Атаққа алданбаған Абдолла

Біз бәрін де түсінеміз. Қоғамға жаңаша көзқарас қажет. Бізді үлкен өзгерістер кезеңі күтіп тұр. Ол түсінікті де. Өмір бір орнында тұрмайды, күрделі өзгерістерге де ұшырауы мүмкін. Ал енді солай екен деп, өткенді де жоққа шығаруға болмайды. «Кешеден келдім бүгінге» деп ақиық ақын Әбділда Тәжібаев айтпақшы, кешегі күннің көркем дүниелерін де бүгінгі күннің шала сауатты көзқарасының құрбаны етуге болмайды. Осы тұрғыдан келгенде бір ғана «Қазақфильмнің» езуші орталықпен айқасып жүріп жасаған туынды­ларының тағылымдық, тарихи мәніне де терең үңіле білуіміз керек. Ол фильмдерде бүгінгідей жасандылық емес, өмірдің өз шындығы бар, талантты адамның қолтаңбасы бар. Сонымен қатар, ол туындыларға идеялық жағынан емес, шығармашылық тұрғыдан үңілу­дің де мәні зор. Ол фильмдерде де түрлі көзқарастар қайшылығы бар және соның жүзеге асуы үшін жанын берген біртуар тұлғалар да болды. Сондай бірегей өнерпаздың бірі, қайтпас та қайсар Абдолла Қарсақбаев еді.

Тараздық тарихшы (тарих ғылымының кандидаты) Нұрлан Есенов редакциямызға осы бағытта жазылған бірнеше мақаласын ұсын­ған еді. Сол дүниелерді алдағы нөмірде оқырмандарымызға ұсынып отыратын боламыз.

Ол ғұмырында атаққа қызыққан жоқ. Оны қумады да. Оның жанын жаралайтын нәрсе – кино түсіруге лауазымды кісілердің кедергі жасауы еді. Сонда да олармен алы­са жүріп тамаша туындылар қалдырып кетті.

Абдолла Қарсақбаевтың қай фильмін алсаңыз да көрерменді бей-жәй қалдыр­майды. Мәселен, Олжас Сүлейменовтің қатысуымен сценарийі қайта жазылған «Қилы кезең» фильмі 1966 жылы экранға шығады. Фильм Қазақстанда Кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысқан Тоқаш Бокин туралы болатын. Бұл қазақ кинема­тографиясындағы кезеңдік кинотуынды еді. «Енді большевик Тоқтар ғана емес, тап жауы Жүніс бай да жағымды кейіпкер бола алды. Осыдан бастап жағымды және жағымсыз кейіпкерлердің арасындағы жік жоғалады. Экран кейіпкерлерінің әлемі өздерінің мұң-мұқтаж, қайғы-қасіретімен толығады. Кейіпкерлердің әрқайсысы да Отанын өздерінше сүйіп, оны тығырықтан құтқарудың жолын іздейді» деп жазады белгілі кинотанушы Бауыржан Нөгербек.

Бұл фильмде Ыдырыс Ноғайбаев қызылдар комиссары Тоқтар Бәйтеновтің бейнесін шынайы сомдап шықты. Киносын­шылар өз зерттеулерінде фильмде ұлттық ғұрыптардың да көрсетілгенін, Жүніс байдың өзен жағасында дәреттен соң жуынуын алға тартады. Байдың мұздай суды алақанымен іліп алып, білегін, жүзін шаюы керемет әсер береді. Осы бір әрбір мұсылман атқарар істе қаншама философия бар. Бұнда халықтың өмірі, дүниетанымы, діні астасып жатыр. Ал бұның алдында, қызылдар Тоқтарға сенімсіздік танытып, оны да тұтқындаған болатын. Енді міне, қапаста Жүніс бай да, қызыл командир Тоқтар да жатыр. Байдың адамдары шабуылдап, оны тұтқыннан босатып алады. Жүніс Тоқтарды өзімен бірге ала кетеді. Енді міне, өзен жағасында жуынған Жүніс алақанымен Тоқтардың бетіне су тамызады. Қалжыраған Тоқтар басын көтергенде, бай оған қылыш мен бөрік ұсынады. Бұл Жүністің Тоқтардың батылдығын мойындағанын, оны өзінің қатарына қосып, шекара аспақ ниетін білдіреді. Тоқтар байдың ұсынысына мойын бұрмай, теңселе басып, қызылдар бағытын бетке алады. Қызылдар жағында оны қуғындау күтіп тұрса да ол туған мекенін ешқашан да тастамайды. Отаны үшін жанын да қиюға даяр. Режиссер осы ойды көрермендерге әдемі жеткізеді. Бірақ уақыт өте бұл фильм сирек көрсетіле бастайды. 1970 жылдардың соңында кино мәселелері көтерілген бір жиында Олжас Сүлейменов, Абдолла Қарсақбаевтың «Қилы кезең» фильмін «Қазақфильм» студиясының ең үздік фильмі деп айтады. Бұл сөз жинал­ғандарды бір сәтке абдыратып тастайды.

Иә, бұл фильмнен де тамаша кино­туын­дылардың бары рас. Бірақ ақын фильмнің идеясын, оны көрермендерге берілуін меңзеп отыр. Бұл шын мәнінде режиссердің еңбегіне берілген зор баға еді.

Абдолла Қарсақбаев кәсіби киноға «Қазақфильм» жанындағы екі жылдық актерлер курсын тәмамдап, режиссердің ассистенті болып келеді.

Ол 1950–1955 жылдары ВГИК-да білім алады. Алғашқыда қосалқы режиссер болып жұмысқа орналасады. Одан бірнеше деректік фильмдердің директоры болады. Өзінің тұңғыш қысқа метражды «Қазақ­стан халқының қолөнері» фильмінде этно­графиялық дәлдік, сұлулық байқалды. Сондықтан фильм лауреат атанып, режис­сердің даңқ жолының бастауына айналады.

«Менің атым Қожа» фильмі көрнекті жазушы Бердібек Соқпақбаевтың осы аттас шығармасының негізінде 1963-1964 жылдары Үшқоңыр жайлауында түсірілді. Бұл Абдолла Қарсақбаевтың тұңғыш көркем фильмі еді.

«Менің атым Қожа» фильмі жас пен жасамыс көрермендерді сюжеттердің тартымдылығымен, кейіпкерлердің қара­пайым әрі шынайылығымен баурап алды. Осындай Қожа әр ауылда, әр сыныпта бар. Оларға айналасындағылар «тентек бала» деп ат та беріп қойған. Ал жазушы мен режиссер Қожаның жан-дүниесінің тазалығын, сұлулығын алға тартады. Оның өз қатесін түсінуі, биік мақсатқа ұмтылуы, болашақта одан жақсы азамат шығатынын ұқтырады. Фильмнен соң кітапты оқушы­лар да, фильмді қайта-қайта көрушілердің де саны артты. Фильмді әр көрген сайын режиссердің шеберлігіне, актерлердің ойынына тәнті болды. Қожа рөлін сомдаған Нұрлан Сегізбаев: «Мектепте алқын-жұлқын боп жүгіріп келе жатқанымда, бір кісі қолымнан шап беріп ұстап алды. Үлкен екі аға мені әңгімеге тартып: «Ки­ноға түскің келе ме?» деп сұрады. Қалай да тез құтылудың амалын жасап, түскім келмейтінін айттым. Сыныптас қыздардан менің аты-жөнімді сұрап алды. Қырсығып атымды да айтпап едім. Ол кісі адамдар­дың, кейіпкерлердің бір сызықтың бойымен жүргенін қаламайтын. Сол үшін «Менің атым Қожадағы» бас кейіпкерге тәртібі, сабағы жақсы баланы емес, мектепте бұзықтығымен аты шыққан мені таңдап алды. Әйтпесе, Қожаның рөліне түсу сынағына 500 бала қатысқан екен… Сабақ оқуға ынтасы жоқ оқушылар сияқты, кейде түсірілім алаңына сценарийдегі сөз­дер­ді жаттамай келетінмін. Күндіз киноға түссем, кешкісін бала болып ойнаймын. Ойын қуып жүрген балада қайбір ес болсын. Таңертең түсіру алаңына келгенде, рөлдегі сөзімді білмей отыратынмын. Сонда Абдолла аға не айтатынымды тәптіштеп түсіндіріп береді. Сценарийде оқығанымды түсінбеген мен Абдолла ағаның айтқанын бірден миыма құйып аламын», – деген болатын баспасөзге берген бір сұхбатында.

Фильмнің соңында Қожа: «Маған сенгендердің сенімін ақтаймын, енді әдепті бала боламын» деп айтады. Бұл фильмнің тәрбиелік мәні өте күшті болды.

«Менің атым Қожа» фильмі 1966 жылы Канн фестивалінде үздік фильм атанады. Басқа елдер осы кезде ерлерін төбесіне көтерер еді. Ал Абдолла Қарсақбаев үлкен құрмет марапатқа ие болған жоқ. Өйткені, ол биліктегілерге ұнамады. Себебі, режиссер шындықты шыжғырып бетке айтатын. Оның өнер жолы қайшылыққа толы болды. Бірақ Қарсақбаев одан тайсалмай ағысқа қарсы жүзіп, керемет дүниелер жасап кетті.

«Даладағы қуғын» фильмі дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің «Бандыны қуған Хамит» шығармасының негізінде түсірілді. Мұнда Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауының алғашқы жылдары көрсетіледі. Жер-жерде тап жаулары бар. Соның бірі – Құдыре. Ол жалғанды жалпағынан басып үйренген банды. Ақан байдың үйіне жиналған қонақтардың үстіне кіріп келіп, қызылдар өкілі Сейсен­баевты сыртқа шығуға бұйырады. Қорқы­ныштан дірілдеген өкіл: «Мен сенің қонағыңмын ғой» деп Ақан байдың артына тығылады. Қызылдар инструкторын «қонағым» деп Ақан бай арашалап алып қалады. Осы эпизодтардан режиссердің тарих суреттерін шынайы беретінін аңға­рамыз. Қызыл командир Хамит енді Құды­рені тұтқындап, елде тыныштық орнатуға аттанады. «Картинаның әлеуметтік мәні, көтерген жүгі, эстетикалық қуаты енді осы екі таптың өкілдері – Хамит пен Құдыре арасындағы қақтығыстар арқылы заңды ашылып, өрбіп, өрістеп отырады. Фильмнің бейнелеу шешімінде романтикалық және реалистік элементтердің бірін-бірі толық­тырып, қанықтырып тұратын синтезі бар. Мұның өзі дәуір шындығын, уақыт тыны­сын шешуде орасан зор рөл атқарған. Картинаның ең басты жеңісі де осында»  деп жазады Шолпан Құрманбай.

Осы фильмде Хамиттің бейнесін сомдаған Досхан Жолжақсынов: «Абдолла аға шыңшылдықты жақсы көрді. Соның бәрі киноларында анық көрініп тұрды. Ең алдымен, бәрімізден шыңшыл болуды талап ететін. Кез-келгеннің бетіне айта салып кете беретін. Ағамыздың бір ғажап талабы, өмірлік ұстанымы – шыншылдық пен жанының тазалығы. Әбекең өмірге осылай келіп, осылай кетті. Ағамыздың жанында жүргісі келгендер көп болды. Бірақ мінезіне шыдамайтын. Оның мінезіне шыдау үшін ағамыздың деңгейінде білімің болып немесе оны түбегейлі түсінуің керек. Әйтпесе, ағамыз оңдырмайтын. Шыдатпайтын», – деп пікір білдіреді.

«Даладағы қуғын» фильмінің премье­расы республикалық Кино Үйінде өткенде, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Әбдіжәмил Нұрпейісов, Абдолла Қарсақбаев туралы: «Ол фильмнен фильм­ге шеберлігін шыңдап, творчестволық тұрғыдан өсіп келеді. Оның әрбір соны жұмыстарымен кездескен сайын қуаныш­қа бөленеміз» деп лебізін білдірді.

Актер, режиссер Болат Қалымбетов Абдолла Қарсақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», «Бандыны қуған Хамит», «Біздің Ғани» фильмдеріне түсті. 80-жылдардың басында «Қилы кезең» фильмінің жаңа редакциясы жүргізілді. «Мен сонда кіш­кентай эпизод жасадым. Ыдырыс Ноғай­баев, Қасым Жәкібаев, Нұржұман Ықтым­баев бар. Менің дұрыс жасамағанымды сезді ме, әйтеуір үзіліс кезінде шақырып алып: Болат, мен өліп қалсам, саған кім бүйтіп ақыл айтады. Нұржұманға қарашы. Қандай керемет дубляж жасайды. Ол да бір өнер. Ол да әртіске өте қажет» дейді. Бұл режиссердің дүниеден өтер алдындағы сөзі еді. «Біреудің артына түсіп кек сақта­май­тын. Ұмытып кететін. Мен кішкентайымнан сол кісінің тәрбиесін көріп өстім. Өнерде жүрген соң, жаның таза болғаны дұрыс қой» деді деп еске алады актер әрі режиссер Болат Қалымбетов.

«Біздің Ғани» фильмінде Шығыс жастарының жетекшісі Ғани Мұратбаевтың өмірі мен қызметі арқау болады. Мұнда Ғани бейнесін Құман Тастанбеков сомдайды.

Режиссердің «Менің атым Қожа», «Бала­лық шаққа саяхат», «Алты жасар Алпамыс» фильмдерінде балдырғандар өмірі, болашақ жайлы арман-қиялдары бір-бірімен біте қайнасып сәтті ұштасып отырады. Балалардың тіршілігі, өзара және үлкендермен қарым-қатынасы нанымды бейнеленеді. «А.Қарсақбаев балалар психологиясы мен сезімін ашудың шебері».

Абдолла Қарсақбаев кинода Жексен Қайырлиевке, Нұржұман Ықтымбаевқа, Рая Мұхамедияроваға, Ашир Чокубаевқа жол ашып берді. Режиссер тарихи-революциялық тақырыпты игеруде үлкен жетістікке жетті.

Расында, режиссердің қолтаңбасынан оның үлкен суреткер екендігін аңғарасыз. Ол балалар фильмдерімен қатар тарихи-революциялық фильмдерді түсірді. Тарихи-революциялық тақырыптағы фильмдерінде қазақ даласындағы жаңа құрылысты орнатушылардың күресі, Отанға сүйіспен­шілігі алға тартылады. Экранда тарих парақ­тары шынайылықпен ашылады. Мұнда қызылдар мен ақтардың, бұрынғы өкімет пен жаңа өкіметті жақтаушылардың жетістігі мен кемшілігі қатар өріледі. Кеңес өкіметін орнатушылардың ішінде де қорқақтар, пасықтар барын, ал байлардың арасынан адамгершіл, туған елі үшін «малы­нан жаны садаға» адамдар болған­дығын алға тартады. Әміршіл-әкімшіл жүйенің сойылы жалаңдап тұрғанда осы мәселелерді экран арқылы миллиондаған көрерменге тарту – режиссердің батылдығы және саясаттың ығында кетпей үлкен суреткердің тарихты боямасыз көрсетуі дер едік.

1982 жылы «Балалық шақтың кермек дәмі» («Соленная река детства») атты соңғы фильмін түсіреді. Басты рөлдердің біріне Нұрмұхан Жантөринді шақырады. Бұл екі ірі суреткерді өмір бірде бір-бірінен алшақтатып, бірде қайта табыстырады.

Абдолла Қарсақбаевтың жүрегі 1983 жылдың 31 тамызында тоқтады. Ол өзінің досы Кененбай Қожабековке бара жатқан еді. Ауырсынған ол жүрек тұсын ұстап, көшедегі орындыққа тізе бүге кетеді. Қас батыр Амангелді Имановтың ескерткішіне қараған күйі бақиға аттанып кетеді. Ол өлімнен де қаймықпай, оны басын көтеріп отырып қарсы алды.

Нұрлан ЕСЕНОВ,

тарих ғылымының кандидаты.

Тараз қаласы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *