртты күрес, қол күресі, гир көтеру, асық ату ойындары ерекше қызықтырды. Осы жерде атап айтар бір жағдай, әріптесім Мейірбектің ұлы Әділет батыр күресу кілемінде атой салып, белдескен белді бозбалалардың біреуін де шыдаттырған жоқ, тік көтеріп көлденеңінен көктей тізіп салды. Он үштегі Әділеттің әлуеті талайларды тамсандырды. Материалдық марапаттан да кенде қалмады.

Ақ пейілді ақжарқын мерекеге арнайы бұрылған қала әкімі Ахметжан Есімов қала тұрғындарын көктемгі мей­раммен құттықтады. «Наурыз мерекесі қазіргі таңда бірлік пен татулықтың символына айналды. Бұл айда табиғат тылсымы оянып, бүкіл дүние жүзі ерекше іңкәр сезімге бөленеді. Ата-бабамыз ежелден осы айда бір-біріне барып, көрісіп, қолдан келгенше етене қолғабыс тигізген. Қазіргі күнде әлемде болып жатқан түрлі дағдарыстарды көріп отырмыз. Шүкір дейік, біздің балауса мемлекетімізде тұрақты тыныштық бар, экономикалық үрдісімізде ілгерілеу процесі жүріп жатыр. Осы 2014 жылды қалада «Білім жылы» деп жарияладық. Бұл, ең алдымен, орта буынды оқу орындарын жетілдіруге серпін береді деп санаймын. Метро көлігі жыл сайын дамып келеді, жолайрықтар пайдалануға кезең-кезеңімен берілуде. Қорыта айтсам, мұның бәрі бірінші кезекте қарапайым қалалықтардың мүддесі үшін жасалынып жатқан шаруалар. Жаңарудың, жаңа жылдың бастауы – Наурыз мейрамы бәрімізге тек жақсылық сыйласын», – деді шањар басшысы. Содан кейін-ақ ән мен жырдың, бидің тиегі ағытылып сала берді. Айгүл Қосанова, Толқын Забирова, Айбек пен Айша секілді өнерді қамырша илеген майталмандар шаршамастан үш сағат бойында жиналған жұртты тәнті етті. Тіпті Айша қарындасымыз қапелімде құлап та қалды. Алайда, көңілді көрермендер әнші қыздарының әнтек қимылын елеген де жоқ, бір кісідей құшырлана дем беріп отырды. Әншіге ыстық ықыласқа бөленгеннің өзі әжептәуір мәртебе емес пе?

Театрландырылған қойылымдар да өте көп болды. Халықтың ерекше қошеметіне ие болған, әсіресе, Жер-Ана кейпіне енген Үш Ананың адамзат баласын бәле-жаладан аластау көрінісі болды. «Мейірімсіздің зәрінен алас, орынсыз жаладан алас, Өтірік-өсектің жарасынан алас, Жазықсыз жағылған жазадан алас» деген ақ кимешекті аналар жыл бойы Алматыны түрлі оқыс оқиғадан, төтенше жағдайлардан аластап шықты. Көпшіліктің де тілегі осыған сайып жатты.

Қоңыр БЕГДАЙЫР, қолөнерші:     

– Қала әкімдігі алты қанат қара үй тігіп, жағдай жасады. Балам, келінім бар, бәріміз теріден, киізден жасаған бұйымдарымызды саудалап жатырмыз. Өтімі жақсы. Шетелдіктер көп қызығуда. Ұлттық бұйымдар әрқашан өз бәсін жоғалтпайды. Шеберханамыз үйімізде. Отбасылық осындай шағын бизнесіміз бар. Жаңа ғана қала әкімі айтып өткен­дей, елімізде тыныш­тықтың арқасында көп тірліктің қиюын келтіруге мүмкіндік жеткілікті. Ерінбеу керек деп ойлаймын. Мына Наурыз айы бәрімізді дүр сілкіндірді, қуат берді. Амандық тілеймін баршаға.

Ким СЕРІКБАЕВ, Медеу аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Наурыз мерекесін тойлағаны­мызға 3 мың жылдан асты. Көктемнің беташар айымен бірге ел-жұртқа береке, ырыс келеді, жан-жануар, төрт түлік мал бір серпіліп қалады. Бүгінгі жастарға айтарым, әке-шешелерін, жалпы үлкендерді қолдан келгенше сыйлап жүрсін дегім келеді. Қарттары бар елдің болашағы да кемел. Ең бастысы, тұрақтылықты, тыныш­тықты қадірлей білейік.

 P.S. Нұр сәулесін себезгілеген бұл күні Республика алаңы шат-шадыман думанға бөленді түн жарымға дейін. Әсіресе, от-шашу дүмпуі көп жақсы­лықтың жаршысындай әсер қалдырды.

Берік СӘДУАҚАС

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *