«ҚАРА МЕРГЕННIҢ» ҚАҺАРМАНДАРЫ

Көзi тiрiсiнде-ақ елдiң шексiз құрметiне бөленiп, аты аңызға айналған азаматтардың бiрi – Қаратай Бекмұсаев. Мамандығы – мал дәрiгерi, ол Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы шалғайда жатқан жетi кеңшардың жүздеген малшыларына қырық жылдан астам дәрiгерлiк қызмет көрсеттi. Бұл кеңшардың мал шаруашылығы еңбеккерлерi кезiнде тарғыл жолбарыстар жортқан ну қамысты, табиғаты қатал Төменгi Шу өзенiн қыстап, «Жалдының жалын аламын, жалсыздың жанын аламын» дейтiн ұшы-қиырсыз Бетпақдала мен Сарыарқаны жайлайтын. Аумағы жүздеген шаршы шақырым болатын осы шөлейт аймақта шiлдiң қиындай шашырап жатқан ауылдарға дәрiгерлiк қызмет көрсету қиынның қиыны едi.

Қаратай осы үлкен жауапкершiлiктi мойнына алып, кәсiби жұмысын бастаған кезде ауданда дәрiгерлер саны тым аз болатын. Әбiкен Жылысбаев, ерлi-зайыпты Шәйзада, Дүйсенбек Нәдуев сияқты санаулы жоғары бiлiмдi дәрiгерлер халыққа қызмет ететiн. Әсiресе, орталықтан шалғайдағы малшыларға қызмет көрсететiн орта бiлiмдi фельдшерлер мүлде жетiспейтiн. Оларға бөлiнген техника, құрал-сайман жоқ, көбiсi атпен жүредi. Жамбыл медицина техникумын жаңа ғана бiтiрген Қаратай осы қиын аймаққа жiберiлдi. Мамандығы мал дәрiгерi жас жұбайы Бекмұсаева Тұрсынай екеуiнiң еңбек жолы бiрден қиындықпен басталды. Жас мамандар түйеге мiнгесiп, бiрнеше күн жол жүрiп, құм iшiндегi Қамқалы кеңшарындағы медпунктке изектеп әзер жеттi. Осы жерде Тұрсынай тұңғыш рет жаңа жобадағы мал емдеу санитарлық пунктiн, ауруларын емдеп, зерттейтiн зертхана ашты. Бұлар Қамқалыға келген күннiң ертеңiне-ақ Қаратайға шақырту келдi. Бетпақдаланың Кереге жайған деген жерiнде бiр малшының әйелi толғақ қысып, қан кетiп қиналып жатыр екен. Қаратай хабарды естiсiмен құралсайман, дәрi-дәрмегiн қоржынға салып, шабан торы атпен сол ауылға аттанды. Сол күннен бастап жұбайлар жұбын жазбай, бiр күн де тыным алмай малшыларға қызмет көрсеттi. Осы еңбектерi үшiн екеуi халықтың зор құрметiне ие болды. Алған алғыстарына сан жетпейдi. «Батамен ер көгерер» демекшi, ерлi-зайыптылар бақытты отбасы болды. Көп ұл-қыз тәрбиелеп өсiрдi. Олардың барлығы жоғары бiлiм алып, өз мамандықтары бойынша халыққа қызмет етiп жүр.

Қаратай науқас адамды дәрiмен ғана емес, жылы сөз, әзiл-қалжың айтып, музыка аспабында ойнап, ән салып та емдеген, көңiлiн көтерген. Той-думанда Тұрсынай «Гәкку» әнiн сызылтып салғанда ел қошеметтеп қол соққан. Сол үшiн оны жасы кiшiлер «Гәкку жеңге», үлкендер «Гәкку келiн» деп атап кеткен. Осы еңбекқор, жарасымды жұбайлардың өмiрi өзгелерге үлгi болды.

Қаратай тiрi болғанда биыл 75 жасқа келер едi. Сұм ажал осы халық үшiн туған атпал азаматты пайғамбар жасында алып кеттi. Қаратайдың тұңғыш ұлы Батыр Бекмұсаевтың басшылығымен ұл-қыздары әкелерiнiң туған күнiне орай оның кiндiк қаны тамған Құрттыбұлақ ауылында имандылық мектебi – әсем мешiт салды, үлкен ас бердi. Халықтың алғысын алды. Батыр журналист Жеңiс Шыныбековпен бiрге әкесi туралы «Қара мерген» деген атпен көлемi 18 баспа табақ болатын естелiк кiтабын жазып шығарды. Ондағы мақсаты – аты аңызға айналған атасы мен қазiр ел анасы болып отырған әжелерi Тұрсынайдың тағлымы көп өнегелi өмiрiн кейiнгi ұрпақтарына үлгi ету. Сол арқылы оларды қажырлы еңбекке, адалдық пен адамгершiлiкке, қарапайым халықты пiр тұтып сыйлауға тәрбиелеу.

Кiтап тосын да қызықты оқиғаларға толы. Оған Қаратайдың туған-туыстарының, сыйлас досзамандастарының, әрiптестерi мен бұрынғы малшы достарының естелiктерi енген. Туыстары заңгер Балықбай Жанұзақұлы, Кәрiбек Әбдиев, Сәттiбек Аманжолов, келiнi Мәкен Жұмабекова, замандастары Түйешiбай Әжмағанбетов, Еңбек Тиыштықов, Мизанбай Төленбеков, ұл-қыздары Бекболат, Жанболат, Клара, Ләззәт қызықты естелiктер айтады. Кiтапқа негiзгi арқау болып тұрған – туған құдасы Берден Байқошқаровтың, жұбайы Тұрсынай Бекмұсаеваның естелiктерi. Берден Байқошқаров – биология ғылымдарының докторы, репродуктолог-эмбриолог, Қазақстанда тұңғыш денеден тыс ұрықтандыру (ДТҰ) лабораториясының негiзiн қалаушы, ең бiрiншi қазақстандық «құтыдағы баланың» авторы – «Экомед» емханасының ғылыми жетекшiсi, адам ұрпағын өрбiту институтының директоры Салтанат Байқошқарованың әкесi. Ал Салтанаттың жолдасы Батыр Бекмұсаев қазiр бүкiл әлемге танылып, мойындалып отырған «Экомед» медициналық компаниялар тобының Бас директоры. Бұл ерлi-зайыптылар осы бастаманы қолға алғаннан берi бiр перзентке зар болып отырған мыңдаған отбасыларын бала сүю бақытына бөледi. Олардың iсi шет ел ғалымдарын да тәнттi еттi.

Батыр мен Салтанат Англия ханшайымы Елизаветаның арнайы шақыруымен сол кiсiнiң Конгресс-Холындағы қабылдауында болды. Дүние жүзiнiң әйгiлi ғалымдары бас қосқан Конгресс-Холдағы салтанатты жиында Нобель сыйлығының лауреаты Роберт Эдвардс ерлi-зайыптыларды Қазақстанның ең алғашқы қолдан ұрықтандыру лабораториясы ретiнде жеткен жетiстiктерiмен құттықтап, бағалы сыйлықпен марапаттады. Салтанат ҚР Президентi Н.Назарбаевтың Алғыс хатымен, Ұлттық Медициналық ассоциациясының «Алтын Дәрiгер» атағымен, Ресейдiң медициналық-техникалық ғылымдар академиясының ең жоғарғы наградасы – «А.Чижевский атындағы Алтын медальмен» марапатталды. Батыр мен Салтанат өздерiн осындай әлемдiк деңгейге көтерген әкелерi Қаратай мен Берденнiң еңбегi мен тәрбиесi деп бiледi.

Қаратай Бекмұсаев қатардағы қарапайым фельдшер, қажырлы еңбегiнiң арқасында ел құрметiне бөленсе, Берден Байқошқаров ұзақ жылдар бойы iрi аудандарды басқарған, Жоғарғы Кеңестiң депутаты болып сайланған қоғам қайраткерi, Дiнмұхамед Қонаевпен дәмдес-тұздас болып, ол кiсiнiң тәрбиесiн алып, сенiмiне ие болған айтулы азамат. Бiрнеше естелiк кiтаптардың авторы.

Б.Байқошқаров Қаратаймен қалай құда болды, достықтары қалай жарасты, осы туралы жылы лебiздi әңгiме шертедi. Оны достыққа адал, мейiрiмдi адам ретiнде сағына еске алады. Қаратайдың әрiптестерi оны кәсiби мамандығын жете меңгерген бiлiктi дәрiгер ретiнде сипаттайды. Қырық жылдай бiрге жүрген замандастары, жан қиыспас достары оның адами қасиеттерiн, атымтай жомарттығын, өнерпаздығын, кiшiпейiлдiлiгiн мөлдiрете баян етедi. Бетпақдалада тарыдай шашылып жатқан малшы ауылдарын бiрер аптада аралап шығу мүмкiн емес. Ол айлар бойы үй бетiн көрмей, «басы ауырып, балтыры сыздаған» адамдардың қасынан табылатын» дейдi естелiк айтушылар. Шығанақ кеңшарының атақты жылқышысы Қабыл қария: «Қаратай осы өлкеде қырық жыл дәрiгер болып қызмет атқарғанда бiрде-бiр адам аурудан өлген жоқ. Ол – мезгiлiнде ем-дом жасаған Қаратайдың арқасы. Қаратай келе жатыр десе, ауру атаулы бет-бетiмен қашатын едi» дейдi екен.

«Қаратай әмбебап фельдшер болды, – дейдi жоғары санатты дәрiгер досы, қажы Дүйсенбек Нәдуев. – Оның бiлiктiлiгi өте жоғары едi. Кейбiр жоғары бiлiмдi дәрiгерлер де бiле бермейтiн сауықтыру тәсiлдерiн жете меңгерген. Ол балалар дәрiгерi, гинеколог, хирург, терапевт, сынықшы да бола бiлдi. Оның бiр емдеген адамы екiншi рет ауруханаға келмейтiн. Сол үшiн халық оны шексiз сүйдi, шексiз сендi. Алыс ауылдарда Қаратай аман-есен дүниеге келтiрген, кiндiгiн кескен балалар қазiр әр салада еңбек етiп жүр. Оған аналардың да алғысы қисапсыз».

Естелiк кiтапта небiр қызықты, күлкi шақыратын оқиғалар да баяндалады. Арқадағы Мұңылы-Қулы тауларының етегiне жайлауға барған Қаратай ауылына келетiн адамдар көп. Бiрде Қаратай ел аралап жүрiп «тай-құнан, бұқаларыңды пiштiргiлерiң келсе, бiздiң ауылға келiңдер» деп сауын айтады. Тай-байталдарды бей-берекет қуып, шiңгiрлеп үйiрдiң берекесiн алған саяқ айғырлар мен өкiрiп-бақырып, құм шашып мазаны кетiрген бұзақы бұқаларын пiштiрту үшiн көп малшылар Қаратай ауылына қарай ағылады. Олар Қаратайдың қолынан бәрi келедi. Бала сүндеттеп жүрген дәрiгер бұқаларды да былай, нетiп… нетедi… деп ойлайды. Бiрақ, оқиға олар ойлағандай болмайды. Үйден ақ халатын киiп, қолына бұқа пiштiретiн құрал-саймандарын алып Тұрсынай шығады.

– Мен емес, айғыр мен бұқа пiштiрудiң маманы осы кiсi, – дейдi Қаратай күлiп.

Ел үркiп қалады. Денесi тал шыбықтай бұралған нәзiк, саусақтары сүйрiктей жiңiшке жас келiншекке сескене сенбей қарайды. Қаратайдың тағы бiр әзiлi шығар деп ойлайды. Жел соқса күзгi гүлдей ұшып кеткелi тұрған мына нәзiк келiншек үйдей бұқалар мен асау айғырларды қалай пiштiредi? Көңiлге қонбайды.

Қаратай бұқаны пiштiретiн осы Тұрсынай деп тағы айтады.

– О заманда бұ заман, айғыр мен бұқаны қатын пiштiредi деген сұмдықты естiсем, құлағым Қарғаштың құлағындай таскерең болсын, – дейдi қартаң малшы ашуланып. – Қаратай, сен мұндай әзiлiңдi қой. Елдi мазалап…

Сөйтiп, ел айғыр, бұқаларын жетектеп кете бастайды. Бiр жас малшы ғана бұқасын пiштiртуге тәуекел етедi. Аналар мына қылдырықтай келiншек не iстер екен деп ат бастарын тартып қарап қалады. Зоовет техникумында оқып жүргенде-ақ майда, iрi малды «сүндеттеу» тәжiрибесiнен өткен болатын. Тұрсынай «көрермендердi» таңқалдырып үйдей бұқаның аяқтарына тұзақ тастап өзiне белгiлi ғылыми әдiспен жалғыз өзi топ еткiзiп жығып алады. Аяқтарын буып iске кiрiседi… Бұл операция өте сәттi өтедi. Бұлар байқап тұр, келiншектiң бишiге лайық жiңiшке саусақтары ептi де қайратты екен. Бұқа босанып орнына тұрысымен дым болмағандай, ауырсынбай өрiске бет алды.

Осы оқиғадан кейiн елдiң күдiгi сейiлiп, айғыр, бұқаларын жетектеп келiп кезекке тұратын болды. «Алып денелi, қара күш иесi Қаратай мал емдеуге, қыз Жiбектей сызылған нәзiк Тұрсынай адам емдеуге тиiс едi. Екеуiнiң мамандығы ауысып кеткен» деп ел күлiп отыратын.

Естелiк айтушылар Қаратайдың бала жасынан қалыптасқан досқа адал, екi айтпайтын бiрбет қайсарлығын, намысқой өжеттiгiн сүйсiне әңгiмелейдi. Ел арасында «Қаратаймен жолдас болсаң, жолда қалмайсың» деген мақал да шыққан.

Қаратайдың атын аспандатқан тағы бiр кәсiбi – аңшылығы. Оның аңшылығы туралы ел арасында талай аңыздар тараған. Арқада киiк азая бастағанда даланың аш бөрiлерi күндiз-түнi малға шауып елдiң мазасын кетiрген. Талай, майда, iрi мал қасқырдың жемiне айналып, талай малшылар зардап шеккен. Ол кездегi заң бойынша қасқыр өлтiрген мал актiленбейдi, оны малшының өзi төлейдi. Кейбiр жеке отырған шопан отарының тең жартысын қасқыр қырып кеткен кездерi де болған. Қасқырдан қорлық, зорлық-зомбылық көрген малшылар Қаратайға келiп, «Қасқырларға қарсы соғыс аш» деп «арыз» айтты. Олар Қаратайдың жасынан «құралайды көзге атқан» мерген екенiн, анда-санда қақпан құрып қасқыр аулайтынын бiлетiн. Қаратайдың кермесiнен жүйрiк ат, есiгiнiң алдынан алғыр төбет, жүйрiк тазы үзiлген емес. Кереге басында қосауыз мылтығы iлулi тұр. Атақты ұсталарға қасқырға арнап соқтырған «қандыауыз» қақпандары тағы бар. Ендi ол бұрынғыдай емес, жұмыстан бос кезiнiң барлығын қасқыр аулауға жұмсады. Малшыларға көп зиянын тигiзген қасқырларға кектене соқтықты. Бiр жаздың өзiнде ол мылтықпен атып, атпен қуып сойылға жығып, қақпанға түсiрiп, жүзге жуық қасқырды жер жастандырды. Сөйтiп, талай малды қырғыннан сақтап қалды. Ол кеңбайтақ Бетпақдаладағы қасқыр мекендейтiн апандарды түгел бiлетiн. Күзде малшылар қыстауға, көктемде жайлауға беттеген кезде Қаратайдың қолы бiршама босап қалады. Сол кезде қасына Тұрсынайды алып апандарға қақпан құруға кiрiседi. Тұрсынай да аңшылыққа бейiм, көзi қырағы, қақпанға түскен қасқырдың соңына түсiп, сүйретпе iзiмен оны ұзатпай тауып алады.

Қаратайдың көкжал арланмен құралсыз жекпе-жек айқасқан кездерi де бар. Қасқыр оның бiр жеңiн жұлып алған. Сол кезде ол арсылдаған арланның тура жүрегiне қанжарын қадаған. Қаратайдың аңшылық құрып жүрiп, киiктiң ешкiсiн сауып, сүтiн шайға қатып iшкен таңқаларлық оқиғалары бар. Естелiк кiтапта оқырманды тамсандырып, қызықтырып отыратын әңгiмелер көп. Халық оның осындай қасиеттерiне бола оған «Қара мерген» деген атақ берген. Осы уақытқа дейiн оны Қаратай демейдi. Қара мерген дейдi. Кiтаптың «Қара мерген» аталуы да содан. Бұл атты кiтап авторының бiрi – Батырдың өзi таңдаған.

Қаратайдың Қара мерген атын шекаралас Қарағанды, Оңтүстiк Қазақстан, Жамбыл облыстарының мал шаруашылығымен айналысатын барлық адамдары бiледi. Олардан «Қаратайдың ауылы қай жерде?» деп сұрасаң, «Қай Қаратай, малшы Қаратай ма, механизатор Қаратай ма, саудагер Қаратай ма, алқаш Қаратай ма?» деп қарсы сұрақ жаудырады. «Қара мерген» десең болды, «е, бағанадан берi солай демейсiң бе, оның ауылы анау Бейсен қара суының арғы жағында» дейдi.

Осы үш облыс малшыларының арасында мынадай бiр аңыз тараған.

«Жамбыл облысының жерiнде туып-өскен, ауызданған, ұрпақ жайған бiр кәрi көкжал Қарағанды жерiне өтiптi. Қарағандылық қасқырлар өре түрегелiп: «өзiмiз ашпыз, көртышқан, бақа-шаян аулап әзер күн көрiп жүрмiз. Тамағымызға ортақ болмай, келген жағыңа қайт» деп дүрсе қоя бередi. Сонда жамбылдық көкжал көзiне жас алып: «Атамзаманнан берi қандас, бауырлас едiк. өз туған өлкемнен кетейiн деген жоқпын. Қара мерген деген қатыгез аңшы шығып, барлық ұрпағымның тоз-тозын шығарды. Мылтықпен атты, сойылға жықты, қақпанға түсiрдi, алабай төбеттерiне талатты. Ұрпағымның әупiрiммен аман қалғандары жансауғалап өзбек, қырғыз жерiне ауып кеттi. Тiптi, «апаннан белi шықпаған» бөлтiрiктерiмiздi де қазып алды сол жүрегi аяушылықты бiлмейтiн екi аяқты аңшы. Мiне, бiр аяғым соның құрған қақпанында қалып, мүгедек болып қалдым. Сөйтiп, бомж болып айдалада қаңғырып қалдым. Ендi кездессем, ол кiсәпiр аңшы терiмдi тiрiдей сыпырады. Сойылмен соғып басымды жарды, содан екi естi, есалаң болып қалдым. Менi аяңдар, аңшының қолына түспей, терiмдi сыпыртпай өз ажалымнан өлейiн. Қара мергенi жоқ сендер бақыттысыңдар».

«Жарайды, – дейдi қарағандылық қасқырлардың көсемi, – сол Қара мергеннен бiз де зардап шеккенбiз. Талай туыстарым соның қолынан қаза тапты. Менiң бәйбiшем көк қаншықты, тағы екi тоқалымды, жетi бөлтiрiгiмдi опат қылды сол Қара мерген. Оның атын естiсек, бiздiң де аза бойымыз қаза болады. Мейлi, қалсаң қал. Қазiр қыс түсiп келедi. Қара мерген Шудағы қыстауына кеттi. Көктемге дейiн ес жиып, демалып, ол жете алмайтын Торғай жаққа қоныс аудармақпыз».

Қаратайдың көзi тiрiсiнде-ақ осындай аңыз-әңгiмелер көп айтылған. «Қара мерген» естелiк кiтабын жас ұрпаққа үлгi болатын, оларды адамгершiлiкке, адалдыққа, еңбекке баулитын кiтап деп сенiммен айта аламыз. Кiтапта аңшылыққа байланысты қызықты әңгiмелер баршылық. Кiтаптың тiлi жатық, жеңiл оқылады.

Ж.ЫНТЫҚБАЙ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *