ҒАСЫРМЕН ҚҰРДАС ДӘРІХАНА

DSC_5370

Өткен ғасырдың 20-жылдарынан бері шаһар орта­лығында үзбей жұмыс істеп келе жатқан ең көне дәріха­наның бірі – №2 дәріхана.  Алмалы ауданына тиесілі Фурманов-Гоголь көшелерінің қиылысында орналасқан осы бір ғимараттың есігін ашпаған алматылық кемде-кем болар. 95 жылға жуық Алматы тұрғындары үшін қызмет етіп келе жатқан дәріхана тарихы неден басталады? Біз бүгін «Ақшамның» оқырмандарын дәрі-дәрмектер ғимаратының тарихымен таныстырмақпыз.

Әсел ДАҒЖАН

 

Алматы қаласы тарихы музейінің деректеріне сүйенген voxpopulі.kz сайты бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның аума­ғында алғашқы дәріханалар XІX ғасырдың 60-жылдары пайда болғанын жазады. Негізінен, олардың өзі әскери госпиталь мен ауруханалардың жанындағы мемлекеттік мекемелер болған. Алғашқы жеке дәріхана 1882 жылы Верный қаласында ашыл­ды. Оны Верный әскери госи­талінде жұмыс істейтін дәріші И.Сенчиковский ашқан. Ол XІX ғасырдың 80-ші жылдары Семи­реченский ауданында коммер­циялық дәріханалар желісін ашады. Сол  кездері дәріхана саласында білікті кадрлар өте тапшы болатын. Қазақстан ау­мағында бар-жоғы үш-ақ фар­мацевт жұмыс істеген. 1900 жылы дәріханалардың саны 18 жетеді. Алайда, ол теңізге тамған там­шыдай болатын. Сол кездегі статистика бойынша, 280 мың тұрғынға бір ғана дәріханадан келді. 1915 жылға қарай еліміздегі дәріханалардың саны 50-ге жет­кенімен, төңкерістен кейін дәріхана ісі қайтадан құлдырауға ұшырайды. Дегенмен, жергілікті денсаулық сақтау ұйымдары жағдайды өзгертуге тырысты.

1920 жылы бүгінгі Достық және Жібек жолы көшелерінің қиылысында орналасқан №1 дәріхананың жанынан бірінші дәріханалар қоймасы құрылды.  Осыдан кейін дәріханаларды дайын дәрі өнімдерімен бір орталықтан жабдықтау басталды. Дәл осы кездері, яғни, 1922 жылы бүгінде бізге Орталық дәріхана ретінде таныс №2 дәріхана ашылды. Деректерге сүйенсек, 1939 жылы Алматыда 16 дәріхана, 2 дәріхана дүкені, 26 дүңгіршек, 16 дәріханалық пункт болған екен.

Орталық дәріхананың мұраға­тында ХХ ғасырдың 20-30 жыл­дарына қатысты құжаттар жоқ. Дегенмен, 1944 жылғы бұйрық кітабы сақталған. Онда Ұлы Отан соғысы аяқталып қалған 1944 жылдың өзінде әскери міндеті бар әйелдерді Қызыл Армия қата­рына шақыру тоқтатылмаған. Олардың қата­рында Орталық дәріхана қыз­меткерлері де көп болғаны жазылған.

Алғашында дәріхана Фур­манов көшесінің бойы, Гоголь көшесінен сәл төмен бір көпестің бөренеден тұрғызылған ескі үйінде болған. 1968 жылы кө­пестің ескі үйі сүріледі де, дәріхана жаңа ғимаратқа, бүгінгі мекен-жайға көшеді. Дәріхана сол заманның барлық норма­тивтері мен стандарттарына сәйкес жабдықталады. Жобаны Мәскеудегі медицина және дәріхана мекемелерінің қызметін ұйымдастыру ғылыми инсти­тутының мамандары жасайды.

Дәріханада  ұзақ жылдар жұмыс істеп, зейнетке шыққан мамандардың айтуынша, дәрі­хананың 70-80-жылдардағы көрінісі бүгінгіге ұқсамайтын. Дәріхананың ішкі көрінісі бүгінгіден тар әрі екінші қабат болмаған. Ол кездері дәріхана үш бөлімге бөлінетін: санитария мен гигиена, дайын дәрілер және рецептік-өндірістік бөлім. Сөре­лерге тек ең белгілі препараттар ғана қойылатын. Әрі екі-ақ касса жұмыс істейтіндіктен, түскі және кешкілік уақыттарда ұзын-сонар кезек болатын.

– 33 жылдан бері осы дәрі­ханада жұмыс істеймін. Мектеп бітіргеннен кейін оқуға түсе алмаған соң, осы жерде санитарка болып қызмет еттім. Одан кейін бөліп-реттеуші болдым. Кейін оқу бітірген соң фармацевт болып орналастым. Бір ауысымда анти­гриппин, аспирин, жөтелге арналған дәрілер, антибиотиктер, мазь, балаларға арналған миксту­ралар, фурациллин, стерильді май сияқты көптеген дәрілерді жа­сайтынбыз. Ол кездері бүгінгідей дәрі көп емес еді. Бірақ, сол жылдары дайындалатын дәрілер әлі де сол рецептімен дайындалып келеді. Сол кездегі рецептілерден фурациллин, стерильді май, көз тамшылары, балаларға арналған микстураларға бүгін де сұраныс көп. Балалары шет елде оқитын алматылықтар әлі күнге безеуге жағатын сұйықтықты бізге дайын­датып, шет елге жіберіп тұрады. Ал, дәріханаға қызметке орналасқан мамандар осында ұзақ тұрақтап, зейнет жасына дейін жұмыс істейді. Мұндай үрдіс бүгін де сақталған. Кеңес одағы кезінде дәріхана таңғы сағат  8-ден кешкі сағат 8-ге дейін жұмыс істейтін. Ол кездері бүгінгідей халық көп болмайтын. Өйткені, мұнда келушілердің басым көпшілігі дәрігердің бағыттауы­мен ғана дәрі алуға келетін, – дейді  дәріханада  1983 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан  Мансура Демеубаева.

Тәуелсіздік алғаннан кейін 1995 жылы дәріхана жекеше­лендіріледі де, басшылығына  дәріхананы 1982  жылдан  бастап  басқарған  жоғары дәрежелі маман Елік Сұлтанғалиев тағайын­далады.

Бүгінде дәріханада 134 қыз­меткер төрт ауысыммен жұмыс істейді. Дәріхананың жұмыс уақыты таңғы сағат 7-ден түнгі сағат 1-ге дейін жалғасады. Мұнда төрт бөлім бар: дайын дәрілер бөлімі, рецептік-өндірістік бөлім, емдік-декоративті косметика бөлімі, сондай-ақ, санитария және гигиена бөлімі. Бүгінде бұл Орталық дәріхана еліміздегі дәрі жасайтын бірден-бір дәріхана. Мұндағы рецептік-өндірістік бөлімде дәрілерден өзге бала­ларға, спортшыларға және диа­бетпен ауыратын науқастарға арнайы тағамдар сатылады.

Дәріхананың рецептік-өн­дірістік бөлімінің меңгерушісі Айгүл Шайханқызының айтуын­ша, бүгінгідей сөрелердегі ашық сатылым осыдан 10 жыл бұрын басталған. «Балалар тамағы бұрыннан бар болғанымен, дәл бүгінгідей түр алуандылығы болған емес. Экологияның әсе­рінен әр түрлі ауруларға байла­нысты тамақтың да түр-түрі шығарылуда. Глютенсіз препа­раттарды бағасының қымбатты­ғына қарамай, іздеп жүріп, бізден алып кететіндер көп. Диабетпен ауыратын науқастарға да арнайы тамақ түрлері соңғы 10 жылда шығуда. Жас баласы бар ана­лардың сүтін молайтатын әрі нәрлендіретін тамақ түрлері де пайда болды», – дейді А.Шай­ханқызы.

Дәріхананың табалдырығынан аттаған әрбір алматылық мұнда қажет болса  кеңесші-дәрігердің  кеңес беретінін де біледі. Дәріхана ұжымының алматылықтарға ғасырға жуық уақыт қызмет етіп келе  жатқандығының бір сыры –тұтынушылар сұранысына ұқып­тылықпен қарап, әрқайсысына жеке көңіл бөлетіндігінен шығар. Бәлкім, тұтынушылардың сөзімен айтсақ, «дәрінің, тамақтың, косметиканың сапалысын іздесең, орталық дәріханадан табасың» деген тұжырымда  жатқан да болар.  

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *