АСТАНАҒА ЖИІ БАРАСЫЗ БА?

Астана –  күн санап көркейіп, жыл санап жаңарып жатқан әсем қала. Еліміздің экономикалық, саяси-мәдени өмірінің қайнаған ортасына айналған Астананы бүгінде біз ғана емес, төрткүл дүние таниды. Елордада жыл сайын өтетін әлемдік деңгейдегі түрлі басқосулар соның дәлелі болса керек. Астана, сонымен қатар, ұлттық құндылық­тарымызды қалыптастыруға негіз­делген  «Рухани жаңғыру­дың» да жарқын мысалы іспеттес. Жаңадан бой көтерген ғимараттар өз алдына, онда келешек үшін жасалып жатқан иннова­ция­лық идеялардың мың-сан түрін кездестіруге болады. Ал өзінің төл мерекесі қарсаңында елордамыз тіпті ғажайып күйге енуі заңды құбылыс. Ендеше, ертеңгі Астана күні ха­лықтың есінде сақта­латындай, ұлттық рухты дәріптейтін мәдени-шаралармен өтетіні сөзсіз. Ал сіз Астанаға жиі барасыз ба?

Саламат БЕГАЛИЕВ,

Алматы қаласы №2 қосалқы стансаның

жедел-жәрдем фельдшері:

 

Астана – ғажап қала!

 

– Астана – сәні мен салтанаты келіскен, сәулеті мен дәулеті асқан, аз ғана уақыт ішінде  әлемдік деңгейге көтерілген ажарлы қала ғой. Әрине, алғашқы кездері елордамызды Алатаудың бөктерінен Арқаның төсіне ауыстыру оңай болған жоқ. Бүгінгі таңда Елбасының батыл қадамы мен нақты шешімі Астананы таңдай қаға тамсанатын ғажап қалаға айналдырғанына куә болып отырмыз. Еліміздің орталығы болғалы бері Астанаға бірнеше мәрте іссапармен барғаным бар. Ел астанасына деген көзқарасым да жаман емес. Себебі, қалада ауыз толтырып айтарлықтай жетістік көп. Өзіндік келбеті қалыптасқан, бір-біріне мүлде ұқсамайтын зәулім ғимараттары қандай? Жалпы, Астананы, өз басым, халық үшін жағдайдың барлығы  жасалған заманауи қала деп есептеймін. Мереке құтты болсын!

 

Меруерт ШЫНЫБАЕВА,

Алматы қаласындағы №95 балабақшаның әдіскері:

 

Біздің ортақ мақтанышымыз

 

– Дұрыс айтасыз, ертеңгі Қала күні жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатқанына менің де күмәнім жоқ. Себебі, Астанада халық игілігі үшін жасалып жатқан игі істер көп. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуде де алдына жан салмайтын елордамыз әр қазақтың жүрегінен орын алатын әсем қала екенінде дау жоқ. Күні кеше дүркіретіп өткізген Ұлттық Домбыра күнін айтсаңызшы! Қандай керемет! Ұлттың рухын көтеретін осындай шараларды көбірек өткізу бізге артықтық етпейді. Бұл дегеніңіз, болашақ ұрпақ үшін таптырмас тәрбие мектебі емес пе?! Ендеше, тамыры сан мыңдаған жылдардан сыр шертетін туған тарихымызды білуде, төл мәдениетімізді тануда, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімізді жаңғыр­туда мұндай игі істердің маңызы зор. Қуанышы мен күлкісінен нәр алатын балаларымызды ізгілікке, имандылыққа, ұлтжандылыққа, адамгершілікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу біздің басты міндетіміз. Сондықтан заман талабына сай білімімізді жетілдіру барысында жеке жұмыстарымнан бөлек,  Астанаға іссапар­мен жылына екі рет жол тартамын. Қазіргі Астана бұрынғысына мүлдем ұқсамайды. Дамыған. Көркейген. Елімнің еңсесін биік көтерген Астана мен үшін зор мақтаныш!

 

Ержан МҰХТАРҰЛЫ,

география пәнінің мұғалімі:

 

Балаларым «Астанаға көшейікші» деп жүр

 

– 1997 жылдары Астана кішкентай және қарапайым ғана қалашық еді. Ал қазір…  Адам танымастай өзгерген. Сол кездері қоғамдық пікір де екіге бөлінген-ді. Жартымыз астананың ауысуына қарсымыз деп, екінші топ онда болашақ барын айтып біраз даурыққанымыз есімде. Оны айтасыз, кезінде ол жақтың аязы, масасы да сөз болған. Халық елорданың дамуына сыни көзқараспен қарағаны да жасырын емес. Бірақ бүгінгі Астана бабалар рухын қастерлеудің үлгісіне айналған тарихи қалаға айналды! Астананың ауысуы бизнестің дамуына, жұмыссыздықтың азаюуына, саяси жағдайдың жақсаруына, халықтың әл-ауқаты, білімнің һәм ғылымның дамуына оң ықпал етті. Демек, Астана деген атына лайық! Теледидардан ғана тамашалап жүрген Астанаға өткен жылы отбасыммен барып қыдырып қайттым. «ЭКСПО» көрмесімен тұспа-тұс келген саяхатымыз тамаша естеліктермен есте қалды. Ұлым мен қызым  танымал тұлғалармен суретке түсіп, мәз болды. Жалпы, Астана бізге ұнады. Ол-ол ма, кейінгі кездері балаларым: «Әке, Астанаға көшейікші» деп қолқа салуды шығарды. Сол себепті, болашақта бала­ларым үшін Астанаға көшіп кетуім де ғажап емес. Әрине, оны уақыт көрсетер. Қазірше мен үшін Алматыма жетер құтты мекен жоқ.

 

Айсұлу БАТЫРБАЙ,

аспазшы:

 

Астананы бір көруге ынтықпын

 

– Шынымды айтайын ба, мен әлі күнге Астананы көрген емеспін. Сәті түспей-ақ қойды. Оның үстіне бір-екі сағатта жетіп баратын жақын жер емес. Алматы мен Астананың арасы мың шақырымнан аспай ма? Жол ұзақ. Себепсіз тағы бара бермейсің дегендей… Әйтпесе, жылда жоспарлаймыз. Күйкі тірліктің қамымен жүріп, кейде тіпті уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай жатамыз. Бірақ менің байқауымша, екі қала арасындағы әлеуметтік байланыс өте берік. Туған-туысқанмен, жолдас-жора­ларымен кездесу, той-томалаққа бару үшін алматылықтар Астанаға жиі жол тартады. Ал менің ол жақта қазірше танысым да, тамырым да жоқ. Бала­ларым кішкентай. Алды биыл мектепке барады. Жас­пыз. Бәлкім, болашақта жолымыз түсер. Алла сәтін салса, бір-ақ күнде Аста­наның төрінде, ерке Есілдің жаға­сында отыруың бек мүмкін ғой.  Ал жалпы, Аста­наны бір көруге ынтық жанның бірі екенім рас.

 

Сауалнаманы жүргізген – Қ.ИМАНБЕКҚЫЗЫ.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *