АЛЫС ПЕН ЖАҚЫННЫҢ АЛТЫН АРҚАУЫ

%d1%82%d1%83%d0%b3%d0%b0%d0%bd-%d0%b6%d0%b5%d1%80

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Адам баласы шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі екендігі ашық  айтылған. Туған жер әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» деген жолдар еңсесін енді көтерген тәуелсіз мемлекетіміздің әрбір азаматына ой салады деп ойлаймын.

«Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген пат­риоттық сезімге ұласады» дейді Елба­сымыз. Алаш жұртына, кейінгі өскелең ұрпаққа керегі де осындай аталы сөз. Енді  осыны  өз  ойыммен тарқатып көрейін.

Қазақта «Отан» деген қасиетті ұғым бар. «Отан үшін отқа түс, күймейсің», дейтін Баукеңнің жүректі тербейтін ғажайып сөзі тағы бар. Қазақтың – Қазақ елінен басқа Отаны жоқ! Ұлы Дала­ның талай ғасырлар бойы жасаған ғаламат бай мұрасы, болашақтағы жарқын өмір, еркіндік жолында «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың өмір тәжірибесінен жинақтаған даналығы мен өмірлік кәдеге жарайтын бұлжымас қағидаларының қосындысы осы рухани жаңғыруға негіз болатыны сөзсіз. Зейін салар болсақ, Жерұйық түсінігінде «Мәңгілік» деген ұғым бар. Ол –  әрбір  азаматтың туған жеріне деген құрметі­нің айшықты символы. Соларды зерде­лей келіп, еңбекті құрметтеуде, маман­дық таңдауда еліміз жастары нағыз отан­сүйгіштік сезімдерін танытулары қажет. Оған  елімізде барлық  жағдай жасалған.

Туған жердің табиғатын аялау ісінің қаншалықты маңыздылығы Елбасы мақаласында барынша  ашып көрсетіл­ген. Атам қазақ «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деуі  тегіннен-тегін  болмаса керек!       Жұ­мыр жер – адам баласының игілігі үшін жаратылған. Демек, исі қазаққа ортақ елдің иесіз, жерінің киесіз болмасы анық. Жер-Ана қойнауындағы  бар  байлықты орынды пайдалануға, эколо­гия тазалығына ұмтылуға қатысты ай­тылған тұстары көкейге қандай қонымды!

«Туған жер» атты бағдарлама қабыл­дауды ұсынған Елбасы әрбір отандасы­мыздың, жастардың патриоттық сезімін арттыру үшін аймақтарда өлке тарихын көбірек насихаттап, туған жеріне көмек қолын созып жүрген жандарға құрмет көрсету жолдарын қарастыру қажетті­гін де еске салуды міндеттепті. Сол секілді, ұлан байтақ жеріміздегі өзіндік тарихы, өз қасиеті бар танымал жерлер­ге жүйелі зер салып, «Мәдени геогра­фиялық белдеуді» ұлттық құндылық­тары­мыздың қатарында дәріптеу идея­сын ұсынған. Туған жер десе, кеудесін сағыныш кернеп ала жөнелетін барлық зиялы қауым бұл идеяны қуана қолдап отыр.

Кең-байтақ жерімізде қыр-сыры беймәлім түрлі қазыналар мен тарлан тұлғалар бар. Мемлекет басшысының осы ұсынысы мұндай дүниелерді кеңі­нен насихаттауға зер салуы ұрпағы­мыздың болашақтағы тәрбиесі  емес пе?!

Бізге  өзгенің  салт-дәстүрі  керек  емес.  Оны  тойтарып тастап,  ұлттық кел­бе­тімізді  сақтап қалу үшін  нақты   ұстаным керек.  Сондықтан ұлттық мәде­ниет, ұлттық салт-дәстүр,  ұлттық қолтума, төрт түлік  түрлері,  ұлттық  өнер  туралы  арнайы  заң қабыл­дауымыз керек.  Мұның  бәрі  болашақ  ұрпақтың  несібесі мен  тұрақты тірші­лі­гінің  алтын арқауы.  Біз  қазір Қазақ­стандағы барша  ұлт өкілдеріне қандай жағдай  жасап отырсақ, өзіміздің  ұлт­тық құндылықтарымызға да сондай  жағдай тудыруымыз керек. Бүгінгі таңда аталған бағдарлама жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналып отыр. Елбасының сөзімен айтқанда, «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез-келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шыға­тын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол ұлттық бірегейлік негізде­рінің басты элементтерінің бірі. Сондықтан мың­жылдық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиіспіз».

Өз  басым  кәсіби қызметіме  сай, әлем  елдерін көп  аралаймын. Көргенім де көп, айтарым да бар. Мәселен, Орынбор  облысында дала табиғатын, оның  өсімдіктер  әлемін, жануарлар дүние­сін жан-жақты зерттейтін Бүкіл­ре­сейлік  Дала  ғылыми-зерттеу инсти­ту­ты көптен  бері жұмыс істейді.  Бізге де осы  үлгідегі Ұлы  Дала елінің таби­ғат  фаунасын зерттейтін бір құрылым  керек сияқты  көрінетін. Енді  қолға  алынып отырған «Қазақстанның қа­сиет­ті рухани  құндылықтары» және «Қазақстанның   киелі  жерлерінің гео­графиясы» жобасы  осы  олқылық­тардың  орнын  толтырады.

Бүгінде экономикалық даму Қазақ­станды бес ірі экономикалық-геогра­фиялық аймаққа бөлуге негіз  жасап отыр. Қазақстан нарықтық экономикаға көшу арқылы әлемге танымал әрі шет елдермен тығыз ынтымақтастық қаты­настарын берік орнатты. Елімізде нарық­тық экономика арқылы экспорт және импорт көлемдері артуда. Соны­мен қатар, халықаралық үлкен іс-шара­лар да біздің елде өтуде. Бұл дегеніміз – еліміздің жарқын болашаққа аяқ басып келе жатқандығын  көрсетеді әрі  елімізде  өткізіліп жатқан халықаралық шаралардың көлемі әлемдік картада елдің саяси тұрақты серіктес ретінде беделінің нығаюын айғақтайды.

Ендігі жерде жаңа қасиетті орын­дары  туралы қазақ халқының тарихи-семантикалық атласын жасаудың уақыты  туып отыр. Көне жәдігерлерді ғана емес, сонымен бірге, тәуелсіздік құндылықтарын да танытуымыз керек. Біздің тарихи-мәдени географиялық белдеу жасайтын уақытымыз болды. Себебі, өз географиямыздың белдеуінен бөлек, саяси, экономикалық, тарихи, мәдени құндылықтардың белгілі бір деңгейдегі белдеуі болуы керек. Жер бетінде тілдердің картасы бар, интернет қолданушылардың картасы және алпауыт елдердің домендік атаулары­ның қолданыс картасы бар. Мұнымен қоса, туған жеріміздің ең қасиетті орындарын көрсететін карта жасау керек.  Осыған  орай жыл сайын  сту­дент-жастардан тұратын арнайы  экспе­диция  ұйымдастырып,  оларды  еліміз­дің әр өңіріне жіберіп, зерттеу жұмыс­тарын жүргізуді қолға  алу  керек. Оларға қасиетті орындар туралы мәлі­меттер  жинақтатып, ойларын  ояту  қажет.  Сайып  келгенде,  бұлардың  бәрі  мәдени, рухани құндылық. Оның сара жолын Елбасының өзі бастап, салып берді.

Қазіргі ұрпақтар ата-бабасы туып, қоныс қылған мекенінен алысқа тарап, басқа жерде өмірге келіп, алыста өсіп жатыр. Сондықтан да туған жер, ата-бабаның кіндік қаны тамған мекен дегенге мән беру соңғы жылдары қалыс қалып бара жатқан сияқты.

“Туған жер”, ‘кіндік қаны тамған жер” деген ұғымдар ел болып, ірге көтер­ген халықтар үшін патриотизмнің бастауы. Ата-бабаның қоныс қылған орнын құрмет тұту, оны ардақтау, қажет болған жағдайда қасық қаны қал­ғанша қорғау ежелден әрбір адал туған ұлдың абзал борышы деп есептелінген.

Қазақта туған жердің қасиеті, киесі адамның бойына дариды, өскелең орта­сының ақылы мен даналығы, тәлімі мен тәрбиесі жақсы қасиет болып сіңеді деген ұғым бар. Расында да туған  жердің ерекшелігінен өзгеше нәр алып атағын алысқа шығарған адамдардың мысалы толып жатыр. Егер Абай туып-өскен жердің қасиеті болмаса, Мұхтар Әуезов телегей-теңіз білімдар бола қояр ма еді? Әрине, Алланың берген дарыны оны жерде қалдырмас, бірақ, туған жерден бойына сіңірген даналық оған Алланың берген қасиетін одан әрі дамытқаны сөзсіз.

Туған  жерге кісілік жүрмейді.  Адам өзі  туған жерінің қонағы бола алмайды,  қара қызметшісі болуы мүмкін. Адам  қаншалықты дарынды  болса да  оның генетикалық фоны  таза  антропология­лық  денгейдегі  рух мәдениеті, ар-намыс ұғымы, ел-жұртын сүю қасиеті күшті  болмаса, оның  данышпандығы­ның  құны шамалы.

Кез-келген халық өз елінің бейбіт өмір сүруін, қарыштап дамуын тілейді, армандайды. Ал елдің бейбіт ғұмыр кешіп, өсіп-өркендеуі, кемел мемлекет, ізгі қоғам құру талпынысы елдің бас­шы­сына тікелей байланысты. Бұл орайда «Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» дегендей, атадан балаға беріліп келе жатқан бүкіл қазақ бол­мысының бай рухани мұрасын бойына сіңірген, «жүрегі елім деп соққан» және сезімін нақты ісімен дәлелдей білген  Елбасымыз Қазақстан халқының маң­дайындағы бағы, ырыс-берекесі болып тұр.

 

Есен  ҚАЙЫРЖАН,

Халықаралық  Ақпараттар 

академиясының академигі.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close