АЛМАТЫДА САЛЫНҒАН ҒИМАРАТТАРДА НЕГЕ ҰЛТТЫҚ НАҚЫШ БАЙҚАЛМАЙДЫ?

hhh

Серік ЖҰМАБАЕВ

Өткенде ғана Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары барысында Шымбұлақ тұрмақ, әлФараби даңғылынан жоғары қарай ешқандай биік ғимараттар салмау керектігін қадап айтты. Бұл қала тынысын тарылтып, таза ауа ағымына кері әсер ететінін және қала көркін бұзатынын жеткізді. Тіпті, «мұндай заңсыз құрылыстарды бульдозермен бұзыңдар! Мен рұқсат етемін», — деді Елбасы. Арада он күн өтпей жатыпақ Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қаланың Бас жоспарына қатысты жиын өткізіп, тау жаққа салынатын ғимараттардың биіктігін 12 метрден, енін 15 метрден асырмау туралы шешім қабылдады.

Негізі, әл-Фараби даңғылынан жоғары қарай биік ғимараттар салуға болмайды деген әкімдіктің қаулысы бұрыннан бар болатын. Бірақ, ол осы уақытқа дейін ес­керілген жоқ. Ол даңғыл көшенің бойында қазір  5-6, 9-12 қабатты ғимараттар салы­нып қойылған. Бұл қаланың сейсми­калық қауіпсіздігіне де үлкен қауіп төн­діруі мүмкін. Тіпті, қауіпсіздікті айтпаған күннің өзінде, таудан есетін саф таза ауа қалаға еркін кіре алмай, эколо­гиялық ахуалды нашарлатып, онымен қоса, асқақ тау шың­дарының тамаша көріністері жабылып, көрінбей қала­ды. Әйтпесе, Іле Алатауы мен Тянь-Шань тауы – Алматы қаласы үшін үлкен мақтаныш! Алматының климат жағдайы тау бөктерінен келетін желге байланысты. Ол қаланың орталық бөлігін желдетіп, ауасын тазартып тұрады. Сон­дықтан шаһар ауасының қандай болатыны сондағы салынған құрылыстарға тікелей байланысты. Енді қала әкімінің шешіміне сәйкес, онда тұрғызылатын ғимараттардың биіктігі 12 метрден аспауы керек.

Оның үстіне қазір, жасыратыны жоқ,  Алматыда салынған (тіпті, салы­нып жатқан) ғимараттардың 90 пайы­зында қазақстан­дық сәулетшілердің қолтаңбасы жоқ, барлығы шетелдік сәулеткерлердің жоба­сымен бой көтеріп жатыр десек, артық айтқандық емес. Еліміздің кейбір сәулет­шілері республикамыздың бетке тұтар қала­сының келбетіне, сәулеттік әсемдігіне алаңдаушылығын білдіріп отыр. Олар соңғы жылдары қарқынды жүрген құрылыстардың ешқайсысында ұлт­тық бояу жоқ, ғимарат саларда тарихи құнды­лықтарымызға назар аударылмай отыр­ғандығын айтуда. Әрине еліміздегі кез- келген қалаға кіргенде, біріншіден, оның ұлттық бояуы көрініп тұруы тиіс емес пе? Сондықтан қандай да болмасын, биік ғи­марат саларда көнеден қалған архитек­тор­лық сызбалардың кішкене де болса эле­менттерін енгізіп отыр­ғанымыз дұрыс секілді. Себебі, қазіргі заманға бұрынғы архитекторлық элементтерді енгізсек, ол біздің кім екенімізді, қайдан шыққаны­мызды, жалпы тарихымыздан сыр шертіп тұрмай ма? Алайда, қазір Алматыда көте­ріліп жатқан зәулім сарайлардың ешқай­сысында ұлттық нышан байқалмайды, «су­пер современный» қалаға айналып барады.

Асқар ТҰТЫБАЕВ, инженер-энергетик әрі заңгер:

Архи­текторлар ұлттық на­қышты ескеріп жатыр деп айта алмаймын

— Мен кезінде Алматы қалалық Мем­лекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқар­масының басшысы қызметін атқарғанмын. Шынында да, бұл мәселе өте орынды көте­ріліп отыр. Негізі, «қандай ғимарат болма­сын, ол ұлттық нақышта салынуы керек» деген мәселе Үкімет деңгейінде көтерілген. Тіпті, бұл жергілікті жерлердегі сәулет және қала құрылысы басқармаларына тапсырылған болатын. Оларға «жобаны бекітер алдында ұлттық нақышқа үлкен көңіл аудару керек екені» айтылған. Алайда, жоба жасаушылар ғимаратқа киіз үйдің ою- өрнегін салып, осы ұлттық нақыш деп жатады. Десек те, мұны Сәулет және қала құрылысы басқармасы қада­ғалауы тиіс. Ал сәулет-құрылысты бақылайтын мекеме оған араласа алмайды. Себебі, сәулет-құрылыс бақы­лау мекемесіне жоба бекітіліп келеді. Олар сол бойынша жұмыс жасайды. Ал бекітілген жобаға сәулет-құрылыс бақылау мекемесі өзгеріс енгізе алмайды. Ондай құзіреті жоқ. Сондықтан архи­текторлар ұлттық на­қышты ескеріп жатыр деп айта алмаймын.

ҚР Сәулетшілер одағының прези­денті Ақмырза Рүстембековтің ай­туын­ша, қазіргі салынып жатқан құры­лыстардың ешқай­сысында ұлттық нақыш жоқ. Көбісі шетелдік сәулет­керлердің жобасымен салынып жатыр екен. «Мен мына нәрсені баса айтқым келеді. Кеңес заманында үлкен кесенелер, биік ғимараттар салар алдында жер­гілікті басшылар Сәулетшілер одағына келіп ақылдасатын. Қазір бұл жүйе жойылған. Сәулетшілермен ақылдасып отырған ешкім жоқ», – дейді ол.

Гүлнар ӘБДІРАСІЛОВА, Қазақстанның Құрметті сәулетшісі:

Ұлттық архитектура, бұл — үлкен ғылыми мәселе

– Кез-келген ел өзінің ерекшелігін көрсететін сәулет өнері болғанын қалайды. Ұлттық архитектура, бұл — үлкен ғылыми мәселе. Қандай да болсын бой көтерген ғимараттар жергілікті халықтың тари­хынан, мәдениетінен, рухани құндылық­тарынан сыр шертіп тұруы керек. Сон­дықтан егер де қала­мызды ұлттық нақышта жасайтын болсақ, онда ертеңгі күні ұятқа қалмайтындай етіп жасауымыз қажет. Бұған жүрдім-бардым қарай салуға болмайды. Кейбір күмбезді ғимараттар қарапайымдық пен формальдылықты ғана көрсетеді. Мен оны кәсіби сәулеткерлік деп есептемеймін. 1928-30 жылдары Алматыда М.Гинзбург деген белгілі сәулетші Үкімет үйін (қазіргі Жүргенов атындағы Өнер академиясын) салған кезде оның сыртқы архитектурасын еуропалық стильге негіздегенімен, ішкі құры­лымын шығыс­тық шырайда жасап шықты. Демек, Батыс пен ұлттық құндылық­тарды бір-бірінен алшақтатпай, жаңа заманауи негізге көшкенімен, жергілікті аймақтың кеңістіктік философиясын енгізе алды. Ол — қазірге дейін көп­шілікке үлгі. Сондықтан ғи­мараттың үстіне күмбез қойып, елді алдар­қатудың керегі жоқ. Осыны архитектура сала­сында білім алып жатқан студенттер жете түсінсе, ертең олар басқаларға елік­темей, ғимарат саларда жергілікті жердің философиясы мен тарихын ескеретін болады.

Міне, жоғарыда мамандардың айтып отырған пікірі осы. Енді бұл мәселені қалай шешуге болады? Қос қаламыздың сәулеттік келбетіне ұлттық реңк, ұлттық бояу беру үшін не істеуіміз керек? Мүмкін, ҚР «Сәу­лет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңымызға «биік ғимараттар салар кезде міндетті түрде онда ұлттық нышан байқалуы тиіс» дейтін арнайы бап ен­гізуіміз қажет шығар? Сонда архитекторлар өз­дерінің жобасын тендерге ұсынар кезде ұлттық нақыштарымызға назар аударатын болар. Біздің міндет — ой тастау, ал оның іс жүзінде жүзеге асуы құзырлы органдардың құзырындағы мәселе. Қалай десек те, ұлттық архитектураға назар аударатын уақыт әлдеқашан жетті.

Негізі, сәулет өнері қаланың көркі, айнасы десек те болады. Егер қаланың архитектурасы жақсы болса, ғимарат­тардың барлығы рет-ретімен салынса, керемет, мұнтаздай таза, көздің жауын алатындай әсем болса, халықтың да көңілі көтеріңкі болып, жадырап жүреді. Тіпті, сәулет өнері мұрагерлерімізге де біздің қалай өмір сүргенімізді көрсетіп тұрады. Адамдар буыны бірін-бірі алмастырып, ұрпақ­қа өз мәдениетін, өз сәулет өнерін қалдырады. Сондықтан кез-келген қаламызда, әсіресе, Алматыда ұлттық сәулет өнері, ұлттық нышан бірден байқалып тұруы тиіс.

Мәселен, шет елдерде архитек­туралық кеңістіктің қалыптасуына жергілікті халық атсалысып отырады екен. Германияның Берлин қаласында Кройцберг деген аудан бар. Онда түріктер көп шоғырланған. Сол ауданға қандай нысан салынса да, балалар алаңы болсын, дәріхана болсын, көпір салса да, жергілікті халықпен ақылдасып барып, құрылыс жүргізеді. Тіпті, кафе, мешіт, шайхана салынса да, тұр­ғындардың пікірі ескеріліп отырады. Құрылыс жүргізілерде оған қандай материалдар қолдану керектігіне дейін араласып отырады. Осылайша, аудан тұрғындары өздерінің ойы мен дауысы жергілікті биліктің маңызды шешімдері кезінде ескерілетіндігін біледі. Неге бізге де осы жүйені қолға алмасқа? Сонда қалада ұлттық нақыш та, сапа да болар еді…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *