Алматы емханалары COVID-19-дың жаңа толқынына барынша дайын

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Камалжан Надыров ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары кезінде Алматыдағы бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету (БМСК) қызметінің COVID-19-дың жаңа толқынына дайындығы туралы айтты.

Алматы қаласында БМСК деңгейінде барлығы 74 медициналық ұйым, 39 мемлекеттік және 35 жекеменшік емхана жұмыс істейді. БМСК ұйымдарында 9 914 медициналық қызметкер, оның ішінде 2 712 дәрігер жұмыс істейді. Қазіргі таңда БМСК ұйымдарына тіркелгендер саны 2 миллионнан асты.
Сонымен қатар, емханалардың жұмысы мобильді бригадалармен күшейтілген. Мобильді бригадалардың саны 5 есеге артты және 409 бригаданы құрайды, бұл дегеніміз 925 медициналық қызметкер. Амбулаториялық деңгейде 270 мыңнан астам науқасқа құны 11 миллиард теңгеден асатын 1 млн.-ға жуық медициналық дәрілік заттармен қамтамасыз етілді.
Сондай-ақ, амбулаториялық емдеуде жатқан COVID-19 вирусымен ауырған науқастарды басқаруда БМСК ұйымдарына қолдау көрсету үшін Науқастарды мониторингілеу орталығы құрылды. Соңғы айда орталық өкілдері 2000-нан астам науқасқа көмек көрсетті.
«Біз БМСК ұйымдарының дайындығына жоғары дәрежеде көңіл бөлдік. Бүгінде қалалық емханалар COVID-19-дың жаңа толқынына барынша дайын. Жұмыс ковидтік пациенттерге де, сондай-ақ ковидке талдау нәтижесі теріс шыққан пациенттерге де лайықты көңіл бөлуімізге бағытталған. Бізде жоспарлы емдеуге жатқызу тоқтап қалған жоқ, барлық медициналық ұйым жұмыс істеп тұр», – деді Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Камалжан Надыров.
Пандемия басталғаннан бері емханаларларда қатаң карантин кезеңінде онлайн-кеңестер саны 80%-ға артқан.
«Бүгінде емханалардың call-орталығының қызметтеріне 220-дан астам диспетчер тартылған. Бұл науқастың дәрігерге телемедицина арқылы қашықтан, онлайн-форматта байланысқа шыға алатындығының жақсы көрсеткіші. Осылайша, науқастар өздерінің учаскелік дәрігерлерінің бақылауында. Онлайн-кеңестер дәрігерлердің тұрақты жұмыс режимінің бір бөлігіне айналыд. Менің ойымша, бұл кеңінен қолданылады және постковидтік кезеңде де науқастардың белгілі бір санатына қашықтан кеңес алуға болатын қалыпты жағдай болады деп ойлаймын. Бұл инфекция қаупін азайтып қана қоймай, науқас үшін де тиімді, дәрігердің де ресурстары мен уақытын үнемдейді», – деді К.Надыров.
Денсаулық сақтау министрі Алматы қаласына жұмыс сапары аясында №17 қалалық емханада болды.
Бұл заманауи көпбейінді емхана 2010 жылы ашылған. Медициналық мекеме ауысымына 630 адамды қабылдай алады және медициналық қызметтердің кең спектріне бағытталған. Бұл емханада 85 000-нан астам азамат тіркелген.
«Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы Жол картасының тапсырмаларын орындау мақсатында емханада онкологиялық, фтизиатриялық, наркологиялық және психиатриялық қызметтері біріктірілген. Емханада халыққа қызмет көрсетуде инновациялық технологиялар үздіксіз енгізілуде. 2011 жылы №17 қалалық емхана Қазақстанда бірінші болып дәрігерлердің қабылдауына алдын-ала жазыла отырып, «Кезексіз емхана» жұмыс режиміне көшті. Онда кезекті басқарып отыруға және науқастарға дәрігерлердің жұмыс кестесі туралы хабарлауға арналған электрондық жүйелер, мемлекеттік қызметтерді онлайн-режимде алуды жеңілдету үшін навигациялық жүйелер мен картридерлер орналастырылған. Мұнда әрбір адам e-gov порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді алу техникасын үйренеді. Сондай-ақ, емханада мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаңа жағдайлар үнемі жаңартылып, енгізілуде.
Медициналық мекеме таза және лас аймақтарға бөлінген, сүзгілер мен бақылау бекеттері орнатылған. Науқастар ағынын санатқа қарай бөлудің мақсаты – вирустың ішкі таралуын және қызметкерлердің жұқтыруына жол бермеу.
«Айта кету керек, пандемия шарықтап тұрған кездің өзінде қалада бірде-бір емхана жабылып қалған жоқ, олардың барлығы штаттық режимде жұмыс істеді. Медициналық қызметкерлер үшін жеке қорғаныс құралдарының жеткілікті қоры сатып алынды, дәрілік заттардың резервтік қоры құрылды. Яғни, бүгінде қалалық емханалардың тұрақты режимде және коронавирустық инфекция өршуі мүмкін жағдайда жүйелі жұмыс істеуі үшін қажеттінің бәрі әзірленді», – деп атап өтті Камалжан Надыров.
Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы егер емханаға жүгінген науқасқа толық көлемде медициналық көмек көрсетілмесе, өзге де мәселелерге тап болса, Бірыңғай медициналық қызметтің call-орталығына, 3000-505 нөміріне жүгіну қажет екенін хабарлайды. WhatApp арқылы +7 (777) 888-81-03 нөміріне хабарлама жіберуге де болады. Сіздің өтінішіңіз міндетті түрде қабылданады және толыққанды жауап беріледі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *