«Алматыда Сатира сарайы ашылса»

Таяуда «Алматы ақшамында» «Айтпағым…» айдарымен «Сатира сарайы ашылса» («Алматы ақшамы», №57, 7.05.2019) атты шағын мақала жарияланып еді. Онда қазақтың біртуар классик қаламгері Оспанхан Әубәкіровтің атында Алматыда Сатира сарайы ашылса деген ұсыныс айтылған болатын.

«Осағаңдай қазақтың біртуар қалам­герлерінің өмірі осы қалада өтті. Солар­дың көбісі сатирик болмаса да, айтқыш­тығымен аңыз боп қалды. Айтпағым: Алматыда солардың бәрінің басы қосы­лып, Осағаңды ортаға алып кеңкілдеп күліп тұратын, кіргеннен күле беретін, езуің жиылмайтын сатира сарайы ашылса дейсің. Ол тек Осағаңның ғана емес, күллі қазақтың күлкісі болар еді-ау, шіркін. Күлкі болғанда кісі өлтіретін шы­найы күлкі. Қашанғы өтірік күле береміз. «Байға қарағанда кедей мән-мағынасыз көп күледі» деуші еді бұрынғылар. Сол күлкіге тап келіп тұрмыз-ау қазір. Мына қу тірліктің азабы қажытқанда сол сарайға кіріп шығып, шын күліп, тазарып тұрсақ, қанеки?!» деп жазыпты автор.

Шынында да бүгінгі күлкінің қуаты, күлкі қандай деңгейде деген төңіректе осы біз терең ойланып көрдік пе? Анда-санда баспасөзде әредікте айтылып қалған пікірлерді кім елеп-ескеріп жатыр. Сондықтан бұл мәселеде үлкен ауқымда ғылыми теориялық мәслихат өткізіп, оған мүйізі қарағайдай қаламгерлерді, тұлғалы азаматтарды жиып, мәселені қабырғасы­нан қоятын уақыт әбден пісіп-жетілді. Осы тұрғыдан келгенде мына шағын мақаланың өнбойында үлкен мәселені көтерген көзқарас, пікірді қолдау қажет. Осыған орай, редакциямызға қоңырау шалып, пікір білдіріп жатқан оқырмандар ойы еріксіз ойландырады.

– Осы мақала шағын ғана болса да, маған көтерген мәселесімен көп ой салды. Шынында біз Оспанханды ұмыттық-ау деймін. Оның жазған дүниелері әлі күнге дейін өміршең ғой. Классика деген сол, ол ешқашан өшпейді, оқылған сайын сенің өрі­сіңді кеңейте беретіні аталмыш мақа­лада жақсы айтылыпты. Аталмыш сарайдың Оспанхан атында болға­ны­мен мақалада айтылғанындай, күл­лі қазақтың күлкісінің орталы­ғына ай­налса ғажап емес пе, – дейді «Қалқа­ман-2» ықшамауда­нынан хабарлас­қан Сәбит Нұғыманов атты азамат.

Енді бірде «Таугүл» ықшамау­да­нынан телефон шалған оқырманы­мыздың пікірі де өте мазмұнды, мағыналы шықты.

– Мына мақаладағы ұсыныс сөз жоқ, көпшіліктің көңілінен шығады деп ойлаймын, – дейді бұл кісі. – Мен өзім ол кісінің ауылдасымын, бірақ ол бір ауыл-аймақтың төңіре­гінде аталатын адам емес қой. Ол халықтық тұлға. Сондықтан бұл кісінің атын ел көлемінде жаң­ғыр­туды жан-тәніммен қолдаймын. Осы батыс өңірінде Қадыр Мырза Әлидің атында, жаңылмасам, Оралда бір үлкен рухани орталық ашылып, оған сол өңір жазушы­ларының өмірбая­ны, жәдігерлері топтас­тырылыпты деп естіп едім. Меніңше, Осағаң атындағы бұл сарайды сол бағытта жасақтауға неге болмасын, – дейді П.Сәбитов деген оқырманымыз.

– Егер бұл сарай ашыла қалса, мақалада айтылғанындай, қазақтың біртуар, танымал сатириктері төрден орын алуы тиіс. Сонау Бейім­бет­терден бастап, А.Тоқмағамбетов, Қ.Мұхамеджанов, С.Төлешов, С.Кен­жеахметов, М.Рәшев, Ғ.Қабышев, т.б. бүгінгі Көпен, Мұхтар­ларға дейін, сонымен қатар, қазақ күл­кісінің тарихы жөнінде тың мәліметтер, қызықты оқиғалар ғылыми жүйе­леніп берілуі керек. Тіпті, оның алдына Қожана­сырдың бейнесін қойса қатып кетер еді, – дейді Тараздан телефон шалған Ж.Бақ­қара сынды оқырманымыз.

 

«Қашанғы өтірік күле береміз»

Ойды ой түртеді. Ең бастысы, бұл ұсыныстың оқырман көңілінен шыққанын баса айтуымыз керек. Алдағы уақытта бұл тақырып жалғасын табуы керек. Мақалада айтылғанындай, «қашанғы өтірік күле береміз». Егер бұл сарай ашылса, бүгінгі өтірік күлкіні келмеске келтіріп, шынайы күлкінің орталығы болары сөзсіз. Ал енді бір шын күліп алайықшы. Ол үшін Осағаңның «Ауыз тағдыры» атты әңгімесінен үзінді жарияламақшымыз. Шын күлкінің дәмін татып көріңіз. Классиканың аты классика. Дәл бүгінгінің әңгімесін қалай айтып кеткен жарықтық.

 

Ауыз тағдыры

– Сенің оқуға түсе алмай жүргенің де осы. Осындай сөздерді білмесең, сен өміріңде юбилей көрмей атаусыз қаласың. Юбилей деген… Қалай түсіндірсем екен? Саған түсінікті болу үшін юбилей деген әзілге бұрып айтқанда… аурудың бір түрі. Бұл сөз көрінгенге жабыса беретін тұмау секілді қадір-қасиеті жоқ құнсыз ауру емес, таңдап, талғап белін басып, сүбесін байқап барып жабысатын өте қу, ақылды ауру. Сосын бұл өзі елуге келген елеулі адамдарға жабысады. Сол елуде бір жабысса (егер сен жол-жөнекей басқа аурулармен ауырып алжып кетпесең), содан әр он жыл сайын кәрі жын секілді қайталап отырады. Бұл аурумен ауырған адамға жүзге жетпеу керек. Егер жазатайым жүзге жетсе, ажалынан үш күн бұрын осы юбилейдің астында қап тұншығып өледі.

Ауру демекші, юбилей елірме ауруына ұқсайды. Мұнымен ауырған адам еліріп, елеңдеп, өзінен-өзі ұшқысы кеп, жүгіргісі кеп, бірдеме ұрттап алған адамдай көңілді болады. Ұйқы қашады. Қайдағы бір белгісіз қуаныш, аты-жөні жоқ тәтті армандар ішін кептіреді, жүрегін лоблытады. Бір жаман жері – бұл аурудың бар ауыртпалығы ауызға түседі. Алайда, бұл ауруға қарсы осы күнге дейін ешқандай ем жоқ. Тіпті, жүректің ішіне жүрек салған бүгінгі өрбіген медицина да бұл аурудың алдында дәрменсіз болып отыр. Ал халықтық медицина юбилейге қарсы ем тауыпты. «Юбилеймен» ауырған адамның астына ат мінгізіп, үстіне барқыт шапан жауып, сосын бассалып сілемейлеп сүйе берсе, сүйе берсе, айығып кететін көрінеді. Түсінікті ме?

– Түсінікті. Тамаша ауру екен.

– Ал адрес деген не?

– Адрес деген дұға. Ертең сен біздің Райкомхоздың атынан барып мына папкада жазылған дұғаны оқисың…

– Шырағым, «юбилей» ауру болса, сүю сол аурудың емі. Тырекең елуге келіп жұрттан шапан киейін деп отырған жоқ, аузынан сүйгізейін деп отыр. Сенің  ештемең құрымайды, дайын тұрған ауыздан сүйесің де қайтасың. «Аузыңды маған беріп кет» деп аузыңды алып қалмайды, – деп Тәйтік өз сөзіне өзі күлді.

Сонымен екеуміз екі сағат отырып, Тырдайдың аузынан жырдай қып сүюге келістік.

Күн батты, таң атты. Мен де аузымды бәйгеге қосатын аттай суытып, әбден жараған кезде клубқа келдім. Мен келсем біреу Тырдайдың өмірі мен қызметі жайлы доклад, яғни Тәйтікше айтсақ, аурудың диагноздарын оқып жатыр екен. Жұрт өртке жиналғандай жиналыпты.

 

Әзірлеген — Қ.ӘДіл.  

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close