АЛМАТЫ ЭЛЕКТРОНДЫ БИЛЕТТЕНДІРУ ЖҮЙЕСІНЕ КӨШТІ

55Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ

Кешеден бастап Алма­тының барлық қоғамдық көліктері электронды би­леттендіру жүйесіне көшіп, жолақы төлеу «Оңай» бір­ыңғай көлік карточкасы ар­қылы жүзеге асырыла бас­тады. Демек, бұдан былай, шаһар тұрғындары қолма-қол төлем жасау немесе валидатор арқылы жолақы төлемейді. Сонымен қатар көпшілікке «проездной» атауымен таныс  бір айлық жол жүру билеті де жарам­сыз деп танылмақ.

«Оңай» көлік картасымен таныстыру өткен жылдың орта­сында басталған. Сондықтан жұртшылыққа бұл жүйе тосын жаңалық емес. Алайда, бір жарым миллионнан астам тұрғыны бар Алматы үшін бірыңғай жүйеге бірден көшіп кетеміз деу қиын-ақ. Себебі, мың адамда мың түрлі пікір бар. Мұндай жүйенің тиімділігін біріміз қолдасақ, екіншіміз «ойдағыдай жүзеге аспайды» деп алашапқын болып жатырмыз. Шын мәнінде, көлік қатынасындағы бұл өзгеріс – халық игілігі үшін жұмыс істейтін жаңашыл жоба. Ал сала маман­дарының пікірінше, Алматының көлік саласын реформалаудың алғашқы қадамы болып табы­латын жүйені ендіру арқылы ха­лыққа қолайлы жол жүру бағыт­тарын жасауға және оңтайлан­дыруға, қаланың қоғамдық көлік­терінің жүру кестесін құруға септігін тигізетін нақты ақпа­раттар алу үшін де тиімді көрінеді. Одан бөлек, бұл жобаның көл­денең көк аттының қалтасына түсіп жататын қаржының жолын кесіп, көлеңкелі бизнесті бол­дырмауда маңызы зор. Сондай-ақ, қала бюджетінің салық түсімін арттыруда да пайдасы шашетектен.

«Жаңа жүйені көпшілік қалай қабылдауда?», «Қала жұрты «Оңай­дың» оңай екеніне қанша­лықты көз жеткізіп жатыр?» деген оймен қоғамдық көліктерге бақылау жасап көрдік.

Таңмен таласа оянған алма­ты­лықтардың басым көпшілігі бұл өзгеріске алдын-ала дайындал­ғаны көрініп тұрды. Тас-түйін дайындықпен көлікке мінген тұрғындар «сары карталарын» қолдарына ұстап, сапарларын тіркемекке арнайы терминалға қарай бағыт алып жатты. Осы күнге дейін көбіміздің ақшамыз­ды «жұтып» алып, билет бере алмай қақалып жататын валида­торлар көзден ғайып болған. Жүй­кені жұқартқан әлгі ақша қабылдағыштарды «жоқтап» жат­қандар да жетерлік. Кіре сала көздері шарасынан шығып, таң­қалысқандар да көп.

Көптің пікіріне құлақ салып, тыңдап көрсек, кейбір қоғамдық көліктер салонда арнайы тер­миналы бола тұра, жолаушы­лардан әлі қолма-қол төлем қабылдап жатқанға ұқсайды. Мәселен, «Құлагер» ықшамау­данынан №17 автобусқа отырған Раушан есімді келіншек көлікте кондуктордың бәз-баяғыша сай­рап, қалтасындағы билетін үлес­тіріп жүргенін айтты. Бірқатар жоғары оқу орындарының сту­денттерінде арнайы жол жүру карточкалары дайын емес. «Егер карталарың болмаса, 4000 теңге айыппұл төлейсіңдер» деген ескертуді естіген жастар амалсыз, бірыңғай көлік картасын көшеден сатып алуға мәжбүр екендіктерін айтып шағымданды.

«Думан» мен «Ақсай-3» ық­шамауданы аралығына қаты­найтын №65 автобустағы жағдай, тіпті, сорақы. Біз мінген «А 827 НА» нөмірлі автобустың  кіре­берісіне орнатылған терминалдың  «бұғатталып» тұрға­нын көріп тіпті  қайран қалдық. Себе­бін білмекке, көлік жүргізушісі Руслан Жолаев­қа барғанымызда: «Мен кешке «планды» қалай тапсырамын? Сонда, жолау­шылардың картасы жоқ болса, оларды тегін тасимын ба? Ал солярканы маған кім құйып береді?» – деп өзімізге тап берді. Тіпті, кондуктор жігітіміз «фото­аппаратыңды сындырамын» деп қоқан-лоққы көрсеткені көпшілік алдында мәдениетсіздік болды. «Планды» кімге тапсы­ратынын сұрағанымызда, «оған жауап беруге міндетті емеспін» деп, үзілді-кесілді бас тартты.

Жалпыға ортақ тәртіпке бағынбай, талапты орындауға құлықсыз мекемелер жауапқа тартылуы тиіс. Сол себепті әрбір мекеменің, ұйымның ішкі тәрті­бінен бастап, қоғамдық орын­дардағы, халыққа қызмет көрсету мекемелеріндегі, тіпті, тәртіп орнатумен тікелей айна­лыса­тындар тәртіп мәселесін өздерінен бастағаны жөн. Міне, №65 авто­бустағы тәртіптің ақсап тұрғаны сондықтан. Әйтпесе, жарты жыл­дан бері жарна­маланып келе жатқан «Оңайдың» әлі еңбегі сіңбей жатып істен шығуына не себеп? Мұны біз көлеңкелі бизнестің көрінісі деп топшы­ладық. Әрине, мұндай келеңсіздік қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынастың орнығуына кедергі келтіреді. Сондықтан, Бауыржан атамыз айтпақшы, «тәртіпсіз ел болмай­ды, тәртіпке бағынған құл бол­майды».

 

Салтанат ЖАНБОЛАТҚЫЗЫ,

№36 мектептің бастауыш сынып мұғалімі:

– Тиыныңды сылдырлатып, ақшаңды майдалап әуре болмайсың. Кө­лікке мінгенде картаңды терминалға жақындатып, жасыл индика­тордың жанып, дыбыстық сигналын естісеңіз, жетіп жатыр. Өте тиімді жоба, маған ұнады.

 

Гүлім БАҒДАТҚЫЗЫ,

Абай атындағы ҰПУ-дің 4-курс студенті:

– «ОҢАЙДЫ» оқу орнымыз жасап берді. Міне, суретіміз бен арнайы билетіміз бар. Ақшаны көбірек салып қойып, алаңсыз жүргің келеді. Бірақ, абайсызда жоғалтып алсаң, қиын болады екен…

 

Рүстем ЕРЖАНҰЛЫ,

колледж студенті:

–  «Оңай» деген аты болмаса, қиын екен, ақшасын ертерек салып қоймасаң, бұл да бір әуре секілді. Себебі, жаңа ғана карточкама ақша салып, енді көлікке отырсам, «ақшаң жоқ» деп қабылдамай жатыр. Жүргізушіге айтсам, сәлден кейін түседі дейді. Қазір тексерушілер келіп тексерсе, не айтамын? Оларға түсіндіріп көріңіз…

 

Нұрбай, жолаушы:

–  Бұрынғы «проездной» билетіміз жақсы еді. «Оңай» оңай емес, қиын болып тұр. Себебі, бір күнде 4-5 жерге баратын шаруаларың болса, біраз қаражат жұмсауға тура келеді. Бұл біз үшін қалтамызға артық салмақ.

P.S. «Біткен іске сыншы көп». Жалпы, қаладағы кез келген бастаманың көпшілікке жол тартар алдында талқыға түсетіні, оның бірауыздан қабылданбай, біраз шу­ласып, даурығысып қалатын әдеті ғой. Әркімнің көзқарасы әрқилы, пікірлері саналуан. Сондықтан бүкіл елдің көңілінен шығу мүмкін емес. Алайда, «саусақ бірікпей ине ілікпейтіні» секілді, жұртшылықтың пікірімен санасу, олқы­лықтарды ескеру, тұрғындарға жайлы қалада жүргенін сезіндіруге ықпал ету – сала қызметкерлерінің еншісіндегі шаруа. Ал біз қаланың дамуына өзіндік үлес қосатын жобаның әлі-ақ өз жемісін береріне сенімдіміз. Бұған, әрине, уақыт-ағзам мен мәртебелі халық төреші.

 

Керек дерек

«ОҢАЙ» көлік карталарын «QІWІ» және «QІWІ-Кошелек» терминалдары арқылы толтырсақ, енді олардың қатарына «Astana Plat» ЖШС – «Касса24» қосылып отыр.

Алматы қаласында тұратын барлық ҰОС ардагерлеріне арнайы жол жүру картасын үйлеріне апарып беруде.

Бүгінде бақылаушы-ревизиялық басқармада 377 қызметкер жұмыс жасайды. БРБ қызметкерлері 2 ауысымда қоғамдық көліктердің 119 бағытына қызмет көрсетеді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *