Атақты әншінің «Ағаш аты»

Жайық өңірінен табылды. Алматы қаласының тұрғыны, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер, мәдениет  зерттеушісі Айсағали Әбиевтің әңгімесі осы төңіректе өрбиді

…1964 жылдың тамыз айы болатын. Ежелден ерке Жайық­тың саумал самалы­нан нәр алып келе жатқан қасиетті Орал өңіріне КСРО мен Қазақ КСР-нің халық әртісі, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты Бибігүл Төле­генова, Қазақ КСР халық әртісі, әкімгер Семен Коган, Қазақ КСР  халық әртісі, күйші-домбырашы Рүс­тем­бек Омаров сынды өнер саң­лақтары іссапар­мен келді. Алдымен меймандар облыс орталығы Орал қала­сының жұртшылығына өз өнер­ле­рін паш етіп, одан арман сапарларын белгілен­ген кесте бойынша аудан­дарда,  ұжым­шарлар мен кеңшар­ларда жалғастырды. Біздің Фурманов ауданының ор­талығы Фурманов кентіне келіп (қазіргі аты Жал­пақ­тал), қатарынан екі күн кон­церт беріп, жергілікті ха­лық­ты рухани жағынан бір сер­пілтіп тастады. Мен ол кезде аудан орталығына жақын жерде орналасқан «Ақкөл» қой кең­шарында бас зоо­техник едім. Кеңшар дирек­торы Зейнұлла Өксік­баев мені өзіне шақырып:

– Айсағали, аудан орта­лы­ғында өнер жұлдызы Бибігүл Төлегенова бастаған халық әр­тістерінің өнер көр­сетіп жат­қанын естіп жатқан боларсың. Біздің кеңшарға да концерт  қоя­тын болып­ты. Өнер иелерін қарсы алып, қонақ қылсаң қалай болар еді? Басқа үйдің ың­ғайы болмай тұр. Сенің үйің жаңадан салынған, жайлы, кең ғой. Әрі жұбайың Секен екеуің әсем қала Алматыда бес жыл оқып, мәдениет ор­дасынан келдіңдер. Сту­дент­тік шақта театр, кино, кон­церт, би зал­дары мен сахна­ларын көрдің­дер.  Ал­ған өнегелерің бар, – деді. Мен бірден келісімімді бер­дім. Өйткені, біздің кең­шарға келген әртістер, негі­зінен біздің үйде болатын. Өнер­паздарды күтуден жи­наған тәжірибе­міз де жоқ емес.

Араға бір күн салып, бе­сін мезгілі ауа Бибігүл апа­мыз бастаған өнер ұжымы «Волга­мен» сау етіп келе қалды. Бірден үйде әзірлен­ген дастарханға әкеліп жайғастырдық. Ас ішіліп болғасын әртістерді жаңадан салынған ақшаңқан Мәде­ниет үйіне бастап алып бар­дым. Сахнаның безенді­ріл­уі, музы­калық аспаптар­мен жабдық­талуы қонақ­тары­мыздың көңі­лінен шықты. Сахнадағы электр шамын Бибігүл апамыздың айтуы­мен қайта орналас­тырдық.

Кешке келісілген уақытта өнер адамдарының Ақкөл жұртшылығына арнаған кон­церті басталды. Дирек­тор Зей­нолла Өксікбаев бөлімше орта­лықтары мен малшы-шопан қыстақ­та­рында тұрып жатқан еңбек­керлерді арнайы көлік жібертіп алдырды. Халық көп жиналды. Екі бөлімнен тұратын концерттің алғаш­қы бөлімінде Бибігүл Төле­генова халқы­мыздың ұлттық киімін киіп  шықты. Өнер жұлдызын ауыл сахнасынан көрген жергілікті халық орындарынан тік тұрып, ұзақ уақыт қол соғып, қарсы алды. Алдымен  қазақ хал­қы­ның халық әндерін, сосын қазақ композитор­ларының көп айтыла бермейтін клас­сикалық шығар­маларын орындады. Табиғи жанды дауыста шырқаған әрбір әні тұрғындарға бір-бір қойы­лым сияқты болып көрінді. Әсіресе, Латиф Хамидидің «Бұлбұл», «Гаухартас» ән­дерін орындағанда, халық орындары­нан тік тұрып, үзі­ліссіз қол ұрып, екінші қай­тара орындап беруге тура келді.

Концерттің екінші бөлі­мінде Бибігүл Ахметқызы сахнаға Еуропа үлгісіндегі киімдерін киіп, ордендерін тағып шықты. Қазақ ән­де­рімен бір мезетте орыс, ук­раин, беларусь, қырғыз, та­тардың «Сарман бай­ларын­да» әнін тамаша орын­дады. Сол кезде Жаңажол ауы­лында тұратын жалғыз орыс  С.Павлов та зайы­бымен бір­ге концертке келіп, орысша әндер айтқан сәттерінде орнынан тұрып қол соғып, қуанғанынан көзіне жас алған сәтін байқап қалдым.

Өз кезегінде күйші Рүс­тем­бек Омаров Құрманғазы мен Динаның, Тәттімбет пен Дәу­леткерейдің, Мәменнің бірнеше күйлерін, әлем классиктерінің  шығар­мала­рынан Огинскийдің «Поло­незін», «Парсы маршын», «Неополитан полькасын» домбы­рамен орындап, жи­налған жұртшылықты тәнті етті. Рүстембек Омаров Құр­манғазы атындағы ұлттық аспаптар оркестрінде ұзақ жыл еңбек етіп, Қаршыға Ахмедияров, Рысбай Ғаб­диев, Әзидолла Есқалиев сынды алты Алашқа кеңінен мәлім болған күйші­лерді қанаттандырған өте дарын­ды адам.

«Кереку өңірі» деп ата­латын Павлодар облысында 1919 жылы өмірге келген Рүстембек аға 1934 жылы А.Жұбанов ұйымдастырған Құрманғазы атындағы ха­лық аспаптар оркестріне мү­шелікке қабыл­данған. Қазір­гі таңда Павлодар облыстық филармониясы мен халық аспаптар оркестрі Ома­ровтың есімімен ата­лады.

Концерт кешкі сағат он ­бірде өз мәресіне жетті. Шара соңында кеңшар ди­ректоры Зейнолла Өксікбаев пен партком хатшысы Сәр­сенғали Тұяқов сахна төріне көтеріліп, кеңшар жұртшы­лығының атынан өнер жұл­дыздарына алғыс­тарын айт­са, айтыскер ақын, кең­шар­дың бас агрономы Сағын­ғали Мұқанов Бибігүл Ах­мет­­қызына арнаған өлеңін жиналғандар алдын­да оқып берді.

Ертесіне Бибігүл апамыз дү­кенге барғысы келетінін айтқан соң бастап алып бардым. Атақты әнші дү­кеншіден: «Мен барған жер­лерімнен немереме ойын­шық ағаш ат «Конь-катал­ка» іздеп жүрмін. Әзір тапқаным жоқ. Сол ойыншық ат сіздің дүкеніңізде бар ма?», – деп сұрады. Сатушы: «Бар бол­ғанда қандай, жақында ғана түсіп еді, өзі қымбат, өтпей тұр», – деп алып берді. Ойын­шықты көрген­де Би­бігүл апа балаша қуанды. «Көптен бері  немереме уәде беріп, бірақ таппай жүр едім. Ол енді бір мәз болатын бол­ды», – деді қуанышы қойны­на сыймай. Аудандық жұ­мысшылар коопе­рация­сы­ның төрағасы Қойшы­ғалиев те дүкенде тұр еді. Ол бірден әншіге өтініш жасап: «Осы «Ағаш атты» немереңізге менің сыйлағым келіп тұр» деп еді, «Ниетіңе рахмет, менің тұңғыш немерем ғой, ойыншықты өзімнің еңбе­гіммен тапқан ақшама сатып алғым келіп тұр» деп өнер  иесі ол ұсы­нысты қабыл алмады.

Сол күні қонақтар үйден түскі асты ішті де, кешкісін көршілес Казталов ауданына жүретін болды. Тамақ үс­тінде Бибігүл Ахметқызы кеңшар директоры Зейнолла Өксік­баевқа қаратып жақ­сылап күтіп, қонақ қылғаны үшін әріп­тестерінің атынан алғысын білдірді. Қонақ­тарды 3-4 жеңіл мә­шинеге отырғызып, Казталов ауда­нының шекарасына дейін шығарып салдық. Мәртебелі меймандарды аталмыш ау­дан­ның басшылары, мәде­ниет қызметкерлері күтіп алды.

Содан бері арада 54 жыл уақыт өтсе де, сол бір кез­де­су, әсерлі  ән кеші әлі күнге жа­дым­да. Қазақстан­ды, ТМД елдерін былай қой­ған­да, әлемнің бір­неше мем­лекетіне есімі таныс бұлбұл әнші Бибігүл Ахмет­қы­зы­ның Жайық бойына жасаған сол ән сапарын қазіргі ұрпақтың біле бер­мейтіні анық. Себебі, сол  бір концерттік шара­ға куә болғандардың қатары азай­ды. Бірқатары (әсіресе, үлкен­дер жағы) өмірден өтіп кетті.

Сол кезде Бибігүл әнші 36 жаста еді. Таңды таңға ұлас­тырып ән шырқайтын нағыз дер шағында болатын. Кеште ұзын-саны 22 әнді табиғи жанды дауыста орын­дап, ауыл халқы­ның рухани жан дүниесін бір серпілтіп тастап еді-ау.

Ауыл-аймақтан жырақта жүрсек те, елде тұрып жат­қан кейінгі толқынның мұны біліп, мақтаныш сезіммен ойларына тоқи жүрсін деген ниет қой менікі…

 

Әңгімені жазып алған –

Сәрсен ҚАРМЫС.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

1 пікір

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close