Асқар Тоқмағамбетов кейіпкерлерінің бірі

 Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ

 

Сейітжан Омаров ақсақалдың есімі маған бала кезімнен жақсы таныс…

Жазу-сызуға әуес болғандықтан жас­тайым­нан газет-журналға жақын өстім. Ұмытпасам, 7-8 класта оқып жүргенмін. Бірде облыстық «Ленин жолы» (қазір «Сыр бойы» деп аталады) газетінде қазақтың көрнекті ақыны, белгілі сықақшы Асқар Тоқмағамбетовтің «Быт көбейді, шыт көбейді» деген фельетоны жарияланды. Жата қап оқыдым. Сөйтсем, мен тұратын «Коммунизм» колхозы (ұжымшары) тура­лы жазылған екен. Ақын арнайы іссапар­мен шаруашылыққа келгенде басшылардан ешқайсысын кездестіре алмайды. Бәрі базарға кеткен көрінеді. Соны фельето­нына арқау етіпті. Мынандай жолдары есімде қалыпты:

«…Жексенбі күні Шиеліге

Баруға: атты, түйелі де,

Арба жеккен келіншек те,

Жалқау, құрсау, еріншек те.

Бәрі базар барғалы тұр,

«Коммунизм» колхозынан

Жеті ат жеккен арбалы тұр…», – деп басталады да, ары қарай шаруашылық басшыларының аты-жөндері айтылады:

«…Маман қарттың Әнуары,

Алтайбайдың Ілиясы

Астындағы жануары,

Шылдыр қаққан шлиясы.

Жүсіпұлы Бәйтілес пен

Бас бухгалтер Салтай да бар.

Бақталастар бой тірескен,

Салт аттылы салтан да бар.

Алдыңғы топ арба кетті.

Салдыр-гүлдір алда кетті.

Екінші топ атты кетті,

Желе жортып қатты кетті…».

Мұнан соң ақын:

«…Парторгы Омаров та,

Ол да ауылдан жоғалыпты.

«Коммунизм» активтері,

Бір күнгі ісін доғарыпты.

Быт көбейді, шыт көбейді,

Неге мұны жоғарғы орын,

Әдемілеп түптемейді…», – деп өлең-фелье­тонын аяқтайды.

Сәкеңмен – Сейітжан Омаровпен әңгімені осы оқиғадан бастадым. Ақсақал алдымен рахаттана күліп алып, сосын сұраққа жауап берді.

– Ол бір қызу да қиын уақыт болатын. Күн-түн қатып далада еңбек ететінбіз. Демалыс деген болмайтын. Уақытпен ешкім санаспайтын. Ұмытпасам, жазғытұрым кез еді. Қой төлдету, егін егу, шөп ору, малды жай­лауға көшіру, т.б. сан түрлі шаруалар қат-қабат жүріп жатқан. Дәл осы тұста ауылға ақын келген. Ақын болғанда да қырғиқабақ, от ауызды, орақ тілді Асқар Тоқмағамбетовтің өзі. Сол сәтте біз, шаруашылық басшылары, колхозда болмай қалғанбыз. Әрине, өлеңде айтылғандай базар аралап кетпегеніміз анық. Біріміз – егінге, біріміз – қойға, біріміз – қырға, бірі­міз – ойға дегендей, шапқылап жүр­генбіз. Бірлі-жарым орта буын басшылар ауданға кетсе керек. Міне, осы көріністі ақын өз қиялы арқылы сықақ өлеңіне арқау еткен…

– Сәке, армансыз адам болмайды дейді ғой. Жас кезіңізде қандай мамандықты қаладыңыз?

– Сұрағың дұрыс, әрине. Дегенмен, ол кезде бүгінгідей еркіндік жоқ еді. Екінші­ден, мамандық таңдап оқуға түсетін, түскен күнде де оқып кететін қаржы да, мүмкіндік те аз болатын. Тіпті, облыс орталығындағы институт пен техникумға барып құжат тап­сыру үшін қаражат табуға да екінің бірінің мүмкіндігі келмейтін. Соған қарамастан мұғалім болуды армандадым. Оған себеп – орта мектепті үздік бітіргенім еді. Мектеп директоры Мінат Қалдыбаев деген өте білімді, адамға қамқоршылығы мол кісі еді. Мені бастауыш класқа мұғалім етіп қабылдады. Шама-шарқым келгенше еңбек еттім. 1948 жылы әскер қатарына шақы­рылып, ұстаздық жұмысым жалғаспай қалды.

– Әскерде қай жерде болдыңыз?

– Шекарада болдым. Қырғыздың Пржевальск қаласында.

– Соғыстан кейінгі жылдары шекарада қауіпті болған шығар?

– Әлбетте. Жалпы, шекараның өзі тынымсыз жер ғой. Күндіз-түні бір дамыл таппайсың.

– Есіңізде қалған оқиға болды ма?

– Бірде сол Пржевальск қаласында тұратын орыс жігітінің арғы жаққа – Қы­тайға өтетіні белгілі болды. Жергілікті жер­лерде біздің тыңшыларымыз бар, солар айтып келді. Содан әлгі адамды бақылауға алып, жүріс-тұрысын аңдыдық. Шекарада күзет күшейтілді. Тыңшылық жұмыстардың нәтижесінде қай күні, қай кезде, қай жерден өтетінін анықтадық. Алдын-ала бой тасалайтын жерлерді әзір­леп, сол орын­дарда жасырынып отырдық. Белгіленген мерзімде әлгі орыс жігіті әйелімен бірге шекараға келді. Біз тым-тырыс, бірақ бәрін көріп жатырмыз. Тапсыр­ма бойынша шекарадан өткен кезде ұстауымыз керек, әйтпесе  қылмысын мойындамауы мүмкін. Қарулары бар, өте сақ қимылдап келеді. Жан-жағына кезек-кезек қарады да, көзде­ріне ешкім көрінбеген соң ілгері қарай жүрісті шапшаңдата бастады. Олар тыйым салынған аймаққа дендеп кірген кезде, артқы жақтан біздің үш-төрт жауынгер «тоқта!» деп дауыстап, соң­дарынан тұра ұмтылды. Шекара бұзушылар артына қайырылып қарулары­нан оқ шығара бер­генде күні бұрын жасы­рынып жатқан он-он бес жауынгер жан-жақтарынан қоршап, қаруларын тастауға мәжбүр етті. Осылайша көп мәлімет жинап, шет елге өтпекші бол­ған қылмыскер әрі Қытай агенті қолға түс­ті. Қолға түсіргендер мен жетекшілік ететін бөлімнің жауын­герлері еді, ішінде мен де бар едім. Ешқан­дай адам шығыны болған жоқ. Нәтижесінде жауынгерлерге, застава басшыларына жоғары басшылықтан алғыс жарияланды. Мен «КСРО-ның мемле­кеттік шекарасын қорғаудың үздігі» деген медаль­мен мара­патталдым. Осыдан кейін застава коман­дирлері әскери міндеттен кейін сонда қалуға кеңес берді. Мен келістім.

– Неге қалмадыңыз?

– Мынадай жағдай себеп болды. Елден хат келді. Онда «Анаң астық ұрлап, қамауда отыр, жақында соты болады» деп жазы­лыпты. Төбемнен жай түскендей болды. Дереу командирге бар жағдайды баяндадым. Маған еңбек демалысын беріп, елге барып келуге рұқсат етті.

Ауылға келсем, анамды колхоз орталы­ғындағы қырманға тігілген киіз үйде бір күн ұстап, тілхатпен босатқан екен. Жағдайды білсем – астық ұрламаған, масақ теріп жүр­ген жерінен ауданның прокуроры Көптен­баев көріп қалыпты. Ал ол масақты ауыл адамдарының бәрі тереді. Термеген күнде ол босқа далада қалады. Әйтеуір біреуді көз қылып қамау керек болған. Соған менің шешем тап келген ғой. Мен келген күннің ертеңіне сот болып, судья Сейфуллина «куә­­­лар мен мәліметтер және айғақтар жетім­сіз» деп шешім шығарып кетіпті. Ауылдан ауданға келіп сотты кездестіре алмадым, прокурор орнында болмай шықты. Сосын аудандық милицияның бастығына бардым. Аға лейтенант Алексей Федорович Чуйкин деген елгезек азамат екен. Жағ­дайыммен танысқан соң, менімен барынша сыпайы сөйлесті.

– Бұл істі білемін, хабарым бар. Қыл­мыс­қа жатпайды, қорықпа. Масақты әркім­дер-ақ теріп жүр. Өйтпесе ел аштан өлер еді. Бұл жаңсақ жағдай, яғни жабылған жала. Әлі анықтаймыз, анаң ақталуға тиіс, – деді менің күмәнімді сейілтіп. Мен алғы­сымды айтып, орнымнан тұра бергенімде милиция бастығы:

– Жігітім, бір өтінішім бар, – деді.

– Айтыңыз, –дедім, орныма қайта отырып.

– Бізге өзіңдей жігіттер керек. Білімді де білікті жастар аз. Соның салдарынан кейбір жазықсыз жандар кейде жауапқа тартылып жатады. Борышыңды өтегесін бізге келсең қалай болады? – деді.

– Қолымнан келер ме екен?

– Неге келмесін. Отанды күзетіп жүр­ген атпал жігітке елдің ішкі тыныш­тығын күзету онша қиындыққа түспейтін шығар, бізге кел, күтемін, – деді. Мен ойланып көруге, мүмкіндігінше келуге уәде бердім.

– Ақыры не болды?

– Не болсын. Шекарада қалуға да уәде бергенмін. Милиция болуға да келісім бердім. Ақыры екі уәденің де үдесінен шыға алмадым.

– Оған не нәрсе себеп болды, яғни кедергісін тигізді деп ойлайсыз?

– Әскерден оралғасын тәртіп бойынша өзімнің мектебіме мұғалім болып келдім. Әскер ауылға қайтуыма қарсы болды, мектеп милицияға баруыма қарсы болды. Сөйтіп жүргенде мектеп директоры мені аудан­дық партия комитетінің екінші хат­шысы Алпысбай Нұржановтың шақырып жатқанын айтты. Бардым. Ол кісі мені аупартқомға нұсқаушы болуды ұсынды. Ойланайын дегеніме қарамастан келісі­мім­ді сұрады. Партияға қарсы тұруға қауқар қайда, келістім. Сөйтіп, ойланғанымның бәрі жайына қалып, партия қызметкері болып шыға келдім.

– Өткен тіршілікке өкінішіңіз бар ма?

– Құдайға шүкір, өкінбеймін. Жиырма жыл партия, совет жұмыстарында, 15 жыл статистика саласында қызмет атқардым. Ойлап отырсам – ұстаз болу үшін тек мектеп немесе оқу орындарында оқытушы болу міндет емес екен. Жоғарыда аталған қыз­меттерді атқарып жүріп білімім мен білігімді жастарға үйретуден жалықпадым. Қаншама шәкірт тәрбиеледім. Әділдік үшін күресе білдім. Құдай қосқан қосағым – отыз жыл бастауыш кластардың мұғалімі болған Жаңыл Асанова екеуміз бүл күнде 13 немере, 1 шөбере сүйіп отырмыз. Отау құрғанымызға 50 жыл. Осыдан артық бақыт жоқ біз үшін. Ендігі тілегіміз – ел тыныш болсын, бала-шаға және немерелеріміз аман болсын, – деді Сәкең.

– Шөбереңіздің есімі кім?

– Әлішер. 2 жаста.

–Қылығы қызық, тілі тәтті шығар?

– О не дегенің. Қылығы қызық қана емес – ғажап, тілі тәтті ғана емес – бал.

– Олай болса, қылығы ғажап, тілі бал шөберелер қызығын көре беріңіздер. Шө­бере көбейе берсін!

– Рахмет, рахмет, шырағым. Шөберенің қызығын көруді Алла саған да жазсын, – деді Сейітжан қария риясыз көңілмен. «Аумин» дедім іштей. Батамен өскен елміз ғой…

Сейітжан Омарұлы –1927 жылы Қы­зыл­орда облысының Шиелі ауданына қарасты «Ащықұдық» елді-мекенінде дүниеге кел­ген. Орта  мектепті бітірісімен бастауыш сыныптың мұғалімі болып еңбек жолын бастаған. Әскери борышын шекара қыз­метінде өтеген. Саналы ғұмырын партия, кеңес, статистика салаларына арнап, 1991 жылы зейнетке шығысымен Алматыға қоныс аударып, еліміздің оңтүстік астана­сында, ұл-қыздарының ортасында өмір сүрді. Бұл күнде бақилық болған Сейітжан қарияның зайыбы Жаңыл Асанова тоқ­санға иек артқан жасына қарамастан отаға­сы­ның орнын басып, жоғын білдірмей отыр.  Балалары мен немерелерін былай қой­ғанда, шөбересінің алды жар таңдайтын жасқа жеткен.

Сықақшы ақын Асқар Тоғмағам­бе­товтің «Быт көбейді, шыт көбейді» деген атақты фельетонындағы басты кейіпкер­лер­дің бірі  Сейітжан Омарұлының  өмір жолы, міне, осындай…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *