Артында өшпес ізі қалған

Медицина саласында 40 жылдан астам еңбек ете жүріп, практи­калық жұмыспен қатар ғылыммен айналысып, талай белестерге қол жеткізгеніме шүкіршілік етемін. Алдына орынды мақсат қоя білген адам адал еңбектене білсе, шаршамай-талмай ізденсе, аянбай тер төксе, сол мақсатына әйтеуір қол жеткізе­тініне де көзім жетті. Өмір атты тұңғиық шалқар айдында кездес­кен неше бір қиындықтармен арпалысып, оларды жеңе білу де жеңіл жұмыс емес. 

Өмір деген – күрес. Сол өмір жолыңда, тәйірі, кімдермен кездесіп, кімдермен жүз­деспейсің. Олардың арасында қызылды-жасылды мына беймаза дүние-өмірге көзқарасы оңды, ой-түйсігі тұнық,  өзі атқарып жүрген кәсібіне деген сүйіспен­шілігі жоғары, пейілі таза, ұлтжандылы­ғымен ерекше дараланып тұратын абзал азаматтар болады. Солардың бірі және бірегейі жаны жайсаң, білімі терең, өз кәсібінің шебері, педиатор, оташы-трав­матолог, медицина ғылымының док­торы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, марқұм Әбубәкір Ерекешұлы Ерекешов болатын.

Онымен кездескен сайын, іні мен ағадай терең пікірлесіп, ой бөлісіп, еліміздің медицинасы төңірегінде арқын-жарқын әңгіме-дүкен құратын жақсы әдетіміз бар еді. Кездескен сайын сағыныса көрісіп, сөзі салмақты, ойы терең асыл ағаның жүрегіңді жылытатын әңгімесін тыңдап, жанымыз жасарып, көңілімізді нұрға бөлеп, жадырап қалатын еді. Несін айтасың, жақсы қасиет­тері мол еді ғалым-дәрігер Әбубәкірдің.

Әбубәкір Ерекешов 1946 жылғы 10 қарашада Қызылорда облысының Арал ауданындағы «Қасқақұланда» дүниеге келді. Орта мектепті бітірген соң Алматы медицина институтының педиатрия (бала емдеу) факультетіне түсіп, оны 1970 жылы ойдағыдай бітіріп шықты. Дәрігерлік диплом алысымен әскер қатарына шақы­ры­лып, бірнеше жыл әскери дәрігерлік қызмет атқарды.

Әскерден оралысымен Алматы қала­сындағы №1 қалалық балалар клиникалық ауруханасында балалар хирургі болып жұмысқа орналасады және өз ортасында біліктілігімен, білімділігімен, ең бастысы аса ізденімпаздық қасиетімен көзге түседі. Осы қасиет оның болашағына жарқын жол ашып бергендей болды. Ординатор, көп уақыт өтпей хирургия бөлімшесінің меңге­рушісі болып тағайындалады. Сонымен қатар, Алматы облыстық денсаулық сақтау бөлімінде бас хирург қызмет­терін де бірнеше жыл абыроймен атқарды.

Әбубәкір Ерекешұлы 1987 жылы қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары және көп өтпей-ақ бас дәрігері  қызметінде болды.

Бірақ бас дәрігерлік қызмет ол үшін қол еместігін түсінді де арыз жазып, практи­калық жұмысқа ауысып, алдағы қалған өмірін ғылым жолына арнауды жөн санады. Әдетте, ғылым саласына ойы мен идеясы бар адамдар келеді. Мұндай адамдар өзінің атқарып отырған кәсібі бойынша бұрын адамдардың көзіне түспеген кейбір құбы­лыс­тар мен жайттарды басқалардан бұры­нырақ байқайды. Сонан кейін сол құбы­лыс­тарды тереңірек зерттеп, сараптау соңы­на түседі. Олардан өз тұжырымын жасап, әріптестерімен бөліседі. Осыдан барып ғылыми жаңалықтар ұшқындай бастайды. Мәселен, Әбубәкір ағамыз хирург бола жүріп, өзінің осындай аңға­рым­паздық, ізденгіштік қасиетінің арқа­сында жеке ғылыми жұмыстармен шұғыл­данып, емдеу саласында көптеген өнертап­қыштық жаңа­лықтар ашқан болатын. Осындай еңбек­терінің нәтижесінде балалар хирургиясы бойынша жоғарғы категорияға, Қазақ КСР Денсаулық сақтау министр­лігінің бірінші және екінші дәрежелі дипломдарына ие болды. Оған КСРО-ның өнертапқышы атағы берілді. 1986 жылы «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен наград­талды. Осы жылы «Балалардағы иық сүйегінің айдаршық үсті және айдаршық арқылы сынықтарды емдеу» тақырыбы бойынша академик Камал Ормантаевтың жетекшілігімен кандидаттық диссертация­сын сәтті қорғап шықты. Ал 1991 жылы Алматы мемлекеттік медицина институты балалар хирургиясы кафедрасына доцент болып, шәкірт тәрбиелеумен шұғылданса, 1995 жылдан бастап Алматы мемлекеттік дәрігерлердің білімін жетілдіру инсти­тутында балалар хирургиясы курсының меңгерушісі болып қызмет атқарды. Қайда еңбек етпесін, қандай лауазым иесі болмасын ол әрдайым жарқын мінезімен, адами құнды қасиетте­рімен, еңбекқор­лығымен ерешеленіп тұратын. Сондық­тан да оның төңірегіне ізденімпаз жастар топтасып, оны өздеріне тәжірибесі мол  қайырымды ұстаз, білікті оташы, тұнық ойлы ақылшысы санады, барынша сыйлап, құрметтеді. Олардың оншақтысы Әбубә­кірдің қолдауымен әр түрлі тақырыптарға кандидаттық диссер­тацияларын қорғап шықты.

Қазақта «Кісінің кісілігі айтқан сөзінен емес, істеген ісінен көрінеді» деген тамаша сөз бар.  1999 жылы оған «Балалар жасын­дағы травматологияны және ортопедияны диагностикалау мен емдеудің жаңа техноло­гиясы» бойынша ашқан жаңалығы мен еңбегі үшін бір топ әріптестерімен бірге ғылым, техника мен білім беру саласы бойынша тағайындалған Қазақстан Рес­пуб­ликасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. 2000 жылы «Балалардағы иық сүйегі сынықтарының жаңа тәсілдерін жасау және клинико-патогенетикалық негіздеу» деген тақырыпта докторлық диссер­тациясын қорғап шықты. Әрине, бұл дәрігердің ғылым саласындағы көп ізденуі­нің, ұзақ жылдардағы ерен еңбегінің жемісі болатын.

— Біздің қазақ «Дені саудың – жаны сау» дейді. Осы бір ауыз сөздің астарында терең мән жатыр. Өзін күтіп, таза ұстайтын адам тәнімен қатар жанын да кір шалдыр­ғысы келмейді. Сөйтіп, адам бірте-бірте ластықтан, соның ішінде жан-дүние ластығынан жиіркенетін болады. Бәрінен де тәртіп пен тазалықты, адамдар арасындағы құқықтық қатынастарды жоғары қоятын салауатты, мәдениетті қоғам осылайша қалыптасады. Ал толымды қоғамнан болымды ұрпақ өсіп шығады, – деп еді бірде Әбубәкір Ерекешұлы ой толғап. Бұл да ғалым-дәрігердің көкейінде жүрген толғауы. Ұлтымыздың жарқын болашағын жастармен байланыстырған Әбубәкір Ерекешұлы бар білімі мен іс тәжірибесін, ақыл-жігері мен күш-қуатын дәл осы жас толқынға, шәкірттері мен әріптестерінің білікті маман ретінде өсуіне, олардың елжанды азамат болып қалыптасуына  аямай жұмсады.

2001 жылы оны Астанамыздың меди­цина университетінің балалар хирургиясы кафедрасын басқаруға шақырды. Әбекең отбасымен көп ойланбастан келісімін берді. Егемендік алған еліміздің, жаңадан қалыптаса бастаған Астана қаласының келер жылдарын алдын-ала ұғып, оның жарқын болашағын болжап, алысқа көз сала білетін көрегендігін білдірді. Сарыар­қаның сарышұнақ бет қаритын аяздарына шыдап, алғашқы 5 жыл бойы студенттік жатақхананың бір бөлмесінде тұрған кездегі қиындықтарға дес бермей, кафед­раны игілікті іске жұмылдырып, беріле еңбек етті, көптеген диагностикалық және емдік жаңалықтар енгізді. Ғалым ашқан ғылыми жаңалықтар да, балаларға жасаған шипалы әрі нәтижелі оталар саны да, шәкірт­терінің жетістіктері де осы жылдардың жемісі екені анық.

Ол Ресей мен Израильдің балалар хирургиясының профессорларымен тығыз байланыс орнатып, өнімді жұмыс жасады. Шәкірт дәрігерлерді әлемдік деңгейде жоғары талапқа сай жұмыс істеуге үйретті. Студенттерді шет елге шығарып, шет елдің балалар хирургиясындағы озық жетістік­терімен тікелей танысуына себепкер болды. Біз үшін әрдайым Әбубәкір Ерекешұлы­ның еліне, жеріне, қазақ халқына деген сүйіспеншілігі мен махаббаты шексіз. Тәуелсіз еліміздің болашағына таудай сенім­мен қарайтын ұстаз жастарға көп үміт артатын. Сондықтан жастарға қолдан келгенше қолдау жасап, бағытын дұрыс анықтауға бар күшін салатын. Соңынан ерген шәкірттерге тура жол сілтеп, дұрыс бағыт берді, олардың бір-біріне қамқорлық­пен қарауын, бір-бірін үнемі қолдап оты­руын қалап, ынтымақты болуға ұйыстырды. Бүгінде сол шәкірттердің барлығы ұстаз берген бағыттың дәл және асқан көрегендікпен жасалғанын айтып отырады.

Бірде Әбубәкір ағамызбен Астанада халықаралық конференцияда жолығып қалдық. Таяуда ғана Изральден тәжірибе алмасудан оралыпты.

— Дәрігер – адам жанының араша­шысы, ең бір қасиетті мамандық иесі. Сондықтан дәрігерлік қызметпен айналысатындар шала сауатты болмауы керек. Осыны израильдықтар жақсы түсін­ген. Егер еліміздің әлеуметтік-экономи­калық дамуы қазіргі қарқынмен жалғаса беретін болса, дәл Израильдағыдай талап пен жағдай бізде де орнығуы тиіс, – деп еді Әбекең келер күндерге көз жүгіртіп.

Онысы рас болды. Қазір отандық медицина саласы өркендеп өсті, жетілді. Көптеген ұлттық ғылыми медициналық орталықтар ұйымдастырылып, неше бір қиын оталарды еліміздің хирургтары өзімізде жасап жатыр. Жүрек, бауыр, өкпе, бүйрек алмастыру оталары тек Астана мен Алматыда емес, тіпті, Шымкент, Ақтөбе, Қызылорда сияқты қалалардың клиника­ла­рында сәтті жасалып жатқаны қуантады. Қатар жатқан мемлекеттердің дәрігерлері біздің елдің медицинасының  дамуына қызыға қарайды.

«Адам үшін денсаулық – ең ұлы қазы­на, онымен салыстырғанда, басқа мәселе­лердің бәрінің де маңызы төмен»  деген екен Шопенгауэр. Шынында да мына дүниеде адам денсаулығынан, адам өмірінен қымбат не бар? Соңғы бір жолыққанымызда Әбекең аздап ауырып, қиналып жүргеніне көңіл аударды. Содан біраз уақыт өткеннен кейін-ақ бақилық болғанын естіп, көңі­ліміз жабырқап, астаң-кестең болды.

Мына жалған дүниеде ажалға қарсы келетін қандай күш бар. Міне, содан бері де зымырандай зулап үш жыл өте шығыпты. Өткен 2016 жылдың соңында оның 70 жылдығын  әріптестері мен шәкірттері Аста­нада халықаралық ғылыми-практика­лық конференциямен атап өтті: баяндама­лар жасалып, естеліктер айтылды. Ұлты­мыздың жарқын болашағын жастармен байланыстырған Әбубәкір Ерекешұлы бар білімі мен іс-тәжірибесін, ақыл-жігері мен күш-қуатын жас толқынға, шәкірттері мен әріптестерінің білікті маман ретінде өсуіне, олардың елжанды азамат болып қалып­тасуына аямай жұмсағаны рас. Өзі өмірден өтсе де қазақ медицинасында жарқын да, жасампаз мектебі оның зерттеулерінен бастау алып, арнасын кеңейтіп келеді. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген осы емес пе? Оның өмірі артындағы ұрпағымен, шәкірттерімен жалғасып жатыр.

…Астанаға жолымыз түсіп, қалалық №2 балалар ауруханасы маңынан өтсем, еріксіз профессор әріптесім Ерекешов Әбу­бәкір ағамыз ескен түседі. Жақсы адамдар көзден кетсе де, көңілден кетпейді екен ғой. Түнгі тұңғиық аспандағы жарық жұлдыз­дай Әбекең секілді текті, дегдар жандар рухы кеудемізге  жарық сәулесін шашып тұра бермек…

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымының докторы, профессор.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *