Қаржы – барлық бағдарламалардың күретамыры

Шаһар басшысы Алматыда өткен ТМД Салық қызметтерінің форумына қатысты

idi_6632

Нұрлан СҮЙІН

ТМД мемлекеттері Салық қыз­меті басшылары үйлестіру кеңесінің ХХІІІ отырысы Алматыда өтті. Кеңес отырысына қатысқан Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Қазақстанның қаржы және бизнес орталығы – Алматыда салық қыз­метінің маңызы мен атқарар рөлі ерекше екенін айтты.

– Алматы – мемлекет кірісінің үштен бірін беретін донор-қала. Мемлекет басшысының айқындап берген бағдарла­малары мен мегаполистегі жоғары деңгейдегі бизнес-ахуалдың арқасында алматылықтар табыс табуда. Біз Алматыны кәсіпкерлік пен жеке капиталдың қаласы деп айтамыз. Тәуелсіздіктің 25 жылдық уақытында Қазақстан экономикасы 20 есе өссе, Алматының жалпы аймақтық өнімі (ЖАӨ) 100 есе болыпты. Алматы тұрғын­дарының кірісі жалпы елмен салыс­тырғанда 2,2 есе көп. Бүгінде Алматының «Жалпы аймақтық өнімі» 41 млрд. АҚШ доллары. Бұл кең көлемде салыстырғанда жаман көрсеткіш емес, – деді Алматы қаласының әкімі.

Шаһар басшысы жеті басым бағытқа негізделген «Алматы-2020» бағдарламасы туралы да жан-жақты айтып берді. Б.Байбек салық қызметі бағдарламадағы басты бағыттардың бірі – «Тұрғындарға жайлы қала» тұғырнамасының дамуына тікелей қатысты екеніне тоқталды. Бағдар­ламаның осы бағыты қала экономикасына шетелдік инвесторлар мен қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.

– Біз былтыр 4,2 пайыз экономикалық өсімге қол жеткіздік, биыл да жақсы көр­сеткіштер күтудеміз. Жалпы, 2016 жылдың 9 айында бюджет шамамен 80 пайызға орындалды. Шағын және орта бизнестен (ШОБ) жиналған салық түсімі 40 пайыздан асты, кезінде 10 пайыздан бастаған болатынбыз, – деді Б.Байбек.

Тәуелсіздік тұсындағы соңғы 15 жылда ел бюджетіне салық және басқа да міндетті төлемдерді жинау 9 есе артқан. Бұл көр­сеткіш 2000 жылы 393 млрд. теңге болса, 2015 жылы 5,1 трлн. теңгеге жетті. Осы тұрғыдан келгенде, елдегі, мегапо­листегі бюджеттік табыстың негізі – салықтық түсім. Ал бюджетті қалыптас­тыратын қаржы болса, елдегі жасалып жатқан барлық бағдарламалардың күре­тамыры.

Алматыда өткен ТМД мемлекеттері салық қызметі басшылары форумында Достастық елдерінің қаржы-экономикалық саладағы өзара байланыс, іс-қимылдары талқыланды. Форумдағы басты тақырып­тардың бірі – салық қызметінде шот-фактуралардың, тауарлардың қозғалысына арналған құжаттардың (накладной) электронды жүйесін енгізу тәжірибесі болды. ТМД елдері бойынша кедендік, салықтық қызметтердің мемлекетаралық өзара байланысы сөз болды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *