АЛМАТЫ ДИАЛОГЫ. ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ТҰРҒЫНДАРМЕН ЕСЕПТІК КЕЗДЕСУІ

САУАЛДАР ДА КӨП БОЛДЫ, ЖАУАПТАР ДА ДӨП БОЛДЫ

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев пен тұрғындар арасындағы ашық диалог

 

Біздің Алматы – арман қала, әсем қала, жасыл қала, құшағы кең қала. Сондықтан осы бір алып мегаполисте тұруға ынтық, осында өмір сүріп, қанат жайып, өсіп-өнгісі келетін отандастарымыздың көп болатыны заңдылық. Кеше Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев шаһардағы ең көрнекі де еңселі нысандардың бірегейі – «Halyk Arena» көпсалалы кешенінде тұрғындармен кездесіп, олармен ашық «Алматы диалогын» орнатты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын басты бағдары етіп алған Алматы қаласына қарасты барлық сегіз ауданда бұған дейін аудан әкімдерінің тұрғындар алдындағы есеп беру кездесулері өткен болатын. Ал бұл кездесу билік пен халық арасындағы сол жүздесулердің түйіні. Жиынға  ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Н.Әбдірахым қатысып отырды.

 

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев осы қызметке келген күннен бастап әкімдіктің жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгерткені баршаңызға мәлім. Билік өкілінің тұрғындар алдындағы әдеттегі дәстүрлі есеп беру кездесуі бұл жолы жылдағыдан өзгеше, мүлдем басқа форматта өтті.

Әкімнің есеп беру кездесуі алдында кешеннің екінші қабатында қала әкімі­нің барлық орынбасары, барлық бас­қарма басшылары және қалаға қарасты сегіз ауданның әкімдері аты-жөндерін көрсетіп қойып, жеке-жеке тұрғындар­ды қабылдап, олардың талап-тілектерін тікелей өздері жазып алып отырды. (Бұл қабылдау Бақытжан Сағынтаевпен болған төрт сағаттық кездесуден кейін де жалғасты). Ал бұл қадам өз кезегінде қала билігін тұрғындардың жанайқайын бетпе-бет отырып тыңдауға, өзекті деген мәселелерін тез әрі сапалы шешуге ықпал етері сөзсіз.

Таңғы уақыт болған соң, қыс мезгі­лі, мәселемізді айтамыз деп ала таңнан тұрып келген халыққа ыстық шәй, кофе ұсынылды. Ал «Halyk Arena»  Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» күйінің құшағында тербеліп тұрды. Естуімізше, бұл кездесуге бұрынғыдай мектептерден мұғалімдерді топ-тобымен жинап апару деген болмаған. «Айтар сөзім бар еді, баруым керек» деп ниеттенген баршаға есік айқара ашық тұрды.

Жүздесу алдында үлкен экраннан Алматының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін ұсынатын, қала­ның тыныс-тіршілігінен хабардар ететін бейнеролик көрсетілді. Есесіне, көбіміз­дің уақытымызды ұрлайтын ұзын-сонар баяндама жасалған жоқ. Екі тарап бірден «сұрақ-жауапқа» көшіп кетті.

Үлкен залға 11 микрофон және өтініш-тілектерін қағаз түрінде жазып қалдыруға арналған бірнеше шыны жәшік қойылған. Қаланың аты – қала, соған сай мегаполис тұрғындары да көзінің ашықтығын, мәдениеттілігін көрсетіп, асықпай-аптықпай, ешкім ешкімнің алдына түсіп кетпей, сауал­дарын рет-ретімен қойып жатты.

– Көз алдымызда көркейіп, биіктеп келе жатқан әсем шаһардың ауыз тол­тырып айтар жетістігі, әрине, өте көп. Экономикалық жоғары өсім халық­тың тұрмысына да оң ықпал етуде. Мен осы орайда алдымен сіздерге алғыс айтамын. Өйткені, осындай үлкен қаланы көр­кей­туде, ізгілендіруде барша­ңыздың еңбектеріңіз, қолтаңба­ларыңыз бар. Менің басты мақсатым – Алматыны әр тұрғыны берекелі өмір сүретін, қауіпсіз де қолайлы, заманға сай мегаполиске айналдыру. Біз оған тек бірге, тізе қосып еңбек ету арқылы жете аламыз. Сондықтан сіздердің талап-тілектері­ңізді біліп, уақытылы жауап беру мен үшін өте маңызды, – деді алғашқы күн­нен-ақ «Бірге жұмыс істеу» позициясын ұстанған Б.Сағынтаев халықпен аман­дасу сөзінде.

Әрине, мінсіз дүние болмайды. Атқа­рылған іс-шаруа көп болғанымен, қазір барды қанағат тұтып, тоқмейілсіп қарап отыратын заман емес. Уақытпен ұштаса білген ғана ұтады. Алматы­лықтар тарапынан қойылған сауалдар­дың ең көбі аулаларды абаттандыру, айналаны көркейту мен көгалдандыру, сондай-ақ, шеткі аудандардағы көгілдір отын, су, жарық тақырыптары төңіре­гінде өрбіді. Б.Сағынтаев қаражат көзде­рін алдымен ешқашан жарық жанбаған тасқараңғы көшелер мен аулаларға жұмсауды көздеп отырғанын тілге тиек етті.

 

Ресми жиында Бақытжан Әбдірұлы тек ат үстінде тұрып қана сөйлесетін тәкаппар шенді емес, халыққа жақын, оған шын тілеулес азамат екендігін де көрсете білді. Өзіне қарай жақындағысы, қолындағы тілек-ұсынысын түсірген бір жапырақ қағазын өзі апарып бергісі келген қарапайым кейбір тұрғындарға әкім биік мінберінен бері шығып, оларға жақын келіп, ілтипат көрсетіп, қолын бірінші болып өзі ұсынып жатты.

– Мен бұл мәселені сіздерге бүгін-ертең шешіп беремін деп мына отырған алқалы топтың алдында өтірік уәде беруден де аулақпын. Бірақ шешу жолын міндетті түрде қарастыратын боламыз, – деп турасын да айтқан тұстары да болды.

Жуырда Алатау ауданындағы көпқа­батты үйлердің бірінің қабырғасы қисайып, апатты жағдайда қалғанын бәріміз білеміз. Сол үйдің тұрғындары «Бізді осы баспа­на­мызға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қайта кіргізеді екен» дегенді естіп жатыр­мыз. Біз ертеңгі күнімізге алаңдаулымыз» деген алатаулық тұрғынға Б.Сағынтаев:

– Мен де өздеріңіздей пендемін, мой­ныма күнә алғым келмейді. Мен де бірінші Құдайдан қорқатын адаммын. Сіздер үшін, сіздердің отбасыларыңыз үшін мен де өзімді жауапты сезінемін. Сондықтан бұл мәселені әлі де тереңірек зерттеп, зерделеп барып, сосын шешім шығаратын боламыз, – деп жауап берді.

Бір басында үлкен аудиторияны өзіне баурап алатын келісті келбеті, өзін тыңдата алатын мінезді мысы бар және қазақылығы да басым Бақытжан Әбдірұлы әзіл-қалжыңнан да қаражаяу еместігін байқатты. «Кейбір жұмыс беруші кәсіпорын өкілдері біз сияқты зейнет жасына жетіп қалғандарды сен бізге енді керек емессің дегендей ысы­рып тастағысы келіп тұрады. Бізге тым болмаса зейнет жасына жетіп жығылуы­мызға мүмкіндік беруге болады ғой», – деген бір тұрғынның ойына:

– Қазақта «Өгізге туған күн бұзауға да туады» деген мақал бар. Ондай жұмыс беру­шілер өздері де 63-ке таяп қалғанда не айтып жүргенін сезінетін болады, – деп әзіл-шыны аралас жауап беріп, халықты күлдіріп, бір серпілтіп алды.

«Алматы диалогының» ресми, сірескен белгілі бір қалыпта емес, осылай емен-жарқын ашық өткені де жиналған қауымды шаршатпады десек те болады.

Осы және өзге де өзекті мәселелер арқау болған екіжақты диалогты төмендегі «сұрақ-жауаптан» толық оқи аласыздар.

 

Қарлығаш СЕРІКҚЫЗЫ, Алатау ауданы, «Боралдай» елді-мекенінің тұрғыны:

– Сәлеметсіз бе, әкім мырза! Мен Барыс көшесінің бойында тұрамын. «Автобаза» мен жанармай бекетінің ортасындағы көшеде мүлдем жарық жоқ. Жолдың арғы бетінде мектеп орна­ласқан. Әсіресе, кешкі мезгілде балалар мектеп­тен қайтар уақытта шыбын жанымызды шүбе­рекке түйіп отырамыз. Ал кешке көшеге шығу мүмкін емес. Жарық­тандыру біздің аймаққа қашан жетеді? Мәселеміз жақын арада шешімін таба ма екен?  

 

Б.САҒЫНТАЕВ:

– Жақсы, рахмет. Бұл мәселе жөнінде біз жоғарыда ақпарат беріп өттік. Былтыр модер­низацияға бөлінген қалалық магис­трал­дық көшелердің жарықтандыру мәсе­лесі бойынша бөлінген қаржылардың есебінен 300-ден астам көше жарықтанды­рылған болатын. Жарықтан­дыру мәселесі негізінен, Алатау, Наурызбай, Жетісу аудандарына қатысты көп айтылған-ды. Соған байланысты бүкіл көшелердің тізімі қайта қаралып, қай көшелерде жарық жоқ екені тексерілді. Алғашында 1000 көше еді, жаңа жыл қарсаңында бұл көрсеткіш 2000-ға жеткен. Аудит жүрді, интеризация өтті. Қаражат көзі қайта қаралды. 2020 жылдың соңына дейін Алматының барлық көшелері жарықтанды­рылатын болады. Сәл шыдам­дылық танытсаңыз­дар, сіздерге де жететін болады.

«Мамыр-1» ықшамауданы, 13-үйдің тұрғыны:

– Біздің үйдің 1-қабатында емхана орна­ласқан. Таң атпастан есіктің алды балалар арбасы мен адамға, көлікке толып кетеді. Шынымды айтайын, кейде тіпті өзіме ауру жұқтырып алам ба деп, аурухана маңынан өтуге қорқамын. Біздің ауданға заманауи үлгідегі жаңа емхана салуға бола ма?       

 

Б.САҒЫНТАЕВ:

– Емханалар бойынша мәселелер түсінікті. Медициналық қызметтер қадамдық қолжетім­ділікте болуы керек. Бұл әр ықшамауданда  300-500 адамды қабылдайтын өз емханалары болуы керек дегенді білдір­мейді. Десек те, негізгі меди­циналық қызмет­тер халыққа жақын, қолжетімді жерде болуы тиіс. Мұндай емханалар бұрын да болған. Ал емхана негізінен халық көп шоғырланған жерлерде салынады. Алдағы уақытта 39 емхана салу жоспарда бар.

 

Наурызбай ауданы, «Рахат» ықшамауда­нының тұрғыны:

– Мен газ жүргізілмеген көпқабатты үйлер­дің бірінде тұрамын. Бізде газ жоқ бол­ғандықтан, тұрғындар токты пайда­ланады. Ток көздері шамадан тыс қолданы­латын болғандықтан, құрыл­ғылар жиі істен шығып жатады. Тіпті, кейбір тұрғындар үйлеріне пропан газ баллонын кіргізіп алған. Егер ол жарылатын болса, айтудың өзі қор­қы­нышты. Бұл қаншалықты заңға сәйкес? Бұл өте қауіпті жағдай. Сондықтан бізді орта­­лықтан­дырылған газ жүйесіне қосып беруіңізді өтінеміз.

 

Б.САҒЫНТАЕВ:

– Менің білуімше, егер көпқабатты үйдің 70 пайызына тұрғындар қоныстанбаса, ондай жерлерге газ кіргізуге болмайды. Негізінен, мұн­дай сұрақтарға байланысты аудандағы газ жүргізілмеген үйлерді тағы бір мәрте тексеріп шығу керек. Айтылып отырған үй де халықтың санына байланысты шешімін табатын мәселе. Содан кейін ғана «Қазтрансгазаймақпен» бірле­сіп, шешіп шығаратын боламыз. Сіздің үйдің жағдайы­нан хабарсыз болғандықтан мен нақты жауап бере алмаймын. Осында Наурызбай ауданының әкімі отыр. Жиналыстан соң үйлері­ңізді барып көреді. Сосын жауабын маған беретін болады.

 

Жұмағали Дүйсенбайұлы, Алатау ауданы, «Рахат» шағынауданының тұрғыны:

– «Рахат» ықшамауданы Алматының құра­мына 2014 жылы енген. Шағынауданда өткен ғасырдың 50 жылдары салынған жалғыз мектеп бар. Бар болғаны 90 балаға арналып салынған білім ордасында  500-ден астам оқушы үш ауысымда оқып жатыр. Олардың білім сапасы туралы айтудың өзі артық. Ауданымызға қашан мектеп салынады?

 

Б.САҒЫНТАЕВ:

– Мен «Рахатта» былтыр болғанмын. Көрдім. Рас, мектептеріңіздің жағдайы мәз емес. Бір қабатты шағын ғана үй, клас­тарының іші де тар. Қанша ауысымда оқыса да, ондай жерде білімнің сапасы жақсара қояды деп ойла­маймын. Сондықтан МӘЖ саласы бойынша 8 мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Солардың біреуі осы «Рахатта» салынатын болады. Бірақ «Рахатта» салынатын мектеп үшін ондағы балалардың саны аз. Десек те, біз алдағы уақыт­та халық саны арта­ды деген есеппен үлкен мектепті бір-ақ салуды бастағалы жатырмыз. Жоспарымыз бойынша 2021 жылдың жаңа оқу жылында жаңа мектепке кіретін боласыздар.

 

Меруерт БАЗАРБЕКОВА, Алатау ауда­ны­­ның тұрғыны: 

– Біздің ауданда тротуарға байланысты келеңсіз жағдайлар көп орын алып жатады. Алатау ауданында алдағы уақытта тротуар салу жоспарда бар ма?

 

Б.САҒЫНТАЕВ:

– Тротуар мәселесі тек Алатау ауда­нында ғана емес, қаланың барлық аймақ­тарында бар. Оны тек қаланың шет аймақ­тарына ғана қатысты мәселе деп айтуға келмейді. Жалпы, қала бойынша бұл мәселе сын көтермейді. Алда­ғы уақытта оны бірқа­лыпқа келтіру керек. Жақында Түрксіб ауданы тұрғындарымен кезде­­суде тротуар мәселесі сөз болып, ол жүзеге асқан болатын. Бірақ оған тұрғындар: «біз көшенің мына бетіне тротуар салу керек десек, сіздер басқа жағына салдыңыздар» деген секілді уәждерін айтып жатты. Сондықтан біз бұл мәселені сала мамандарымен бірлесіп, тротуар салынатын аймақтың тұрғында­рымен келісіп барып, шешетін боламыз.  Алдағы уақытта қала­мызда 30 шақырымнан артық тротуар салына­тын болады.

 

Қала тұрғыны:

– Алдымен, сізге ашық диалогыңыз үшін алғыс айтамын. Мен қаланың байырғы тұрғы­нымын.Алла қаласа, жақында 63-ке толамын, яғни зейнетке шығамын. Қазіргі уақытта көпте­ген мекемелер түрлі себептермен мен секілді зейнетке шығатын адамдарды жұмыстан шыға­рып жатады. Бұл қаншалықты дұрыс?

 

Б.САҒЫНТАЕВ:

Қазақта «өгізге туған күн бұзауға да туады» деген сөз бар. Сіздің  басшыңыз да 63-ке келер. Не айтып жүргенін сонда түсіне жатар. Десек те, бұл шын мәнінде, ойлан­дыратын сауал. Рас, жасы ұлғайған соң көп­шілігіміз тезірек зейнетке шығып, немере­лерімізге қарасақ деп жатады. Әйтсе де, арамызда әлі де бар күш-қуатын жұмысқа арна­ғысы келетін жандар бар. Әлемде зейнеткерлерге арналған түрлі бағдарла­малар бар. Олар негізінен жастарға тәлім­герлік аясын­да түрлі бағытта жұмыс істейді. Сол секілді, біз де жастарға білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөлісетін аға буынның ақылына жүгінгіміз келеді. Сіз бізге жақсы ой салдыңыз. Алдағы уақытта мәслихат депутаттарымен отырып, осы мәселені қолға алатын боламыз. Бізде ардагерлер мен зейнеткерлерге арналған белсенді ұзақ өмір сүруге бағытталған орталықтар бар, сіздің ұсынысыңыз бойынша бір пункт қосармыз.

 

Татьяна БАКЛАЖАНСКАЯ, 1-топтағы мүгедек:

– Мен мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қаланың қолжетімділігі туралы өте маңызды тақырыпты қозғағым келіп тұр. Қазіргі заманғы технологиялар бізге көптеген мүмкіндіктер беріп отыр. Соған қарай біз әлеуметтік қызметтерді, техникалық сауық­тырудың заманауи құралдарын қолдануға мүмкіндігіміз бар. Алайда, сол мүмкіндік­терді біз толығымен пайдалана алмай келеміз. Ғимараттардың көпшілігіне біз арбамен кіре алмаймыз. Себебі, пандустар жоқ…  

 

Б.САҒЫНТАЕВ:  

– Бұл құрылыспен байланысты барлық мем­лекеттік органдардың жұмысындағы кемшілік. Кезінде сол құрылысты басқарған және бақы­лаған ұйымдардың жауапсыздығы деп білемін. Біз былтыр «Nur Otan» партиясы мүшелерімен қалада бірнеше рет тексеру жүргізген болатын­быз. Қажет кезінде қала бойынша тексеру жүргіздік. Ендігі біздің мақсат –  жаңадан салынатын нысандардыңбарлығы стандарттарға сай бой көтеріп, кемшіліктердің болмауын қадаға­лау. Алдағы уақытта қаламыздағы мүмкіндігі шектеулі жандардың арбамен жүріп-тұруына барлық жағдай жасалатын болады.

 

Жандосов көшесіндегі 184 «в» үйдің  тұрғыны:

– Біздің үйіміздің әбден тозығы жетіп бітті.Жауын жауса шатырдан су өтіп, төбемізге су тамшылайды. Жертөледегі құбырлардың бәрі шіріп бітті. Үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін  біз бірнеше рет «Токаш» ПИК-іне хабарлас­қан болатынбыз. Бірақ олар үнемі ақша жоқ деп өтінішімізді қабылдамайды. Сонда біздің ақшамыз қайда кетіп жатыр? 

 

Б.САҒЫНТАЕВ:

– Шынында да, біз де ПИК төрағасынан ақшаларды қайда жіберіп жатқанын сұра­ғымыз келеді.Мен пәтер иелері кооператив­тері туралы мәселені жиі естимін. Өкінішке қарай, әкімдік олардың жұмысына тікелей араласа алмайды. Сіздердің жағдайлары­ңызды түсінемін. Бірақ заң тұрғысында оларға әрекет ете алмаймыз. Қазір жаңа заң бойынша, Пәтер иелері кооперативінің жұмысына тұрғындардың көңілі толмаса, орнына өздерінің арасынан басшы сайлай алуға құқы бар. Егер тұрғындардың ақшала­ры мақсатты жұмыстарға жұмсалмай жата­тын болса, оны сол үйдің тұрғындары нақты фактілер келтіре отырып, құқық қорғау органдарының араласуымен шеше алады.

 

Алмалы ауданының Ардагерлер кеңесінің мүшесі:

— Бізді Алматының болашағы алаңда­тады. Бүгінде қаламыз түрлі сауда нүктелері, кәуап сататын, тамақтануға арналған кафе-барлар орналасқан үлкен жәрмеңкені елестетеді. Ретсіз сауда нүктелері қаламыз­дың көркіне нұқсан кел­тіріп тұрғандай. Сонымен қатар, қаламыздағы жабылып жатқан кәсіпорындар толғандырады.

 

Б.Сағынтаев:

Кафе, түрлі сауда орындарының көбірек ашылғанынан ешқандай әбестік көріп тұрған жоқпын. Ол біріншіден, қаладағы жұмыс орын­дарының көбірек ашылуына септігін тигізеді. Екіншіден, Алматының дамуында шағын және орта кәсіптің орны ерекше. Біз салықтың 64 пайызын шағын және орта кәсіптен алып отырмыз. Сондықтан шағын кәсіптің қаланың дамуына қосар үлесі зор.  Ал жабылып қалған өнеркәсіптерге келсек, олар жайдан-жай жабылып қалған жоқ. Олар нарықта жеңілген соң жабылып қалған-ды. Бүгінде олардың орнына киім тігетін, түрлі өнімдер шығаратын басқа да кәсіп түрлері ашылып, қала тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр.

 

Дәулет АХМЕТОВ, Алатау ауданы, «Алға­бас» ықшамауданының тұрғыны:

– Алматы облысына қараған кезінде біздің жерімізде «қызыл сызық» болмаған. Қарасай ауданы­нан ауысып, Алматыға қосылғаннан кейін «қызыл сызық» пайда болды. Соның салдарынан үйімізді заңдас­тыра алмай отырмыз. Осы «қызыл сызық» мәселесі қалай шешілер екен?

 

Б.САҒЫНТАЕВ:

Алатауда осы «қызыл сызыққа» байланысты 923 өтініш қаралып, соның  700-ден аса жер телімдері заңдастырылып берілді. «Қызыл сызықтың» мәселесі Алатауда ғана емес, барлық жерлерде де бар. Егер қазір үйіңізді заңдасты­ратын болсаңыз, алдағы уақытта (план деталь­ной планировки) егжей-тегжейлі жоспар бойын­ша сіздің үйіңіз тұрған жерден көше өтуі керек болса, сіз жеріңізді қайта сатып алуға тура келеді. Қазір бұл мәселе қайта қаралып жатыр. Егер жол сіздің үйіңіз тұрған жерден өтетін болса, мұнда үлкен жанжал тууы мүмкін. Ал баспанасы бар адам үйін сақтап қалу үшін түрлі жағдайларға барады. Сондықтан мәселені бейбіт жолмен шешу үшін әлі де болса күте тұруға тура келеді. Біз қазір ПДП-ны өзгертуге жұмыс істеп жатырмыз. Алдағы уақытта күткен шешімдеріңіз қолдарыңызға тиетін болады.

Бүгінде 700-ден астам жер телімі заңдасты­рылды. Қалған 200 учаскі су қорғау аймағында немесе қызыл сызықта орналас­қан. Осыған байланысты Б.Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша әкімдік мүдделі мем­лекеттік орган­дармен қажетті заңнамалық өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар, қалада 2192 жеке тұрғын үй заңдастырылды. Ең көп үй Алатау ауданында заңдастырылды. Оған 979 меншік иесі өтініш білдірді. Мәселені шешу үшін қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы кейбір ықшамаудандардағы «қызыл сызық­тарға» түзету жүргізді. Бұл олардың үй құрылысын заңдастыруына мүмкіндік берді.

– Құрметті шаһар басшысы. Менің есімім Гүлжан ОМАРХАНҚЫЗЫ. Алатау ауданы, «Зерделі» ықшамауданы тұрғынымын. Өзіңізге белгілі, осыдан 2 ай бұрын 9 қабатты үй қисайып, зәремізді алған еді. Бұл қисайып тұрған бірінші үй емес. Бізді басқа жерге уақытша көшірген еді. «Қазір қайта тұра беріңіздер» деп жатыр. Сонда қалай, біз үнемі қорқынышта өмір сүруіміз керек пе? Осыдан 6 жыл бұрын сол үйлерді құрылыс­шылар неге сапасыз етіп салған? Осы сауалға кім жауап береді?

 

Б.САҒЫНТАЕВ:

– Жанайқайыңызды түсінемін. Өздері­ңізбен кездескен кезімде де осы сұрақты қойған едіңіздер. «Егер үйді қайта түзеп, бір қалыпқа келтірсеңіздер, қайтадан қисайып қалмай ма деген қауіптеріңізді білдіріп, сіз кепілдік бересіз бе?» деген едіңіздер.

Сол жолы мен «Мен де адамның баласымын. Мен де Құдайдан қорқамын. Мен басыма күнә алғым келмейді» деген едім. Негізгі қағида сонда. Мәселе, сол үйді қайта түзеп, «ал кіре салыңдар» дегенде емес. Бұл проблеманың шешімі табылды. Көптеген іс-шаралар атқарылды. Институт­тардан арнайы сала мамандары шақырылды. Үйді қалпына келтіру жұмыстары қазір қауырт жүріп жатыр. Оны өздеріңіз де көріп-біліп отырсыздар.

Алдағы сәуір-мамыр айларында негізгі жұмыс бітеді. Сосын әрі қарай не істейміз? Мамандардың, тәуелсіз сарапшылардың айтуын­ша, үйдің жағдайы бірқалыпты. Маған қазір түрлі ұсыныстар келіп түсуде. Ол үйде жалға алғандар мен ипотекаға алғандар бар. Үйдің бағасы сонда қалай болады? Ертең басқа біреу кіріп жатса не болады? Сондықтан осындай сауалдар мен ұсыныстар өте көп болып жатыр. Қазір біз осы мәселені жан-жақты талдап жатырмыз. Жақын күнде барлықтарыңызды жинап, кездесетін боламыз. Бір шешімін сол кезде айтамыз. Әрине, біріншіден, сіздердің көңілдеріңізден шықсақ дейміз. Ең алдымен, үйдің нық тұратынына сенім болса немесе басқалай көмектерді қарау керек.

 

– Құрметті әкім мырза! Наурызбай ауданы, «Шұғыла» ықшамауданының тұрғынымын. Нұргүл САҒЫНБАЕВА. Былтырғы жылы сіз біздегі газ мәселесін шешіп берген едіңіз. Ол үшін әрине, сізге үлкен алғысымызды білдіреміз. Ендігі мәселе, біздің ықшамаудан тұрғындарының саны күн санап артып келеді. Оның ішінде балалар саны да арта түсуде. Осы балала­рымыздың мектеп­тен тыс уақыты босқа өтіп жатыр. Біздің маңайымызда ешқандай Мәдениет үйі, Оқушы­лар үйі деген мүлдем жоқ. Орталыққа апаруға мүмкін­шілігіміз жоқ. Сондықтан көптеген ата-аналар балаларымызды үйге қамап кетіп жүреміз. Сізден тағы бір өтініп сұрайтыны­мыз, біздің тұрып жатқан ауданда Оқушылар үйі салына ма? Сіздің жоспарыңызда бар ма?

 

Б.САҒЫНТАЕВ:

– Осы мәселені мен бірнеше мәрте айттым. Наурызбай ауданындағы кездесуімде де айттым. Алатау мен Наурызбай аудан­дарында Оқушылар үйлерінің құрылысын қолға алу туралы айтқан едім. Қазір жоба жасалды. Жері белгіленді. Биылғы жылы жаңа үлгідегі Оқушылар үйінің құрылысын бастаймыз. Алдағы уақытта осындай үлгідегі Оқушылар үйлерін басқа аудандарда да салатын боламыз. Қаламыздағы Оқушылар сарайы өте керемет тарихи ғимарат. Бірақ ескірген. Сәтін салса, осы Сарайды зама­науи үлгіде қайта жасақтау жұмысы басталады. Бұл ретте біз Мәскеуге, Қазанға барып ең озық үлгідегі Оқушылар үйлерін көрдік. Тұжырым­дамасын әзірлеп қойдық. Қысқасы, барлық қалалардағы Оқушылар үйлерінің ең озық, заманауи үлгілерін алдық. Сәтін салса, біздің Оқу­шылар сарайы әлемдік стандартқа сай келетін болады.

 

– Сәлеметсіз бе, мен Бутаковканың тұрғы­нымын. Бутаковка – қала тұрғында­рының ең сүйікті демалыс орны. Бутаков­каны тау шаңғы­сының кешені болады деген сөз бар. Көкжайлау сияқты болып жүрмей ме? Келешек тағдыры қалай болар екен? Мені осы сауал қатты мазалайды.

 

Б.САҒЫНТАЕВ:

– Сауалыңызға рахмет! Қаупіңізді түсініп тұрмын. Көкжайлаудың жаңа түрін ойлап тапты деп ойлап қалмаңыз. Туризмді дамыту керектігі сөзсіз. Алматының таби­ғаты мен климаты туристердің көптеп келуіне ыңғайлы. Турис­тердің де түр-түрі бар. Бізге қалталы азаматтар­дың келгені дұрыс. Түрлі қызмет түрін пайдалана білетін, сол үшін ақша төлеуден аянбайтын қалталы туристердің көптеп келуі бізге пайда түсіреді.

Туризмді дамытсақ жаңа жобалардың пайда болатыны белгілі. Ол жобалар сәйке­сінше жаңа инвесторларды тартады. Бута­ковканы өзгерту туралы ұсынысты инвес­торлар ұсынған еді. Бұл олардың бастамасын қолдауды білдірді деген сөз емес. «Аузы күйген үріп ішеді» деген осындайда айтылады емес пе? Бутаковканы өзгертетін жоспар болып жатса міндетті түрде халықпен ақылдасамыз. Әзірге бұл алыпқашпа сөз.

 

– Құрметті қала әкімі! Мен Медеу ауданына қарасты «Широкая щель» саяжай алабының өкілімін. 2015 жылы бізді қалаға қосқан еді. Әлі күнге ауызсу, жарық деген атымен жоқ. Сондық­тан тұрғындар ағын суды тұтынып отыр. Қашан біз ауызсумен қамтамасыз етілеміз?

 

Б.САҒЫНТАЕВ:

– Өте салмақты сауал. Біз жаңа Алматыны су, жарық, кәріз сулары, қоғам­дық көлік, т.б. сияқты инфрақұрылымдармен қамтамасыз етіп келеміз. Бізде тағы бір Алматы бар. Ол саяжай­лар мен ондағы тұрып жатқан тұрғындар жағ­дайы. Мен барлы­ғынан хабардармын. Әрбір жиында бұл мәселе жиі-жиі көтеріледі. Әрине, бәрі бірден жасала қоймайды. Егер біз қазір бірден қолға алып, ондағы көшелерді қопарып тастасақ, бюджеттен де көп қаржы бөлуге тура келер еді. Бірден барлық сауал­ды шешіп тастауға мүмкіндік те жоқ. Дегенмен, бізде жоспар бар. Кейбір саяжай алаптарындағы түзу көшелер қажетті инфра­құрылымдармен қамтамасыз етілген. Мәселен, бізде 25 мың саяжай алабы бар. Бұл үйлердің дені қыста көмір жағады. Біз сіздердің мәселелеріңізді білеміз.

 

– Құрметті әкім! Мен Қайрат ӘЛИЕВ, Жетісу ауданы, «Айнабұлақ» ықшамауда­нының тұрғынымын. Менің сізге қояр сауалым, ішіп отырған суымыз нашар. 7 қоғам­­дық көлік жүреді. Бірақ жолымыз нашар. 13 жыл болды, жыл сайын «жамап» қояды. Күрделі жөндеуден өткен емес. Біздің көшелеріміз қашан жарықтанады? Екі мектеп, екі балабақшадан қайтқан балалар осы қараңғы көшелермен жүреді. Әлі күнге КСРО кезіндегі жарық тұр. Ешқандай өзгеріс болған емес. Сіздің қабылдауыңызға жазылсам деймін. Өзім мүгедекпін. Тағы бір айтарым, біздің ауданға спорт кешені қажет.        

 

Б.САҒЫНТАЕВ:

– Сіздің айтқан мәселелеріңіз қаралатын болады. Осы арада айта кетейін, бұл аудан басшыларының жұмысы. Жауапкершілікті қалаға ысыра салуға болмайды. Жаңағы айтқан көшелеріңізге күрделі жөндеу жүр­гізу қажет болса, биылғы жылға қосамыз. Спорт кешеніне келсек, қаланың барлық ауданына да қажет әр түрлі бағыттағы, жабық, ашық спорт кешен­дерінің жобасы жасалды. Сәтін салса, биыл бастаймыз.

 

– Құрметті әкім мырза! Алатау ауданы тұр­ғын­дары атынан келіп тұрмыз. Алматы қаласы­ның төменгі бөлігіне газ орнату ақылы. Сол газ құбырларына қосылу үшін 300 мың теңге керек екен. Сізден сұрайтынымыз, осы 300 мың теңгені бөліп-бөліп төлеуге рұқсат етсеңіздер.

 

Б.САҒЫНТАЕВ:

– Халық Банкімен бірлесіп, мегаполис тұрғындарының газбен жылыту және үйішілік жабдықтарға қосылу үшін 0 пайыз­бен несие беру мүмкіндігі туралы келісімге қол жеткіздік. Қазіргі уақытта несие беру мерзімі қарасты­рылуда. Халық Банкінің аз қамтылған азамат­тарды газға және газбен жылыту үшін үйішілік жабдықтарға өтеусіз негізде субсидиялар мәсе­лесі қарасты­рылды. Бұл пайызсыз несие адам­дарға газға қосылу­ға қаражат алуға мүмкіндік береді. Өсімпұл­сыз несиені 1 жылға рәсімдеуге болады.

Жалпы, қала бойынша жеке сектордағы 2912 үй газдандырылмаған күйінде қалып отыр. Оның ішінде 1791 үй желіге қол жеткізе алса, 1121 үйдің қосылу мүмкіндігі жоқ. Жеткізушілермен бірге қалаған 1121 үйге сыртқы желілерді жүргізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

 

– Құрметті қала әкімі! Мен Алмалы ауданы­ның тұрғынымын. Менің қояр сауалым, корона­вирусқа қарсы қаламызда қандай жұмыстар жүргізілуде? Инфекция таралмау үшін қандай алдын алу шаралары жасалып жатыр?

 

Б.САҒЫНТАЕВ:

– Біз бірінші күннен бастап жұмысқа кірістік. Әкімдікте жұмыс тобы құрылды, әкім орынбасарының төрағалығымен штаб құрылды. Барлық қызметтер жұмысқа тартылды. Алма­тыда барлық жұмыстар ДДҰ ұсыныстарына сәйкес жүргізілуде. Барлық деңгейде: ұшақ бор­тында, әуежай аумағында тексеру шаралары қамтамасыз етілген. Дәрілік заттардың жеткілікті қоры бар.

Бетперделердің барлығы сатылып, дүрлік­­пенің орын алғаны рас. Бұл ретте бетперде өндірісінің көлемін арттыру бойынша шаралар қабылданды, сондай-ақ, сатып алу да жүргізілді. Бүгінде бетперделер саны қалада қажетті көлемде бар.

Біздің кәсіпорындар 3 ауысымда жұмыс істеді. Қазір бетперделер саны жеткілікті. Соның ішінде кәсіби бетперделер де сатып алынды. Бұл тұрғыда сұрақтар жоқ. Бізге ҚХР-дан келген­дер­дің барлығын мекен-жай бойынша, тегі бойын­ша тексердік. Бізге жүгінген қызуы бар адам­дарды коронави­русқа тексердік. Жағдай қалып­ты. Бәрі жақсы болады. Барлық қызметтер жоғары деңгейде жұмыс істеп жатыр.

 

Хадиша ҚАЙНАРБАЕВА, алматылық тұрғын: 

  –  Мен біз секілді зейнеткерлерге құшағын жайып жүрген қайырымды жандарға алғысымды айтқым келеді. Ондай адамдар бар. Сейфуллин көшесіндегі  №330  үйде  тұратын азамат  аты-жөнін айтқысы келмейді, бір жылдан бері 120 адамды күніне үш мезгіл тамақтандырады. Абай көшесінің бойында «Счастье» деген кафе бар. Ол жерде де адамдарды тегін тамақтандырады. Бұл біз секілді зейнеткерлер үшін өте үлкен көмек. Алмалы ауданындағы Қазыбек би көшесіндегі  №117  мекен-жайда да   дәл солай тегін тамақтан­дырады. Түрксіб ауданында да тегін сүт беретін дүкен бар. Бұл біз үшін үлкен көмек. Оларға деген алғысым шексіз. Ал енді өзімді толған­дырған мәселеге келсем, Сейфуллин көшесімен жүретін №34 автобусқа отыру  қорқынышты. Іші лас, ескі. Отыру мүмкін емес. Осы көшені бір бағытқа жүретіндей етуге болмай ма? Бірінші вокзалға бір жарым сағатта зорға жетеміз. Ал №112 автобус Алтын ордадан бастап, Горький саябағына дейін барады. Аялдамада 40 минуттай күтесің. Осыған бір шара қолдануға болмай ма? Проблемадан басқа жақсы жаңалықтар да бар. Мысалы, ең жақсы балалар алаңы мен абаттандырылған аулалар біздің осы Бостандық ауданында. Осы қамқорлықтарыңыз үшін рахмет!

 

Б.САҒЫНТАЕВ: 

–  Алғыс айтып жатырсыз, үлкен рахмет! Біздің алматылық зейнеткерлер өте белсенді. Жақ­сылық жасап, бірақ оны жаһанға жар салып айтқысы келмейтін адамдар өте көп. Олар өздерінің жақсылығын өзгелердің білгенін қаламайды. Бірақ басқа адамдарға үлгі болсын десек, айтқанымыз дұрыс. Міне, қазір ғана көз алдарыңызда жақсы бір челлендж басталып кетті. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға газ жүргізіп беремін деген кәсіпкерлер табылып жатыр. Мұндай бастамалар қарапайым адамдар­дан шығып жатқандықтан, ол айтылуы керек. Автобустарға келсек, оны аялдамада ұзақ күтіп және ұзақ жол жүрсеңіздер, бізде автобустар аз, жетіспейді. Соңғы үш жылда қоғамдық көлік саласын жаңарту бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Биыл 700 автобус жарамсыз болып тұр. Өткен жылы 300 автобус жүруге жарамай қалған болатын. Жеке кәсіпкерлермен бірлесіп, биыл 400 жаңа автобус сатып алмақшымыз. Мәсе­лелер әлі бар. Жеке кәсіптегі біздің серік­тестер автобус бағыттарына қаржы бөлінетінін біледі. Ал ол өз кезегінде олардың жаңа автобус сатып алуына жақсы стимул. Әрі қызмет көрсету сапасын да жақсартуға олар мүдделі. Дөрекі сөз айтатын жүргізушілер бар. Олардың мәселесін шешеміз.

Бостандық ауданында ең жақсы балалар алаңы бар деп риза болып айттыңыз. Бірақ осы балалар алаңына қатысты тұрғындардан өте көп шағым естимін. Бір қарасақ, балалар алаңы бар, құм төселген, ойын алаңдарында балалар ойнап жүр дегенмен, сапа жағы сын көтермейді. Сол үшін енді балалар алаңын салатын кезде ол қандай шикізаттан жасалатынын тұрғындар өзі таңдайды. Ағаштан ба, металдан ба, жоқ әлде пластмасс болу керек пе? Оны енді тұрғындар­дың өзі айтады.

Сұрақтар халыққа қолжетімді болу үшін біз «І-Azamat» – «ақпараттық азамат» немесе «белсенді азамат» цифрлы платформасын әзір­леудеміз. Сондай-ақ, «І-Azamat» арқылы біз қала­дағы өмірлік мәселелерді тиімді шешу үшін тұрғындармен ары қарай бірге әрекет ететін боламыз.

Аталған алаңда әлеуметтік жобаларды бекіту бойынша дауыс беру жүйесі жұмыс істейтін болады. Осылайша тұрғындардың пікірі ескеріле отырып шешімдер қабылданбақ. Жалпы, Алматыда 2019 жылы 900 мыңнан астам тұр­ғынды қамтитын 2191 аула абаттандырылды. Аула аумақтарын көріктендіру аясында балалар ойын кешендері және спорттық алаңдар, құмсалғыштар, орындықтар мен қоқыс жәшік­тері орнатылды, арықтар мен жарықтандыру, асфальтті және резеңкелі төсем және т.б. жұмыстар жүргізілді. Ағымдағы жылы жөндеуді талап ететін қалған 1236 ауланың ішіндегі 700-ін жөндеу жоспарлануда.

 

Наурызбай ауданы,  «Ақжар»  ықшамау­данының  тұрғыны:

–  Біздің аудан тұрғындарының бәрі қаланың орталығына жұмысқа, оқуға барады. Екі-үш көлікке отырып қалаға әрең жетеміз. Екі-үш автобустың жүру интервалы ұзақ. Аялдамада оларды көп тосуға мәжбүрміз. Автобустар санын арттырып, жаңа бағыттар ашып берсеңіздер.

 

Б.САҒЫНТАЕВ: 

– Автобус саны аз болғандықтан, жетпей жатқаны рас. Сіздердің сұраныс бойынша биыл 24 жаңа маршрут ашылып жатыр. Қосымша жұмыстар қаралатын болады. Сіздің сұрағыңыз да қаралады.

 

Марат САЙБЕКОВ, блогер:

Құрметті әкім мырза, сіз демократияны жақтайсыз ба әлде оған қарсысыз ба? Біздің мегаполис үшін не істей аласыз?

 

Б.САҒЫНТАЕВ

– Сіздер менімен келісетін шығарсыздар, біздің қаланың рухының өзі демократиялы. Біздің қалада болып жатқан нәрсенің бәрін еліміздің басқа ешбір қаласынан көре алмайсыздар. Барлық бағыт бойынша солай. Біздің алматылық тұрғындар өте белсенді. Олардың даусы мен пікірі тек Алматыдан ғана естілмейді. Сондықтан демократияны жақтамау мүмкін емес. Ал енді ол қандай демо­кратия дейтін болсақ, ол басқаша сұрақ. Демо­кра­тия дегеніміз шектен шығу емес. Демократия – ол тәртіп, ол заңның сақталуы. Тротуарлар бойынша мәселені айттыңыздар, оның қайда төселуін енді тұрғындар айтады. Балалар алаңы қандай болуын енді сіздер өздеріңіз шешесіздер. Экология бойынша да бірге жұмыс істеп жатырмыз. Қаланың 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясын қабыл­дадық. Оны қараша айында тұрғындардың жалпы талқылауына ұсындық. Оған алматылықтардан 1000-нан аса ұсыныс келіп түсті. Біз диалогқа ашықпыз және біз бәріміз бірге жылжуымыз керек. Біздің қала үшін осындай демократия керек. Ал көшеге шығып айғайлап, қарсылық шеруін ұйымдастырсақ, біз одан ештеңе ұтпаймыз. Қытай халқында мынадай даналық сөз бар: «егер сен айқайлай бастасаң, сенің жеңілгенің» дейді.

 

Галина ВЛАДИМИРОВНА, Алмалы ауданының тұрғыны:

– Мен Алматының байырғы тұрғыны ретінде қаланың экологиясына алаңдаймын. Сіздің баяндамаңызды мұқият тыңдадым. Трамвай экологиялық таза көлік. Онымен жүру де ыңғайлы. Оның рельстерін алып тастаған кезде көзімізге кәдімгідей жас алдық. Біз қалада трамвайдың жүргенін қалаймыз.

 

Б.САҒЫНТАЕВ: 

–  Өткенге орала алмаймыз. Шығыны да көп. Кезінде трамвайдың қай бағыт бойынша жүргенін, қанша шақырым жүргенін білеміз. Оның бәрін кері қайтару мүмкін емес. Алматының тарихында трамвайдың жүргені мәңгіге жазылып қалды. Бір кездері қаланың символы да болатын. Бірақ енді қоғамдық көліктің басқа түрін, яғни электрмен жүретін автобустарды, ЛРТ және БРТ жобаларын дамытатын боламыз. Бірақ осы трамвайдың үлкен жолын сақтамаса да, шағын ғана аумақта жүргізіп қойған қалалар бар. Стамбулдың туристер жүретін көшесі бар. Сол жақта ескі трамвай 100 жылдан бері жүреді екен. Сондағысы қалалықтарды бір жерден екінші бір жерге жеткізу емес, бір бағытта ғана – туристерді тарту үшін жүргізілген. Біздің қаланың ескі бөлігі, Көк базардан төмен жақта ескі үйлер барын білетінбіз. Сол Көк базардың төменгі жағындағы бұрылыста трамвайдың шағын ғана жолы сақталып қалыпты. Ол қаланың ескі бөлігі. Туристер үшін біз ескі трамвай сатып алып, оны ары-бері сол шағын аумақта ғана жүргізіп қойсақ болады. Қалаға келген туристер трамвайға отырғысы келсе, оларды сол жаққа жібереміз. Оған қоса сол жерде Верныйдан қалған 100–150 жыл бұрынғы үйлер бар, соларға кіріп көрсе болады. Егер біз осы жобаны іске асырсақ, ол жақта шағын және орта бизнес те жақсы дамитын еді. Трамвайдың мәселесін осылай шешкіміз келеді.

 

СВЕТЛАНА, «Зеленое спасение» қоры:

– Біз «Қайрат» шағынауданы тұрғын­дарының атынан «Алматыэлектротранс» автобус паркін санитарлық талаптарды бұзып тұрғаны үшін басқа жаққа көшіруді сұраймыз. Санитарлық талаптар бойынша автобус паркі мен тұрғын үйдің арасы 300 метр болуы керек. Бірақ парк үйлерге өте жақын тұр. Таңертең сағат 5 кезінде барлық 200 автобус двигателін қосып, жүруге дайындалғанда, тыныш жатып, демалу мүмкін емес.

Екінші сұрағым, «Южный» саябағы жайлы. Бірнеше жыл бұрын саябақтың 3 гектарға жуық аумағы түсініксіз түрде жекешеленіп кеткен. Өткен жылы қала әкімі Б.Байбек осы сұрақты шешіп, сол аумақты саябаққа қай­та­рам деп уәде берген. Бірақ ешқандай мәселе сол күйі шешілмеді. Қоқыс қалдықтарын бөлек жинау жүйесі жайлы он жылдан бері айтылып келеді. Бірнеше пилоттық жобалар сәтсіз болып шықты. Осы мәселемен сіз таныссыз ғой деп ойлаймын.

 

Б.САҒЫНТАЕВ: 

–  Автобус паркін көшіретін болсақ, оның жобасы, аумағы дегеннің бәрі тұтастай бизнес-жобаға келіп тіреледі. Ол бір күнде шешілетін мәселе емес. Оны өзіңіз айтқандай, жүйелі түрде кірісіп, шешу керек. «Южный» саябағы бойынша мәселені білемін. Сол 3 гектар аумақты сатып алған жер иесі кезінде оны өте үлкен сомаға сатып алған. Сондықтан ол қазір құрылысқа рұқсат сұрап отыр. Біз оны бермейміз. Жерді қайтарып алу үшін ол бізден үлкен ақша сұрап отыр. Сондықтан біз бұл мәселемен қазір жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Қоқыс қалдығы бойынша мәселе де жүйелі шешімді талап етеді. Қоқысты әркім өз үйі мен өз ауласынан бастауы керек. Біз қоқыс өңдейтін зауыт ашқанымызбен, ол жұмыс істемей тұр. Өйткені, қоқыстар бөлек-бөлек сараланбайды. Бірнеше күн бұрын қоқыс өңдейтін зауыт иесінен ұсыныс түсті. «Үйлердің жанында тұрған қоқыс жәшіктерінің орнын маған берсеңіз, мен ол жерге киоскі салып, жанына заманауи қоқыс жәшігін қоямын. Тура жанармай бекеті сияқты жасалады» дейді. Оның бәрін инвестор өз есебінен жасамақшы. Бұл мәселені  пилоттық жоба ретінде бір ауданда жасап көрмекшіміз. Ары қарай жұмыс істеп кетсе, кең көлемде жүзеге асырамыз.

 

Анжелика СЕРЕБРЯННИКОВА, Түрксіб ауданы:

–  Біздің «Алтай-2» шағынауданында 57-үй ескі деп танылған. 2015 жылдан бері тұрғындар инвестордың құрылыс бастауын күтіп жүр. Ескі үйлер қашан сүріледі екен?

 

Б.САҒЫНТАЕВ: 

– Жаңа Алматыдан басқа жақтың тұрғын­дарының бәрінің тарапынан  осы сұрақтар қойы­лады. Апаттық жағдайдағы үйлер бар және әлі тұрғындар тұрып жатқан да ескі үйлер жоқ емес. Әсіресе, қаланың орталығындағы ескі үйлерді сүріп, жаңа үй тұрғызғысы келетін инвесторлар бар. Біз қазір қаланың орталық келбетін сақтауға көшкен­діктен, қаланың ескі бөлігі сол кейпін сақтап қалуы керек. Егер инвестор екі қабатты үйді сүретін болса, ол дәл солай екіқабатты үй тұрғызуы керек. Бірақ кәсіпкерлер үй салып қана қоймай, пайда табу жағын да ойлайтындықтан, олар үшін екіқабатты үй ғана салып қою тиімсіз. Жетісу және Түрксіб ауданында барлық тұрғынның рұқсатын алған инвесторлар жұмысқа кірісіп кетті. Бұл жерде тұрғындардың да рұқсатын алу біраз жұмыс. «Қызыл сызықта» тұрған үйлер үшін инвестор басын қатерге тіккісі келмейді. Осындай мәселелер жетіп-артылады. Сондықтан бұл мәселеде тиісті жұмыстар жүргізілуде.

 

Наурызбай ауданының тұрғыны:

–  Алматыда екі күрделі проблема бар. Бірі – жер сілкінісі, екіншісі – сел жүру апаты. Наурызбай ауданында үлкен Ақсай өзені бар. Сол өзеннің бойында тұратын тұрғын көп. Менің сізге сұрағым, осы Ақсай өзені бойынша нақты ақпарат берсеңіз…

 

Б.САҒЫНТАЕВ: 

–  Ақсай өзені бойынша бөгет соғуымыз керек. Бөгет болмаса бір кездегідей үрейдің үстінде жүреміз. Сол үшін мамандармен бірлесе отырып, Ақсай мен Аюсайда бөгет қоюдың жобасы жасалды. Былтыр Премьер-Министр жаз айында келген кезде ол кісіні сол жерге апарып көрсеттік. Сол жерде екі бөгеттің құрылысын қаржыландыру бойынша үкімет мүшелеріне тапсырма берілді. Қазір дайындық жұмыстары аяқталды.

 

Бағила ЖҰМАБАЕВА, Түрксіб ауданының тұрғыны:

–  Қаланың қарапайым тұрғыны болған­дық­тан азық-түлік алуға базарға барамыз. Базар­дағы жағдай көңілімізден шықпайды. Тазалығы нашар, сауда нүктелері тар. Базарды заман талабына сай реттеп, тәртіпке келтірсеңіз екен.

 

Б.САҒЫНТАЕВ: 

– Тәртіп барлық жерде бірдей. Базарлардағы жағдай әр түрлі. Біреуі таза, енді бірі лас. Ол, әрине, сатылып жатқан тауарлардың да сапасына әсер етеді. Азық-түлік және өндірістік заттар сататын базарлар бөлек-бөлек орналасқан. Қазір үлкен сауда кешендерінің бәрі заңға байланысты жаңғыртылып жатыр. Көбісі ол жұмыстарды аяқтап қалды. Бұл жұмыстар жүйелі түрде өз жалғасын табады.

 

Зарема МАРТЫНОВА, «Әлмерек» шағынауданының тұрғыны:

–  Сіздің қалаға әкім болып келуіңізбен, біздің табиғи газға қосылуымыз жедел жүрді. Ұзақ жылдан бері биыл бірінші рет қысты жылы үйде қарсы алдық. Барлық тұрғынның атынан сізге деген алғысымыз шексіз. Бірақ тағы сол өзекті бір мәселеміз бар. Біздің шағынауданда жарық жиі өшеді. Қараңғыда отырғанымызбен қоса, бізге жарықтың өшетіні жайлы алдын-ала ескертпейді. Біздің тұрмыстық техниканың бәрі жанып кетті. Осы мәселені шешу қаншалықты мүмкін, бізге соны шешіп берсеңіз.

 

Б.САҒЫНТАЕВ: 

–  Бұл мәселені білемін. Жарықты Талғар жақтан аласыздар ғой?! Бұл мәселе алдыңғы кездесулерде де айтылған. Бақылауда тұрған сұрақ. Тиісті құжаттары бар. Қаржыландыру көзін де таптық. Бұл мәселені шешеміз.

 

Виктория БАЖЕНОВА, журналист, блогер:

–  Менің ютуб желісінде жеке аккаунтым бар. Ол жерде мен Алматыдағы Ардагерлер үйіндегі сұмдықтар жайлы айтамын. Мен сол Ардагерлер үйінде 2016 жылдан бері анаммен тұрамын. Мені екі рет сол Ардагерлер үйінде соққыға жықты. Анама да қол көтерді. Бір ай бойы мені психиатриялық ауруханада ұстады. Мен алты ай бойы қала әкімінің орынба­сары­ның қабылдауына кіре алмай қойдым. Бүгін сағат 9 кезінде мен әйтеуір әлеуметтік салаға жауапты сіздің орынбасарға  жолығып, 50 видео жүктелген флешканы сізге беріп жібер­дім. Онда Ардагерлер үйінің директоры Сыпа­бекованың былық істері бар. Осы проблема­мен жеке өзіңіз айналыссаңыз екен. Әлеу­меттік үйлерде адамгершілігі бар адамдар жұмыс істеуі керек. Менің осы сөздерімді стоматолог  та растайды.

 

Б.САҒЫНТАЕВ: 

–  Мен Ардагерлер үйіне барып, бәрін өз көзіммен көруім керек. Жақын күндері барып көремін. Қазір ғана стоматологтың оқыған хаты өте күрделі мәселелерді көтерді. Маған сол хатты қолыма берсеңіз. Құқық қорғау органдарының да осы іске араласып, ондағы жайтты тексеруін сұраймын.

 

– Мен Түрксіб ауданынан келдім. ІІ топ­тағы мүгедекпін. Атым – Сәуле. Дүкендерде баға өсіп барады. Менің жәрдемақым  тек дәріге ғана жұмсалады. Менімен бірге зейнет жасындағы анам тұрады. Сонымен бірге, екі жетім баланы тәрбиелеп отырмын. Бағаның өсуіне қатысты бір шара қолдануыңызды сұраймын.

 

Б.Сағынтаев: 

–  Біз бұған қатысты көп шара жасадық десек те, ол бағаның өсуіне тосқауыл бола алмайды. Бұл ретте бізге көрші Алматы облысы көмектеседі. Жақында ғана облыс әкімі А.Баталовпен сөйлестім. Енді көктемгі жәрмеңкелер басталады. Бұл – үлкен қолдау. Одан бөлек, «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора­циясы» ұлттық компаниясы қалаға келген түрлі азық-түлік тауарларды сатып алып, егер баға көтерілетін болса, онда интервенция жасап, бағаның өсуіне тосқауыл қояды. Бұл жұмыстар негізінен «Магнум» секілді супермаркеттерде жүргізіледі. Біз қалада тұрғандықтан, ауылшар­уа­шылық өнімдерін өндіре алмаймыз. Біз тек тұтынушымыз. Алматыда екі миллион халық тұрады. Бизнес үшін бұл өте қызық нарық. «Алматы – 2050» Даму стратегиясының жобасын­да Алматы агломерациясы аумағының даму барысы да қарастырылған. Бұл тұста мен облыс әкімімен кездескенде: «Сіздерге қандай да бір жерге барып, өнімдеріңізді сатудың қажеті қанша? Қалада тұтынушылар жетеді. Сіздердің өнім­деріңіздің бәрін біз сатып аламыз. Бұл сіздерге де, бізге де тиімді. Жол қысқа, шығын аз. Бізге Украи­на, Беларусь, Ресейден түрлі өнімдер келеді. Одан да жанымызда тиіп тұрған көрші облыстан алған әлдеқайда тиімді емес пе? Осының арқасында облыстың ауыл шаруашылығы өркендеп, қала тұрғындары сапалы өнімдерге қол жеткізеді. Бұл бағытта қазір кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Сонымен бірге, кәсіпкерлермен де келіссөздер жүргізілуде. Бұл жақтан қоймалар, тоңазытқыш қондырғыларын, көтерме және бөлшек сауда орталықтарын ашуға үгіттеп отырмыз. Бұл жұмыстар жалғасатын болады.

 

– Мен Бостандық ауданының тұрғынымын. Бір ай бұрын немеремді жедел жәрдем көлігімен Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына апардым. Екі дәрігер қабылдады. Тағы бір дәрігер бір келіп, бір кетіп жүрді. Ұзын-сонар кезек тұр. Екі сағат күттік. Өтініш, осы мәселені шешіп беріңізші.

 

Б.Сағынтаев:

–  Қала тұрғындары­на сапалы медициналық қызмет көрсету өте өзекті мәселе. Мен біздің дәрігерлер біліксіз деп айта алмаймын. Мықты дәрігерлер өте көп. Медици­налық қондырғы­лардың жабдықталуы бөлек әңгіме. Бұл бағытта өткен жылы көптеген жұмыстар жасадық. Аудит жүргіздік. Біздегі емханалардың медициналық қондырғылармен жабдықталуы 22 пайызды құрайды. Мәселен бір науқас емханаға келсе, дәрігерлер дұрыс диагноз қоя алмайды. Өйткені, медициналық қондырғылар жеткіліксіз. Осыны ескеріп, біз үш жылдық кешенді бағдарлама жасадық. Биылғы жылдан бастап 20 миллиард теңгеге түрлі қондырғылар сатып ала бастаймыз. Үш жылдің ішінде емханалардың медициналық қондырғылармен жабдықталуын 90 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл өте маңызды мәселе. Біз мұнымен жүйелі түрде айналысамыз. Алдағы уақытта емханаларға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, дәрігерлердің біліктілігін арттыратын боламыз.

 

– Мен Түрксіб ауданынан келіп отырмын. Көпбалалы анамын. Қазіргі кезде тұрақты жұмысым жоқ. Жұмыс іздеп барсам, мекеме басшылары түрлі сылтау айтып шығарып салады. Жұмысқа тұруда кедергілер көп. Әкім мырза, мен секілді көпбалалы аналар зейнет жасына жетіп қалғанда  тұрақты  жұмысқа  тұруға  сізден  қандай  көмек  бар?

 

Б.Сағынтаев:

– Бұл мәселе тек зейнет жасына жақындап қалғанда ғана туында­майды. Егер аналардың жұмыс жасаймын деген ниеті бар болатын болса, «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы қарамағында құрылған қаржы мекемелері арқылы жеңілдетілген несие беріп, кәсіппен айналысуына көмектесуге дайынбыз. Онымен қоса, қаланың барлық аудандарынан «Бақытты отбасы» ұйымын аштық. Оның ішінен «Іскер ана» орталықтарын құрдық. Осы орталық­тарда қазір бюджет есебінен, кәсіпкерлердің көмегімен кәсіппен айналысамын деген аналарға түрлі қолдау көрсетіп келеміз. Оларды оқытып, гранттар беріп, жұмысқа тұру мәселелерін шешіп беріп отырмыз. Бұл жұмыс жалғаса беретін болады.

 

– Мен бес баланың анасымын. Түрксіб ауда­нындағы «Жас қанат» ықшамауданынан келіп отырмын. Менің көпбалалы ана ретінде еш­қандай ренішім жоқ. Біз көпбалалы ана бол­ғандықтан, ұл-қыздарымызды тегін спорт секторына бердік. Мектепте тегін үйірмелер бар. Бізде дарынды балалар аз емес. Түрлі жарыстардан жүлделі орындар алып келеді. Бірақ оларды басқа қалаларға жарыстарға жіберу үшін өз қалтамыздан қаражат төлеуіміз керек екен. Оған жағдайымыз көтермейді. Алты айлық баламен үйде отырып, жұмысқа да шыға алмаймын. Балалардың болашағы ретінде, осындай үздік нәтиже көрсетіп жүрген ұл-қыздарға әкімдік тарапынан қаржылай көмектер бола ма?

Тағы бір  сұрағым, «Жас қанат» ықшамауда­нынан  №8 және №27 автобус жүреді. Түрксіб ауда­нында өткен түрлі жиналыстарға барған сайын мен осы мәселені көтеріп келемін. Біздің ықшамауданда көпбалалы аналар өте көп. Біз №27 автобуспен келе жатқан кезде жүргізуші кез-келген жерге тоқтай салып, №8 автобусқа жаппай отырғыза салады. Кейде №8 автобус бізді күтпей кетіп қалады. Онымен қоса, бұл автобустар соңғы аялдамаға дейін бармайды. Бір-екі аялдама жеткізбей түсіріп кете салады. Осындай кезде баламен үйімізге жету қиындап кетеді. Сондықтан осы мәселені реттеп берулеріңізді сұраймыз. Өткенде ғана Полиция департаментінің басшысы Қанат Тәймерденовтің жиналысына барғанда: «Сіздердің ықшамаудан­дарыңызға қарай жүретін тағы бір №36 бағыт автобусын қостық» деген уәж айтылды. Ол кеше ғана жүруін бастады. Автобустың  бағытын қарасақ,  тек Хмельницкий көшесіне кіреді де, бір аялдама кіріп, қайта шығып кетеді. Сонда олардың бізді алдағаны ма? Біздің ұсынысымыз бойынша №36 автобус «Жас қанаттың» ішімен жүрсе екен деп сұрағанбыз. Мен бұл кездесуге келмей-ақ қояйын деп едім. Бірақ бұл мәселе тағы да шешілмей қала ма деп алаңдап, арнайы келдім.

 

Б.Сағынтаев:

– Келгеніңізге рахмет. №36 маршрут бойынша Қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаевқа тапсырма беремін. Осы мәселенің шешімін табуымыз керек. Егер халық сұрап тұрса, олардың ұсынысын қарастырғанымыз жөн. Бұл көп уақытқа созылып кетпесін. Сондай-ақ, жүргізушілердің мәселесі де ретке келтірілуі тиіс. Бұл ретте біз транспорт компанияларымен түрлі жұмыстар жүргізіп отырмыз. Тұрғындардан арыз-шағым түскен сайын біз бұл компанияларға айыппұл салатын боламыз. Айыппұл көбейген сайын оларға бюджеттен беретін қаражат азаятын болады. Енді дарынды балалардың жарысқа қатысуына көмектесу мәселесі, бұл өте орынды сұрақ. Біз көптеген бағыттар бойынша бюджеттен қолдау көрсету мәселелерін қарастырып жатырмыз. Бұл бағытта да қосымша бағдарлама жасау керек. Шынында да, біздің дарындыларымыз жарыстардан жүлделі орындар алатын болса, ол мектептің ғана емес, қаланың да абыройын арттыратын болады. Мұндай балаларға біз әрқашан қолдау көрсетуіміз қажет. Қалалық Білім басқармасы талантты балаларды қолдауға қосымша бағдарлама жасауы тиіс.

 

Жанат Атаниязова, Күміс алқалы ана:

– Біз, көпбалалы, Күміс және Алтын алқалы аналармыз. Бізді қабылдауыңызды сұраймыз. Нақты қашан қабылдай алатыныңызды айтсаңыз…

 

Б.Сағынтаев:

– Бүгін қабылдаймын деп өтірік айтпаймын. Сіздің өтінішіңіз маған жетті. Мұнда қаланың аппарат басшысы отыр. Наурыз айында тағы да тұрғындарды қабылдайтын боламын. Сол кезде кездесетін боламыз.

Негізі, менде айына екі рет жеке мәселелер бойынша тұрғындарды қабылдау өтеді. Бірін қала­лық әкімдікте, екіншісін «Nur Otan» партиясының филиалында  өткіземін. Осы екі кездесудің біріне сіздерді шақыратын болады.

 

Тілеужан Әбдіхалықов, Наурызбай ауданы­ның тұрғыны:

– Мен Наурызбай ауданы, «Қарағайлы» ықшамауданында тұрамын. Бізді ауызсу мәсе­лесінің, кәріз жүйесінің, одан кейін Абай даңғы­лын ұзарту мен метро құрылысы жұмыс­тары­ның қарқынды жүргізіліп келе жатқаны қуан­тады. Сізге деген ризашылы­ғымыз шексіз. Менің ұсынысым, сұрақ қою тоқтатылсын. Сізге тек алғыс айтамыз.

 

Б.Сағынтаев:

– Оны мен шешпеймін. Микрофонның қасында тұрған кісілер сұрақ қоямын десе, мен әрқашан жауап беруге әзірмін. Мен мұнда сол үшін келіп отырмын.

 

– Мен бес баланың анасымын. Жетісу ауданының тұрғынымын. Жылдың басынан бастап атаулы әлеуметтік көмекті өзгертіп тастады. Содан бері 53 мың теңге ғана алатын болдым. Көпбалалы аналарға берілетін қара­жатты  неге  азайтып  тастадыңыздар?

 

Б.Сағынтаев:

– Көпбалалы аналарға  берілетін жәрдемақыны әдейі азайтып тастады деуге болмайды. Былтырғы жылы өздеріңіз білесіздер, атаулы әлеуметтік көмекті алаяқтық жолмен алғандар да болды. Өзінің жағдайы жақсы болса да, сол көмекті алып қалуға тырысты. Үлкен зәулім үйде тұрғандар да жағдайы нашар отбасы секілді кірісін жасырды. Өтірік мағлұматтар берді. Сондықтан атаулы әлеуметтік көмекті берудің механизмдері өзгерді. Бұл жерде атаулы әлеуметтік көмек бөлек, көпбалалы аналарға берілетін қаражат бөлек есептеледі.

 

– Мен Наурызбай ауданы, Ақжар ауылынан келіп отырмын. Бізде ауызсу мәселесі күрделі күйде тұр. Әсіресе, жаз айларында көше кезіп, су іздеп кетеміз. Бес жыл бұрын қалаға қосыл­ғанда бұл мәселе шешілетін болды деп қуа­нып едік. Өкінішке орай, әлі күнге дейін шешімі табылмай отыр. Әкімдер уәде берді, бірақ орындалған жоқ. Осы мәселенің ертерек шешілуіне ықпал етсеңіз екен.

 

Бақытжан Сағынтаев:  – Ауызсу мәселесі төңірегінде жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның бәрі қаржы мен жобалау сметалық құжаттарының дайын болуына байланысты шешіледі. Бірақ бәрі толық шешіледі. Біраз ықшамаудандар жылдың соңына дейін, қалғандары келесі жылдың соңына дейін сумен қамтылатын болады.

 

– Мен жалғызбасты анамын. Екі ұлым бар. Бірақ менің тұрақты жұмысым жоқ. Мен меди­циналық сақтандыру жайлы білгім келеді. Екі ұлыма осы медициналық көмек тегін беріле ме?

 

Б.Сағынтаев:

– Медициналық сақтандыру балаларға тегін жүргізіледі.

 

– Мен «Ақсай»  ықшамауданындағы  2-үй­дің тұрғындары атынан келіп отырмын. Бізде балалар ойнайтын алаңның иесі бар екенін білдік. Қазір ол алаң қоршалып, ол жерде құры­лыс жүргізілейін деп жатыр. Өзі кіш­кентай тар жерде балалар ойнайтын орын да қалмады. Балалардың болашағы үшін осы мәселені шешіп беруіңізді өтінеміз.

 

Б.Сағынтаев:

– Әрбір жерге құры­лыс бастау үшін оның өзінің құжаттары болуы тиіс. Егер жекеменшік болса, онда оның иесі өзінің кәсібін ашқысы келеді. Егер онда салынатын нысан тұрғындарға кедергі келтіретін болса, онда ол нысанның құрылысын қайта қарауымыз керек. Бұл мәселе қаралатын болады.

 

Төрт мыңнан астам тұрғын қатысқан кездесуде шаһар басшысына 300-ден астам сұрақ қойылды. Сондай-ақ, 200-дей сұрақ қағазға түсірілген күйде жеткізілді. Алматы әкімдігі өкілдерінің мәлімдеуінше, бірде-бір сауал жауапсыз қалмайды.  Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасына орай, кездесуде қойылған барлық ұсыныс-тілек негізінде он күн ішінде оларды шешу жолдары нақты көрсетілетін арнайы жоспар құрылады. Кейбір кезек күттірмейтін, тез шешілуі тиіс өзекті мәселелер кейінге қалдырылмайды. Ал кезең-кезеңімен шешілетін мәселелер одан кейінгі уақыттардың еншісінде болмақ.

Тұрғындармен ашық диалог кезінде Бақытжан Сағынтаевқа риясыз алғысын білдіруге асыққандар қатары да аз болған жоқ. Тіпті, бір ақсақалымыз батасын берді. «Halyk Arena» құшағында тұрған төрт мыңнан астам үлкен-кіші қол жайып, бата-тілекке бет сипады. Осыншама халық бас қосқан ресми жиынның қазақтың осы бір әдемі дәстүрімен түйінделгенін де жақсылыққа баладық. Қазақта шенді-шекпенділерге де бата берілген. Алдағы қызметінде айы оңынан туып, жолы болсын деген ниетпен. Бұл бір адамға берілген бата сол жерде қол жайған бүкіл халықтың, «ханның да, қараның да» өміріне тілеулес болды деген сөз.

Халықтың сөзін төрт сағат бойы тікесінен тік тұрып тыңдаған Б.Сағынтаев кездесу аяқталып, кешенге жиналғандардың алды тарап кеткен соң да «айтарымды айта алмай қалып едім» деген тұрғындарға тағы бір сағаттай құлақ асып, бәріне нақты жауап берді. Әлеуметке жақын болудың тағы бір жарқын көрінісі осы болар.

 

 

 

тақырыпқа орай

Дәл осы күні Алматы қаласы әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары мен аудан әкімдері «Халық Аренаның» екінші қабатында тұрғындармен кездесіп, қабылдау өткізді.

Қаламыздағы 8 басқарманың басшылары тұрғындардың сауал­дарына жауап беріп, түйткілді мәселелердің оң шешімін табуына көмектесті, бағыт көрсетіп, кеңес берді. Қала әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев өзі жетекшілік ететін қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы, Жайлы қалалық орта басқармасы, Жер қатынастары басқармасы, Қала құрылысын бақылау басқармасы басшыларымен бірлесіп тұрғын­дардың сауалына құлақ түрді.

 

Мәселемді шешіп берді

Медеу ауданына қарасты «Думан» ықшамау­данының тұрғыны Асан Смағұлов жер теліміне қатысты мәселесін шеше алмай жүргеніне екі-үш жылдай болыпты.

– Қазақта «жер дауы, жесір дауы» деп бекер айтпаса керек. Менің осы жер теліміне қатысты мәселенің шешілмей келе жатқанына 2-3 жылдың жүзі болды. Соғы жарты жылда әдейілеп қолға алып соңына түстім. Дегенмен, есік тоздырумен келемін. Бір басшыға жолықсам, келесі мекемеге жолым түспейді. Несін айтасыз, әбден шаршап біттім. Көршілерімде де осы мәселе. Олар да әлі күнге шеше алмай келеді, әбден жауыр болған мәселені бүгін арнайы осы жерге шешу үшін келіп едім. Айым оңынан туып, мәселем шешімін тапты. Енді осы мәселеге қатысты айта кетейін.

Осыдан біраз жыл бұрын Талғар аудан болып тұрған кезде жер телімін алған едім. Легализация кезінде үйімізді заңдастырып алып, жерімізді «сатып алуларыңыз керек» деген қаулы шығарып қойыпты. Бұл дегеніңіз заңға қайшы келіп тұр емес пе? Осы сұрақты шеше алмай қақпаған есігім қалмаған. Бүгін иығымнан жүгім түсіп, жеңілдеп қалдым. Жалпы, көңілім орнына түсті. Егер тура бүгінгідей ашықтық болмаса, мәселенің қашан шешілетінін бір Аллаға аян еді. Қала әкіміне тікелей қоямын деп келген сауалымды бірден шешіп бергені үшін қала әкімінің орын­басары Мұхит Әзірбаев, Жер қатынастары басқарма­сының басшысы Ардақ Заман­бековке ризашылығымды білдіремін.

 

Қайрат ӘЛИЕВ,

«Айнабұлақ-3» ықшамауданының тұрғыны:

–  «Айнабұлақ-3» ауданындағы №141, 120, 17 автобустарының соңғы аялдамасы болатын Мақатаев көшесі 12 жылдан бері дұрыс жөндеу жұмыстарын көрген жоқ. Мұнда 2 мектеп, 3 балабақша орналасқан. Жол үстіне қайтара төселген асфальттың қалыңдығы талапқа сай емес. Көшедегі асфальт жабындысы жарылғанымен, ол жамалудан арыға аспайды.  Көшеміз қашан жөнделеді?

 

Сағындық ТЕЛІБАЕВ,

Алматы қалалық мобильдік басқармасының басшысы:      

– Бұл көшеге 2018-2019 жылдары жөндеу жұмыстарын жасамаған себебіміз, ол жер­лерде инженерлік және жылу желілерінің жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Содан кейін аталмыш орган асфальт жабын­дысын өздері қайта төсеп берген. Биыл Мақа­таев көшесіне орташа жөндеу жұмыс­тарын жүргізуді жоспарға енгізіп отырмыз. Ол өзі бір бағыттағы қозғалысты қамтитын көше. Айта кетейін, ол көшелерге алғашқы тро­туарларды біздің басқарманың аралас­уы­мен салып берген болатынбыз. Биылғы 2020 жылы тағы да тротуарлар салынып, көшеге  жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

 

Лариса СДОБНИКОВА,

зейнеткер:

– Мен Сүйінбай даңғылы мен Хмельницкий көшелерінің қиылысындағы үйлердің бірінде тұрамын. Салауатты өмір салтын ұстанғанды жөн көремін. Сондықтан қыста шаңғы теуіп, спортпен айналысқанды жақсы көремін. Баум тоғайы бізге жақын. Қар жауғанда сол тоғайдың ішінде шаңғы теуіп, серуендегіміз келеді. Бірақ қалай қар жауса, тоғай ішіндегі қарды солай тазалап тастайды. Сол қарды тазаламай-ақ қойса болмай ма?

 

Айдын ТЕМЕШЕВ,

Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Алматы қаласының иелігіне өткен Баум тоғайын тазалау екі жылдан бері біздің құзы­рымызда. Құлаған ағаштарын, бұтақтарын ретке келтіріп, әдемілеп көріктендіру жұ­мыстарын жүргіздік. Бұл жұмыстарымызды тұрғындар жоққа шығарып отырған жоқ. Десек те, олардың талаптары сол тоғайдың ішіндегі асфальт жолдарды қардан тазалама­саңыздар екен, біз шаңғы тепкіміз келеді дейді. Бірақ олай болмайды. Себебі, сол тоғай ішіндегі жолдармен тұрғындар үйлеріне қатынайды. Сол үшін қардан тазалап тұруы­мыз керек. Биыл тоғайдың ішінен футбол ойнауға арналған арнайы стадион салу жоспарда бар. Сәйкесінше, шаңғышыларға арналған арнайы жол да салынатын болады.

 

 

Мұхит ӘЗІРБАЕВ,

Алматы қаласы әкімінің орынбасары:

– Таңертеңнен бері бес адамды қабыл­дадым. Менің құзыретім бойынша көбі жер мәселесімен келуде. Бір тұрғын үйлерінің жанынан шағын кафе ашқан екен, соның мәселесімен келді. Енді бір тұрғын 20 жылдан бері үйін заңдастыра алмай жүргенін айтты. Кейбір адамдар құжатсыз келгендіктен, ауызша айтып кетті. Барлық мәселені құжаттар арқылы шешетіндіктен, олар қайта қабылдауға жазылды. Біздің құзыретіміз жеткен жерге дейін барлық мәселені шешуге тырысамыз.

 

Ләззат БАТЫРБЕКОВА,

тұрғын: 

– 1993 жылдан бері «Шаңырақ-2»-де тұрамын. Сол жерде салып алған үйім бар еді. Сол үйді 20 жылдан бері заңдастыра алмай жүрмін. Сол сұрақ бойынша бүгін қала әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаевқа жолығып едім, олар түстен кейін хабарла­самыз, мүмкіндігінше көмектесеміз деп шығарып салды. Осыған дейін Жер бөліміне барғанымда, маған мемлекеттік акті беруден бас тартқан. Өйткені, үйімнің бір бұрышы «қызыл сызыққа» кіріп тұр. Ол аяқкиім шешетін үйдің кіреберісі болғандықтан, архитектордың айтуымен оны алып тастадық. Енді «қызыл сызыққа» кіріп тұрған жоқпыз. Одан кейін көршілердің жүретін жолын жауып тұр деген мәселе бар. Кезінде біз ол жерді біреуден сатып алғандықтан, ол заңсыз болып шыққан еді. Осы үш жағдаймен үйімді заңдас­тыра алмай жүрмін. Қазір проблеманың соңынан жүре алатын жағдайым жоқ. Өзім бес баланың анасымын. Жиырма жылдан бері үйдің құжатымен жүгіремін деп ақсақ болдым. Көпбалалымын деп үкіметтен жәрдемақы да сұрамаймын. Үйімді заңдас­тыру мәселесін шешіп берсе болғаны.

 

Құдайберген ҚАБДОЛДИН,

Алатау аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Керегі – осындай диалог түріндегі кездесу еді

Біз, Алатау ауданының бір топ тұрғындары шаһар басшысының Алматы қала­сының 2019 жылды қоры­тын­дылаған есептік кездес­уінде болдық. Қала тұрғын­дарының үлкен үмітпен барған бұл жиыны расында да бөлектеу болды. Бірін­шіден, кездесудің форматы, өтетін жері өзгеріпті. «Халық Аренада» үш жарым мыңдай елдің ортасында тұрып диалог жасады қала әкімі. Және де Алматы қала­сының әкімі Бақыт­жан Сағынтаев­тың тұрғын­дармен ресми кездес­уінің алдында, онан кейін де қалалық басқарма бас­шылары, аудан әкімдері елмен кездесіп, мәселелер шешіп жатты. Олардың кез­десуі бұған дейін аудандарда өткен есептік кездесу­лердің қорытындысы іспетті болды.

Қала әкімі Бақытжан Сағын­таевтың өзі де аудан әкімдерінің есептік кездесу­леріне мүмкін­дігін­ше қатыс­қан болатын. Мысалы, біздің Алатау ауданына шаһар басшысы бірнеше айда екі рет келген бола­тын. Аудан әкімі­нің есептік кездес­уіне де қатысты. Әр кездесуінде қаланың деңгейінде қойылған мәселелерге қатысты сұрақ­тардың бәріне жауап берген.

Б.Сағынтаев өзінің есеп­тік кез­десуінде де уақыттың негізгі бөлігін қойылған сұрақ, көтерілген мәселе­лерге арнады. Халыққа да бірсүрең баянда­мадан гөрі осындай диалог түріндегі кездесу керек еді. Солай болды да. Түйіндеп айтқанда, Ал­маты қаласы әкімінің тұрғын­дармен есептік кездесуі барлық жағынан көп­тің көңілінен шықты деп ойлаймын.

 

Өмірәлі  ЖАЛАИРИ,

Д.Қонаев атындағы Еуразия Заң академиясының ректоры,

заң ғылымының докторы, профессор:

Нақты  тірлік, нәтижелі  шешім бар

Бақытжан Сағынтаевтың шаһар тұрғындарымен есептік кездесуі жаңа форматта  сәтті ұйымдастырылуымен  есте қалды. Талай әкім-қаралардың  осы бағ­дардағы есептік жиындарына қаты­сып жүрміз, бірақ бұл жиын өзгеше өтті дер едім. Құрғақ баяндау жоқ, нақты тірлік бар. Жаттандылықтан, қасаң  сөзден  ада нәтижелі шешімдер бар. Тәнті болдым.

Дәстүрлі  кездесуге жиналған  халықтың қарасы көп болды. 3200 адамға арналған ғимаратқа 4000-дай  тұрғын келген екен.

Жұмысты дұрыс ұйымдас­тыра білгеннің  ұтары көп. Осы орайда Орталықта  жиынға дейін де, жиыннан кейін де  қала әкімінің орынбасарлары, әкімдіктің бар­лық басқармаларының басшы­лары, әрбір аудандардың әкімдері  өз салалары бойынша  азаматтар­дың әр  сауалын  қалт жібермей, тір­кеп, сол жерде шешімін айтып немесе бақылауға алып отырғаны  қуантты. Тіпті, қала әкімінің өзі де баталы тілек айтылып,  жиын аяқ­талған  соң  уақытпен есептеспей,  «сұрақ-жауапты» әрі қарай жал­ғас­тыр­ғанына жиналғандар  риза­шы­лығын  білдіріп жатты.

Әкім қаланың барлық аудан­дарын аралап шыққаны өз алды­на, тұрғындарды  толғандырған мә­селелердің барлығын жіпке тіз­гендей біліп отыр. Алда ат­қары­лар жоспар-жобалары да көңілден шықты. Қуантты. Үміттендірді.

Бақытжан Сағынтаевтың «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген қағидатты  бекем ұстанған  іскер басшы екеніне көзім анық жетті. Инфографиялық кестелер­мен тұжырымдалған бейнебаянда да, алматылықтармен  екі арада  өрбіген  «сұрақ-жауап» кезінде де  талай мәселелер қамтылды. Ең бастысы, уақытқа шек қойылған жоқ. Тұрғындар тарапынан қойыл­ған әр сұрақ  сол мезетте   шешімін тауып,  бақылауға алы­нып жатты. Азаматтардың өтініш­теріне жедел жауап қайтарылды, тиімді шешім қабылданды. Есеп беру кездесуі Президентіміз  Қасым-Жомарт  Тоқаевтың «Ес­ти­тін мемлекет» қағидасымен тікелей септесіп жатқанын айтқан жөн. Мұны Мемлекет басшысы­ның «Қоғам мен билік арасында тұрақты диалог орнаса ғана зама­науи геосаясатта мызғымас мемле­кет қалыптастыра аламыз» деген  тапсырмасының  шынайы өмірде жүзеге асуының көрінісі деп бағалаған жөн.

 

Бекнұр ҚИСЫҚОВ,

Алматы Қоғамдық кеңесінің мүшесі:

Ұзақ-сонар баяндаманы

сырғыта оқып,

халықты шаршатпады

– Қала әкімі Бақыт¬жан Сағын¬таевтың халық алдындағы есеп беру кездесуінің жөні бөлек болды. Ұзақ-сонар баян¬даманы сырғыта оқып, халықты шаршатпады. Өзінің де, ха¬лықтың да уақы¬тын алмай, бірден сұрақ-жауап фор¬ма¬тына көшті. Бақытжан Әбдірұлы Алматыға әкім болып тағайын¬далған күннен бастап әр ауданды аралады. Тұрғындарымен кездесті. Ал елмен етене араласып, халық арасында жиi болған жағдайда билiк басындағылар тұрғындардың тыныс-тiршiлiгiн, оларды мазалаған мәселелердi жақсырақ түсiне¬тiнi белгiлi. Қала әкімінің мегаполистің әр бұрышындағы жайлардан хабардар екенi көрініп тұрды. Өйткені, ешбір басқарма басшысын, аудан әкімін, өзінің орын¬басарларын орындарынан тұрғызбай, көмекке шақырмай, әр сұраққа жауапты өзі беріп отырды. Әкімнің кездесуінде күнделікті тірлікте кездесетін күрделі проблемалар мен ауданның бүгіні мен болашағына қатысты мәселелер кеңінен айтылып, ашық талқыланды. Сауалдарға жауап беру барысында бірден әр мәсе-ленің мәнісіне үңіліп, мұқият тарқатып, шешілу мүмкіндігі немесе мүмкін емес¬тігінің жай-жапсарын егжей-тегжейлі тү-сіндіру арқылы өзінің қала тірлігін біле¬тінін тағы бір мәрте байқатты. Кездесуде сын да, мадақ та айтылды.Сұрақтардың көпшілігі ауданның тазалығына, аулаларды абаттандыру, жарықтан­дыру, газ тарту мәселесіне қатысты болды. Алматының экологиясы туралы аз айтылып жатқан жоқ. Бәрімізді алаңдататын бұл мәселе Қоғамдық кеңестің отырыстарында да жиі айтылады. Бақытжан Әбдірұлы бастаған қала әкімдігі осы мәселені шешуге белсенді кіріскені қуантты.

 

 

Нұржамал ӘЛІШЕВА,

Рая ЕСКЕНДІР,

Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ,

Серік ЖҰМАБАЙ,

Әсел ДАҒЖАН,

Самат ҚҰСАЙЫНҰЛЫ (фото).

 

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *