«Almaty Іnvest» форумында жарты миллиард доллардың келісіміне қол қойылды

Алматыда жыл сайынғы халықаралық «Almaty Іnvest» инвестициялық форумы болып өтті. Оған әр елден келген 500-ден астам делегат, яғни беделді саясаткерлер, әлемдік және қазақстандық бизнес-жетекшілер, инвестициялық корпорациялардың, қаржы институттары мен халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты. 

Инвестициялық мүмкіндік пен іскер­лік байланыстарды орнатудың тұғырына айналған форумға қатысушы­ларды құт­тықтаған шаһар басшысы Б.Байбек бұған дейін өткен форумдарда құны 1 млрд. дол­лар болатын 40-тан астам меморан­думға қол қойылғанын, оның ішінде 400 млн. долларды құрайтын 12 жобаның жүзеге асқанын атап өтті.

– Алматы – Орта Азиядағы ерекше дамыған мегаполистердің бірі, оның экономикалық ауқымы 35 млрд. доллар. Президент Н.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында мегаполис эконо­микасы 100 есе өсті. Алматы ІЖӨ-нің бес бөлігін, ел салығының тең жартысын бере­ді. Қалаға шетелдік компаниялар инвести­циялар  бөлуде.  10 жыл ішінде 22,2 млрд. доллардың инвестициясы тартылса, тек биылғы жылдың өзінде инвестиция 21%-ға артты, оның ішінде шетелдік инвестиция 24%-ға өскен, – деді Бауыржан Байбек.

Қазіргі кезде қала экономикасының 86%-ын сауда мен қызмет көрсету саласы құраса, шағын және орта бизнестің үлесі 40%-дан жоғары, яғни мұнайға қатысы жоқ тұрақты экономика қалыптасқан. Қалада Қазақстанның салық төлеуші ірі компания­ларының үштен бірі, банктер бас офис­терінің 90%-ы, біріккен кәсіп­орындар мен ірі халықаралық ұйымдар ме­ке­ме­лерінің 43%-ы орналасқан. Жақында ғана БҰҰ-ның 14 арнайы агенттіктері хабының жаңа ғимараты ашылды.

Қала әкімі мегаполис өз дамуында үздік реформаларды жүзеге асырудың жаһандық үрдісіне және үздік әлемдік тәжірибеге, соның ішінде БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына, ЕЭОҰ-ның стандарттарына сүйенетінін айтты. ПРООН-мен және француздың «Systra» компаниясымен бірге көлік реформасы, америкалық ІDC компа­ниясымен «Smart Almaty» концепциясы жасалды. Қаланың Шеберлік-жоспары канадалық-амери­калық HATCH компа­ния­сының қолдауы­мен атқарылуда.

– Қазіргі кезде Қазақстан халқының 10%-дан астамы Алматыда тұрады. Ал­матылық агломерацияны қоса есептегенде халық саны 3 млн. адамды құрайды. Шет­елдік сарапшылар 2035 жылға қарай қала тұрғындарының саны 2 есе өсетінін айтып отыр. Таяудағы 15 жыл ішінде біз жыл сайынғы экономикалық өсімді 5%-дан төмендетпеуге, жоғары қосымша құны және экспорттық әлеуеті бар интеллек­туалды секторда 700 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға, еңбек өнімділігін 2 есе арттыруға тиіспіз. Біз орталықтандыру принципі бойынша қала тұрғындарын біртіндеп әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етеміз. Келер жылдың басында қаланы дамытудың Шеберлік-жоспары ашық түрде жарияланады. Қаланың әрбір тұрғыны, бизнес өкілдері онымен жете танысып, өз ұсыныстарын айта алады, – деді қала басшысы.

Бауыржан Байбек қалада перспек­тивалы секторлар мен құрылыс салу аймақтарының анықталғанын айтты. Жер учаскелерін есепке ала отырып Түрксіб, Жетісу, Алатау аудандарында құрылыс салу қолға алынбақшы. Болжам бойынша тағы 70 шаршы шақырым тұрғын үй, әлеуметтік және өндірістік офистер, сауда алаңдары салынуы тиіс. Тек биылдың өзінде ғана қалада «7-20-25» бағдарламасы бойынша 2 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй салу жоспарланып отыр.

«Инновациялық технологиялар паркі» ашық экономикалық аймақтағы 163 га. жерге жоғары технологиялы компаниялар үшін бар жағдай жасалған. Жұмысшы жалдау оңай әрі кедендік және салықтық жеңілдіктер бар.

– Мемлекет басшысының Жолдауын орындау үшін біз «қарапайым заттар экономикасын» дамытудамыз. Мысалы, жыл аяғына дейін скотч пен пленка шығаратын KazTіgerTape, газ қазандық­тарын жасайтын КЕЛЕТ жобалары, картон мен қағаз шығаратын Интер Мульти Сервис зауыты қолға алынады, – деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Көлік саласында инфрақұрылымдық жобаларға ерекше мән берілмекші. Қалада 700 мыңнан астам автомобиль бар, са­рап­шылардың айтуынша көлік кептелісінен Алматы экономикасы күн сайын 600 млн. теңге немесе ІӨӨ-нің 2% -ын жоғалтатын көрінеді.

Соңғы 10 жыл ішінде қалада 30-дан астам жолайрықтары салынды. Жақын арада тағы үшеуі іске қосылмақшы, осы­лайша кіші көлік айналымын қалыптас­тыру аяқталады.

Бұлардан өзге, МЖӘ принципі бойын­ша Алматының Үлкен Айналмалы жолы­ның құрылысы басталды. Бұл ауқымды жобаның жалпы құны 1,4 млрд. доллар, ол қаланы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінде көлік торабына айналдырып,  қаланы тәулігіне 40 мың автомобильге дейін боса­тады. Бұл ірі жоба сервистік компанияларға жақсы инвестициялар әкелуі мүмкін.

Екі теміржол вокзалдарын рекон­струк­­циялау басталды. Жеке инвестиция есебі­нен аэропортты модерни­зациялау қолға алынбақшы, соның арқасында оның өткізу   қабілеті  2,5 есеге өсіп, жылына 13 млн. адам тасымалдамақшы.

– Біз шаһар кеңістігін «Қала адамдар үшін» ұстанымы бойынша модернизация­лаудамыз. Қаланың тарихи орталығының үштен бірі заманауи стандарттар бойынша жаңарды, тротуарлар мен жасыл желек ұлғайды. Жаңарған көшелерге келетін адамдар саны 40%-ға артып, сауда айна­лымы 1,5 есе өсті. Бұлардан өзге, біз Smart технологияны енгізудеміз. Мемлекетпен байланыстың бүкіл процедурасы жеңіл­деді. Алматыда бизнесті қағазсыз ашу, есеп-фактура, банк операцияларын жүр­гізу, салықты тапсыру, эскиз жобасын және электрге қосылудың келісімін жасау ғаламтор арқылы жүзеге асады, – деді Бауыржан Байбек.

Bіg Data құрылған Электронды үкі­метті дамыту жөніндегі БҰҰ-ның рейтингі бойынша Алматы 25-орынды иеленген.

Қазір Алматы агломерациясының тау шоғырларына қатысты шеберлік-жоспары жасалуда. Халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша, жоспар жүзеге асса шаңғы трассасы 5,5 есеге артып, 237 шақырымға дейін ұзарады, шаңғышы туристердің саны 6 есе ұлғайып, 46 мыңға дейін жетпек. Треккинг, хайкинг және басқалары үшін 500 шақырым тау жолын салу жоспарланған.

Іскерлік туризмін дамыту үшін құры­лыс алаңы 15 мың шаршы метр болатын конгресс-орталығы бар көрме кешенін салу жоспарлануда.

Туристер мен инвесторларды тартуда жоғары сапалы медициналық қызметтің мәні артуда. Бәсекеге қабілетті баға барысында туристер біздегі пластикалық қызметке, кардио, нейро, қан тамырлары хирургиясына, стоматология, репродук­тивті медицинаға қызығушылық білдіруде.

Форум кезінде франчайзинг жобала­рының жәрмеңкесі ұйымдастырылды, мұнда кәсіпкерлер «дайын бизнес» фор­матымен және инновациялық стартаптар көрмесі енген Almaty Іnnovatіon Festіval жобасымен танысты.

Форумның қорытындысы бойынша, жалпы құны 480 млн. доллар болатын меморандумға қол қойылды. Олардың ішіне жаңа дәрі-дәрмек зауыты, «Down town Almaty» қаржы, әлеуметтік және бизнес-орталығын салу көзделген.

 

 «АҚШАМ-АҚПАРАТ».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *