Алматы құрылысшылар қолымен жаңарып жатыр

99-4817-1Әсел ДАҒЖАН

Қала 2017 жылғы Универсиадаға әзiрлiк үстiнде

Құрылысшылардың кәсiби мерекесiне байланысты жұма күнi шаһарымызда қала басшысы Ахметжан Есiмовтiң қатысуымен салтанатты кеш болып өттi. Сәулетi жарасқан Алматы шаһарының құрылысында қол iзiн қалдырып жатқан құрылысшыларды дастархан басына жинаған мереке қарсаңында қала басшысы iзгi тiлектерiн жеткiзiп, бiрқатар құрылысшыларды Құрмет грамотасымен марапаттады. Әрқашан құрмет пен беделге ие мамандық иелерiнiң қол күшi, құрылыс саласы елiмiздiң экономикасы үшiн маңызды болып саналады деп атап өттi шаһар басшысы. Жоғары кәсiби шеберлiк пен бiлiктiлiк тән алматылық құрылысшылар соңғы үлгiдегi технологиялық жетiстiктердi пайдалана отырып, заманауи ғимараттар салып, өздерiне лайықты iзбасарлар дайындай алады деп сенiм бiлдiрдi. Экономикалық көрсеткiш бойынша Алматы Орталық Азия аймағында көш бастап тұр, бұл жерде құрылысшылардың еңбегi зор деген шаһар басшысы қуатты экономика үнемi үздiксiз дамуды қажет етедi дедi.

Құрылыс саласының соңғы бес жылдан бергi дамуының нәтижесiн ұсынған құрылысшылар бұл күнi аталған кезеңдi үлкен жетiстiктермен қорытындылағанын дәлелдегендей болды. Өйткенi, соңғы бес жылда қаламызда 5 млн. 100 мың шаршы метр тұрғын үй салынған. Бұл – 37400 пәтер, яғни, нәтижесiнде 140 мың адам баспаналы болған. Егер тәуелсiздiк алған уақыттан берi небәрi 7 балабақша салынса, соңғы бес жылда құрылысшылар қалаға 21 балабақшаны пайдалануға берген. 20 мектеп салынып, 18 денсаулық сақтау нысаны бой көтердi. Сондай-ақ, жаңадан алты спорт нысандарының құрылысы салынып, бiрден спортшылардың игiлiгiне қызмет ете бастады. Олардың iшiнде, шаңғы трамплиндерiнiң кешенi, спорт мектептерi үшiн үш спортзал, екi әкiмшiлiк ғимараты бар. «Медеу» мұзайдыны кешенi мен Орталық стадионда қайта қалпына келтiру жұмыстары жүргiзiлдi. Жетi мәдени нысан жаңғыртылудан өткiзiлдi. Бұл – Республика сарайы, «Ықылас атындағы музыкалық халық аспаптары мұражайы» және қуыршақ театры.

Қала басшысы айтып өткендей, шаһарымыздың көлiк инфрақұрылысы да жақсы дамуда. 2008 жылдан берi 20 жолайрық iске қосылып, Шығыс айналма жолы салынды. 140 шақырым болатын жол мен көше пайдалануға берiлсе, барлығы 1700 шақырым болатын қала жолдарының 1006 шақырымы жөндеу жұмыстарын көрдi. Ағымдағы жылы тағы да 6 жолайрықтың құрылысы жүруде, ал 16 жаяу жүргiншiлер мен қала жолдарында белсендi түрде жөндеу жұмыстары жүргiзiлуде. Табиғи газбен жүретiн муниципалды автобус паркi құрылды. Метрополитеннiң екiншi тармағының құрылысы жалғасуда.

Қала құрылысшыларының арқасында Алматы үздiксiз даму үстiнде әрi өзiнiң бiрегей және қайталанбас келбетiн қалыптастыруда.

– Бiздiң алдымызда әлi үлкен мiндеттер тұр, қандай жағдай болмасын осы даму қарқынымызды төмендет пеуiмiз тиiс. Бұл, сөзсiз, 2017 жылғы Универсиадаға дайындық. Бiз қаламызды осы iс-шараға дайындауымыз керек, – деп қорытты Ахметжан Смағұлұлы.

Айта кету керек, Елбасы Алматы қаласын туристiк орталыққа айналдыру керек деген тапсырма жүктеген болатын. Қазiр тау шаңғысы спортын дамытудың бағдарламасы дайындалуда. Қала басшысы айтып өткендей, заман көшiне iлесе алатын құрылысшылары бар Алматы қаласы алдыға қойылған барлық мақсаттарға жете алады және бүгiнгiсiнен де құлпыра түседi.

Құрылысшылар мерекесi қарсаңында тiлшiлермен рейдке шыққан қала әкiмшiлiгiнiң қызметкерлерi Алатау ауданында болып қайтқан болатын. Төрт жылдан кейiн қаламызда өткiзiлетiн Қысқы Универсиадаға байланысты аталған аудан қызу дайындық үстiнде. өйткенi, олимпиадалық нысандардың бiрқатары осы ауданның топырағында бой көтермекшi. Соның бiрi – кино-концерт залы. Сегiз жүз адамды сыйдыра алатын зал бiрқатар нысандарды да қосып алған. Яғни, жүз елу адамдық кинотеатр бiрiншi қабатта, жүз адамдық кинотеатр екiншi қабатта салынады деп жоспарланған. Сондай-ақ, компьютер залы да қарастырылған. Зал тек көңiл көтеруге, түрлi кештер ғана өткiзуге арналмаған. Мұнда түрлi семинарлар, симпозиумдар, жиындар өткiзуге де қолайлы болмақ. өткен жылы желтоқсан айында құрылысы басталған нысан осы жылдың соңында пайдалануға берiлмекшi.

«Құрылыс жұмыстары – бұл тiрi организм секiлдi. Қиындықтар кезiгедi, бiрақ, бәрiнiң шешiмi табылады» деген «Толқын» ЖШС бас директоры Алексанр Гетта қазiр үш жүзден аса құрылысшылар еңбек етiп жатқанын айтты.

Бұл ғимараттың тағы бiр жағымды тұсы – мүмкiндiгi шектеулi жандардың кiрiп-шығуына барлық қолайлы жағдай жасалмақшы.

Ал қаланың тағы бiр тұсындағы құрылыс жұмысы – көлiк жүргiзушiлерi мен кептелiстен шаршап жүрген жолаушыларды жыл соңында жағымды жаңалықпен сүйiншiлемекшi. Әл-Фараби – Розыбақиев жолайрығының құрылысы бiр жарым жылдан берi жүргiзiлуде. Үш жүзден аса құрылысшы еңбек етiп жатқан жолайрық осы жылдың желтоқсан айында пайдалануға берiлмекшi.

«Өз үйiм – өлең төсегiм» деп баспаналы болуды аңсап жүрген отбасылардың жағдайын AFD Plaza тұрғын үй кешенi қарастырып жатыр. Бұл алғашқы коммерциялық «а» бизнес класындағы жоба болмақшы. Он тұрғын үйден тұратын кешеннiң бесеуi жыл соңында есiктерiн ашпақ. Нарықтың бүгiнгi сұранысын ескерiп салынып жатқан кешенге қарап, бизнес класындағы тұрғын үйлерге сұраныстың бары халықтың тұрмыс деңгейiнiң өсiп жатқандығына дәлел болатындай. Мұндағы құрылыс жұмыстарына жергiлiктi, елiмiзде өндiрiлетiн құрылыс заттарының қолданылып жатқанын айтып кеткен артық болмас.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *