Ардақпен болған кездесу

Түрксіб ауданындағы Сапар Байжанов атын­дағы  №162  мектеп-гим­назиясы ұлағатты іс­тер­дің  ұйымдастырушысы ретін­де танылған білім ордасы екені көпке бел­гілі. Ере­жесіз жекпе-жектен әлем­нің үш дүр­кін чем­пионы Ардақ Назаровтың мек­тепке келуі еліміздің рухани жаңғыру аясында жаса­лып жатқан игі істердің бірегейі болып, ұстаздар мен оқушылар қауымын үлкен қуанышқа бөледі.

Жиырма бес жылдық ұстаздық тәжірибемде талай кездесу кешті өткізу үшін келетін қонақтың шығармашылығы, өмірі жайлы оқушыларға оқытып, оны сұрап, талдап, жаттатып, талай мәрте дайындық жүргізетін болсам, осы жолы шәкірттерім мені дайын­дағандай болды. Ғаламтордан Ардақ Назаров туралы бүкіл мәліметті өздері тауып талқылап, видео­ларды жазып әкеп, сынып болып тыңдап, бұл кешке асқан қызығу­шылықпен  дайын­далды. Ақпан айында келем деп уәде берген Ардақ Назаровтың уақыты болмай,  кездесудің мамырға дейін шегерілуі кезінде әр оқу­шының күн санағанын көріп – қазіргі уақытта Ардақ батырымыз көп жастардың идеалына айнал­ғанын байқадық.

Мектеп-гимназия тарихында талай ақын-жазушы, әнші-әртіспен талай кезде­сулер өткен еді, бірақ бұл кездесу бұрынғыдан өзгеше болды. Бүкіл мектеп болып арнайы сценарий жасап, әр сөзін ойластырып жазып, кезекпен сөзін тізіп дайын отырған жүргі­зушілердің кеш қонағына алғашқы сөз кезегін  бергеннен-ақ Ардақ батырымыз кештің тізгінін өз қолына алды. Ардақ Назаровтың балалар­мен ерекше тіл табыса білетін қасиеті бәрімізді тәнті етті. Адамның бүкіл өміріне азық болатын иман мен әдеп, ерлік пен ездік, қасиет пен қадір, қарыз бен парыз жайында саналы әңгімелелерін айта тұрып, оқушы­ларға сұрақ беріп, олардың ойын тыңдап та үлгерді. Бір сағаттай орнынан тік тұрып оқушылармен сөйлескен Ардақ бауырымыздың бүгінгі айтылған әр сөзін өміріне жалау еткен қазақтың баласы кем болмасы, ез болмасы анық деген ой түйдік кеш соңында. Кеш соңында Ардақ Назаров жаңа қадам басқан сәбиге ерекше заманауи бата беріп, тұсауын­кесті. Тәттілерден шашу шашыл­ды.

Бір кездескен «қиындық» кештің соңында Ардақ батыры­мызды қаумалап, қолтаңба алып суретке түскен ұстаз, техни­калық қызметкер, оқушы, ата-аналардың құшағынан кеш қонағын әрең босатып алғанымыз болмаса, жоспарлаған кездесу кешіміз өте жоғары деңгейде өтті деп қоры­тындыладық.

 

Нұргүл БЕКТҰРҒАНОВА,

С.Байжанов атындағы

№162 мектеп-гимназиясы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *