АЛМАТЫЛЫҚТАР ДЕНИС ТЕНДІ ЕСКЕ АЛДЫ

Бір жыл бұрын кісі қолынан қаза тапқан белгілі спортшы, мәнерлеп сырғанаушы әрі Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тенді еске алу үшін алматылықтар Байсейітова мен Құрманғазы көшелерінің қиылысында тұрған Денис ескерткішінің алдына жиналды. 

Әсел ДАҒЖАН

Жадыраған жаздың ортасында Алматының төбесіне қара бұлт төнгендей қаралы хабар баршамызды есеңгіретіп тастаған еді. Халқының сүйікті ұлымен қоштасуға жиналған жұртта есеп болмап еді сол кезде.

Тәуелсіз Қазақстанның аспанында жарқ етіп жанып түскен спортшы ұлын алматылықтар әлі ұмытқан жоқ. Қолына бір-бір шоқ гүлдерін ұстаған жастар күндізгі сағат 3.00 кезінде Денис ескерткішінің маңына жиналды. Осыдан тура бір жыл бұрын, дәл осы сағатта Денис өмір мен өлімнің арасында арпалысып жатқан жер еді.

Бір минут үнсіздік. Спортшының достары мен жаттықтырушылары, алматылықтар мен спортшының өнерін жоғары бағалаған зиялы қауым және қалалық әкімшілік өкілдері жиналып, Денистей ұлдарын еске алды.

Ол қаншама жастың кумирі еді. 25 жылдық ғұмырында Қазақстанның спортын жаңа дәрежеге көтеріп, бір топ жаңа буынның қалыптасуына әсер етті.

Спортшыны еске алуға жиналған қалалықтардың алдында сөз алған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров спортшының ең үлкен жетістіктерін айтып, оның өз есімін тарихта алтын әріптермен жазып кеткенімен түйіндеді.

–       Бүгін баршамызды Денис жайлы жарқын естеліктер бір жерге жинап отыр. Ол біздің жастардың жарық жұлдызы. Біз оның талантының соншалықты ауқымды болғанын енді ғана сезінудеміз. Мықты фигурист, авторлық мұз шоуының продюсері әрі ұйымдастырушысы – бұл оның үлкен жетістіктерінің бір ғана қыры. Денис үнемі өзінің алдына биік белестерді мақсат тұтатын. 2011 жылы ол Жапониядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмектесті. 2014 жылы «Денис Тен және оның достары» атты мұз айдындағы шоудан түскен барлық қаражатты нейролейкоз ауруына шалдыққан 6 жасар Нұрсат Жақыпбайдың шет елдегі еміне берген болатын, – деген қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров «Денис мәңгілікке есімізде қалады» деді.

Айта кетейік, Денистің іске асыра алмай кеткен жоба­ларын оның артында қалған ата-анасы мен Денис Тен атындағы қор іске асыруға әлдеқашан кірісіп кеткен. Мәселен, бүгін алматылықтар мен қала қонақтарының назарына ұсынылатын «Денис және оның достары» атты мұз айдындағы шоуда Денистің өлеңдері жинақталған кітап таратылмақшы. Тимур Бекмамбетов Денистің сце­нарийімен фильм түсірген болатын, жақында ол прокатқа шықпақшы. Ал ең бастысы, мәнерлеп сырғанау акаде­миясын ашу жоспарланған. Ал алдағы қазан айында мәнерлеп сырғанаудан халықаралық турнир өткізіледі.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *